Рио Oлимпиадасынан не күтеміз?

Тамыз айының 5 күні Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы атақты «Маракана» стадионында ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Жарысқа әлемнің 205 елінен 12500 спортшы қатысады деп күтілуде. 21 тамызға дейін жалғасатын додада 104 қазақстандық спортшы ел намысын қорғамақ. Бұл Қазақстан мемлекетінің қатысқалы отырған 6-ы олимпиадасы. Төрт жыл сайын өтетін спорттық додада бір елдің әлеуеті төрткүл әлемге жария болады. Риодан олжалы оралуға кімнің мүмкіндігі зор, қай спортшыдан алтын күтеміз? Ендеше сол жайында сөз қозғайық. 

Бастапқыда еліміз бұл додаға 108 жолдама ұтып алған болатын. Алайда жарақатына байланысты Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцева (теннис) Олимпиа­да ойындарына бармайтын болды. Ал екі жолдаманы Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы (IWF) допинг дауына байланысты кері қайтарған-ды. Сондай-ақ велоспорттан ­Луценко да жарақатына байланысты Риоға қатыспайтыны белгілі болды. Оның орнын Андрей Зейц алмастырмақ.
Бразилиядағы додаға баратын 104 спортшы 26 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Атап айтар болсақ, бокс­тан ерлер толық құрамда (10 боксшы) қатысады. Сондай-ақ қыздар арасындағы бокста да екі спортшымыз бар. Еркін күресте – 5, грек-рим күресінде – 3, әйелдер арасындағы күресте 4 балуанымыз боз кілемге шығатын болады. Велоспорттан – 3, көркем гимнастикадан – 1, акробатикадан – 1, академиялық ескек есуден – 2, байдарка мен каноэ есуі бойынша – 11, кедергілерден өту спортынан – 1, дзюдодан – 6, жеңіл атлетикадан – 26, жүзу спортынан – 3, синхронды жүзуден – 2, бессайыстан – 2, садақпен оқ атудан – 2, нысана көздеуден – 5, таеквондодан – 3, теннистен – 2, үстел теннисінен – 1, ауыр атлетикадан – 8, семсерлесуден – 1 спортшы жарыс жолына шығады.
Әлемдік «Infostada» зерттеу орталығы Қазақстан Бразилия елінен 4 алтын алып, барлығы 15 медальмен жалпы есепте 20 орынды алады деген болжам жасады. «Рио Олимпиадасында қазақстандық спортшылар арасынан боксшылар Данияр Елеусінов пен Иван Дычко және ауыр атлет Александр Зайчиков, палуан Елдос Сметов чемпион атанады» деп жазды зерттеу орталығы.
Оlympicmedalspredictions.com мамандары Қазақстан спортшылары 4 алтын алып, барлығы 11 медальмен 18 орынға тұрақтайды десе, Tuck School of Business at Dartmouth College білім ордасының мамандары Қазақстан құрамасын: 5 алтын, 12 медальмен жалпы есепте 13 орын алады деп болжауда.
PwC компаниясының танымал экономист маманы Джон Хоксворт Қазақстан барлығы 12 медаль алып 20 орыннан көрінеді деп топшылады.
Ал біздің сарапшылардың басым көпшілігі 3 алтын, 13 медальмен 21 орынға жайғасады деп отыр. Риода Қазақстан үшін 13 медаль алудың өзі үлкен жетістік болмақ.
Осынау төрт жылдың ішінде қазақстандық спортшылар жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Ауыр атлетика, бокс және дзюдодан 10 алтын алған болсақ, соның 8-ін өзімізде өткен жарыстарда жеңіп алдық.
Олимпиада алтынын көп жанкүйерлер бокстан күтетіні белгілі. Байрақты бәсекелерде күтпеген нәтижелер боп тұратынын ескерсек бұл жолы да өзге спорт түрінен бір алтын еншілеуіміз де ғажап емес.
Риоға баратын дүлдүлдеріміздің ішінде жалғыз ғана олимпиада чемпио­ны бар. Ол – Ольга Рыпакова. Чемпио­нымыз Рио-де-Жанейрода Лондондағы жетістігін қайталауды көздеп отыр.
Ал жарысқа екінші құраммен баратын ауыр атлеттеріміздің қауқары алтын алуға жетер ме екен? Бұрын штанга көтеруден алдыңғы қатарлы мемлекеттер сапынан көрініп жүрген қазақстандық ауыр атлеттер үшін алда үлкен сынақ тұр. Саңлақтарымыздың бағы мен бабы қатар шауып жеңіс тұғырынан көрініп жатса Қазақ елі үшін зор қуаныш болмақ.
