Ата, әке және кейінгі ұрпақ (Эссе)

Azat akimАзат ӘКІМ 

Атам мен әжем кенже баласы Ігән­бер­генмен бірге Қазалы ауда­нының Майдакөл елді ­мекенінде тұратын. Әке-шешем аудан орталығына базаршылап келген жас әйелмен бірге елге баратынымды айтты. Бірінші класты бітіргеніме, әріптерді танитыныма іштей қуанып жүрген уақыт. Балалары үшін ықыласы таусылмайтын анам көйлек-көншектерімді жолдорбама салып жатты. Жер түбіндегі Майдакөлге, шаңырақта ара-тұра әңгіме болатын Майдакөлге тұңғыш рет жол түсті.
Аудан орталығы Жаңақазалы стансасы мен Қазалы қалашығының арасы он шақырым, жолаушы көліктері үзілмейді. Қазалы қалашығында жаңа, жайлы автобусқа қайта жайғастық. Жүргізушісі ізіне бүлдіршінін ерткен келіншек қолқа салғасын, қалашық сыртындағы үлкен алқапты алып жат­қан Ояз бағында көлігін тоқтатты. Бақ іші қоңыр салқын, адамдар аяқ жазып алды. Жарты жолда автобус, жүк көлігі, аттылы арба тиелген паром (салкеме) арқылы арғы бетіне дауыс та жетпейтіндей көрінген Сырдариядан өттік. Сырттай естіп жүретін алып дария қызығушылығымды оятты, сарылайланып, толып-толықсып ағып жатыр.
Ұлы сәскеде Майдакөлге жеттік-ау, әйтеуір!.. Жаяу-жалпылап азды-көпті уақыт жүргеннен кейін әлгі жас әйел жөн сілтеді.
– Әне, анау жалғыз үй Әбдірахман көкемдікі.
Ауыл сыртында қолдан отырғы­зыл­ған шағын тоғай бой көтеріпті, тоғайдың бергі тұсында, ажырық пен дала гүлдері өскен көкмайса алқапқа киіз үй тіккен атам мен әжем оңаша тұрып жатыр екен. Стансаға келген ­сайын екеуі үйге қарай жүгіруге болмайтынын айтатын, бірақ көңілім алып-ұшып тұр.
– Өй, күшігім, кіммен келдің? Әке-шешең аман-есен бе? – деп Әбдірахман атам жадырап сала берді. Түскі шайды енді алдарына алыпты. Шешемнің базардан сатып алып берген кептірілген өрік-мейіз, кәмпит, шырын сияқты ба­зар­лығын Сүйрік әжемнің қолына ұстаттым. Құмандағы жылы сумен жез шылапшында беті-қолымды шайған әжем көптен күткен қадірлі қонағындай төрге шығарды. Екеуінің сұрақтарына кезек-кезек жауап беріп отырмын.
Атамның қолындағы кенже ­баласы Ігәнберген мал дәрігері, жаңадан тұрғыз­ған ақ шатырлы үйі қол бұлғап шақы­ратындай жерде көрініп тұр. Киіз үй іргесіндегі ені бір құлаш, ­тайыз арықта сылдыр қаққан мөлдір су ағып өтеді. Күнде таңертең осы арық жағасында өскен жас, балауса құрақтың бір бауын орақпен орға­сын, Ігәнберген ағамның үйіне апарып тас­таймын. Қолдарында екі сиыры бар. Кешкісін өрістен келетін сиырларының алдына тастай ма? Әлде бұзауларына бере ме? Бауланған шөпті алып қалған Бейбітгүл жеңешем қолыма шайға қататын, сондай-ақ жүгері сусынын дайындайтын бір тобатай сүт ұстатады. Жеңешем атасы мен енесі десе жаны жоқ. Тұңғышы, үш жастағы сүйкімді кішкентай қызы маған ілесіп немесе кейде өзі әжесін іздеп келеді. Есімі Зүбайда.
Кенжесінен көрген тұңғыш не­мересі Зүбайда қазан-ошақ басында әжесінің етегінен ұстаған бойы жанынан шықпайды айналып-үйіріліп. Келген күні әжем құйрық май қосқан сүр ет асты. Кешкісін баласы мен келіні келді. Ненің емі екенін кім біліпті? Ігәнберген ағам ара-тұра атамның білегіне дәрі егіп кетеді.
