«Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болады…»

Көшпелі қазақ өркениетінде отаншылдық ең қасиетті ұғымның бірі саналған. Ежелгі түркі қағандығы кезеңіндегі тасқа жазылған Күлтегін ескерткішінде ел билеушілерінің отаншылдық үлгісі көрініс тапқан. Қазақтың үш биі Төле, Қазыбек, Әйтеке мен Ақтамберді, Бұқар жыраулар және ХХ ғасырдың басындағы А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев сынды ұлт зиялылары отаншылдықты сөзбен ғана емес, іспен де көрсете білді. 

Қазіргі кезде елімізде «қазақстандық пат­риотизм» ұғымы қалыптаса бастады. ҚР-ның Конституциясы «қазақстандық патриотизмді» қалыптастыру және оны азаматтардың ой-санасына сіңіруді мемлекеттік дәрежеге көтергенімен, отаншылдық ой-сананы қалыптастырудың шешілмеген мәселелері бар. Қазақстандық патриотизм – ел азаматтарының бүгінгі тұрақты өмірі мен жарқын келешегі жолындағы еңбегі мен күрескерлігі іспетті. Отаншылдық сана – халықты топтастырушы рухани күш бола тұра, халықтың ерік-жігерін, тәуелсіздікті нығайтуға бағыттайды. Сондықтан елдегі тәлім-тәрбие, идеология мен ақпарат жүйесі ел тұрғындарының бойында өзін республиканың толық азаматы ретінде сезіну көңіл-күйін қалыптастыруы керек. Отаншылдық, елжандылық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен басталады. Сондықтан отаншылдықтың қайнар көзі адамгершілік қасиеттер болмақ. Отаншылдықтың іргетасы – ұлтжандылық.
Егер қазақы патриотизмнің қайнар көзін бажайласақ, біздің ұлтқа ол ешқашан жат болмағанына, қайта бесіктегі сәттен бастап ұлттық тәрбиемен бірге бойға дарығанына көз жеткізуге болады. Ата-бабаларымыз Отанды қорғауда жан-тәнін аямай, патриотизмнің ең озық үлгісін көрсеткен. Себебі ол табиғаттан, ұлттық тәрбиеден берілген сезім болатын. Қазыбек би: «Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болады. Атадан жаман ұл туса, көшінің соңы болады» деген. Осындай аталы сөздер ғасырлар бойы халқымызды жігерлендіріп, қанына сіңген қасиетке айналған. Біз әлі де осы қасиеттен ажыраған жоқпыз. Ұлттық патриотизм үлгісін жаңа қазақстандық патрио­тизммен ұштастыру, басқа ұлттарға өзіміздің елімізді, жерімізді, ұлтымызды, мемлекетімізді сыйлауына жол, бағыт көрсетуіміз керек.
Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Әрбір адам біздің мемлекетімізге, оның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің проблемалары да, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуы тиіс. Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей болуы керек» деуі патриотизмге баулудың жарқын үлгісі іспетті. Қазақстандық патриотизмнің анықтамасы да осынау парасатты ойдан бастау алатындай.
Қазақстанның кез келген азаматын отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеудің орны бұрын да ерекше мәнге ие болған, бүгін де маңызын жойған емес. Кез келген елдің дамуы саналы азаматтар қатарының көбеюімен де байланысты. Себебі болашақ – қазақ жастарының қолында. Ал осы жолда тайсалмай, елім үшін деп ерінбей еңбек ететін болсақ, өз үлесімізді қосарымыз анық. Келешекте ел тізгінін қолға алатын жастардың барынша білімді, жан-жақты, білікті болуы Қазақстанның өсіп-өркендеуіне жасалған оң қадам деп түсінеміз. Өйткені елін, жерін сүйген азамат Отанына адал қызмет ете алады. Ұлтының патриоты болған адам ана тіліне бейжай қарай алмайды. Ал өз тілінде де, өзге тілдерде де еркін сөйлейтін маман қай кезде де еліне пайда келтіре алатыны анық. Қазіргі кезде патриоттыққа баулу – айрықша маңызға ие мәселелердің бірі болып отырғаны да сондықтан.
