Сарыағаш ауданы

Сарыағаш – қала. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының Жарлығына сәйкес Сарыағаш селосы 1968 жылы 21 маусымда ауданға бағынатын қалаға айналды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1981 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен Сарыағаш қаласы облысқа бағынышты санатқа жатқызылды да, сол уақыттан бері қарай қала мәртебесіне ие.
Біздің заманымызға дейінгі Бор дәуірінің екінші кезеңінде осы аймақта қылқан жапырақты ағаштар өскен, көптеген ірілі-ұсақты өзендер мен көлдер болған. Оларда тригоноидтер, су тасбақасы, ал жағалауларында динозаврлар өмір сүрді. Өзендердің бір бөлігінің суы көлдерге, бір бөлігі бұл аумақтың оңтүстік-батысындағы теңізге құйылды.
Сәрсен Бек Сахабат нұсқасы: «Тәңірлік атаудың тағы бір айырмасы – Сарыағаш. Тоғыз санын Түркі бабаларымыз кие тұтқан, одан сан асырмаған; көнетілдік «йиғоч» – тоғыз шақырымға тең жер өлшемі, ауыс­палы мағынасы – тоғыз жолдың тоғысы, жол торабы.
Еуропалық түстік атрибутикада: Сары – Күнгей, Қара – Теріскей.
Түп аталарымыздың түстік танымы мүлдем басқа: Сары теңіз – Шығыс теңіз, Қара теңіз – Батыс теңіз.
Таяу Шығысқа жеткеретін жолдың тоғысындағы – Сарыағаш, яғни тоғыз тораптың тоғысы».
Ақтөбе – ауыл. Шымкент қаласының оңтүстік-батысында 180 шақырым жерде орналасқан. Ауыл Келес өзенінің Сырдария өзеніне кұйылатын құнарлы аңғарына жайғасқан. Ақтөбе ауылдық кеңесі алғаш­қы­да бес ұжымшардан құралған. 1957 жылы Қызыләскер деп аталады. 1936 жылы Көкбұлақ ауылдық кеңесі болған. Кейін келе 1958 жылы ұжымшарларды біріктіріп, Ғани Мұратбаев атындағы кеңшар болған, сол жылы Ақтөбе ауылдық кеңесі құрылған. 1994 жылы Ақтөбе ауыл әкімшілігі атанған. Ақтөбе деп аталу себебі, осы елді мекенде Ақтөбе, Күлтөбе, Қаратөбе деп аталатын төбелер бар. Осы төбелерде жау ұзақтан келе жатқанда от жағып, халыққа хабар берген. Күлтөбенін астында Сырдария өзенінің арғы бетінен өтетін жол болған. Қазір сол төбелердегі жолды ешкім зерттей алмай қайтып кетіп жатады. Жер­асты жолымен біраз жүргеннен кейін Ақтөбе, Күлтөбе мен Қаратөбенің биіктігі окшауланып-ақ тұр. Бұлар ғылыми түрде зерттелмеген.
Жуантөбе – елді мекен. Жуантөбе елді мекенінің тарихына тоқталар болсақ, шығыс беткейінде ауқымды әрі биік Жуантөбе жатыр. Жау шапқыншылығы кезінде бір төбеден екінші төбеге белгі беріліп отырғаны белгілі. Табиғи қалпына орай бұл төбе де сондай іске пайдаланылған. Біздің жинаған мағлұматымыз бойынша Жуантөбе деп аталуы да әбден мүмкін.
ОҚО мәслихаты мен облыс әкімдігінің 2006 жылғы 29 қыркүйектегі №25/278-111 бірлескен шешімімен XII партсъезд атауы өзгертіліп, елді мекенге Жуантөбе атауы берілді.
Қаратөбе – елді мекен. Қаратөбе елді мекенінің аталу себебі, сол елді мекенде үлкен қара төбе орын тепкен және оның топырағы да қара болған. Осы төбеге от жағып, жау шапқыншылығы кезінде халық бір-біріне белгі беріп тұрған. Қаратөбе деп аталатын қарауыл төбе бүгінгі таңда Шымкент-Жетісай трассасының бойынан көрініп тұрады.
Көкбұлақ – ауыл. 1936 жылы Көкбұлақ ауылдық кеңесі болған. Ауыл ежелден «Кердері дария», «Сурхандария», «Сырдария» аталып келген өзен мен Келес өзенінің сағасында орналасқан. Ауылдың маңында, Сырдария өзенінің жанында арықтың суындай мөп-мөлдір боп ағып жатқан бұлақ бар. Көкпеңбек мөлдірлігіне болса керек, ежелден «Көкбұлақ» атанып кеткен. Көнекөз қариялардың айтуынша, ауыл сол Көкбұлақтың атымен аталады.
Қияжол – ауыл. 1932 жылдың шамасында қазіргі Қияжол елді мекенінде «Бірлік», «Октябрь» ұжымшары құрылған. Бұл екі ұжымшар Ғ.Мұратбаев елді мекенінің оңтүстік беткейінде орналасқандықтан «Бірлік» ұжымшарына барар жол қия боп түскен. Сол себепті Қияжол атауы қалыптасқан. Қияжол атауы 1994 жылдан бастап айтылып келеді.
Құйған – ауыл. Октябрь ауылына Сарыағаш аудандық ономастикалық комиссиясының қорытындысымен Құйған атауы берілген. Елді мекен Бозсу өзенінің Сырдария өзеніне барып құйған жеріне орналасқандықтан, Құйған ауылы деп аталып кеткен.

«Оңтүстік Қазақстан
облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша
тарихы» кітабы бойынша
дайындаған өлкетанушы
Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.