Жаңа бағдарлама жаңа міндеттер жүктейді

Аймақта Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай   25 мектеп пайдалануға берілмек

Бүгінде елімізде білім саласын жетілдіру бағытында көптеген жұмыстар істелуде. Мемлекет басшысы Үкіметке елдегі апатты және үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесін толықтай шешуді тапсырды. Ол үшін республикада жыл ­сайын жаңадан жүздеген білім ұялары бой көтеруде. Он екі жылдық білім беру жүйесіне біртіндеп өту бойынша да нақты шаралар қолға алынған. Мұның бәрі болашақта орта білім берудің сапасын арттыруға септігін тигізеді деп сенеміз. Осы орайда, жаңа оқу жылының қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының аталған саладағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарымен танысқан болатынбыз.
Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Әлібек Кенжебаевтың мәлім­деуін­ше, 1-қыркүйек – Білім күні өңірде 25 мектеп пайдалануға беріл­мек. Тәуел­сіздіктің мерейлі мерекесіне орай облыс басшылығы осындай тарту жасағалы отыр. Хал­қының саны үш миллионға жуық­таған өңірімізде білім ошағы­ның көптеп салынуы заңды құбылыс. Өйткені өзге өңірлерге қарағанда Оңтүстік Қазақстан облысында туу көрсеткішінің жоғары екені мәлім. Мұның дәлелі биылғы оқу жылында 73 699 бала мектепке қабылданып, бірінші сыныптың табалдырығын аттайды деп жоспарланып отыр. Сонда облыстағы 1 022 білім ошағында жалпы саны 611 мың оқушы білім алатын болады.
Дағдарыс кезеңінде еліміздің тоқырауға ұшырамай, әлеуметтік проблемалардың уақтылы шеші­луінде «Нұрлы жол» бағдарла­ма­сының маңызы зор. Бағдарлама аясында облыста 5 бағытта жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде Ұлттық қордан бөлінген қаржы есебінен өңірде бірқатар мектептердің құ­ры­лысы жүруде. Жалпы, биыл Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 67 мектептің құрылысы басталса, бүгінге дейін 28 нысан ел игілігіне беріліп үлгерген. Жыл соңына қарай тағы да 11 мектептің құрылысы аяқталмақ. Нәтижесінде, 11 апатты, 9 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Әлібек Сағынбекұлының айтуына қарағанда, 2020 жылға дейін бұл мәселе түбегейлі шешімін таппақ.
Мамандардың сөзіне қарағанда, биылғы оқу жылында білім саласында жаңалық көп. Соның бірі ретінде Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, жаңа оқу жылынан бас­тап бірінші сынып оқушылары бес күндік оқу аптасына көшеді. Келесі жылы 2, 5, 7, 9 сынып оқушылары, 2018 жылы қалған сыныптар толығымен осы жүйемен оқитын болады. Бұл білім беру бағдарламасының жаңар­тылуына байланысты туындап отыр. Мамандардың айтуынша, бес күндік оқу ұстаз бен оқушыға тиімді кө­рінеді. Олар мұны баланың сабаққа сапалы дайындалуына, ұстаздың кеңірек ізденуіне қарастырылған мүмкіндік екенін алға тартады.
Әлібек Сағынбекұлының айтуынша, жаңартылған білім беру маз­мұнына көшуге байланысты мұға­лімдер қайта даярлаудан өткі­зілген.
– Жаңа бағдарламаны игеру әсіресе бастауыш сынып мұғалім­деріне аса қажет. Ол үшін облыстағы 3452 мұғалімнің біліктілігін арт­тырдық. Сонымен бірге әртүрлі пән­дер бойын­ша жалпы саны 9902 ұстаз арнайы курстардан өтті, – деді об­лыстық білім басқармасының өкілі.
Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сәйкес, биыл Оңтүстік өңірдің оқушыларын оқулықпен қамтамасыз ету мақсатында мемле­кеттің қазынасынан 2 млрд 700 мың теңгеден астам қаржы бөлініпті. Бұл мә­селе, әсіресе, облыс орталығы – Шым­кент қаласында өзекті болып отыр.
