ҚазҰУ-дағы жазғы мектеп

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Халықаралық «Жібек жолы» жазғы мектебі өтуде. Әріптестік туралы келісім аясында Гонконг политехникалық университетінен, Сиань көлік университетінен, Пекин технология университетінен барлығы 50-ге тарта студент пен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері ағылшын тілінде «Ұлы Жібек жолындағы Орталық Азия мен Қазақстан: экономика, саясат және мәдениет» атты курс тыңдайды.

Халықаралық жазғы мектеп барысында Қытай жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары Жібек Жолын дамытудағы Қазақстан Республикасының рөлін, Қазақстан мен Орталық Азияның сыртқы саясатын, халықаралық қатынастарындағы өзекті мәселелерін талқылайды. Тиімді диалогтар мен үздіксіз қарым-қатынасты орнатуды көздеген дәрістер мен пікірталастарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ең үздік профессорлары мен оқытушылары және БҰҰ-ның Қазақстандағы Қоғаммен байланыс департаментінің мамандары өткізеді.
Халықаралық жазғы мектептің бірінші бөлімі ҚХР-дың Сиань қаласында өткен болатын. ҚазҰУ студенттері ұйымдас­ты­рушылар есебінен жазғы мектеп жұ­мы­сына белсенді атсалысып, курсты үздік тәмамдағандары үшін сертификаттармен марапатталды.
ҚазҰУ-дағы жазғы мектеп құрамында 31 мемлекеттен 128 жоғары оқу орны бар жаңа Жібек Жолы университеттері Халықаралық Альянсымен әріптестікті дамыту аясында ұйымдастырылып отыр. Альянс жұмысы түрлі мемлекеттердегі университеттер арасындағы жоғары білім беру саласындағы байланысты нығайту мен әріптестікті дамытуға бағытталған.
Жібек Жолы университеттері Ха­лық­аралық Альянсы аясында ұйым­дастырылып отырған іс-шара қатысу­шыларына арналған мәдени бағдарлама да қызықты әрі қанық болмақ. Олар ҚР Ұлттық музейін, Медеу мұз айдынын, түйе фермасын, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тарихи ескерткіштер мен қаладағы басқа да көрікті жерлерді аралайды.
Жазғы мектеп жұмысы аяқталған уақытта шетелдік және қазақстандық студенттер Қазақстан туралы көптеген жаңа ақпараттарға қанығып, жағымды әсерлер мен жарқын сәттерге толы естеліктермен жаңа оқу жылын бастамақ. Сонымен қатар жазғы мектеп қатысушылары емтихандар мен тестерді үздік тапсырып болғаннан кейін халықаралық сертификаттар алады.

Аяжан МЕДЕУОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.