Тіл қадірін асырған…

Коммуникация теориясында тілдік сана, ойлау бейнесі деген ұғымдар бар. «Тіл мәдениеті үшін күрес – екінші бір тілді мұқату үшін күрес емес, ана тілінің қызметінің өрісін кеңейту, оны білім мен тәрбие, таным мен түсініктің мықты құралына айналдыру үшін күрес» деген пікірі ғалым Нұргелді Уәлидің сара да дара жолын айқындататын өз пікірі.  Ол алдымен ана тілін бар-жан тәнімен сүйетін адам ретінде, сонан соң ғалым ретінде тілдің қоғамдық қызметінің аясы тарылса, тілдің бүкіл жүйесінің жұтаңдауына әкеліп соғатынын өте жақсы сезінді. 

Профессор Н.Уәли «кез келген тілді тұтынушы жеке адам тұлғалық талаптарға жауап беретіндей болып дүниеге келе қалмайтынын» да әу бастан біліп, тілдік тұлға болу үшін ол сөз мәнін алдымен өзі түсінетін, оның мазмұн байлығын кеңітетін, жаңа мәнмен байытатын және дұрыс қабылдауға ықпал ете алатын, сөйтіп барып тілді қатынас құралына айналдыра алатын адам деп біледі.
Шындығында, өзін қазақпын дейтін әр адам туған тіліне жанашыр болғысы келсе, сөзді біліктілікпен орынды пайдалана білсе, тілдік тұлға өлшемдеріне жауап беретін тілдік тұлғаға біртіндеп айнала алады. Сондықтан болар, Н.Уәлидің сөз туралы түсінігі әдебиетпен, философиямен, тарихпен тығыз бірлікте өріле келіп, қалыптасқан. Ғалым «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» деп аталатын 5 томдық энциклопедия жұмысы мен «Қазақ әдеби тілінің» (15 томдық) тұратын жұмыстарына белсене қатысты.
Ал оның тілдік санасы тілді тұты­нушы­лардан, тілді тек қана жай қолда­ну­шы­лардан мүлдем бөлек. Өйткені Нұргелді Уәлидің «әлемнің қазақы бейнесі» жөніндегі таным-түсінігі оның ойлау бейнесімен астасып кеткен. Жалпы әлем бейнесі полотносындағы қазақы әлем бейнесі туралы ғалым түсінігінің соншалықты бай, колоритті болуы сөзді, сөзбен байланысты сөздік мақалаларды, мәтіндерді қабылдау мен оларды түзе білу қабілетінің жоғары деңгейде қалыптасуына ықпал еткен. Бұл, біріншіден, ғұмырлық ізденістің өз нәтижесін беруі, екіншіден, аялық емес, негізгі білімін өзі айтатын «тілдің қолданыстағы көрінісіне» айналдыра алуын­да жатыр. Ғалым ретінде оның бағасын арттырып тұрған қадамдарының бірі. Сондықтан Н.Уәли есімі «сөз мәдениеті» термині айтылған жерде міндетті түрде жарқын-жарқын естіледі. Ал ғалымның осы терминнің мән-мағынасын түсіндіруі, ашып жеткізуі –қарапайым да анық. Ол: «Сөз мәдениеті» дегенді «сөйлеу», яғни «тілді жұмсау» (пайдалану) тәртібі (дұрыстығы, мәдениеті) деп таниды. Сонда сөз мәдениеті айтылған жерде жарыса қолданылатын тіл мәдениетінен оның айырмасы неде? Ол туралы: «Әдетте, бізде, ғылымның бұл саласын атауда «тіл мәдениеті» деген тіркес жиірек қолданылып жүр. Бірақ мазмұнға сай дәлірегі, дұрысы – «сөз мәдениеті». Бұл – тілдің жеке элементтерін, тұлға-тәсілдерін оның тәжірибе елегінен өтіп қалыптасқан, қоғам тарапынан қабылданған заңдылықтарына сәйкес дұрыс пайдалану туралы білім саласы. «Сөз мәдениеті» – тек тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық нормаларын бұлжытпай («сықитып») дәлме-дәл сақтау ғана емес, айтпақ ойды тыңдаушыға (оқырманға) жүрекке жылы тиетін, «айналасы теп-тегіс жұмыр келген», әсерлі етіп жеткізу жайын да қамтуға тиіс. Сөз мәдениеті дегеніміз тек «тіл түзулігін» (норманың сақталуын) ғана көздеу емес, «тіл әсемдігін» де нысанаға алу. Ал тілдің нормасына төселген адамның сөйлеген сөзі де, жазғаны да кедір-бұдырсыз болып, жатық шығып жатады» деп түйеді. Осы ойды жеткізудегі сөзінің қарапайымдылығы, жатықтығы күрделі ойды жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей етіп, қарапайым түрде айтуының өзі, бір ғанибет. Ғалымның сөз саптауы, сөзінің жатықтығы бір кездердегі Ахаңдарда болған тілдің табиғи бояуы қалың да қою кездерге ұқсас. Адам сөзінің жатық болуы сөз байлығын игере алуы, сөз тазалығын сақтай білуі, сөз дәлдігін ұғына алуы, сөздің әсерлілігін түйсіне, сезіне алумен байланыс­ты. Бұлар – сөз сыйлайтын, сөз қадірін ұғынатын әр адамға керек қасиеттер. Осы қасиеттерге қол жеткізуі үшін ана тілін сүйетін әрбір адам нені білу керек, міне, Н.Уәли осы мәселелермен норманы байланыса қарастырып, ой өрбітеді. Коммуникацияда бір қалып, бір норманың үрдісінен үнемі шығып отыру мүмкін емес, бұл жағдай белгілі бір дәрежеде қиындықтар тудырады. Н.Уәли осындай қиындықтардың түп-негізіне тереңдей түсіп, түсіндіру арқылы көп мәселенің басын ашып, себептерін ғылыми негізде көрсете алды. Сөз мәдениетінің, сөз дәлдігінің бұзылуының бір себебін «тілдік жүйе мен тілдік дағдының қайшы келуі» деп атайды. Осы мәслеге орай жинастырған материалдары өте мол. Соның бірі қозыла сөзіне қатысты. «Қозыла» деп қолдану тілдік жүйенің қысымы, әсер-ықпалы екендігін байқау қиын емес. Ат ертте дегендегі ерттені ерле деп қолдану да соған ұқсас: «Көкем атты ерледі, ерлеп жүріп терледі» («Манашы ұлы Тұяқбай»). Тілдік жүйе бойын­ша, дұрысында, ерле болуға тиіс (салыстырыңыз: шідер-ле, жыр-ла, қырла, түр-ле («текеметке түр басу», т.б.). Кей жағдайда тілдік жүйе мен тілдік дағды айнымас бірлікте болса, кейде өзара қайшылықта болып, күреске түседі. Мұндайда бірде жүйе басым болып, дағды ығысады да, қайшылық шешіледі, қарама-қарсылық бірлікке айналады. Кейде тілдік жүйеден тілдік дағды басым түсіп, қайшылық тереңдей түседі. Тілдік жүйе бойынша ерле болуға тиіс сөздің ертте болуы жүйеге қарағанда дағдының басым түсуінен деп түсіну керек.
