Адамның ұлылығы – ұлы мақсатында

Жақында Алматы қалалық «Нұр Отан» партиясы белсенділерінің қатысуымен семинар-тренинг өтті. Шараның басты мақсаты – кедергілерді жеңудің оңтайлы жолын таба білу. Халықаралық деңгейдегі трансформациялық бизнес-тренер Аманжол Рысмендиев аталған кездесуде қоғамдағы көптеген өзекті мәселелерге тоқталып, дағдарыстан шығудың жеті жолын қарастырды. Атап айтар болсақ: қабылдау, түсіну, мақсат, өзгеру, әрекет, сараптау және берілмеу. Ендеше, сол жеті қағидаға жеке-жеке тоқталып өтейік.

Қабылдау. Кез келген нәрсеге дайын болуымыз керек. Қандай жаңалық болмасын, бәрін қабылдай білу маңызды. Дағдарыс дейміз, девальвация дейміз әрбір қиындықтан шығудың өз жолы бар.
Түсіну. Болған нәрсені саралап, анық қанығына жеткен соң, оған түсіністікпен қарауымыз керек.
Мақсат. Жаңа кітап оқымай, жаңа нәрсе үйренбей, жаңалыққа ұмтылмай жүрген адамның көкірек көзі қараңғыланады. Бір биікке шығу үшін мақсат керек. Соған жету жолында тынбай еңбек еткен адам ғана көздегеніне қол жеткізеді. Қадыр Мырза Әлидің мынандай жақсы сөзі бар: «Адамның ұлылығы, оның күнделікті істеп жүрген ісінде емес, ұлы мақсатында».
Өмір маңызды ма, үй маңызды ма? Әрине, өмір. Біз үй салғанда алдымен не істейміз? Сызбасын сызамыз. Ал өміріміздің неліктен сызбасы жоқ?
Өзгеру. Адам баласы жақсы жағына қарай өзгеріп отыру қажет.
Әрекет. Әрекет қылмай мақсатқа жетем деу бос әурешілік. Ол үшін бізге тынымсыз еңбек, таудай талап, талмас қанат керек.
Сараптау. Адам өз-өзіне күніне немесе аптасына бір рет есеп беріп отырған жөн. Әр ісіңді сүзгіден өткізіп болған соң, міндетті түрде таразыға сал.
Берілмеу. Адам баласына кез келген сәтті қадамға бару үшін жігер керек.
Ей, белсенді, белсенді,
Түсірмегін еңсеңді, – дейді Бауыржан Момышұлы. Белсенділік керек. Берілмеу керек, күрестің бе жеңілмеу керек.
Міне, осындай жеті қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған Аманжол Советбекұлы бүгінде – халықаралық деңгейдегі трансформациялық бизнес-тренер. Көшбасшылық және бизнесті дамыту саласы бойынша еліміздегі ең көп сұранысқа ие бизнес-кеңесші. ТМД бойынша өз семинар-тренингтері арқылы жыл сайын 5000-нан астам адамның сапалы өмір сүруіне әсер етіп жүрген білікті маман. Оның тыңдаушылары қатарына саясаткерлер, студенттер, шоу-бизнес жұлдыздары, спорттан әлем чемпиондары, Олимпиада чемпиондары, депутаттар, MLM көшбасшылары және табысты кәсіпкерлер кіреді.
Ол 2009 жылы Алматы қаласында «ЦРЧ Миллиардер» атты жеке консалтингтік компаниясын ашты. 2011 жылы «Бизнестің Инновациялық Академиясы (БИА) Бизнес Рост» тренингтік-кеңес беруші компаниясын құрды. 2015 жылы «Бизнестің Инновациялық Академиясы (БИА) Бизнес Рост» компаниясының атын «EST system» компаниясына ауыстырды.
А.Рысмендиев маркетинг, менеджмент, сату, қаржы және тұлғалық қасиеттерді дамыту бойынша әлемнің үздік сарапшыларынан білім алған. Оның бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері ұшан-теңіз. 2008 жылы « Сезімнің шерткен күйлері», 2009 жылы «Сезім тамшылары», «Қырандардың қалықтау құпиясы» атты кітаптары жарық көрді. 2010 жылы «110%-ға жақсы өмір сүремін десеңіз», 2013 жылы « Өрлеу», 2014 жылы Ұлытау тобымен бірге «Өзіңді оят» аудио-кітабы, 2015 жылы «Бизнестегі бес қару» атты кітаптары оқырманға жол тартты.