– Шымкент қалалық білім бөлімі 2016-2017 оқу жылына 1 және 8 сы­нып оқушыларын 100 пайыз оқулық­пен қамтамасыз ету үшін 13 баспамен келісімшартқа қол қойып отыр. Атап айтар болсақ, 4-сыныптың «Ағылшын тілі», 9-сыныптарға арналған «Зайыр­лы этика және дінтану негіздері» оқулықтары оқушыларға толық жетеді, – дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева.
Сонымен қатар биыл 1-сыныптар үшін қосымша «Менің Отаным – Қазақстан» оқулығы сыйлыққа берілмек. Жалпы, Шымкент қала­сын­­дағы мектептерді оқулықпен қамта­масыз ету үшін биыл бюджеттен 837 192,0 мың теңге қаржы қаралған. Нақ­тырақ айтар болсақ, бұл қар­жыға қала мектептерінде 1-сыныпқа қабылданып отырған 21 046 және 8-сыныпта оқитын 12 753 оқушы оқулық­тармен толық қамтамасыз етіледі. Бұл – 823 519 дана оқулық сатып алу деген сөз.
– Қазір, біздің тапсырысымызды тасымалдау ісімен «Smart jet», «Бекзат – 2001» ЖШС айналысуда, – дейді Жанат Арысбекқызы.
Басқа сынып оқушыларының оқулықпен қамтылу мәселесі қалай болмақ? Мысалы, облыста 2014-2015 оқу жылында 1,10-сынып оқушыларының оқулықтары түгелденген. Былтыр оқулыққа деп бюд­жеттен 1 млрд 385 млн 535 мың теңге бөлiніп, оған 2, 9-сынып оқу­шыларының оқулықтары алынған.
– Биылғы 2016-2017 оқу жылына 8-сыныптарға арналған (бар­лық оқулығы) оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендеріне, 4-сыныптың ағылшын тілі мен 9-сыныптың дінтану оқулықтарына, 1-сыныптардың (барлық оқу­лығы) жаңартылған білім беру мазмұнындағы оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендеріне тапсырыс берілді, – дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Азат Әміртаев.
Бұл үшін биыл бюджеттен барлығы 2 млрд 717 млн 450 мың теңге бөлініп отыр. Оның 2 млрд 662 млн 326 мың теңгесі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға жұмсалcа, 55 млн 124 мың теңгесі оқулықтарды жеткізіп беру ісіне, тасымалдауға жұмсалады.
Халқы тығыз орналасқан облысымызда жыл өткен сайын мектеп жасындағы бала саны да артып отыр. Осыған сәйкес оқулыққа жұмсалатын қаржы көлемі де артуда. Мысалы, 2015-2016 оқу жылында оқушы саны облыста 2014-2015 оқу жылымен салыстырғанда 21468-ге өскен. Биыл 1-сыныпқа 73 мыңға жуық бала келеді деп күтілуде.
Бірді айтып, бірге кетпейік, оқулық мәселесінде жылдағы «жыр» қайталанбайтынына сендіріп отыр­ған сала мамандары аудандық, қала­лық білім бөлімдерінің баспалармен келісімшартқа тұрудың толық аяқталғанын алға тартуда. Об­лысқа жеткізілген оқулықтар тамыздың 15-іне дейін мектептерге бөлініп үлгерді. Бас­па мәселесіне келер болсақ, биыл облыс мектептері «Атамұра», «Мектеп», «Арман-ПВ», «Алматыкітап», «Білім», «Жазушы», «Келешек – 2030», «Интер-Пресс», «Кэмбридж», «САТР», «Бөбек», «Географиялық Республикалық атаулы мектеп», «Express Publishing», «8 & 8», «Macmillan», «Астана-Кітап», «Полиграфия-Олимп» – барлығы 17 баспамен келісімшартқа отырған.Қазірдің өзінде Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас, Шардара аудандары мен Арыс, Кентау, Түркістан, Шымкент қалаларында оқулықты жеткізіп беруші компаниялар анықталып, келісімшарт түзілген.
Иә, талай таланттар мен дара дарындарды, ұлттың қайталанбас тұлғаларын өсірген Оңтүстік өңірдің білім саласында бүгінде осындай игілікті істер атқарылып жатыр. Осынау киелі топырақтан болашақта да ел игілігіне қызмет етер білімді ұрпақ өсіп-жетілеріне күмән жоқ.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.