Сарша тамыз

Тамыз – қазақ күнтізбесі бойынша он екі айдың алтыншы айы, қазіргі григориан күнтізбесінің сегізінші айы. Тамыз айы ­жаз­дың тамылжыған бір кезі. Бұл айда  шіліңгір ыстықтың беті ­қай­тып, айналадағы жеміс-жидек, көкөніс атаулының бәрі пісіп, жеті­­леді.  Айдың ортасында ауа райы салқын тартып, күздің ­нышаны біліне бастайды. Бұл берекелі айда жиын-терін кезеңі бас­талады. Тамыз айының ерекшелігі халық аузында былайша суреттеледі:

Тамыз, келдің баяулап, басың жалын,
Жайма-шуақ аяғың тартты салқын.
Піскен өнім шығынсыз жиылсын деп,
Барлық күшті аямай салды халқым.

Шөпке алғаш шық қонғанда,
«Сүйектенді су», міне.
Қозы марқа болғанда,
Түсті жайлы сүмбіле.
Табиғаттың байсалды
Шағы деген – тамызда.
Егінге орақ ел салды,
Комбайнмен аңызда.
Тамызда – аспан албырап,
Сансыз жұлдыз жамырар.
Алма пісіп, балбырап,
Қауын да өзі жарылар.

Қазақ қауымы көнетүркілік күнтіз­бемен қатар, парсы, араб, румие күнтізбе жүйесімен де жақсы таныс болған. Оған дәлел – тіліміздегі бір айдың бірнеше атаулары болуы.
Тамыз лексемасының төркіні шумер тіліндегі думузи сөзінен келеді. Думузи (аккад тілінде – дуузу, иврит тілінде – таммуз,) шумер-аккад мифологиясында жердің құнарлылығы мен берекенің тәңірі болып есептелген. Ол негізінен иврит тіліндегі нұсқасы бойынша Таммуз тәңірі деп аталады. Шумер мифологиясының мәтіндері бойынша, Думузи яғни Таммуз – Инанна тәңірінің сүйікті жары әрі жерасты патшалығына жіберілген бақташы-тәңір. Өліп, қайта тірілетін Таммуз тәңірі жарты жыл сайын жерастына түседі деген наным болған (Мифологический словарь / Гл. ред. Мелетинский Е.М. – М.: Советская энциклопедия, 1990 г. – 672 с.). Сонымен тамыз айы, яғни көкөніс пен егіннің піскен берекелі кезеңі ежелгі Месопотамия халықтарының сеніміндегі Таммуз тәңірінің атымен аталған. Румие есебіне негізделген тамыз айының атауы қазақ даласына ежелгі иран мәдениеті арқылы жеткен деп тұжырымдауға болады. Ал еврей халқының азаматтық күнтізбесі бойынша, нисан (сәуір) айынан бастап есептелетін төртінші ай «тамуз» деп аталады. Бұл қазақтың күн қайыруындағы шілде айына тура келеді. Ал түрік, әзербайжан тілдерінде бұл айдың аты – «теммуз» (temmuz).
Қазақ қауымының тамыз айына қойған тағы бір атауы – сарша. Тілдік қолданыста сарша тамыз деген тіркес бар екені де белгілі. Сарша сөзі – көне түркі тілінде «сары шақ», яғни жердің құрғап, өсімдіктің сарғая бастайтын кезі.
Қазақ халқы шығыс күнтізбесі бойын­ша тамыз айын «сүмбіле» деп те атаған. Сүмбіле айы туралы белгілі ақын Кәкімбек Салықов,
Болжаса да боларын астық қанша,
Әкеледі сүмбіле қастық қанша.
Нағыз диқан бет алды даурықпайды,
Бидай болып мол егін бастыққанша, – деп жырлаған (К.Салықов, Жезкиік. – Алматы: Атамұра, 2003. – 214 б.).  Қазақ сөздігінде, сүмбіле – «1. Шы­ғыс күнтізбесі бойынша жылдың алтыншы айы; 2. Сүмбіле айында көрінетін жарық жұлдыз; 3. жерг. Қауын арасынан шығатын шөп; 4. Күзде жауын күшімен шығатын шөп» (Қазақ сөздігі. – Алматы: Дәуір, 2013. – 1488 б.).
Тіліміздегі сүмбіле атауы араб-парсы тіл­дерінен енген. Сунбул араб тілінде «1. Ма­сақ; 2. Қызғалдақ; Сүмбіл (гиацинт, яғни қасқыржемдер тұқымдасына жататын әдемі өсімдіктерінің бір туысы)» деген мағыналарды білдіріп, жұлдыз (зодиак) айлары бойынша «Бикеш шоқжұлдызының» атауы болып табылады (Баранов Х.К. Большой арабско-русский словарь: в 2-х томах. – 10-е изд. – Т. 1. – М.: Рус. Яз., 2002. – 377 с.). Ал парсы тіліндегі сунбул сөзінің мағынасы арабша нұсқасына жақын: «1. Хош иісті гүл; 2. Сүмбіл (қасқыржемдер тұқымдасына жататын әдемі өсімдіктерінің бір туы­сы); 3. Жүгерінің собығы; 4. Бикеш шоқжұлдызы» (Persian-English Dictionary. F. Steingass. Beyrut. First Edition 1892. New Reprint 1998. – 1523 s.; s. 692.). Күнтізбедегі ай атауы –Сүмбіле және сол айда аспанда ерекше көрінетін Сүмбіле шоқжұлдызының аталымында семантикалық байланыс бар. Бұл екі аталымға араб тіліндегі сунбул атауының алғашқы мағынасы – «масақ» сөзі арқау болды деп пікір айтуға болады. Себебі тамыз айы піскен көкөністі жинау, егін ору сияқты жиын-теріннің басталған кезеңі болғандықтан, аңызда қалған арпа, бидай, сұлы, жүгері тәрізді дақылдардың масағымен байланыстыра аталса керек.
