Шымкент кілемінің «Қазақ кілемі» атанатын күн де алыс емес

«Қазақ кiлемi» атауын брендке айналдыруға күш салып жүрген Талғат Исхаховтың кәсiпкерлiк саласында қол жеткiзген табысы аз емес. Ол басқаратын «Бал Текстиль» ЖШС-нiң өнiмдерi Қырғызстан, Ресей, Тәжiкстан нарығында жоғары сұранысқа ие болғаны өз алдына, үйге қажеттi тұрмыстық заттар брендiн қалыптастыруда аты әйгiлi шведтiк IKEA International Group компаниясы «кiлемдi сiздерден алсақ» деген өтiнiштерiн бiлдiруде. «Бал Текстиль» кәсiпорны бүгiнде жылына 2 млн шаршы метр кiлем тоқып, 3 мың тонна жiп иiрiп отыр. Қазақстанда баламасы жоқ кiлем тоқу кәсiпорнының жұмысымен Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы келiп танысуы да бекер емес. Алайда…

«Бал Текстильдiң» алғашқы өнiмi базарға 2013 жылы шыға бастады. Алдымен iшкi нарыққа жол тартқан тауардың сатылғанынан сатылмай тұрғаны көп болатын. «Сапасы нашар, бояуы оңып кетедi екен» деген қаңқу сөз кәсiпорын басшысының қабырғасына шаншудай қадалатын. Жоғары технологияларды басшылыққа алған, әлемдiк тәжiрибеде мәртебеге ие қондырғылармен тоқылып жатқан кiлемнiң сапасы шетелдiк тауардан бiр мысқал кем емес едi. Бар мәселе «Шымкенттiң кiлемi», «отандық өнiм» деген ұғымға тұтынушының әлi де болса күмәнмен, күдiкпен қарауынан туындаса керек. Оны тексерiп те көрдi.
– Базардағы сатушылар бiздiң кiлемдi «Түркияның кiлемi», «Бельгияның кiлемi» десе сатылып кетедi екен. Осыны бiлген кей алыпсатушы әрiптестерiмiз «Қазақстанда жасалған» деген этикетканы жапсырмай-ақ қойыңыздаршы» деп өтiнiш айта бастады. Бұл менiң намысыма тидi. Сапасы артық болмаса, кем түспейтiн отандық өнiмдi, салыстырмалы түрде алғанда бағасы да қалтаға қонымды келетiн кiлемдi, керiсiнше, мақтанышпен сатуымыз керек емес пе? Бiрақ, өкпелегеннен тұтынушының қызығушылығын арттыру мүмкiн емес. Сондықтан да түрлi деңгейдегi көрмелер ұйымдастыру iсiн қолға алдық. Елге қазақ та кiлем тоқи алатындығын, қазақтың кiлемi көзтартарлық ою-өрнекпен көмкерiлгендiгiн iсiмiзбен дәлелдеуге тырыстық, – дейдi Талғат Исхахов.
Өндiрiс орнын ашу бiр басқа да, өнiм шығару, оны тұтынушының сұранысына ие болатындай ету оңай шаруа емес. «Бал Текстиль» ЖШС-нiң басшысы ретiнде Талғат Жүнiсбекұлының алдынан ендiгi кезекте осындай мәселе шыға бастады.
– Қайтсек отандық өнiмнiң өрiсiн кеңейтемiз деп жүргенде Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы ­Назарбаев Шымкентке келген сапары барысында фабрика жұмысымен танысатын болды. Өз тауарымыздың сапасына сенiмдi болғандықтан Президентке кiлемдерiмiздi қысылмастан көрсеттiк. Әсiресе, қазақтың неше түрлi оюы салынған нұсқасын көргенде Елбасы «мыналарың дұрыс екен. Менiң бала күнiмдi еске түсiрдiңдер. Әжелерiмiз бен шешелерiмiз кiлем тоқығанда осындай өрнек салушы едi. Осы қалыптарыңнаң айнымаңдар. Отандық өнiмге әркез үлкен қолдау жасалады. «Қазақстанда жасалған» деген белгi ұрылған тауар ең сапалы, ең өтiмдi болатынына сенемiн» деп жiгер бердi.
Елiмiзде баламасы жоқ, жобалық құны 8,450 млрд теңгенi құраған өндiрiс орны осылай дүниеге келдi. Еуропа елдерiне танымал, түркиялық «Kartal Carpets» компаниясымен бiрлесiп ашылған «Бал Текстиль» кәсiпорны күнiне 6 мың шаршы метр кiлем тоқып, сауда нүктелерiнен бөлек, фабриканың өзiнде бүгiнде 240 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сауда нүктелерiндегi қызметшiлердi қосқанда серiктестiкте мыңнан астам адам еңбек етуде. Олар үш мезгiл тегiн тамақпен, 20 орынды жатақханамен қамтамасыз етiлген.
Елiмiзде фабрика кiлемдерi «Тұран», «Хантәңiрi», «Алатау», «Лидер», «Сарыарқа», «Барыс» маркаларымен танымал болса, шетелдерде қазақ кiлемдерiн «ANTIQUE IMPTRIAL», «ASTАNA DELUXE, VIZION, MASHAT SILK, KASHAN, тағы басқа маркаларымен тұтынушылар бiрден танып жатады. «Бал Текстиль» кiлем тоқып қана қоймай, кiлем тоқуға қажеттi Heat Set, BCF, Freeze полипропилендi жiптер иiрiп отыр. Жiп иiру, текстуралды созу, орау машиналарының бәрi де әлемдiк өндiрушiлерден, Германиядан, Бельгиядан сатып алынған қондырғылар. Себебi мұнда ең бастысы сапаға үлкен мән берiледi.
