Жол қадірін жүрген біледі

Дүниежүзілік экономикалық даму жылдарында тұралап қалмай, керісінше, осы қиындықтардан шыңдалып, одан әрі дамуға бастайтын даңғыл жол табу – Қазақстан үшін аса маңызды міндет болып отыр. Осы орайда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысқа қарсы іс-шаралардың негізгілерінің бірі ретінде әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуды айқындап, Үкіметке тиісті тапсырмалар жүктеген болатын. Соның нәтижесінде «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданып, еліміздің түкпір-түкпірінде қызу жұмыстар жүргізілуде. Қазір Қазақстанның барлық аймақтарын аралап шыққан адам, әсіресе, жол құрылысының бүкіл республика бойынша қарқынды жүріп жатқанына көз жеткізеді. Мемлекеттің осы бағыттағы саясатының Оңтүстік өңірде қалай жүзеге асып жатқанын білу мақсатында Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан БАЙҒҰТТЫ әңгімеге тартқан болатынбыз. 

– Нұрлан Мархабатұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес республика бойынша жол құрылысына ерекше назар аударылуда. Оңтүстік Қазақстан облысында аталған саланы қаржыландыру мәселесі қалай болып жатыр?
– Жол – экономиканың күре тамыры. Дамыған инфрақұрылымы бар өңірде ғана өндіріс пен сауда ойдағыдай жүреді. Сол себепті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс кезінде «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударып отыр.
Бір қарағанда еліміз экспортқа шығаратын шикізаттардың бағасы әлемдік нарықта арзандап, бюджет түсімдері қысқарып жатқан кезде жол құрылысына миллиардтаған қаржы жұмсау қисынсыз болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, дағдарыс кезінде елде құрылысты, оның ішінде жол құрылысын тоқтатпай, керісінше оның көлемін арттыра түсу арқылы бір жағынан жұмыссыздықтың көбеюінің алдын алуға, екінші жағынан құрылыс материалдарын өндіретін зауыт-фабрикалар мен оны тасымалдайтын, сақтайтын, сау­далайтын, аталған салаға сервистік қызмет көрсететін компанияларды қолдап отыруға болады. Тиісінше, эко­номиканың тұтас бір секторы мүлтіксіз жұмыс істеп, мыңдаған, мил­лиондаған адамдар тұрақты табысқа ие болады. Дағдарысқа қара­мастан халықтың үлкен бөлігінің төлем қабілеті сақталса, яғни олардың қалтасында қаржысы бар болса, бұл экономиканың барлық салаларына оң ықпал етеді. Ақшасы бар адам дүкеннен азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар, автокөлік, тұрмыстық техника мен киім алады, түрлі қызметтерді пайдаланады, несиесін уақтылы өтейді немесе депозитке ақша жинайды. DSC_0027
Көрдіңіз бе, мемлекет бұл салаға мол қаржы құю арқылы тек инфра­құрылымды жақсартып қана қоймай, бүкіл экономиканы демеп отыр. Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жұмысы мемлекеттің аталған саладағы саясатын жүзеге асыруға үлес қосу, облыс аумағында жол инфрақұрылымын дамытуға, қолданыстағы жолдардың жағдайын саралап, оны күтіп ұстауды бақылауға бағытталған. Қазір Оңтүстікте жол құрылысы қарқынды түрде жүруде. Егер нақты цифрларға тоқталар болсақ, 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында жол саласында 123 нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл бұл көрсеткіш 199-ға жетіп отыр. Бөлінген қаржы өткен жылғымен салыстырғанда 66 пайызға артып, 24 миллиард 500 миллион теңгені құрады.
– Оңтүстік өңірде биыл қанша жол салынады, қанша шақырымы күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуден өтпек?