Масақ сөзінің түбірі – «әр алуан өсімдіктің жоғарғы жағы, ұшы» деген мағынадағы бас сөзі (б/м дыбыстарының өзара алмасу заңдылығы бойынша), ал «-ақ» – есім жасаушы жұрнақ: масақ. Бұл сөздің бастапқы формасы қазіргі түрік тілінде сақталған. Түрік тілінде башак (başak) – арпа, бидай, жүгері тәрізді дақылдардың жоғарғы жағы (Misalli Büyük Türkçe Sözlük. Haz.: İlhan Ayverdi. – Kubbealtı, 2010. – S. 117.). Түріктер Бикеш жұлдызын «башак (başak)» деп атайды. Ал масақтың «буғдай башы (бидай басы)» деген ең бастапқы қолданысын «Құтадғу біліктен» көре аламыз. «Құтадғу білікте» буғдай башы сөзі де Бикеш жұлдызын білдіреді.
Басқа түркі халықтарының тілінде тамыз айының аталу ерекшелігіне назар аударар болсақ, башқұрт тілінде – урағай – қазақшаға аударғанда, орақ айы; түрік тілінің кейбір диалектісінде – деримай, яғни қазақша жиын-терім айы – астықты жинау айы; түрік тілінің тағы бір диалектісінде шілдені «орақ айы» деп айтады; қырым татар тілінде – арман айы – қырман айы; Ахыска түріктерінің және гагауыздардың тілінде – харман – қырман. Ал шілде айы «ораг» (орақ) деп аталады; чуваш тілінде – çурла уйăхĕ – орақ айы (çурла – орақ, уйăхĕ – ай); хакасша – оргах айы (оргах – орақ); якут тілінде – атырдьах ыйа (егін ору айы). «Атырдьах» – якут тілінде «егін оруда қолданылатын құрал»; қарақалпақ тілінде – сүмбіле; ұйғыр тілінде – сунбула және т.б.
Қорыта айтқанда, көптеген тілдерде тамыз айы егін шаруашылығына байланысты аталады екен. Тамыз айы (кейбір халықтарда шілде айы да) түркі тілдерінде дәнді дақылдың басы (Сүмбіле, Сунбула), егіншілікте қолданылатын құрал-сайманның (Урағ, Оргах, Атырдьах) атауымен, жалпы егіншілікке қатысты ұғымдармен (Дерим, Харман, Арман), тіпті иврит тілінде жердің құнарлылығын сақтайтын тәңірдің (Таммуз тәңірі) атымен аталады.
Сонымен қатар тамыз айында аспан әлемінде мынадай құбылыстар болып жатады:
Сүмбіленің тууы. Сүмбіле жұлдызы тамыздың соңы, қыркүйектің басы аралығында қазақ даласының түңгі аспанында пайда болады. Ол Қиыс Оңтүстік (шығыс оңтүстік) аспанынан қыс бойы сәулесін шашып тұрады. Тамыз айының соңынан бастап ауа райы салқын тарта бастайды. Халық аузында осыған байланысты «Сүмбіле туса, су суыр» деген сөз қалған.
Сүмбіленің суы жүрді. Тамыз айының соңы, қыркүйектің басында Сүмбіленің жаңбыры жауады. Сүмбіле жаңбыры болып өткен жердің көдесінің түбі көк, малға от болады деп, жылқыны қыста сол жерге тебіндеткен. Сол себептен халық жайылым жерді «Сүмбіленің суы жүріп пе екен?» деп сұрасып отырған.
Үркердің төбеден көрінуі. Үркер шоқжұлдызы күздің басында, яғни тамыз айында түн ортасына жетер шақта төбеден көрінеді.
Есекқырған. Есекқырған жұлды­зы­ның түсі – сары. Осы ерекшелігіне қарап халық оны кейде Сарыжұлдыз деп те атай береді. Түнде сарғыштанып, ерекше жарқырап тұрғанына орай кейде оны Жарықжұлдыз деп атайды. Есекқырғанды тамыз айында аспанның оңтүстігінен көруге болады.
Босаға көтеріліп қалды деген тіркесті қазақ тамыз айы басталғаннан бастап айтады (Әбутәліп О.М. Қазақ күнтізбе жүйесінің лексика-фразеологиялық бірліктері. автореферат. – Алматы, 2008. – 26 б.).

