Ана тілі ғылым тілі де бола алады

Қазіргі уақыт белесіндегі білім мен ғылым саласының барынша қарыштап дамуы еліміздегі білім беру ошақтарының сапалы істерімен тығыз байланысты болғандықтан, жастардың интеллектуалды әлеуетін әлемнің кең тараған тілдерін үйрету арқылы көтеру қажеттілігі айқын көрініс тауып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» атты Ұлт Жоспарының 76-қадамындағы «ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру», 79-қадамындағы «Даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру» деген мақсаттары мектеп оқушыларының білім деңгейін көтеруге, ел азамат­та­рының мәдени және рухани өсуіне ба­ғытталған.

Қазіргі таңда экономикасы дамыған елдер әлемде ең басты ­орындарды иеленуде. Әлбетте, мұның өзі сол ел азаматтарының интеллектуалдық әлеуетінің жоғарылауымен байланысты десек, оның арғы жағы өзге тілді меңгеруге барып тіреледі. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі жастар үш тілді меңгерген, бәсекеге қабілетті, интеллектуалдық әлеуеті жоғары жарқын тұлға болса нұр үстіне нұр емес пе!? Әлбетте, ел экономикасының дамуы жас ұрпақтың білім деңгейімен байланысты десек, бүгінгі жас ұрпаққа өзге тілді жедел үйрету мен меңгертудің тиімді жолдарын айқындау, әдістері мен тәсілдерін анықтау қажеттілігі анық байқалуда. Бұл – бір мәселе. Екіншіден, бүгінгі қоғамда балаға ерте жастан бірнеше тілді үйрету керек пе әлде белгілі бір жастан бас­тап үйрету керек пе деген түйткілді сауалдардың орын алып отырғаны белгілі. Осы уақытқа дейін өзге тілді қай жастан бастап оқыту мәселесі нақты бір шешімін таппай келеді. Мысалы, Германия, Жапония, Қытай сынды мемлекеттер өзге тілді меңгертуді 10-11 жастан бастап жүргізетіндігінен еш ұтылмағаны белгілі. Тіпті КСРО кезінде де мектептерде шет тілі 10-11 жастан бастап жүргізілді емес пе? Шын мәнінде, балаға ерте жас­тан өзге тілді меңгерту (көбіне жаттату) арқылы оларды тілдің ішкі мәнін тереңірек түсінбейтін, тек қолданушы (функционер) қылып шығармаймыз ба? Бұл туралы нақтылы ғылыми негізі бар еңбектер де жоқ. Бұл – екінші мәселе. Үшіншіден, бүгінгі мектеп оқушыларына жаратылыстану пәндерін шет тілінде оқытудың тиімділігі мен кемшілігі сарапталды ма? Шын мәнінде, жаратылыстану пәндерін өзге тілде оқыту жас ұрпақтың ғылыми санасының ана тілі аясында дамымауына әкеледі. Сондай-ақ ұлт тілінде қалыптасып, дамып келе жатқан жаңа терминологиялық бірліктердің тежелуіне, ұғымдық толысуына да кедергі. Ана тілі ғылым тіліне айналмаса, жаратылыстану ғылымдарын ғылыми тілде түсіндіре алмаса, уақыт өте келе Сібірдегі түрлі ұлт тілдері сынды тұрмыстық тіл ретінде қалмасына кім кепіл?
Әрбір қаракөз қазақ баласының «өзге тілдің бәрін білгендігіне» қарсы емеспіз. Тек әрбір білім беру мекемесі «өз тіліне құрметпен қарай отырып», өзге ұлт тілін үйрету мен меңгертуді жүйелі негізде жүргізуі, яғни оқытылатын тіл материалдарының мазмұны мен көлемін, баланың физиологиялық даму ерекшелігін, ұлттық ерекшелігін ескеруі қажет. Тіл этностың рухани байлығын, болмыс бітімін, дүниеге деген көзқарасын танытатындықтан, оны үйрену мен үйрету бір күндік іс емес. Тілді үйренуде ең алдымен жеке-дара қабілет пен тілдік орта қажет. Сонымен қатар ол жылдар бойы өз бойына бірте-бірте сіңіре беретін, үздіксіз даму, дамыту арқылы болатын құбылыс.
Бүгінгі күні әрбір адам өз қажеттілігіне қарай шетел тілдерін, өзге жұрт ғылымын түрлі деңгейде меңгеруде. Қуантарлық жайт: қазіргі таңда шетел тілін жетік меңгеріп, олардың ғасырлар бойы жинаған рухани қазыналарын, озық технологияларын терең зерделеп жүрген жастардың қарасы баршылық. Мұның өзі ілгерілеу мен мәдени жаңғырудың үздіксіз жүріп жатқанының бір көрінісі. Ақиқатына келсек, шетел тілін білу – әрбір ел азаматының білімділігінің, мәдениеттілігінің негізгі белгісі. Қашанда көптілді тұлғалардың танымы бөлек. Екі түрлі мәдениетті көрген ұрпақ екі мәдениетті де қабылдауы мүмкін. Оның үстіне әр тіл әртүрлі деңгейде дамиды. Әрбір ұлттың тілдерді меңгеру қабілеттері де сан түрлі болып келеді. Адам бойында екі тіл таза қалпында қолданылуы да мүмкін, сондай-ақ аралас түрде де қолданылуы мүмкін. Қауіптісі – соңғысы. Тіл белгілі бір ұлттың мәдени көрсеткіші болғандықтан, аралас тілде сөйлеу тілдің таза қалпында дамуына тежеу болады. Тілші-ғалым Мәулен Балақаев «кісі білімді, тәлім-тәрбиені тіл арқылы» алатынын, «мәдениетті, өнерді, ғылымды техника тілі арқылы» үйренетінін, «тілді жақсы білу оңай жұмыс» еместігін, «тілді сіресіп қатып қалған қалпында емес, сол даму, жетілу процесінде» меңгеретінін сөз етеді. Сондықтан да бүгінгі жас ұрпаққа барлық білім негіздерін ең алдымен ана тілі арқылы меңгертудің маңызы зор. Сол себепті жауапкершілігі мол жұмыстың нәтижелігі бүгінгі педагог мамандардың ерен еңбегімен тығыз байланысты.

Ерлан ҚАСЕНОВ,
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы
Алматы облыстық педагог кадрлардың
біліктілігін арттыру институты
«Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру»
кафедрасының меңгерушісі

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.