Біз өмірде мол табыстарға, жетістіктерге жетуге тырысамыз. Сол биікке бастайтын жол қайда? Жиырма бірінші ғасыр – үлкен мүмкіндіктер ғасыры. Десек те, сол мүмкіндіктерді жастарымыз оңтайлы пайдалана алып жүр ме? Міне, осындай мәселелердің түйінін тарқатып, саралаған білікті азамат семинар-тренинг барысында жиналған көпшіліктің назарын өзіне аудара білді. Ол бүгінгі таңда Халықаралық деңгейдегі бизнес-тренерлердің семинарларын өз елімізде ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлердің іскерлік шеберлігін көтеріп, ел экономикасының қарыштап дамуына өз үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі. Еңбекте өсемін, өрлеймін, табыстарға жетемін деп талпынған адамдарға жігер беру оның басты міндеті.
Әр іске шындап кіріссе адам баласының қолынан келмейтін нәрсе жоқ екенін айта келе, қазіргі жастардың еңбекке деген құлықсыздығын, отбасындағы тәрбие мәселесін, өмірде кездесетін сан түрлі қиыншылықтармен күресу жолдары жайында да тұщымды ойларын ортаға салды.
«Біздің жастар неге белсенді емес? 17-18 жастағы жігерлілік қайда? Көшеге қарасақ қандай жастарды көреміз? Күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен уайым-сарсаңға түсіп жүрген жастарды көреміз.
Баламыздың мықты азамат болғанын бәріміз қалаймыз. Ол үшін отбасыға көп көңіл бөліп, баламен пікір алмасып, әрбір әрекетін жіті қадағалау қажет. Көптеген жас отбасылар өз балаларын орысша тәрбиелейді, орыс мектептеріне береді. Ондай баладан болашақта қандай үміт күтуге болады? Өз тілін білмесе, өз тілінде сөйлемесе ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптемесе, еліміздің туын көкке кім желбіретеді?
«Айлық жетпейді, қарызымыз көп, доллар өсіп кетті, бізге дағдарыс келіп жатыр» дейміз. Осыларды болдырмау үшін ең алдымен белсенділік керек. Әр адам өз жұмысын сүюі қажет. Зор құлшыныспен қызмет ете білген жөн. Әр мемлекеттің бағыт-бағдары, жоспары бар. Мысалы, біздің мемлекеттің 2030, 2050 жылға дейінгі мақсат-жоспарлары жасалып қойылған. Сол секілді әр адам өз өмірін жоспарлап, мақсатына нық қадам жасай білсе біз бағындырмайтын белес жоқ.
Егер тұрмысыңызды жақсартып, көп ақша табуды ойласаңыз, өзіңізді-өзіңіз дамытыңыз. Күнде кешке есеп беріңіз. Жауапкершілігіңіз мықты болсын» — деген ол, сөзін одан әрі жалғастырды.
«Рухы бірдің – міндеті бір»-деп Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев айтқандай, өмірге келген әрбір адамның міндеті – өмірді босқа өткізбей, өзінің мүмкіндігін пайдаланып, жеткен мақсаттарынан ләззат алып, жаңа мақсатқа талпынып өмір сүру, табанды еңбек етіп, табысты болу. Отбасыңа, қоғамға пайдаңды тигізіп, бақытты болу».
Сондай-ақ Аманжол Рысмендиев өмір­де бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын жайт­тарды атап өтті. Олар – денсаулық, қарым-қатынас, ақша, рухани даму. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, кездесу барысында осы 4 мәселені бір-бірінен бөліп жармай дамытып, басқарып отырғанда ғана адам шын бақыттың, нағыз бақыттың, қуаныштың не екенін сезінетінін баса айтты.
«Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан» — деген хәкім Абайдың өлең жолдары әр адамды шабыттандырып, жетістікке жетуімізге септігін тигізері сөзсіз. Бұл семинар-тренинг оған қатысушыларға үлкен әсер еткені анық. Аманжолдай білікті маманның әрбір сөзі кімді де болса жігерлендіретіндей. Көп нәрсенің шешімін табуға болады. Әр қазақ баласы қызметінде жоғары өрлеп, өсіп, тұлғаланса бұл мемлекетіміз үшін үлкен жетістік. Әрбір жас «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп ойланса екен дейсің. Мақсатты істерді тындыра жүріп бақытқа жете білейік.

Абылайхан ЖҰМАШЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.