– Қазақстанның барлық облыс орталықтарында өз өнiмiмiздi ұсынатын көтерме сауда нүктелерiмiз бар. Ресей, Тәжiкстан, Қырғызстан нарығында да қазақ кiлемдерiне деген сұраныс артып келедi. Алдағы кезде Қытай, Моңғолия нарығына шықсақ деймiз. Жақында Франциядан келген кәсiпкер әрiптестерiмiз де қызығушылық танытты. Өз елдерiнде бiздiң өнiмнiң сатылуына мұрындық болсақ деп отыр. Ал, шведтiк «IKEA» компаниясы үйге қажеттi барша тауардың басын бiрiктiрiп, брендтiк үлгiдегi тұрмыстық заттардың iшiнен «Бал Текстильдiң» кiлемдерiн көрсек деп отыр. Қазiр осы компанияның тапсырысы бойынша кiлемнiң бiрнеше нұсқасын тоқудамыз, – дейдi Талғат Исхахов.
Кәсiпкерлiкте қол жеткiзген табысы­ның құпиясына қаныға түсу үшiн әлi де болса сыр суыртпақтап келе жатырмыз. Барлығы дерлiк автоматтандырылған фабрикада кiлең қаракөз қазақтың қыз-жiгiттерi жүр. Бiрi технолог, ендi бiрi дизайншы, жiп иiрушi… қазақтың ұл-қызы кәсiп игере бастаған. Әсiресе, дизайн бөлiмiнде отырған 20 жас маманды көргенде таңданысымызды жасыра алмағанымыз рас. «Осыншама дизайнер көп емес пе?» деймiз iшкi ойымызды сыртқа шығарып.
1655846_10205890442436500_2899634639601534406_n– Бұлардың төртеуi күн сайын жаңа дизайн ойлап табумен айналысады. Қалғандары өндiрiске енгiзiлген үлгiлердi қалыпқа келтiру, кем-кетiгiн түзету, жаңа дизайнды өндiрiске дайындау iсiмен айналысады, –дейдi Талғат Жүнiсбекұлы.
Расында да, жыл тұрмақ, ай сайын интерьер ауыстыруға құмбыл дамыған елдерге iлесемiз десек, үй жиһаздарымен үйлесiм табатын төсенiш кiлемдердiң де жаңа түрiн ойлап табу, оның тұрмыста қолдануға ыңғайлы болуын күйттеу оңай шаруа емес. Ауылдан келген жастарды Түркияға жiберiп, бiлiм алып, кiлем өндiрiсiн меңгерiп қайтуына жағдай туғызған да өздерi екен.
Есесiне, шетелдiк тауардан бағасы арзан болғанымен, сапасы бiр мысқал кем түспейтiн «Тұран», «Алатау» және «Барыс» сауда белгiлерiмен шығарылған «Бал Текстильдiң» кiлемдерi Еуропа төрiнде брендтi «IKEA» компаниясының таратуы арқылы танымал бола бастады.
Отандық өндiрiстi қолдауға басымдық берiп отырған «Даму» қоры арқылы қаржылай несие алып, өндiрiстi одан әрi қарай дамытуға бет алған «Бал Текстиль» ЖШС-нiң кiлем фабрикасы алдағы кезде өндiрiстiң үшiншi кезеңiн iске қоспақ. Ондай жағдайда жылына 15 млн шаршы метр кiлем тоқылып, 8 мың тонна полипропилен кiлем жiбi иiрiлетiн болады. Бұл өз кезегiнде фабрикадағы жұмыс орнын 700-ге жеткiзедi деген сөз.
– Бизнесте ең бастысы адалдық керек. Жалқау, ерiншек, тiрлiктi тиiп-қашып iстейтiн адам ұзақ тұрақтай алмайды. Бiзге жұмысқа орналасып алып, көп ұзамай жұмыстан сұрана беретiн, әр нәрсенi сылтау етiп енжарлық танытатын адамдар кездеседi. Ондайлар көпке бармайды. Кәсiпкерлiк тазалықты сүйедi. Арам пиғылмен ұзаққа бару мүмкiн емес. Ал ынтасы бар, iзденiсi, жауапкершiлiгi басым жастарды көрсек, қуана-қуана қолдап, оның бизнесте өсуiне қамқоршы болуға дайынмын.
Талғат Исхаховтың кәсiпкерлiкте жеткен табысының басты сыры да осында болса керек. Тоқсан жасқа келiп дүниеден озған анасы ұл-қызына үнемi «бiреудiң ала жiбiн аттамаңдар. Барлығын да өз еңбектерiңмен, маңдай терлерiңмен табыңдар» деп отырады екен. Ана аманаты­на адал болуға тырысқан перзенттiң «қай iстi бастасам да бiр Аллаға сыйынып, абыройсыз ете көрмегейсiң деп бастаймын» деуi де көңiлге қуаныш ұялатады.
«Бар арманым «Қазақ кiлемi» деген брендтi қалыптастыру» дейдi кезiнде жалғыз сиырын сатып, кәсiп iздеп кеткенiне еш өкiнбейтiн, бүгiнде төрт ұл-қыз өсiрiп отырған кәсiпкер. Отандық өнiм өндiрушiнiң өз мақсатына жетуiне бiз де тiлектеспiз.

Жәмила Жайлаубек

Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.