Алғашқы қоналқада төрге, екеуінің ортасына жеке төсек салыныпты, әжемнің күндіз айтқан бір ертегісі жадымнан шықпай қойғаны. Сол ертегіде жан-жағын жұтатқан дәудің киіз үйдің шаңырағынан қарап тұратыны бар еді. Көзімді тарс жұмып алғанмын, көзімді ашсам әлгі дәу шаңырақтан қарап тұрғанын көретін сияқтымын.
– Ата, қорқып жатырмын,– дедім әлден уақытта.
– Ау, сені ерқара көріп жүрмін ғой. Кел, келе ғой, қасыма жат, жас­тығыңды алып кел, – деп төсектен басын көтеріп алды. Сол күннен бастап атамның жанында ұйықтайтын болғасын жаным жайлауда. Киім-кешегіне қылау түсірмейтін Әбдірах­ман атам тазайын адам. Құран, басқа да діни кітаптары, сия сауыты мен қаламсабы, өткір бәкісі, өзі жасайтын тіс шұқығыштарына дейін бәрі орны-орнында тұрады.
Бірде киіз үй көлеңкесіне төсеген алашада малдас құрған атам өзінен-өзі кеңкілдеп күліп жатыр. Есіне не түскені беймәлім. Көбінесе ойдан ой қуып, ескі бір әуенді ыңылдап отырады. Осы күні ойлаймын, сол кезде сексеннің үстіндегі кезі, талай зобалаңды көрді, басынан кешті. Жасы ұлғайғанда қиын-қыстау өмірін парақтайтындай, я болмаса, балалық, жастық шақтарынан алданыш іздейтіндей жөні бар екен. Кейбір күндері кешкісін жозы үстелдегі май шамның жарығында кітап-қағаз­да­рына үңіліп отырады. Атамның ой үстіндегі келбеті, қайырымды, елгезек мінезі, тұла бойынан тарап жататын жан жылуы тыныш, алаңсыз көңіл-күйге бөлейтіндей.
Бір күні ауылдан жырақ жатқан аумағы әжептәуір қорымға ертіп кетті. Бірқатар зираттарда жеке-жеке құран аяттары оқылды. Соңғы тоқтағанымыз қарапайым төртқұлақ бейіт. Сол бейіт­ке арқасын сүйеп отырды атам.
– Құран оқымайсыз ба? – деп сұрап жатырмын.
– Өлсем осы жерге қояды. Кейін атаңды іздесең осы төртқұлақ тамға кел, – деді.
Тіл-аузым байланып қалды. Көзі тірі­сінде моласын тұрғызып қойғаны қор­қыныш, сондай-ақ іштей на­разы­лық, қарсылық туғызатындай. Қорым­нан қайтқанымызда әдеттегідей есегіне мінгізгісі келген.
– Мінбеймін! – деп бұрқ ете қалдым. Есегінде бүкшиіп отырған атамның ізінен еріп келе жатырмын. Атамды өлімге қимайтын уайымым тау-тастан ауыр. Менің неге ренжігенімді шамалайтын сияқты. Көп ұзамай қоярда-қоймай алдына алып алғасын жұбатып жатқандай сөйледі.
– Мен жасарымды жасадым, сендер аман болыңдар!..
Атамның бақшасы ауылға тиіп тұр, екі күнде бір рет барамыз. Бізден қалғысы келмейтін Зүбайданы ерге қайыс тартпамен тартқан көпшікке отырғызып қоятын. Мені де есекке мінгізгесін өзі жүгенінен жетектеп жаяу жүреді. Екі үйдің күнделікті ас-ауқатына азын-аулақ көк жуа, картоп қазып аламыз, анадайдан көрі­нетін әңгелек түйнектерінің ішінде сарғайғандары болса қоржынымыз толып қайтады. Қарбыз, торлама күләбі, шытырлақ қауындар кешірек пісетіндей.
Қарашаңырақтың орны бөлек. Бірінші және екінші класты бітіргеннен кейін екі жыл қатарынан Майдакөлде аунап-қунап қайттым. Жаз аяғында киіз үйді жығатын Ігәнберген ағам ауыл шетіндегі жаңа тамына қайта көшіріп әкеткенше емін-еркін жүремін. Анда-санда атамның ізінен қалмай қалың тоғайды қызықтаймыз. Түлкінің сүйкімді жаутаңы, бөдене ұшырасып қалатын, аяғыңның астынан пыр етіп қырғауыл ұшады.
