Комиссия ұйғарымы – мораторийді бес жылға ұзарту

Жуырда еліміздегі Жер реформасы бойынша құрылған комиссияның кезекті отырысы өтті. Бәлкім, бұл отырыс әзірге соңғысы да болуы мүмкін. Өйткені комиссия мүшелері осындай ұйғарымға келіп, Елбасына жерге байланысты мораторийді 5 жылға дейін ұзарту жөніндегі ұсыныстарын жеткізетіндерін айтты.

Егер Президент бұл ұсынысты қабыл алып, мораторий мерзімін ұзар­татын болса, елді ойландырған, қоғам­ды толғандырған күрмеуі қиын мәселе бойын­ша тиісті заң­на­ма­ларды жетілдіруге, оларды байып­ты тұжырымдармен толықтыруға мүмкіндіктің туатыны сөзсіз. Сонымен жуырда Премьер-ми­нистр­дің орынбасары – Ауыл шаруа­­шы­лығы министрі Асқар Мырзахметов­тың төрағалығымен өткен жиында, әдеттегідей талқылаулардан гөрі, комиссия жұмысын қорытындылау райы басымырақ болды. Комиссия мүшелері Жер мәселесін талқылау үшін арнайы комиссия құрғызып, халықтың талап-тілегін ескерген Елбасына ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.
Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан: «Қандай да бiр мәселенi ақыл-парасатпен шешу керек дегендi ескере отырып, Жер реформасы жөнiндегi комиссия құру туралы нағыз халықтық шешiмі үшiн Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымызды бiлдiруiмiз керек деп ойлаймын. Бұл елiмiздi демократияландыру жолындағы жақсы үрдiс болды» десе, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан Комиссияның жұмысы жемісті болды деп есептейтінін атап өтті.
– Үш айдың ішінде тиісті шешімді жасап отырмыз. Менің ойымша, мұндай шешім қабылданса, онда халықтың көңілінен шығады. Себебі 5 жыл бойы жер ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға берілмейді. Халықтың қалауы да сол болды. Ал осы бес жылда біз халыққа керек барлық шешімдерді жүзеге асыруымыз керек. Талқыланып отырған жер мәселесі өте маңызды. Меніңше, бұл тұрғыда халыққа рақмет айтуымыз керек, себебі халық отансүйгіштігін көрсетті. Президентімізге алғысымызды айтуымыз керек. Өйткені халықтың ұстанымын, пікірін естіп, түсініп, мораторий жариялады, сосын Комиссия құрды. Бұл өте орынды шешім болды. Бұдан бөлек, Комиссия мүшелеріне рақмет айтқым келеді, – деді Мұхтар Тайжан.
Сенбі күні өткен отырыста комиссия мүшелері Жер реформасына байланысты ұсыныстарға назар аударып, пікірлерін ортаға салды. Осылардың нәтижесінде нақты ұсыныстар дайындалды.
Біріншіден, ауылшаруашылығы жерлерін Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына, яғни қа­зақ­стандықтарға 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру институтын сақтау ұсынылды.
Екіншіден, көпшілік тарапынан аса қызу талқыға түсіп, зерттеп, зерделенген мәселенің тағы бірі – әр азаматқа бекітілетін ең жоғары мөлшерлеме бойынша «Қазақстандықтарға жалға берілетін ауылшаруашылығы жерлерінің шекті мөлшерлері белгіленсін» деген шешім қабылданды.
Үшіншіден, шекара маңы аумақта­рындағы ауылшаруашылығы жерлерінің мемлекеттік шекарадан радиусын айқындай отырып, жергілікті жағдайларға және өңірдің ерекшеліктеріне байланыс­ты оларды беру жөніндегі талаптарын анықтап, бекіту ұсынылды. Яғни шекара маңында жергілікті жағдайлар мен өңірдің ерекшеліктері ескерілуге тиіс.
Төртіншіден, халықтың қосалқы шаруашылықтары мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін елді мекендердің айналасындағы жайылымдар мен шабындықтардың алаңдары айқын­далып, ол жерлерді Қазақстан Респуб­ликасы жеке және заңды тұлғаларына беруге тыйым салу ұсынылды. Яғни, жергілікті тұрғындарды жайылымдармен және шабындықпен қамтамасыз ету мақсатында, осындай алқаптар мемлекеттік мұқтаждықтарға алуға жатқызу керек.
Бесіншіден, жер реформасы шең­берінде кеңінен талқыланып отырған жерді жеке тұрғын үй құрылысы үшін берудің проблемалы мәселелерін ескере отырып, әкімдіктерге ЖТҚ-ға арналған жер учаскелерін мемлекет мұқтаждықтарына сатып алу мүмкіндігін беру үшін ЖТҚ-ға берілетін жерлерді мемлекеттік мұқтаждықтарға жатқызу ұсынылды.
Алтыншыдан, Комиссия мүшелері қабылдаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру институтын жетілдіру бойынша ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Парламентіне енгізу ұсынылды.
Жетіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жарғылық капиталында шетелдіктердің үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға қатысты ауылшаруа­шылығы жерлерін жалға беру нормаларын да жарияланған мораторийге сәйкестендіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Сегізіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Комиссия қабылдаған шешімдерді заң талаптарына сәйкес рәсімдеп, Қазақстан Республикасы Парламентіне енгізу жұмыстарын ұйымдастыру және жер заңнамасын же­тіл­діру жұмысын жалғастыру ұсынылды.
Тоғызыншыдан, Жер кодексінде мораторий жарияланған мәселелер бойынша негізделген нақты шешімдер қабылдау үшін ауылшаруашылығы жерлерінің пайдаланылуы туралы дәйекті мәліметтерді толықтыру, оларға егжей-тегжейлі түгендеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентіне қолданыстағы мораторийдің мерзімін 5 жылға, яғни 2021 жылдың 31 желтоқ­санына дейін ұзарту ұсынылды.
Оныншыдан, беріліп отырған ұсы­ныс­тарды Қазақстан Республикасы Президенті қабылдаған жағдайда Комиссия жұмысын тоқтату ұсынылды. Яғни Комиссия мүшелеріне жер заңнамасын бұдан әрі жетілдіруге байланысты жұмысқа қызығушылығы болатын болса, онда Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге бұл жұмысқа қатыса алатындығы ескертілді.
Комиссия жұмысының нәтижесінде дайындалған бұл ұсыныстар дауысқа салынып, бір ғана қарсы дауыспен қабылданды. Ал соңғы түйінді шешім Елбасының еншісінде.

Дәукен Жұматұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.