Олимпиада алтынына басты үміткерлердің бірі – Елдос Сметов. Дзюдодан әлем чемпионы атанған қазақтың қара домалақ баласынан 60 келі салмақта алтын күтеміз.
Рио олимпиадасында Бостандық аралының азаматтары көш басына шығуды жоспарлап отыр. Олармен бас жүлдеге Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Украина, Әзербайжан құрамалары таласады. Риода әр елден екі немесе үш қана чемпион шығу мүмкін. 69 келі салмақта сынға түсетін ­Данияр Елеусінов аға­ла­рының ақ жолын жалғайды деп сенеміз.
Сондай-ақ жүлделі орындарға таласып қоржынымызға медаль салады-ау деген сақа спортшыларды да атап өтуді жөн көрдік.
100 метрге брасс әдісімен жүзу бойын­ша Дмитрий Баландин, грек-рим күресінен Нұрмахан Тінәлиев, ­Алмат Кебісбаев, Досжан Қортықов, боксшыларымыз Біржан Жақыпов, Иван Дычко, Абылайхан Жүсіпов, Әділбек Ниязымбетов, дзюдодан Отгонцэцэг Галбадрах, ауыр атлетикадан әйелдер арасында Жазира Жаппарқұл, ерлер арасында Денис Уланов, Александр Зайчиков, еркін күрестен Бағдәулет Әлментай, Акбар Елубай көк байрағымызды көкке желбіретеді деп сенеміз.
Мергендеріміздің де құр саяхатшы ретінде бармай, жүлде алатын кезі келді. Байдарка және каноэ есуде Наталья Сергеева, Ирина Подойникова, Евгений Алексеев, Тимур Хайдаров, Александр Емельянов және Дәулет Сұлтанбековке үміт артамыз. Оқ атудан Юрий Юрков пен Рашид Юнусметов те сақа спортшы. Бұл жолы олардың жанына Елизавета Король қосылды. Луиза Саидиева да садақты шірене тартуымен көзге түсіп жүрген спортшының бірі. «Спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетикада Регина Рыкованың әлеуетін байқайтын боламыз.
Әр елдің мақтаныштары, кіл мық­тылары жиналатын олимпиадалық ойындарда топ жарған спортшылар халқының ыстық ықыласына бөленеді. Елінің абыройын әлем жұртшы­лы­ғының алдында асқақтатқан жеңім­паздарды мемлекет басшылары назардан тыс қалдырмайды. Оларға түрлі сыйлықтар табысталып, ерекше құрмет көрсетіледі.
Қазақстан Олимпиада жеңімпаз­дарын марапаттаудан Орталық Азияда көш басында тұр. Біздің жүлдегерлерге алтын медаль үшін 250 мың доллар, күміс медаль үшін 150 мың доллар, қола медаль үшін 75 мың доллар тағайындалатын болды.
Көршілес Өзбекстан құрамасы Рио олимпиадасына 70 спортшысын апармақ. Олар спорттың 13 түрі бойынша жарыс жолына шығады. Өзбекстан үкіметі алтын медаль жеңіп алған спортшысына 200 мың доллар, күміс жүлдегерге 100 мың доллар, қола жүлдегерге 75 мың доллар көлемінде сый-сияпат береді.
Ал Қырғызстан елінен спорттың 6 түрі бойынша16 спортшы қатысады. Елдің билігі алтын жүлдеге 104 мың доллар, күміс жүлдеге 74 мың доллар, қола жүлдеге 51 мың доллар шамасында сыйақы тағайындаған екен.
Түркіменстан құрамасының намысын 8 спортшы қорғайтын болды. Олардың төртеуі ғана Рио олимпиадасына тікелей жолдама алған болса, қалған төртеуі қосымша квота есебінен лицензияға ие болған. Бұған дейін бұл мемлекеттің бірде-бір спортшысы үлкен жарыстарда топ жарып көрмеген. Содан болар Түркіменстан басшылығының олимпиада жеңімпаздарына беретін сыйақы мөлшері әзірге белгілі болмай тұр.
Тәжікстан олимпиалық командасы небәрі 7 спортшысын жарыс жолына қоспақ. Спортшылар алтын жүлде үшін 38,1 мың доллар, күміс жүлде үшін 31,8 мың доллар, қола жүлде үшін 25,5 мың доллар көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болады.
Төрт жылда бір келетін байрақ­ты бәсеке 16 күн бойы әлем жұртшылы­ғының назарын өзіне аудартатыны белгілі. Рио олимпиадасының қызығы мен шыжығы әлі алда. Әлемнің үздік спортшылары бақ сынайтын додада кімнің мерейі үстем болар екен? Оны алдағы күндері көретін боламыз. Саңлақтарымызға қолдау көрсетіп, жанкүйер болайық! Жеңістің ақ туын желбіретер күндеріміз көп болсын.

Абылайхан ЖҰМАШЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.