«Саяси түсіндірме сөздігінде» патриотизмге былайша анықтама берген екен: «Патриотизм (грек, patris – Отан, Атамекен) – өзінің жеке және топтық мүдделерін жалпы елдің мүдделеріне бағындыратын, оған адал қызмет етіп, қорғауды мақсат тұтатын өз Отанына, Атамекеніне деген терең сүйіспеншілік сезімі. Патриотизм мәселелері жаңа мемлекеттердің құрылуы, ұлттың қалыптасуы, ұлт-азаттық қозғалыстар мен соғыстар кезінде ерекше өзектілікке, саяси мәнге ие болады. Шынайы патриотизмді интернационализм мен космополитизмге қарсы қоюға болмайды. Өз халқын басқа ұлттар мен этностарға қарсы қоюға бағытталған патриотизм шынайы емес, ол ұлтшылдыққа және шовинизмге ұласып кетуі оңай. Ал ұлттық және ұлттық-мемлекеттік нигилизмге негізделген интернационализм мен космополитизм жалпыадамзаттық мүдделер мен құндылықтарға қайшы келеді» делінген.
Тұтастай алғанда қарапайым халық патриот­тықты ұлтын сүюмен байланыстырады. Ал оның астарында көптеген алғышарт­тары жатқанын біреу білсе, біреу біле бермейтін шығар. Шын мәнінде, ол тек ұлтын сүюмен шектелмейтіні белгілі. Онымен қоса, мемлекетін, тілін, дінін, ділін, дәстүр-салтын құрметтеумен де байланысты екені ақиқат. Көптеген жетістіктерге жетуге себепкер болатын да осы патриотизм десек, жаңылыспаған болар едік.
Кез келген адам патриоттықты бесіктегі шақтан бастап бойға сіңіре бастайды. Бұл жерде отбасылық тәрбиенің де, балабақша мен мектеп, жоғары оқу орындары мен ондағы білім беруші ұстаздардың да үлесі зор. Сондай-ақ жұмыс істеу барысында қоғамдық ұйымдардың немесе басқа да орталықтардың ықпалы болары сөзсіз.
Ел ішіндегі әлеуметтік құрылымдардың қалыптасып, жұмыс істей бастағаны да қуанышты жағдай. Осындай ұйымдар мен орталықтардың басты мақсаты да қоғамдағы тұрақтылықты, қоғамдық сананы және ұлттық идеяны қалыптастыруға бағытталып отыр. Маңызды мәселелердің қатарында қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту де алдыңғы орында тұрғаны рас. Әсіресе, жастардың арасында мемлекеттік тілді қастерлеу, қазақ тілін жетік меңгеруге бағытталған іс-шаралардың қолға алынғанына да біраз уақыт болды. Алайда межелі нәтижеге қол жеткізу үшін әлі де тынбай еңбек ету керек. Ал қазақ қазақша білмесе, өз елінің шынайы патриоты болмаса, өзгеге үлгі боламыз, басқаға өзімізді сыйлатамыз деу қисынсыз.
Сенім болмаған жерде өркендеу, өсу болмайтыны анық. Кез келген адам өзінің болашағына үлкен үмітпен, сеніммен қарайтыны белгілі. Ал ол үшін қажетті мүмкіндіктердің жасалып, қолға алынып жатқаны, әрине, біз үшін үлкен жетістік.
Бүгінгі жастардың дүниетанымы, өмірге деген көзқарасы, арманы, мақсат-мүддесі, өресі өзгешелеу. Жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелейміз десек, ең алдымен, қазақ мәдениеті мен өнеріне, мемлекеттік тілге мән бергеніміз жөн. Біздің қазақта отаншылдыққа тәрбиелеудің тамыры тереңде, халық ауыз әдебиетінде – мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерінде, ертегілер мен батырлар жырында, терме және халық әндерінде жатқаны ақиқат. Халқымыз ежелден келер ұрпақты елін сүюге, намысты таптатпауға тәрбие­леген. Біздің мақсатымыз осындай ұла­ғатты да даналы сөздерді елімізді мекен етіп жатқан барлық ұлттар мен ұлыстарға жеткізу, олар­дың да Отанға деген сүйіспеншілігін ояту болмақ.
Болашақ — жастардікі. Сондықтан жастардың білімді, денсаулықтары мықты болып өсуіне ғана емес, олардың өз елінің шынайы патриоттары ретінде ержетуіне аға буын өкілдері бағдар беруі парыз.
Қазақстандық патриотизм, ол – бүкіл қазақстандықтарға тән. Еліміздің шежірелі тарихын, ұлттық салт-дәстүрін, бай тілі мен көркем мәдениетін басқа ұлт өкілдері саналы түрде қабылдауы тиіс. Қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық татулықтың маңыздылығы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тарихи еңбектерінде толық қамтылып жазылған. Бұның өзі көп нәрседен хабар берсе керек.
Сөз соңын Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан үзінді келтіре отырып түйіндесек: «2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, Қазақстанда өзін жақсы сезіне­тін­дей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуі тиіс».

Абылайхан ЖҰМАШЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.