Тоғайдағы түрлі жидек бұталары­ның, белуарымнан келетін шөптердің атауларын, ерекшеліктерін ерінбей-жалықпай айтатын, атам жарықтық. Түлкінің баласын неге ұстап алмайтыны туралы сұрағыма: «Аң-құс көз қуанышы, өсіп-өнгенін тілеп жүр, ботам» деп жауап береді.
Майдакөлде бірінен кейін бірі мектеп бітіріп жатқан кейінгі ұрпақ ата-анасын, үлкен-кіші туған-туы­сын, ұстаз­дарын, қатар-құрбысын, көр­шілерін жадында сақтап қалатыны сөзсіз. Алыста жүрсе сол қимас жандарын көз алдына елестету арқылы туып-өскен жеріне сағынышы оянатындай. Ойын баласы болғаныммен ұжмақ төрінде өткізгендей күндерімді, Майдакөлді мен де ұмытпаймын. Атам мен әжем аман-есен жүргесін шығар, сол уақыт құт-берекесі мол заман сияқты.
* * *
Әкемнің әкесінің (үлкен атам­ның) аты-жөні Сырғабек баласы Әбдіхалық. ХІХ ға­­сырда өмірге келген. 1920 ­жылдар аяғында белсенді дін өкілі және халық жауы ретінде ұсталыпты. Әлі күнге дейін кейінгі тағдырынан хабар-ошар жоқ. Жалғызы әкем жас, сол әкем­ді Әбдіхалықтың туған бауыры Әбдірахман асырап алған, алмағайып заманда тегін өзінің атына көшіртіп жаздырыпты, алдын ала болашағына қам жасаса керек.
Үлкен атам Әбдіхалық мешіт, сон­дай-ақ жас балалардың сауатын ашатын мектеп ұстаған молда. Үл­кеннің алдында абыройлы, кі­шінің алдында қадірлі діндар болыпты. Жұма намазында фәни дүние қарызы, обал-сауап туралы, басқа да мұсылманшылық төңірегіндегі уа­ғыздарына кісі көп жиналатын кө­рінеді. Ізінен өрген ұрпақтары таяуда мешіт орнын оқшаулап қоршап қойды, ақылдасып-кеңесіп басына бір белгі орнату ойлары.
1941 жылы әскер қатарына ша­қырылған әкем Әкім Әбдірах­манұлы соғысқа бастан-аяқ қатысқан. Тағ­дыры отқа да, суға да салса керек. Бірақ бізді бала санайтын шығар, бәлкім, ақ қағаздай көңілімізді таза ұста­ғысы келетін шығар, соғыс туралы тиіп-қашып болмаса, көп әңгіме айтпайтын. Өмірінде көрген мехнаты аз болмапты.Зейнет жасына жеткен жоқ. Есіл-дерті балаларының алдын аяғына тұрғызып үлгеру еді. Қатерлі ісіктен көз жұмды.
Көпшіл, мінезі орнықты. Бәрібір ата-анадан жастай қалғаны, қан кешкен соғыс, бірде бар, бірде жоқ қу тірлік жүйкесіне әсер етсе керек. Кейде шарт сынатынын жақсы білемін. Бірде төртінші класс оқып жүргенімде жасы үлкен көрші балаларға разъездердің бірінен қызғалдақтар теріп қайту туралы ой түсіпті. Көктемде қалың құмды кесіп өтетін теміржол бойындағы разъез­дерде көздің жауын алатын қызылды-жасылды қызғалдақтар құлпырып өсетін.
Вокзалда жолаушы пойызы­ның сырт көзден таса екін­ші қапталынан вагон баспал­дақтары арқылы жоғары көтерілгесін жайдақ төбесіне жасырын жайғасып жатырмыз. Мінге­німіз жүрдек жолаушы пойызы болып шықты. Бір сағаттың шамасында Төретам стансасына барып бір-ақ тоқтады. Ғарыш кемелері ұшатын елді мекен Төретамда пойыз болар-болмас уақытқа аялдайды. Жанымдағы балалар қатар, қарсы келген жолаушы пойызымен кейін қайтып кетіпті, алас-қапаста олардан адасып қалғасын вокзал алдында сенделіп жүрмін, түрі таныс тірі жан көрінбейді. Ақырында қолында сары жалаушасы бар станса кезекшісіне шет жағалатып жағдайымды айтқасын жұмыс бөлмесіне ертіп әкелді. Тіске басатынмен бірге ыстық шай ұсынды әлгі мейірбан адам. Радиодан концерт тыңдап отырғанымызда жүріс-тұрысы ширақ көрінген жігіт ағасы келген. Амандық-саулық сұрасып жатыр.
