Мемлекеттік тіл – татулық ұйытқысы

Салтанат ІЗТІЛЕУОВА,
филология ғылымының докторы

Бірер күн бұрын үлкен қызым қоңырау шалды. Дау­сынан үлкен алаңдаушылықты сездім. Мектептен келген жиенім үйіне кіргенде қызыма «hello, анашым» деп сәлемдесіп кіріпті. Бірінші сыныптағы бала екінші сәтте мысығын еркелетіп «моя сүйікті cat» деп сөйлепті. Қызым өз баласының тілін ана тілінде шығарып, ұлттық дәстүрлер негізінде тәрбиелеп жүрсе, мектепте баласы бірнеше тілді араластырып сөйлейтін жанға айналып бара жатқанын байқап жаны ауырған. Ертең бұл бала қандай адам болады. 1 жылдағы орыс пен ағылшын тілі қатарласып оқыту жас баланың тілін қойыртпаққа айналдыра бастаған. Бұл үрдіс қазақ тілінің орыс және ағылшын тілдерінің көлеңкесінде қалатындығын анық дәлелдейді. Сондықтан қазір ес жинап алмасақ, кеш қаламыз. 

Қазақстан қоғамының тұрақты дамуына, елдегі этносаралық бірлік пен татулықтың сақталуына елеулі ықпал ететін фактор – тілдік қатынастар. Ұлт пен ұлыстың сақталуы, ұзақ тарихи кеңістікте өмір сүруі оның тілінің болуына және ұдайы дамуы­на тәуелді. Себебі тіл этностықтың, ұлттықтың негізгі белгісі, тірегі. Жасыратыны жоқ, көбіне өткізілетін жиын немесе шараның атауы ғана қазақ тілінде жазылып, қалғаны орыс тілінде өтеді. Кейінгі кезде мемлекеттік тілдегі ілеспе аударманы пайдалану да жоққа тән болып отыр. Ең өкініштісі, көп адам Қазақстанды күшей­тетін, оның толыққанды бірлігін сақтайтын, мемлекеттіліктің бет-пердесін түзейтін, ел халқын ортақ құндылықтарда ұйытатын бірден-бір рухани күш қазақ тілі екендігін сезінбейді.
Президент үштұғырлы тіл мәселесін көтергенде мемлекеттік тілді орыс және ағылшын тілдеріне тең дәрежеге көтеруді күн тәртібіне қойған болатын. Осыны кейбіреулер түсінбей отыр. Соның айқын көрінісі 1-сыныптан бастап жас өскінді үш тілде оқыту дер едік. 1-сыныпқа барған оқушының ең алдымен өз ана тілін білуі міндетті, табиғи заңдылық екендігін ұмытқандаймыз. Бастауыш мектепте ұлттық тұғырынан айырылған баладан не күтуге болады? Оның қалыптасып үлгермеген психикасына, санасы мен ойлауына аса зор салмақ түсетіні айтпаса да түсінікті. Сөз жоқ, балалардың көпшілігі үш тілді де тұрмыстық деңгейде ғана меңгерген, шала білімді, дүбәра жағдайға тап болады. Бұлай болуы жас ұрпақтың әлеуетіне зиян келтіреді. Ғылымды, білімді, күрделі техника мен технологияны меңгеру деңгейі мүлдем әлсірейді. Адамның интеллектуалдық қуатына сүйенетін ақпараттық қоғамда білімі нашар ұлттың артта қалып қоятындығы белгілі. Осындай заңдылықтарды біле тұра математика, физика, химия, биология сияқты негізгі пәндерді қалайша біз ағылшынша оқымақпыз? Елдегі басым көпшілік мектептерде осы пәндерден ағылшынша сабақ беретін мұғалімдер мүлдем жоқ. Халықтың аз ғана бөлігі ағылшынша жетік біледі. Осындай ахуалда барлық балаларға 5-10 жыл күрделі пәндерді ағылшынша оқытамыз деп міндет қою түсініксіз жағдай. Оқушылар 6-7 сыныптан бастап ағылшын тілі пәнін үйренсе де, 11-сыныпқа дейін толыққанды меңгеріп алады емес пе! Жаратылыс­тану пәндері – күрделі. Бұл пәндерді оқушылар ана тілінің өзінде қиыншылықпен меңгереді. Ал енді ағылшынша қалай түсінбек?
Қазақ жастарының көп тіл білгеніне қарсы емеспін, білсін. Бірақ та, көптілділікті қазақ тілінің дамуына нұқсан келтіретіндей ендіруге болмайды.
Сондықтан мәселеге байыппен қарап, байсалды тіл саясатын ұстанайық дегім келеді. Өркениетті, дамыған мемлекет болу үшін ел халқы өзінің ана тілінде өте жақсы сөйлеуі керек. Ол үшін бүкіл мәдени, әлеуметтік, қаржылық және экономикалық инфрақұрылым сол халықтың тілінде қалыптасуы міндет. Зор табысқа жеткен мемлекеттердің тәжірибесі осының айқын дәлелі. Орыс, ағылшын, қытай тілдері біз үшін көмекші факторлар болуы тиіс. Жапондар 100% жапон тілінде, АҚШ 100 % ағылшын тілінде, Германия 100% неміс тілінде, Ресей 100% орыс тілінде, Қытай 100% қытай тілінде сөйлеп қана қоғамдық қатынастардың барлық салаларында жетістікке жетіп отыр. Бұл адамзаттың даму заңдылығы. Қазақстан да осы заңдылықты бұзбай, 100 % қазақ тілінде сөйлей алса ғана жоғарыдағы мемлекеттермен теңесе алады.
Әлемдік өркениетте өзінің төл тілін пайдаланған мемлекет құрметті. Елбасының БҰҰ мінберінен қазақ тілінде сөз сөйлеуі ана тілімізді барлық жиындарда толыққанды қолдануға мүмкіндік бар екендігін дәлелдеді емес пе! Ендеше, біздің Үкімет, министрліктер, әкімдіктер, сот пен полиция жүйесі барлық шараларын мемлекеттік тілде өткізетін кез жетті. Себебі Қазақстан моноұлттық мемлекетке айналып келеді. Қазір халықтың 66% қазақ болса, он жылдан кейін 76%, жиырма жылдан кейін 86% қазақ болатындығы ақиқат. Сондықтан қазақ тілінің тынысын аша беру өте пайдалы іс болмақ.
Қазақстан халқын қазақ тілі, қазақ мәдениеті, қазақ халқының тарихи дәстүрлері, ділі мен құндылықтары ғана біртұтас етіп топтастыра алады. Осы ерекшелікті ұмытсақ, үлкен қателікке бой алдырамыз. Үкімет керісінше мемлекеттік тілді толыққанды дамыту шараларын қолға алғанда ғана Қазақстанның рухани-әлеуметтік және экономикалық қуаты артады. Өз тілін жетік біліп, өз мәдениетін меңгерген азамат басқа тілдер мен мәдениеттерді, ғылымдар мен технологияны жетік меңгере алады. Бізге керегі осы. Бәсекеге қабілетті Қазақстанды жасау ісін бәсекеге қабілетті мемлекеттік тіл жасау арқылы ғана жолға қоя аламыз! Сондықтан мемлекеттік тілдің дәрежесінің артуына бөгет болатын қандай да болмасын әрекеттерді болдырмауға міндеттіміз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.