Сонда тілдік жүйені тек дағды билей бере ме? Жоқ, олай емес. Ғалым бұл мәселе турасында: «Дағды үнемі тілдік жүйеден басым түсе бермейді. Тілдің даму барысында кейде екі түрлі (не одан да көп) жүйе қатарласа қолданыла келіп, оның ішінде тілдің даму тенденциясына сәйкес келген біреуі жалпы халықтық сипат алып, тілдік норма ретінде танылады. Тіл қолданысынан ығысқан жүйенің кейбір көріністері нормаға ай­нал­ған жүйемен қатар дағды бойынша қолда­нылып та отыруы ық­тимал. Бірақ оларды белгілі бір мақсатсыз жұм­сау – әдеби тіл нормасын бұзу». Ал норманы бұзбас үшін нені білу керек, әрине, лексика-грамматикалық жүйені, тіл заңдылықтарын білу керек. Бұл мәселеге байланысты ғалым уәжі көңіл тоғайтады: «Қазақ тілінде сөздерге тәуелдік жалғауының жалғануын еске түсірсек, дауыстылардан соң бұл қо­сымша -сы, -сі (бала-сы, күлкі-сі, дала-сы, т.б.), ал дауыссыздардан кейін -ы, -і (үйі, қыс-ы, жаз-ы, тау-ы, т.б.) түрінде келуі – бұлжымас жүйе. Осындай жалпыға ортақ жүйені ескермей, біреуі, екеуі, үшеуі, төртеуі, көбі, уақыты, бәрі дегендерді біреу-і-сі-біреусі, екеу-ісі-^-екеусі, үшеу-і-сі-^-үшеусі, төртеу-і-сі^-төртеусі, көбі-сі, уақыт-ы-сы-^-уақтысы, бәрі-сі деп қолданушылық бар. Бұл жерде мұндай жөнсіз қабаттастырудан сырттай осыған ұқсас құбылыстың парқын айыра білу абзал. Отағасы, қолбасы, елубасы тәрізді бірер сөздерде тәуелдік жалғауы айтыла келіп, сол сөздің құрамына сіңіп кеткен. Ондай сөздердегі тәуелділік жалғауы (отаға – сы) меншіктілік мағынаны білдір­­мейтіндіктен және бір тәуелділік көрсет­кіші үстемелене жалғанады: ота­ға­сысы, қолбасысы, елубасысы, т.б.» деп дәлелдейді. Бұл — қосымшалардың ассимиляциялануы. Ассимиляцияның бұл түрі қосымшалардың жалғану жүйе­сін­дегі негізгі бағытты қалыптас­тыр­ғанын атап айтады. Л/Д дыбыс алмасуына байланысты екі түрлі жүйенің әдеби тіл нормасына лайықтыларын былайша көрсетеді: ақшалай (ақшадай емес), бірлі-жарым (бірді-жарым емес), жылылай (жылыдай емес), тірілей (тірідей емес), ұшты-күйлі (ұшты-күйді емес), кәрлен (кәрден емес), немқұрайлы (немқұрайды емес), т.б. Даму бағытына сай норманың кейбір босаң түрінен катаң нормаға көшуді жеделдетуге де болатынын айтады. Босаң нормадан катаң нормаға ауысуға келтірген мысалда­ры мор­фологиялық, яғни грамматикалық заң­дылықтарды терең түсінуден туында­ған: «Босаң нормадан катаң нормаға ауы­судың -шы, -ші қосымшасы жалғанған белгілі бір сөздер тобына да қатысы бар: егінші, малшы, суретші, әнші, биші, қойшы, сиыршы, т.б. Ал боташы, құлыншы, бұзаушы, қозышы деп айтыла ма? Айтылмайтын себебі – тілдік дағдыда жоқ». Дағдыны өмір шындығы, дүние ақиқаты қалыптастырады. Бұл –қағида. Түсінсек те, көп жағдайда ескере бермейтін, қағида.
Норманың босаңдығы сөздің қолда­ныс аясы мен стильдік ерекшелігіне бай­­ланысты. Осы мәселеге қатысты ға­лым келтіретін уәждер көңілге қонады: «Тілі­мізде белгілі бір ұғымның бірнеше сөзбен аталатын орайлары бар: жазушы – қаламгер, суреткер, егінші – диқан; мұғалім, оқытушы — ұстаз, т.б. Бұл – әдеби тілдің стильдік айырым жігін даралай түсетін белгілер. Жазушы, мұғалім, оқытушы сөздері әдеби тілдің барлық тармақтарына (стильдеріне) тән бейтарап сөздер болса, қаламгер, суреткер, ұстаз публицистика, көркем әдебиет стиліне тән мазмұны көтеріңкі қолданыстар. Мысалы, ресми стильде Жазушылар одағының мүшесі деп айтуға болатыны белгілі де, осы ұғымды Қаламгерлер одағының мүшесі деп қолдану лайықсыз болар еді» деген уәж айтады.