– Сәке, мына баланы Жаңақазалыға ала кетсеңіз. Төретамға осы бүгін келге­німен ел-жұртын сағынып отыр,– деді кезекші теміржолшы.
Бейтаныс кісінің есімі Сәрсен кө­рінеді, кімнің баласы екенімді, мұнда неғып жүргенімді сұрады. Әкемді танитын сияқты.
Ол заманда жүк пойызының соңғы вагонындағы тамбурда жарығы өткір қолақпандай фонары және мылтығы бар күзетші отыратын. Міндеті – түрлі сипаттағы жүк тиелген вагондарды жол-жөнекей суық қолдан қорғау. Қо­лында түйіншегі бар бір кейуана отыр тамбурда. Алғысын, жақсы жол болсынын айтқан әжеміз жолдағы жақын разъездердің бірінен түсті. Қатар жатқан екі жол емес, жалғыз теміржол. Әрбір разъезде кідіріс жасайтын жүк пойызы жүруіне ұлықсат берілгенше бір-жар сағат, кейде одан да көп уақыт тапжылмастан тоқтап тұрады. Көктемнің түні салқын, жып-жылы үлкен тонына орап тастады мені Сәрсен көкем. Түн ортасында әрең жеттік Жаңақазалы стансасына. Үйге келсем шешем ұйықтамай үрпиіп отыр. Түнгі кезекшілікте жүрген млитса әкем үшаяқты мотоциклмен келіп кетіпті. Әлі хабар-ошарым жоқ екенін білгесін ашуына бой алдырғандай.
–Бетіңнен қайта-қайта сүймекші,–дейді шешем. Оңдырмайтынын айтқаны ғой. Әлден уақытта қайта келген әкем мотоциклге отырғызып алып кетті. Теміржол күзетшісі Сәрсеннен барлық жай-жапсарды есітіп біліпті. Млитса кеңсесі станса орталығында, екі қабатты ғимараттың зынданына, есіктерін темірден соққан бөлмелердің біріне қамап тастады. Бөлме алакө­леңке, төбенің бір бұрышындағы қалқа астында сығырайып жанған шам. Көрші бөлмеде әлдекімнің жалынышты үнмен аһлап-уһлегені, ыңырсығаны естіліп жатты, сырқаты меңдеген жандай көрінді маған. Тырдай жалаңаш ағаш төсек тұр, соған қисайғасын сарт-сұрт еткен пойыз дүрсілі құлағымның түбінен шықпай қойды.
– Енді гүл теруге бармаймын, – деп уайымдап жатқанымда көзім ілініп кетіпті.
Таңертең бір жас млитса әкеммен құрдастай көрінген қызыл жағалының алдына ертіп әкелді. Көрші бөлмеде әлдекім қатты ауырып шыққанын айта бастап едім, сөзімді шорт кесті.
–Тілеп алған ауруы, маскүнем!
Бір қағазға қол қойдыртқасын тағы басым ауған жаққа қаңғырып кететіндей болсам, ұры-қарылармен бірге он күнге қамап тастайтынын ескертті. Түсі суық. Ілгеріде жүйткіп бара жатқан жолаушы пойызының төбесінде кейін қарай жүгіріп бара жатқан жеткіншектің шүйдесіне темір­жол көпірі үстіндегі айқыш-ұйқыш белдеуі соққасын тіл тартпай кетіпті. Осындай әңгімелері көңіліме үрей ұялатты.
Үйге келсем шешем, алтыншы класс оқитын ағам, інілерім сыртқы есік аузындағы сәкіде шай ішіп отыр. Болған істен бәрі хабардар сияқты, тете інім көздері бақырайып қарап қалыпты. Шешем орамалын қайта тартып жатып сөйледі.
– Ығысып отырыңдар, түрмеден шыққан бауырларың шай ішсін.
Көп ұзамай көше беттегі қақпадан әкем бой көрсетті. Айыбым бар. Оның үстіне мысы басты ма? Алдынан жүгіріп шыққанымда бетімнен сүйді.
– Төретамға барасың ба? – деді жү­ресінен отырған күйі іштартып сөйлеп.
– Жоқ, – деп шынымды айттым.