– Облыста 21 мың шақырымға жуық автомобиль жолы болса, оның 786 шақырымы республикалық, 4 330 шақырымы облыстық, 2 081 шақырымы аудандық маңызға ие. Қалғандары елді мекендердің ішкі жолдары. Биыл жыл басында осы жолдардың барлығының орналасуы, қазіргі жағдайы, құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аймақтары көрсетілген арнайы карта жасадық. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы негізінен облыстық маңызға ие жолдарға жауапты десек, 2015 жылы күздегі мәліметтер бойынша оның 62 пайызының жағдайы қанағаттанарлық болатын. Алайда қыс мезгілінде жолдың жағдайы нашарлайтынын ескерсек, көктемде бұл көрсеткіш аздап төмендеді. Біздің мақсатымыз осы көрсеткішті жыл соңына дейін 64 пайызға қайта жеткізу. Ол үшін облыста ағымдағы жылы 179 нысанда құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталып, 496,3 шақырым жол, 23,6 аяқжол және 16 көпір, 12 құбыр мен 1 теміржол өткелі пайдалануға беріледі. Ал, облыстық маңызға ие жолдарға жеке тоқталар болсақ, биыл 153,1 шақырымы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға беріледі. Былтыр бұл көрсеткіш 37,2 шақырым ғана болғанын ескерсек, жұмыстың еселене түскенін байқау қиын емес. Атап айтқанда, бүгінде Отырар ауданы мен Арыс қаласын қосатын «Шәуілдір – Ақдала» тасжолы мен Сарыағаштан Монтайтас пен Арыс арқылы Қызылорда бағытына шығуға мүмкіндік беретін жол да пайдалануға беріліп үлгерді. Оған қоса, Шардарадан шыққан көліктердің Арысқа соқпай Шәуілдір арқылы Қызылорда бағытына шығуына мүмкіндік беретін «Шәуілдір – Көксарай – Байырқұм» жолы және Ақсу мен Сайрамның арасын жалғайтын «Қарасу – Қызылту – Сайрам» автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтуде. Биыл жұмыстар аяқталғаннан кейін пайдалануға беріледі.
Өздеріңізге белгілі, жаз айларында халқы тығыз орналасқан Сарыағаш, Мақтаарал аудандарынан жеміс пен көкөніс тасымалданады. Құрылыс материалдарын тиеп кері бағытта жүретін көліктер де өте көп. Жүк көліктерінің шілденің аптап ыстығындағы осы ағыны облыстық және республикалық жолдардың жағдайына айтарлықтай кері әсер етеді. Шардарадан шығатын «Шәуілдір – Көксарай – Байырқұм» тасжолы, Сарыағаштан Монтайтас пен Арыс арқылы Қызылор­да ба­ғытына шығатын жол мен «Шәуілдір – Ақдала» тасжолы сол кө­ліктердің Шымкентке соқпай, Түркістанға қарай төтелеп шығуына мүмкіндік береді. Бұл облыстың негізгі жол­дарының сақталып қалуына оң ықпал етпек. Жалпы, облыстың жол құрылысы саласындағы қазіргі негізгі мақсат Шымкент қаласы арқылы өте­тін көлік ағынын азайту болып отыр.
– Алдағы жылдарға қандай жос­парлар бар?
– Жол құрылысы мен ондағы жөн­деу жұмыстарының көлемі жылдан-жылға арта түседі. Жол жөнделуі немесе жаңадан салынуы үшін оның техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттары жасалуы тиіс. Биыл қаншалықты көп жобалық-сметалық құжаттар жасалып, бюджеттік комиссияда мақұлданса, келер жылы жолда соншалық қызу жұмыс жүреді деген сөз. Енді мына сандарға назар аударыңыз: былтыр бюджеттен 76,7 миллион теңге бөлініп, 6 нысанның ЖСҚ-сы дайындалса, биыл қазынадан 427,8 миллион теңге бөлініп, 38 жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Жоспарға сәйкес, 2017 жылы облыстық маңызға ие 8 шақырым жол қайта жөнделіп, 67,6 шақырым жол мен 9 көпір күрделі жөндеуден, 310,7 шақырым жол мен 6 көпір орташа жөндеуден өтеді. Ал Шымкент қаласында жаңадан 27,3 шақырым жол салынса, 31,6 шақырымында қайта жөндеу жұмыстары жүргізі­леді. Сондай-ақ Бәйдібек би – кіші айналма жол, Бәйдібек би – Арғынбеков, Т.Рысқұлов – Д.Қонаев, Жібек жолы – Сайрам көше­лерінің қиы­лыс­тарында барлығы екі деңгейлі 4 жолайрық салынады. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Сондай-ақ Д.Қонаев даңғылы мен Абай көшесін ұзартып, Сарыағаш бағытындағы тасжолға қосу жұмыстары да алдағы жылы қолға алынады.
– Оқырман қауымды «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің қашан толық аяқталатыны, яғни Шымкент қаласынан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі және Сарыағаш бағытындағы күре жолдың қай уақытта пайдалануға берілетіні қызықтырады?
– Әрине, бұл ерекше маңызға ие құрылыс нысандары. Тапсырыс беруші Республикалық автомобиль жолдары комитеті болғанына қарамастан, бұл жұмыстың барысы облыс әкімінің тікелей қадағалауында тұр. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, біздің басқарма бұл күре жолды тұрақты түрде бақылап келеді. Жақында, облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов аталған нысандарды аралап, жолдардағы жұмыс барысымен танысты. Мердігерлерге жұмыстың сапасы мен уақтылы аяқталуына қатысты қатаң талаптар қойды. Үкіметтің қарауына да жұмысты жандандыру жөніндегі бірқатар ұсыныстарын енгізетінін айтты.