Осындай сөз мәдениетіндегі аса қа­жетті ерекшеліктерді аңғару үшін ға­лым­ның пайымдауына қарағанда, сөз бай­лығы, сөз тазалығы, сөз дәлдігі, сөз әсерлілігі деген ұғымдарды тани білу керек.
Сөз байлығы – тіл байлығы. Сөзі жұтаңның – ойы да жұтаң. Бұл қағиданы қазіргі заманда тақ-тұқ сөйлеуге үйрене бастағандарды ойланту үшін айтатындай. Себебі тіл жұтаңдығы сөз мәдениетіне кері әсерін тигізеді. Бұл турасында ғалым Н.Уәли ойын былайша жеткізеді: «Актив сөзі тым аз болған сайын ондай адамның тілінде мақсатсыз қайталау да көп болады. Сөзді орынсыз қайталау тілдің коммуникациялық қызметін күрт төмендетеді, ойды дәлме-дәл, мазмұнды жеткізуге кедергі болады. Өйткені айтылатын ойға әр сөздің қосар мағыналық, эстетикалық, эмоциялық, т.б. информациясы болады. Ал бір рет айтылған сөздің сөйлем сайын мақсатсыз қайталана беруінен мәтіннің информациялық маз­мұны кемиді. Ал тілден керегімізді алып, кәдемізге жарата білуге дағдыланбасақ, сөз жоқ, тіліміз (сөз қолданысымыз) жұтаң тартып тұрар еді». Ғалым еңбектерінде былайғы жұрт емес, ғалымдар да көзге іле бермейтін қызықты материалдар көп. Соның бірі – топонимикалық атаулардың халықтық нұсқасына байланысты деуге болады: Византия – Үрім, Рум; Кавказ – Қап; Иран – Ажам; Қытай – Шын; Дамаск – Шам; Қызыл теңіз – Күлзім; Палестина – Қінған; Шри-Ланка (Цейлон) – Сәрәнділ т.б. Бұларды «халықтың байырғы кезде шартараптағы елдер жайында білігінен бүгінгі ұрпаққа хабар беретін деректері» деп бағалайды.
Тіл мәдениетінің аса маңызды сапа­сына сөз тазалығы жатады, яғни тіл таза­лығы, сөзімізде бөгде тілдік элемент­тер­дің болмауы. Бірақ жаһандану заманында өзге тілден сөз алмайтын тіл жоқ деуге болады. Бұл мәселеге келгенде де Н.Уәли өз көзқарасын біліктілікпен жеткізеді. Ол тіл тазалығына нұқсан келтіретін жөнсіз калькаларға: жарты арал (дұрысы түбек), аналық қой (дұрысы саулық, саулық қой), елу бас қой (елу қой) жатқызады. Орыс тіліндегі кейбір тұрақты сөз тіркестерінің қазақша баламасы бола тұра, журналист, аудармашыларымыз түпнұсқа тіліне жақындай түсу мақсатымен волков бояться в лес не ходить – қасқырдан қорыққан тоғай араламас (шегірткеден қорыққан егін екпес); не приметить слона – көрмес пілді де көрмес (көрмес түйені де көрмес); черепаший шаг – тасбақа аяң, адым (өгіз аяң)», т.б. деп аударып жүргендеріне сын айтады.