Киім-кешегін ауыстырғасын беті-қолын шайып дастарқанға жайғасты. Ызасына булығып отырған анашым дүрсе қоя берді.
– Қатты шошынып, тіл-ауыздан айырылып қалса қайтесің? – деп бастады. Төндіріп сөйлеп жатыр. Әкемнің не ойлап отырғаны ішінде, үн-түн жоқ, шешем сонан соң райынан қайтты. Менің ауладағы су себезгісі бар орында жуынып-шайынып алғанымды сұрады. Өзі әкем ұнататын тауық етінен ыстық сорпа жасамақшы.
Азды-көпті уақыт өткесін бала­ларының қуаныштары қойнына сыймай әкеммен бірге аулада доп ойнап жүрдік. Ағам, кішкентай інілерім бала күндерінде қақ-соқпен істері болған жоқ. Қолдары боста үй шаруасына қолғабыс жасайды. Кешкісін күнделікті сабақтарына дайындалып отырғандары. Өзімнен бар, әрине. Әкемнің қаһары қатты, ақыл-есім кіргенше млитсаның жуан белбеуі арқамды армансыз ойқастады, кейде бір-екі күн өткенімен үлкен айнадан іздері көрініп тұратын. Бәрібір әкемді әлі күнге дейін жиі ойлаймын, сағыныш қой, ара-тұра түсіме кіреді.
Әкеміз ұзын бойлы, келбетті адам. Шені сержант. Млитсаның киімі өзіне құйып қойғандай жарасатын. Бірде шешем екі күн, екі түн науқастанып жатты. Ауырып жүріп ет асып бергенімен өзі нәр татқан жоқ. Ертеңіне еңсесін көтергесін әкеме кешегі тамақты жылытып әкеліп беруін сұраған, дәмді ыстық жылытпадан тұла-бойы жіпсігендей.
– Тағы кішкентай құйып әкеліп берші, – деп жатыр. Әкем ойын-күлкіні ұнататын. Елдің сөзі ғой.
– Өзі ауру адамға бір табақ ет не болсын? – деді алдына қайталап құйған тамағын қойғасын. Шешем жан-жағынан лақтырып ұратын әлдене іздеп еді, қолына ештеңе түспей қойғаны. Көзі тірілерінде іштей сыйластықтарын жоғалтпай өткен екеуі қосылып күліп жіберді.
Төртінші класс ұмытылмайтын сияқ­ты. Төртіншіде оқып жүргенімде әкей­дің ғажайып ертегісі еліктіріп әкетті. Бір ай бойы айтып жүрді. Естиярлау болып қалғанымыз кешкісін жұмысынан қайтатын әкемізді тағат­сызданып күтіп отырамыз. Әлгі ерте­гінің кейіпкерлері қазақтар, аты-жөндері Ораз, Қоңыр, Айзада және тағысын тағылар. Басты қаһарманы Ершора. Қазалы ауданының іргесіндегі Арал теңізінде өткен тосын, шытырман оқиғасы қызықтырып жалғаса береді. Есейіңкірегесін білдім ғой, Жюль Верннің «Су астына сексен мың километр» кітабының оқиғасы елде жоқ ертегі екен.
Әрбір адам өзгеше бір әлем. Демалыс күндері үстелге отыратын әкем оқушы дәптеріне әлденелерді дегбірсізденіп жазатыны бар. Ұзақ уақыт терең ой түбіне түсіп кететін. Қалам ұстатқан, жазбасына қоймаған қандай зәрулік? Әлде өмірбаян деректері ме? Мезгілінен кеш іздегесін құпиясын ішіне бүк­кен сол дәптерлер қайда қалғаны бел­гісіз. Аудандық милиция жанынан ұйым­дастырылған соғыс және еңбек ардагерлерінің мұражайына қоймақшы ниетпен жас әріптестері сұрап алған ордендері, медальдары кейінірек ұшты-күйлі жоғалып кетті.
Мектепте оқып жүргенімде әкем дү­ниеден озды. Қайтыс болатын күні отын сарайда көзімнің жасы тоқта­мас­тан егіліп отырғанмын. Әкемнің шақырып жатқанын айтқасын жанына келіп тізе бүктім. Ымдап жатыр, оң қолымды кеудесіне қойғанымды хош көретіндей. Ештеңе айтқан жоқ, алақанымның сыртынан үн-түнсіз сипалап жатты.