Қазір «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің Шымкент қаласынан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі және Сарыағаш бағытындағы бөліктерінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Бұл жолдар қарама-қарсы екі бағытта 4 жолақты етіп салынуда. Биыл соның бір бағыты пайдалануға беріледі.
–Дағдарысқа қарамастан мемлекет жол құрылысына баса назар аударып отыр екен. Дегенмен, қазынадан бөлінген қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуы, жолдардың сапалы болуы үшін әртүрлі сыбайластық әрекеттерге жол берілмеуі керек. Оның алдын алу үшін қандай шаралар қолданып отырсыздар?
–Облыс әкімінің мені осы қызметке тағайындағандағы бас­ты талабы адалдық пен тазалық, барлық жұмысты заң шеңберінде жүргізу болды. Жол – мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие сала. Оған жетекшілік ететін адам бір жағынан мемлекетшіл азамат, екінші жағынан экономиканың заңдылықтары мен шаруаның жайын білетін іскер басшы болуы тиіс. Өзіме жүктелген сенімге лайық болу үшін бар күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді пайдаланып келемін. Жұмыста ешқандай заңсыздыққа жол берген жоқпыз.
Ал нақты шараларға тоқталар болсақ, сыбайластық пен заңсыз­дықтар негізінен құрылыс жұмыс­тарының сапасы мен мерзіміне қатысты талаптарды бұзу арқылы орын алады. Сол себепті қызметке кіріскен күннен бастап құрылыс-жөндеу жұмыстары жатқан барлық нысандарды басқа да жауапты мемлекеттік органдармен бірлесе отырып тексеріп шықтық. Нәтижесінде кейбір заңсыздықтарды анықтап, тиісті шаралар қолдандық. Мәселен, бір ғана «Сарыағаш-Жылға-Монтайтас-Рабат-Ленгір» тас жолындағы қайта жөндеу және күрделі жөндеу жұмыстары кезінде заң талаптарын толық орындамаған бірнеше мердігер компанияға 3 миллион теңге айыппұл салынды.
–Аты айтып тұрғандай, басқарма жолаушылар тасымалы саласына да жауапты. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту үшін былтыр 215 автобус сатып алынды. Оның 200-і облыс орталығына келгені белгілі. Бұл автобустар экологиялық тұрғыдан таза компримирленген газды пайдаланатынымен ерекшеленеді. Қалған заманауи, жайлы әрі сыйымдылығы үлкен 15 автобус облысаралық бағыттарда қатынауда. Биыл Шымкент қаласына 100, ауданаралық бағыттарға 20 жаңа автобус сатып алу жоспарлануда.
Облыста 8 автовокзал мен 23 автобекет жұмыс істейді. Олардың көпшілігі базарлармен қатар орналасқан, кейбірінде жолаушыларға қолайлы жағдай жасалмаған. Біз аз уақыттың ішінде барлық автовокзал және автобекет қожайындарымен меморандум түзіп шықтық. Оған сәйкес барлығы өз меншіктерін Қазақстан Республикасындағы «Автовокзалдар, автостанциялар және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің қызметі» Ұлттық стандарты талаптарына сәйкестендіруді мойнына алды.
Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Шымкент қаласындағы көлік қозғалысының жағдайын, жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыру мәселелерін ғылыми тұрғыда зерделеуді тапсырған болатын. Осыған сәйкес бюджеттен 40 миллион теңге қаржы бөлініп, Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасын және жол қозғалысын ұйымдастыру жобасын әзірлеуге конкурс жарияладық. Кешенді схема автобус бағытының тиімділігін арттыруға, олардың жүру уақыты мен жиілігін белгілеу, аялдамаларды, жол белгілері мен бағдаршамдарды дұрыс орналастыруға, жолаушылар өткелдері мен жолайрықтарды қайсы жерлерден салу керектігін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл Шымкенттің заманауи мегаполис ретінде дұрыс дамуына жол ашатын маңызды құжат.
Мұнан бөлек бүгінде, Шымкентке жаңадан қосылған елді мекендерді қоғамдық көлікпен қамту, әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша автобус қатынасын қамтамасыз ету, таксилердің түсін біріздендіру, оларды Ұлттық стандартқа сәйкестендіру және тағы басқа бағыттар бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.