«Дауыл болмай – жауын болмас»

Байсеркенің айтқаны орынды, болжамы дұрыс келгендіктен халқы «дуалы ауыз» атапты.
Бір күні елден шыққан екі жалқау келіп:
– Абыз ата, болашағымызды болжап беріңізші, жолымыз болып олжалы оралар ма екенбіз? – деп сұрапты. Байсерке:
– «Талапты ерге нұр жауар». Ерінбей іздеп, жалықпай еңбектенген азаматқа мал табылмай ма? Оның болжайтын несі бар, – депті.
– Еңбектеніп, несіне әуреленеміз? Ақ теңіздің ар жағында ақша жауып тұрады дейді. Сол рас болса, барып аламыз да, арбалап тасимыз. Бұған не айтасыз? – дейді екі жігіт.
– Е, жігіттер, – деп ойға шомыпты Байсерке. – Еңбексіз мал табылмас, егінсіз нан алынбас. Менен ақыл сұрасаңдар: «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған» артық. Мал іздесеңдер, еңбек етіңдер. Ондай жұмыс ауылдан да табылады.
Жалқаулар еңбексіз мал тапқысы келетінін айтады. «Ақ теңіздің ар жағында ақша жауып тұрған жерге» баруға бел байлайды. Соны болжап беріңіз деп тағы да қаңқылдайды. Сонда қарт керегенің басында ілулі тұрған домбырасын қолына алып:
– Сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ. Көзің көрмейтін, қолың ұстамайтын, мал бар дейді жігіттер. Алжып жүрген көк бөрі, ақсақ қойдан үміткер. Ақ сөйлегіш ақ марту, осының жайын біліп бер, – деп тыныстап алады да: «Оны іздеген азамат – темір етігінен теңгедей қалғанда, темір таяғы тебендей болғанда табады», — дейді.
«Басында шашы, аузында тісі жоқ алжыған шалдың айтқаны осы болса, ақылшыға жарыған екенбіз!» деп қолдарын бір-ақ сілтеген тоң мойындар ақша жауған «Ақ теңізді» іздеп асығыс жолға шығады.
– Бәкесі-ау, айдалада ақша жауа ма, еңбексіз мал табыла ма? – дейді шалдың кемпірі. – Солай деп неге айтпадыңыз жігіттерге?
– Е-ей… менде айттым емес пе? Сайда саны жоқ мал бола ма? Құмда ізі жоқ аң бола ма? Темір етік теңгедей болуға – көңіл жетер ме? Темір таяқ тебендей болуға – өмір жетер ме? Дауыл болмай жауын болмас, ит күшіктеп сауын болмас. Екі жалқау қосылса, оңған ауыл болмас. Жалқау адам – жер қадірін білмес, жетесіз жігіт – ел қадірін білмес…
Арада айлар өтеді. Аспаннан жауған тегін ақшаны таба алмай, азып-тозған қос жалқау еліне қайтып зорға жетеді.

(«Ел аузында», «Жазушы»,
Алматы, 1989 ж.)

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.