Қайран, Сағат дос!..

Шіркін-ай, сол бір алаңсыз бақытты балалық шақ қайтып оралар ма еді?! Сағатпен біз бала кезден дос болдық. Ол арманшыл болатын. Ол аңқылдаған ақкөңіл болатын. Ол бауырмал, мейірімді болатын. Ол өзінің қызметіне шын берілген, туыс- бауырға да, достарына да адал болатын. Ол кітапқұмар бала еді. Аудандағы кітапханадан әдеби кітаптармен қатар өзінің арманы — авиация саласына қатысты кітаптарды іздейтін. Мектепте  қоғамдық жұмыстардың бел ортасында бірге жүретінбіз. Жоғары сыныптарда бастауыш комсомол ұйымының бюро мүшелері ретінде небір жарқын бастамалардың ұйымдастырушысы болдық. Ол зерек болды, білімге құштарлықпен, көп нәрсені білгісі келіп тұратын. Және білгенімен бөліскенді ұнататын. Дәл осы қасиеттері оның бүкіл өміріне азық болды.

Сағат Сағиұлы Матекеев Маңғыстау ауданының Шетпе кентіндегі №2 мектепті үздік бітірді. Мектеп бітірісімен, Ригадағы азаматтық авиация институтының студенті атанды. Сөйтіп, бала күнгі аңсаған арманына қолы жетті. Қазіргідей интернеті, ұялы телефоны жоқ кезде бала күнгі достардың арасын хат жалғайтын. Әр хатымыз тұрған сыр еді, бір-бірімізге деген аппақ көңіліміз, адал ниетіміз хаттың әр жолынан аңғарылып тұратын. Сағат досымыз Рига қаласының тамаша көркем көрінісін, Балтық теңізінің асау толқындарын, студенттік өмірдегі жаңалықтарын керемет суреттеп жазатын. Біз ол қаланы көрмей тұрып-ақ ғашық болғанбыз. Кейін Латвия мемлекетінің астанасын көру бақыты бізге де бұйырған еді. Оны ұйымдастырып жүрген де сол Сағат досымыз. Бір апта бойы Риганың көрікті жерлерін аралап қана қоймай, Юрмалаға дейін барып келдік. Одан кейінгі жылдар да әрқайсымыз әр қалада тұрсақ та, арамыздағы мыңдаған шақырымдар бізге еш кедергі болған жоқ. Ол жазғы демалыста отбасымен бірге қыдырып келіп, кішкентайларды да достастырып кететін, Ақтөбені, Шымкентті, Қостанай мен Алматыны талай бірге араладық. Достығымызға жан сүйсінетін, бір-бірімізді құрметтеп, әркез сағына қауышатын едік. Ашық жарқын көңіл­мен, арқа-жарқа пейілмен, талай қызықты әңгімелердің басын қайырған қайран қайта оралмас күндер-ай!
Ол оқуын бітірген соң Ақтау қаласындағы әуежайда еңбек жолын бастады. Тура жүріп, әділ сөйлейтін Сағат Матекеев – қазыналы Маңғыстау түбегінен шыққан алғашқы жоғары білімді авиатор маман еді. Осы саланың білікті маманы болған ол кейін өмірінің соңғы сәтіне дейін мемлекеттік қауіпсіздік саласында ұзақ жылдар жемісті қызмет етті.
Сағат досымыз өзіне де, қызметтестеріне де талап қоя білетін, принципшіл, ойын ашық айтатын батыл, ержүрек қасиетімен көпшіліктің арасында зор құрметке ие болған азамат еді. Әскери қызмет талаптарына сай егемен еліміздің қауіпсіздік саласындағы ұзақ жылғы еңбегі жемісті болды. Әттең, полковник шенінде зейнеткерлікке аз ғана уақыт қалғанда фәниден бақиға озды. Досымыздың тосын қазасы ешкімге оңай тиген жоқ. Алайда Алланың ісіне адам пенденің амалы бар ма… Тек әйтеуір дәтке қуат етеріміз – бүгінде Сәкеңнің ұл-қызда­ры Елдосы, Замира мен Жазирасы берекелі отбасын құрды, немерелері өсіп келеді. «Артында бар оңалар» деген осы ғой. Елдосы досымыздың аузынан түсіп қалғандай, әкесінің мемлекеттік қызметтегі лайықты жолын одан әрі жалғастыруда.
Біреуге ерте, біреуге кеш, әйтеуір бір келетін сұм ажал аяулы досымызды ортамыздан ойсырата алып кеткеніне де бес жылдың жүзі болыпты. Бүгінде оның жарқын бейнесін ұмытпаған ағайын, туыс, дос жарандары, сүйікті жары, бала шағасы, аруағына құран бағыштап, еске алу шараларын өткізіп жатыр. Туған өлкеден жырақта ғұмыр кешіп жатқан біз сияқты алматылық достары да бұл күні Сағат досымыздың аруағына оқылған құранға қол жаямыз. Біз үшін ол қашанда тірі, өйткені оның өлмес бейнесі біздің мәңгі жүрегімізде. Жарқыраған нұр ойнаған жүзі, саңқылдаған дауысы, риясыз ақтарылған күлкісі көңілімізден кетпейді…
Сағат досымызға деген мөлдір сағыныш мөлдір мұңға айналды… Жаның жәннатта болсын, аяулы дос. Көре алмай кеткен қызықтарыңды ұрпағыңа көруге жазсын.

Алматылық достарың
Сағи-Ләззат, Рушиддин,
Сапарғали, Төлеген,
Қалас-Заря

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.