Кемнен келген өлең-хат

KarataevСұлтанғали ҚАРАТАЙҰЛЫ,
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының құрметті азаматы,
Қазақстан спортының құрметті қайраткері

Белгілі қаламгер, қазақтың тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратайұлы редакциямыздың құрметті қонағы. Ол бізге жиі келіп тұрады. Ондайда өткен өмірінен естеліктер айтады. Жазған дүниелерін ұсынады.
Сұлтекең сан қырлы. Сазгерлік те қасиеті бар. Бірқатар әндері ел ішінде орындалып та жүр. Реті келгенде ағамыздың спорт терминдерін қазақыландыруда да елеулі еңбек сіңіріп жүргенін айта кеткен жөн.
Журналист қауымы ерекше құрмет тұтатын ардақты азамат бүгінгі күні 80 жастың сеңгіріне көтеріліп отыр. Ардагер қалам иесіне денсаулығыңыз зор болсын, тағылымды туындыларыңызбен оқырмандарыңызды қуанта беріңіз деген шынайы тілегімізді білдіргіміз келеді.

Атамның әңгімесі

1948 жыл. Жеті баламен жесір қалған анам Айдана ұжымшар басқармасына барғыштап жүріп, шопандық жұмысты алды. Ол кезде қозы бөлек бағылады. Қой сауылып, сүті брензі жасау үшін бірден мемлекетке тапсырылады. Қозы бағу маған жүктелген. Оны таңертең саулықтан айырып, үйдегі барлық балалар болып, жабыла көгендейміз. Сол кезде үй төңірегі азан-қазан: көгендегі қозының жіңішке үні мен төлінен ажыраған саулықтардың маңыраған дауысы ұласып, таңертеңгі тынық ауаны жаңғырықтырып жібереді. Қой кешкілік өрістен қайтқанда да бақташының жаппасы мен біздің алты қанатты киіз үйден тұратын қойлы ауылдың айналасы тағы да у-шу болып жатады. Онда мен әуелі қозыны ертерек айдап келіп, өзге аға, апа, қарындас, ініммен бірге тез-тез көгендейміз. Сол жұмыс біткенде ғана бақташы Жоныс атаға белгі береміз. Ол әлгі белгіні көрген соң қойды ауылға қарай беттетеді. Сонда саулықтардың жаппай маңырап, көгендегі қозыға қарай жүгіргенін көрсең! Олар 200-дей қозының арасынан өз төлдерін бірден табады. Содан анам мен Жоныс атаның әйелі Оңай әжем саууға кіріседі. Оларға кейде 13-14 жас шамасындағы Бекзада апам көмектеседі. Төреғали ағам, мен, Арыстанғали інім, тетелес қарындасым Күлзада – бәріміз саулықтарды бір-бірлеп ұстап, сауылатын жерге алып келіп тұрамыз. Сауын біткесін қозылар еркін қоя беріледі. Енді олардың маңыраған үні семіп, ауыл маңы жайбарақат күйге енеді. Осы көрініс күн сайын қайталанады.
Бірде, Жоныс сырқаттанып, қой бағуға Әлі атам шықты. Қасына мені ертті. Көгендегі қозыны ағытып, ауыл маңына шығару Күлзада мен Арыстанғалиға тапсырылды. Бұл жайлауды – Ақсуат дейтін. Өлкелі жер. Шөбі шүйгін. Қой өріске шығысымен киізге уыстап шашып тастаған асықтай бытырап жайылса да сол жерден алысқа кете қоймайды. Сондайда ол тіпті өте көп сияқты көрінеді. Атам жерге жайбарақат отырып, менің назарымды аударып әңгіме бастап:
– Мына қойдың бәрі де біздікі, сенің әкеңдікі, – деді.
– Қалайша? Колхоздікі емес пе?