Балаларының жастай қалып бара жатқаны жанына бататын болса керек. Көрші тұратын туысқан інісі Нұралыны шақыртты. Нұралы ағам қалбалақтап келгенінде ақырғы тілегіндей «Бала… лар…» сөзіне әрең тілі келгесін үзіліп жүре берді.
Еңбек түбі – береке. Елде, сондай-ақ жастар жолдамасымен Теміртау қаласындағы әйгілі зауытта еңбекпен есейдік. Ақыл-кеңесін бөліскен жақсы адамдар кездесті. Әскер борышын атқарғасын Алматыда оқып жүрген уақыт, елге келгеніңде кісісі қайтқан ағайын-туысқа көңіл айтасың. Сондай-ақ әкейдің сиреңкіреп қалған қатарларына сәлем беріп баратынмын. Кейбіреуі әкеммен бірге өткізген қимастай бір күндерін, енді бірі көрген жақсылығын есіне түсіретін. Бәрі қоштасарда батасын береді, амандық, жақсылық тілеп жатады. Әкеңнің аралас-құралас жүрген адамдарына тән осындай ықыласты сезінген сайын көңілің көтеріліп қалатындай.
Әке көрген оқ жонар. Бауыр­ла­рымның бәрі қайырымды, жақсы азаматтар болып өсті.
* * *
Эссенің тақырыбы «Ата, әке және кейінгі ұрпақ». Қолымда тұратын кенже балам ­Рауан туралы бір-екі ауыз сөз айтайын. Іздерінен ерген құлыншақ қой, өз алдарына жеке шаңырақ құрып кеткен үлкендері түсіністікпен қарар. Алматыда тұратын жеріміз көкбазар мен ескі мешіт ортасында. Кешкісін жұмыстан келісімен баламды мешіт ауласына апарамын, осы жерде ойнап жүреді.
Жаздың күндері Мароккодан келген ислам діні уағыздаушылары бір ай мұғ­дарында мешітте тұрды. Жасы, жаса­мысы аралас бес-алты адам. Жаңа жылға дейін Қазақстанмен қатар, Қыр­ғызстанда одан әрі Моңғолия мен Қы­тайда болмақшы. Бәрі мешітте тамағын жасап ішеді, мешітте түнейді. Балам шетелдік ағайындардың түр-түсін шатас­тырып алатын болса керек, кей­біреуіне қос қолын қайта-қайта ұсы­натын.
Бір күні мароккалықтар бірнеше қораптардан тұратын сыйлықтар әкеліпті, балама тартуларындай түсін­дірді. Көпшілігі ойыншықтар, жеңіл-желпі киім-кешегі бар. Апта аяғында шетелдік діндарларды үйге дәм ауыз тиюге қонаққа шақырдым. Екі табақ ыстық палау келді ортаға. Аудармашы мешіт жанындағы медреседе сабақ беретін жас жігіт. Басшысы болса керек, иманжүзді жігіт ағасы дастарқан үстінде балама, бәрімізге ізгі сөздерін айтты. Жақсы тілектерін қосты. Үш жасар ұлым ержетті, бір ғажабы, марокколық мұсылман үм­бет­терін есінде сақтап қалыпты.
Жексенбі. Рауан төрт жаста болса керек, балконнан үйге үрейленіп жүгіріп кірді. Күздің жайма-шуақ күнінде далада дауыл басталып кетіпті. Бес қабат қарсы үйдегі кейбір пәтердің терезесін қиратқан, шатырының кейбір тұсын жұлып әкеткен жойқын қара дауыл ауланың астан-кестенін шығарғаны, Алатау да, Күннің көзі де көрінбей қалды. Аяқ астынан басталған дауыл сабасына түсті. Балам өтініш айтты.
– Әке, дүкеннен қылыш сатып алып берші.
– Оны не істейсің? – деп сұрадым.
– Дауылдарды шауып тастаймын! – дейді. Бала ғой, көңілін қайтарғым келмегесін міндетті түрде тілегін орындайтынымды айтып жатырмын.
Күткен уақыт зарықтырып қояды, ал өтіп бара жатқан уақыт көзді ашып-жұмғанша естелікке айналып үлгіретіндей. Рауанымыз мектепті, сондай-ақ жоғары оқу орнын үздік бітіріп шықты. Еуропалық Одақтың білім бағдарламасының іріктеу сынағынан ойдағыдай өтті, сөйтіп, осы мақсатты бағдарламада көзделген қаржылық қолдаумен Испанияда оқып қайтты. Жұмысқа тұрды, үйленді. Сырт жұртта, елшілікте кеңесші қызметінде жүргенімде сүйінші сұрап хабарласты.
