«Шалқарды» шарықтатсақ

Қазіргі таңдағы бұқаралық ақпарат құралдары дамыған уақытта еліміздегі қазақтілді тыңдармандарға қызмет етіп жүрген «Шалқар» арнасының таралым уақыты бұрынғыдай 24 сағаттық межеге жете алмай отыр. Кеңестік кезеңдегідей Ресей мен Қытай, Моңғолия мен Орталық Азия аймақтарында тұратын қандастарымыз еркін тыңдай алатын мүмкіндікті бүгіндері қайта күшейткеніміз абзал. Өткен Парламент жиынында Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшынбаев Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевке осындай мәтінде депу­таттық сауал жолдады.


Депутаттың айтуынша, 40 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп (2-3 жылдық үзілісті қоспағанда), елімізде мемлекеттік тілде хабар таратып келе жатқан жалғыз «Шалқар» ұлттық радиоарнасының хабарларын кезінде Қазақстаннан тыс шетелдерде тұратын қан­дас­тарымыз тыңдап келген. Қазір бұл арна хабарларын ауылдарға тарату мүмкіндігінің жоқтығына байланысты мемлекетіміздің ірі қалаларында ғана қызмет көрсетіп, ел тұрғындарының 61,31 пайызын ғана қамтып отыр. Атап айтар болсақ, әрқайсысы қуаттылығы 1000 киловаттық FM диапазонды хабар таратқыштарымен Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталықтарында, бірқатар елді мекендерде ғана трансляция жасалынады екен.
– Республикадағы қиыншылықтарға бола кезінде жабылған «Шалқар» радиосы 2002 жылы 16 қаңтардан бастап қайтадан FM диапазонында эфирге шыға бастады. Бірақ айтып өткеніміздей, «Шалқар» арнасы еліміздің барлық аумағын қамти алмай келеді. Бүгінде еліміздің экономикалық мүмкіндіктері артып келе жатқан тұста «Шалқар» арнасының бұ­рын­ғыдай берілуін тәулігіне 24 сағатқа жет­кізіп, көрші елдер аймағында тұратын қандастарымыз да тыңдай алатындай етіп, қуа­тын күшейткеніміз абзал, – дейді Зейнолла Алшынбаев.
Ол үшін арнаның ішкі шығармашылық және техникалық мүмкіндіктері жеткілікті екен. Осыған байланысты депутат министрлік алдына, республикадағы тек қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз «Шалқар» ұлттық ра­дио-арнасын мемлекеттік ақпарат құралы ре­тінде мәртебесін көтеріп, жеке радио мәрте­бесін беру; 18 сағат хабар тарататын арнаның хабар тарату көлемін тәулігіне 24 сағатқа жеткізу; радионың Қазақстандағы таралу ауқымын 100 пайызға жеткізу, бұрынғы таралу ауқымын қалпына келтіру (Қазақстаннан тыс Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, тағы басқа да шетелдер) секілді нақты ұсыныстарын алға тартып отыр.
– Бұл аталған шаралар еліміздің дербес мемлекеттік мүддесіне сәйкес ұлттық саясатымызды насихаттау мүмкіндігін арт­тырумен қатар, шетелдерде тұратын қандастарымызды рухани жағынан қолдау болып табылар еді, – дейді Алдан Смайыл, Гүлнар Сейітмағанбетова, Бекболат Тілеухан, Амангелді Момышев сынды бірқатар депутаттар.
Жарты ғасырға жуық уақыт бойы халқымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан «Шалқар» радиосының тәулік бойы қызмет ететін уақыты келген секілді.

Әлімжан Өмірзақұлы



Принтерден шығару Принтерден шығару