Сонымен бірге тұрақты сөз тізбек­терін қазақшалауда қалькаға орынсыз бара бермей, халық тіліндегі дәлме-дәл келетін баламаларды құптайды: своя рука владыка — қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса; откладывать в долгий ящик – сөз бұйдаға салу; утопающий и за соломенку хватается — суға кеткен тал қармайды, т.б. Тіл шұбарлайтын тіркес түрлеріне: «Ол түнгі тосқауыл рейдіне қатысушылардың коғам мүлкіне қол сұғушыларды қалай су бетіне шығаратынын соңғы екі-үш жыл ішінде көп естіп те, оқып та жүрді»; «Бүкіл адамзатқа келген қару ешқашан бір елдің ішкі ісі болмақ емес. Ондайды «ішкі іс» деп сылап-сипаушылар американ саясатының диірменіне жел береді»; «Қаламқас поселкесінің аумағы ат шаптырым. Көшпелі вагондар, егіз тамшыдай ұқсас үйлер», «мәселені қабырғасынан қою», т.б. Осы мысалдардағы су бетіне шығару, диірменіңе жел беру, егіз тамшыдай тәрізді тіркестер, сырты қазақша болғанмен, кез келген оқушыға түсінікті ме?» деген риторикалық сауал тастайды.
Су бетіне шығару, егіз тамшыдай ұқсас, мәселені қабырғасынан қою, т.б. осы тәрізді тіркестер, сырты қазақша болғанмен, кез келген оқушыға түсінікті ме? Тіпті оқушы автордың айтпақ ойын әйтеуір аңғарғанмен, мұндай тіркестерді екінші бір тілдің көмегі арқылы зорға түсінсе керек. Содан кейін ғана су бетіне шығару дегеннің «бет пердесін ашу» екенің, диірменіңе жел берудің «отына май кұю» екенін, егіз тамшыдай деп отырғаны «егіздің сыңарындай» деген сөз екенін байқайды. Оқушысын бұлайша шатастыру – сөз шұбарлау. Мазмұн-мағынасы шала-шарпылау ғана ұғынылатын, бедер, өрнегінен айырылған мұндай тіркестер сөз тазалығына мүлде жат элементтер» дейді. Ондай сөз шұбарлаудың бір түрі қыстырма сөздерді көп пайдаланудан көрінеді. Бұл турасындағы ойы да нақты, айқын: «Сөз арасында қызметсіз қыстырылып жүретін жаңағы, нетіп, әлгі, мәселен, ал енді, сонымен тәрізділерге аузы үйір адам тыңдаушысын мезі ететінін, сөйлемді әрдайым болып табылады, болып саналады, бірінен саналады тәрізді тіркеске құрудан гөрі, есім баяндауышқа аяқтау тиімді».
Тілде ұсақ-түйек нәрсе болмайды. Өйткені ұсақтан ірі бастау алады. Бұл қағи­даны ғалым дәлдікті – сөйлеу­дегі олақ­тық­қа қарсы қою арқылы түсінді­реді: қой қырқушы, қозы тәрбиелеуші, қой төлдетуші, қой өсірушілер бригадасы, қызыл­ша өсірушілер, т.б. санамалай келіп, осы ұғымдардың қалыптасқан, орныққан атаулары, атап айтқанда, қырықтықшы, сақпаншы, шопандар бригадасы, қызылшашы, т.б. барын, бірақ ол қолданыстардың тіл табиғатын түсінбегендіктен бұзылатынын ескертеді.
Міне, тіл нормасы, тіл тазалығы, тіл байлығын дұрыс пайдалану бәрі тілдің қоғамдық қызметін арттыруға ықпал ететін факторлар. Н.Уәлидің ғылыми еңбектерін оқи отырып, оған көзіңізді анық жеткізе аласыз. Бүгінгі таңда мерейлі жасқа келіп отырған ғалымның алдағы уақытта да тіл жанашыры ретінде тұшымды еңбектерді жарыққа шығара беретініне сеніміміз кәміл.

Б.Момынова,
филология ғылымының докторы,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.