– Әкей, келініңіз босанды. Неме­реңіз аузыңыздан түсіп қал­ғандай,–деп тұр үлкен қуанышын бөлісіп. Бір жыл өткесін шешесі екеуіміз елге біржолата келгенімізде немеремізді ханзададай күттік. Кескін-келбеті қабағына дейін ұқсамаса тумағырдың өзі. Жаңақазалы стансасындағы інімнің тұңғыш баласы әкемнен айнымайды. Басқа да ағайын-туыс, бауырларымның ұл-қыздары ішінде түр-тұлғасы Әбдірахман атамды, Сүйрік әжемді, Зағипа анамды, Қасқырбай ағамды қайталап тұрғандары көзге жылы ұшырайтыны түсінікті. Осындайда Алаштың «Өмір жас, өлім жоқ!» деген ұлағатының астарын азды-көпті түсінгендей боласың. Үлкен атамыз Әбдіхалықты көргеніміз жоқ, ең болмаса естелікке суреті қалмапты. Кім біледі, әулеттің бірқатар шаңырағының төрінде еңбектеп жүрген кішкентайларымыздың арасында ол кісіге тартқаны да бар шығар.
* * *
Былдыр-былдыр сөйлейтін не­мерем Асанмен бірге пә­терімізге тиіп тұрған Есіл жаға­лауында қыды­рыс­тағанды ұнатамыз. Қол арбасына отырғызып жатқанында ұшып кететіндей байыз таппайтын қуанышы тасып-төгіліп. Тілі шыққан санаулы сөзінің бірі ата. Есіл бойында қыдырыстап жүргенімізде сол сөзін қайта-қайта айтады.
– Ата, Ата, Ата, – дейді шақырып жатқандай.
– Бұл не айқай?-деп қол арбасының алдына тізе бүгемін. Ойынпаз, қайта-қайта ұсынатын бір жапырақ сүйкімді алақанын шөпілдетіп сүйгенімде мәз-мейрам болушы еді. Бір күні кекіл қойғанын атап өттік әжесі үшеуіміз. Күндер өтіп жатты. Аулада асыр салып жүргенінде оң аяғын ағаш түбіртегіне қойып, «Ү-лә-лә-ле» дейді. «Түсінбей тұрсың ба?» дейтін сияқты. Оң ая­ғындағы бәтеңкесін шешіп қарасам, табанында ұсақ қиыршық тас жүр. Соны алып тастағасын алаңсыз ойнап кетті.
Көрші үйде тұратын құрдасым Жексен мен бәйбішесі Қарлығаш несіп­теріне кеш біткен тұңғыш немересін өбектеп, бәйек болып жүргендері, жұрттың бәрі немерелерін жақсы көреді. Осы күшіктер аман-есен болсын дейсің ішіңнен. Тату-тәтті тұрмыс құрғанын, ризық-несібелері мол болғанын, бейбіт заманда, иманды, кемел қоғамда өмір сүргенін, қолдары Айға жеткенін тілейсің.
* * *
Есіл өзені жағалауындағы бақ­тар­дың бірінде арқалығы бар отырғышта оңаша отырмын. Іңірге жақын уақыт, күн бұлттанып тұрғасын бейсауат жүргендер некен-саяқ. Зейнетке шық­қалы бері ара-тұра зілқара салмақ еңсеңді басады да тұрады. Кейде ешкімге керегі жоқ кәкір-шүкірдей се­зінесің өзіңді. Кейде керісінше енді бір қыр ассаң бала күніңнен таныс, көзіңе оттай ыстық көрініс жарқ ете қалатындай елең­деп қаласың. Аппақ қары көз қарық­тыратын, ұшқан құсы, жүгірген аңы жоқ, өлі тыныштық орнаған бейтаныс кеңістікке жеткенше жол жетелей беретін секілді.
«Өмірдің алды үміт, арты өкініш». Бұрынғылардан қалған сөз. Ерте ме, кеш пе? Осы нақылды, осындай көңіл-күйді ешкім айналып өте алмайтыны белгілі. Оған қимайтын жақсылар болса да. Жан дүниең жұбаныш табатыны – ертең де рауандап таң ататынындай тіршілік ұлы көшінің сапары жалғаса береді.

Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.