«Су, суытар  Сүмбіле тұсы…»

Халық поэзиясында өзінің қасиетімен танылған Сүмбіленің жырлануы кең таралған:
Қабағы төмен салбырап,
Еңсеңді езген түн мынау.
Жабағы бұлттан жаудырап,
Сүмбіле шықты мұңдылау.
Жазықсыз жанар жатсында-ау
Қараймын зорға ұрланып,
Өзгеден гөрі ақшылдау
Қос жұлдыз еді тым жарық.
Шығатын қатар таласып,
Аспанның ерке елігі.
Қалды екен қайда адасып,
Кішкентай ғана серігі?

Кетті білем екі отар араласып,
Шопан жігіт, тезірек далаға шық.
Ақ жаңбырға айналған қара нөсер
Үш тәуліктен мінеки барады асып,
Тұңғиыққа шым батқан жалақ-шыңы
Сатылы естен тандырды сарапшыны.
Ит-құсың да мұндайда қағынады,
Не қылады қалқиған қарақшыны.
«Су, суытар Сүмбіле тұсы» дейді,
Қара түннің басады мысы үрейлі.
Шыңырауда шыңғырып жатыр өзен,
Арғы беттен бір құлын кісінейді.

Бір уыс, бір шөкім…

Бір – халықтық өлшем бір­лігіндегі шамалап алынатын өлшем. Ол көпке мәлім қарапайым түсініктерге негізделген орташа шамада алынады. Мұндай шамаларды білдіретін ұғым атаулары сандық және белгісіздік мәні бар бір сөзіне өлшем негізі етіп алынған адам мүшесінің атауының қоса айтылуымен жасалады. Мысалы, бір құлаш, бір уыс, бір шөкім, бір шымшым, т.б.
Бір асым – көбінесе етке байланысты қолданылатын өлшем – қосымшаларымен асылатын жамбас, асықты жілік сияқты мүшелер. Жілікке қосымша сүбе және қара қабырғалар міндетті түрде салынатын болса, ретіне қарай омыртқа, белдеме, қар және тоқпан жілік, жауырындар қосылады. Яғни бір асым ет бір жілік (ет) деген өлшеммен де белгіленеді.
Бір қайнатым – бір қайнатуға жарарлық сұйық заттың мөлшерін білдіретін өлшем. Шамамен 2-3 литр мөлшерінде.
Бір құлаш – жазып тұрғандағы екі қол арасының ұзындығындай өлшем. Құлашпен ертеде арқан-жіптердің ұзындығын, шыңырау құдықтардың тереңдігін, т.б. ұзындық, биіктік, тереңдік мөлшерін белгілеген.
Бір уыс – қолдың саусақтарын біріктіріп тұрғанда алақан ішіне сыярлықтай мөлшерді білдіретін халықтық өлшем. Екі алақан қосылса, қос уыс деп аталады. Мысалы, бір уыс тұз және т.б.
Бір шөкім – бас бармақ, сұқ саусақ, ортаңғы саусақ үшеуімен шөкіп, қысып ұстаған ұнтақтың мөлшеріне қатысты өлшем. Көбі­несе шайға байланысты қолданы­латын өлшемнің атауы (мысалы, бір шөкім шай). Бұл өлшемнен жоға­рылау мөлшердің аталмайтын себебі (мысалы, бір уыс шай) көшпелі ортада шайдың көп тап­тыра бермейтін және қымбатты­лығына байланысты болса керек.
Бір шымшым – бас бармақ және сұқ саусақпен шымшып алған ұнтақтың мөлшеріне қатысты пайдаланылатын өлшемнің атауы. Көбінесе қазақы ортада ерекше қастерленген тұзға байланысты қолданылады.

Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. 1-том. – Алматы, РПК «Слон», 2013. – 586 б.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.