Әдемі есею

Ақтөбе қаласынан Ресейдің Орск қаласына (бұрынғы атауы Жаманқала) қарай бет алған даңғыл жолдың оң жақ беткейінде, облыс орталығынан аса қашық емес тұста Түйетөбе  деп аталатын өңір бар. Жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған 31 мамырда үлкен-кіші осы бетке ағылады. Халқымыз басынан кешкен өткен ғасырдың жиырмасыншы-елуінші жылдары аралығында жазықсыз қаншама адам сүйегі осында қалғанын мұрағат құжаттары, ғылыми зерттеулер, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен аңыз-әпсаналар растап отыр. 

Муфтолла Қалилинді аза тұтушы жабырқау қауым ішінде кезіктірдік. Сексеннің сеңгіріне шыққан ағамыз осыдан ширек ғасырдан астам уа­қыт бұрын көргеніміздей сергек, ескерімді қалпында. Әңгімесін жүйелеп орнықты айтады.
– Бұл төбеге жылда бір рет әкемді іздеп келемін. «Сүйегі қай маңда екен?» деп, іштей егілемін, – ақ­са­қал көңілінің босағанын жасыра алмады.
1943 жылы Қарабұтақ ауданы­ның №21 Алға ауылдық кеңесіне қарасты ұжым­шарда жұмыс істеп жүрген, сауаты аса көп емес Қалила еңбек май­данына шақырылады. Жарықтық сонда 49-да екен. Ақтөбеден шыққан ­пойыз Орск стансасында айтарлықтай аял­дапты. Тұру уақыты ұзаққа созылып бара жатқасын қасындағы бірнеше сапарласымен базардан тамақ әкелуге шығады. Қайтып оралса әлгі пойыз кетіп қалған. Содан ешқандай сұраусыз «Сендер – әскерден қашқансыңдар» деген айып­пен Ақтөбенің іргесінде Жилянка мекеніндегі түрмеге әкеліп қамайды. Күндіз беймәлім жақта жұмысқа салып, әбден титықтағанында кешке қарай түнетеді. Аз ғана күн өткен соң ертеңгілік жатағынан топтасқан күйінде шыққандар аула ішінде жатқан шинелді көреді. «Мынау – Қалиланың киімі ғой» десіпті. Мән-жайды сұрамай ма? Алған жауаптары – «Қайтыс болды» деген сөздер.
Әкемді әскерге шақырғанда Таубас, Жаңбырбай деген ауылдастары бірге кетіп еді. Солардың айтуынша, Қалиланың беймәлім өліміне орай арнайы комиссия тексеру жүргізіпті, бірақ қорытындысын ешкімге айтпағасын құпия күйінде қалған. Дәтке медет қылар жай – түрмеге бірге қамалған өзге адамдарды бостандыққа шығарыпты. Ал мен болсам әке сүйегі жерленген жерді біле алмай далмын, – дейді әңгімешім.
Уақыттың қатал сыны бір мүшелге енді ғана толған Муфтолланы осылай еңбектің қара қазанына салып жіберді. Өз тұстастарымен бірдей жай-күй талғамастан ұжымшардың бірінен екіншісіне жалғасып, толассыз, көзге көрінбейтін науқандық жұмыстарына білек сыбана араласты. Өйтпеске шара жоқ: анасына сүйеу болып, өзінен кейінгі Ғарифолланы, Зиба мен Бақтылыны бір қараға жеткізу керек. Қандай шаруаны да мұқият орындайтын, айналасындағыларға үйірсек, үнемі ізденіс үстінде жүретін жі­гіт орта мектепті, кейін арнаулы орта оқу орнын тәмамдайды. Тың және тыңайған жерлерді игеру ұра­ны­мен ашылған «Ярослав» кең­шарында механизаторлықтан ферма басқарушылығына, бас ин­женерлікке көтерілді. М.Қали­линнің отбасылық мұрағатында медальдар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар сонау жыл­дарғы адал қызметтің айғағындай. Аға­мыз кезінде атағы біраз жерге мәлім «Талдық» жылқы зауытында ауылдық кеңес төрағалығын үзіліссіз он жыл атқарғанда шаруашылық басшысы Тасболат Тұяқбаевтың адамгершілігін, жұмысты ұйымдас­тыру шеберлігін ілтипатпен еске алады.
Құдайға шүкір, соңынан ерген бауыр­лары да кәсіптеріне адалдықпен ел-жұрт құрметіне бөленді. Қарын­дасы Зиба Шалқар аудандық тұр­мыс­тық қамту комбинатында тігін цехының мең­герушілігін мінсіз атқарды, облыс­тық кеңестің депутаты болып сайланды, Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальмен марапатталды. Әттең, өмірі қысқа болды. Шүкірлік етері – соңында ұл-қыздары шаңырақ көтеріп, ұрпақ өсіруде.
Муфтолла ағамыздың сүйсінтер қасиет­терінің бірі – ағайын-туысты бірлікке шақырып, бағыт-бағдар беріп жүретіндігі және ел-жер тарихын терең білетіндігі. Сонан да болар, Әйтеке би ауданындағы, қазіргі тұрағы Ақтөбе қаласындағы алуан кәсіпті меңгеріп жүрген іні-қарындастары қаумалап, әртүрлі іс-шараларда төрден орын ұсынып жатады, ақыл-кеңесін тыңдайды, батасын алады. Зайыбы Гүл­жаһан екеуінің бауырынан өрбіген Жаңагүлі Амангелдісімен, Мәлігі Шәрбанымен, Мәрлені Әлиясымен әке айтқанын екі етпей, құрақ ұшып жүргені. Алланың бергені емес пе – немерелер де әулет даңқына шаң жуыт­пай әдемі өсіп келеді.
Біздің кейіпкеріміз ­қаршадайы­нан көңілдегі көрікті ойды ақ қағазға өлең­мен түсіруге дағдыланған. ­Таяуда ізетті балаларының бірі Мадияр ­Тахауов Муфтолла Қалилиннің өлеңдерін, жыр-толғауларын жи­нақтап, «Өсиет, орындалса қасиет» деген атаумен кітап етіп, бас­падан шығарып берді. Бұл да – ардагер ағаны бағалаудың бір көрінісі.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстан Республикасы
Ақпарат саласының үздігі

Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.