– Біздің ата-қонысымыз Аралтөбеде болатын. Осы жерден алыс емес. Балығы тайдай тулаған өзенді жер. Сенің әкең сауат ашу сабағына қатысып, хат танып, зеректігімен көзге түсе бастағанда аудан басшылары шақырып алып, «Біздің ауданда 56 колхоз құрылады. Соның бірін сен басқарасың. Аудандық партия комитеті саған сенім артып отыр» дейді. Әкең ол кезде жас қой. Тартынады, жүрексінеді. «Руластарыңды тізімге түсір. Соңыңа ергісі келетін басқа ру кісілерін өздеріңмен ала шық. Жаңа колхозда адамның аз болмағаны жөн. Екі соқа беріледі. Жер жыртып, егін салатын боласыңдар» депті аудан хатшысы. Содан біз үдере көштік. Бізге шаханнан (ру аты) қыз алған сексен (ру аты) Дауылбай жездең мен ақкиіз (ру аты) Дәрібай, шекті (ру аты) Жұмахмет сияқты басқа рудың кісілері ерді. Сөйтіп, Ақкөл мен Бұлаққа келіп қоныстандық. Бала-шағасын қосқанда Ақкөлде – тоқсаннан аса, Бұлақта – сексеннен аса кісілер болды. Арада бір жыл өтті ме, өтпеді ме, аудан басшылары «жекеменшік малды колхозға тапсырасыңдар!» деп бұйырды. Жұрт бергісі келмеді. Әкеңді аудан жиі-жиі шақырды. «Өзің бірінші болып, малыңды колхозға өткізесің» десе керек. Сөйтіп, 60-тан астам қой-ешкі, 2 бұзаулы сиыр, 1 ат, 2 тайынша тапсырдық (бұл дерек аудандық «Колхоз жолы» газетінде де жазылған – 1939 жылы). Содан бері он жылдай уақыт өтті. Қазір әр жылғы төл өсімін санап отырсам, мына 600-дей қойдың бәрі біздікіндей көрінеді.
– Өзгелер де тапсырды ма?
– Сенің әкең мырзақолды жігіт еді. Ірі қара ұстамайтын. Қонақ келгенде сойып тастауға қолайлы деп, ұсақ малдың көбірек болғанын қалайтын. Өзгелер қолындағы жалғыз сауын сиы­рын, баспақ, қашарын өткізді. Қазір ауылдағы бір қора сиыр солардың қосқандарынан құралды.
– Колхоз басқарған адамды соғысқа неге алған? Ана жолы «әкең жақсы басқарма болды» деп мақтадың ғой. Жұмысты жақсы атқарса да әскерге алғаны несі? – дедім әлі атамның әңгімесін ары қарай тыңдағым келіп.
– Иә, әкең аудандағы мақтаулы басқармалардың бірі болды. Сол үшін сыйлыққа пәтипон, самаурын алды. Пәтепонды біраз жыл пайдаландық. Ал, үйдегі бес литрлік самаурын – әкеңнің көзіндей болып қалған дүниелердің бірі сол. «Соғысқа неге алды дедің бе?» Білгенің дұрыс. Айтайын. Соғыс бас­талып кеткен. Біздің әскер шегініпті. Содан Сталин күш жинап, жаудың бетін қайырмақ болады. Сол тұста аудан басшылары әкеңді жиі-жиі шақыра берді. Бір күні тұнжырап, көңілсіз қайтты. Қобалжулы көңілін бізге емес, келінге – сенің анаңа айтса керек. Естігенде бәріміз де, күңірендік, күйзелдік. Аудандық партком «Сен ерлік, батырлық бастама көтер! Жасы келген ауылдастарыңа өзің бас болып, майданға бірге аттан! Өзгелерге үлгі болсын! Коммунистік партия бастаған, ұлы Сталин бастаған Совет Одағы ел боп, көп боп көтерілсе, жаудың бетін қайтарады. Елге жеңіспен ораласыңдар!» деп жігерлендіріпті. Әкең партияда жоқ еді. Соғысқа аттануға ықылас білдіріпті. Сонда біздің шағын колхоздан ғана 20-дан астам адам жол шекті. Солардың үшеуі – әкең Қаратай, кіттай атаң Жанәділдің (Қаратайдың ағасы) үлкен ұлы Құтмағамбет, Ақәженнің жалғыз ұлы Қосжан – біздің шаңырақтан. Бұлардың біразы жарақаттанса да ауылға аман оралды. Ал, біздің әулеттен кеткен үшеудің бірде-бірі қайтпады…
Атамның бойы тапалтақ. Өте күшті, ширақ, мығым. Шоқша ақ сақалы бар. Шашы да ақ. Намаз оқиды. Бір қызы, екі ұлы болғанын біліп өстім. Үлкен ұлы – Жанәділ. Одан – Құтмағамбет. Құтмағамбеттен Төребай мен Айзада. Төребай менен бір жас үлкен де, Айзада бір жас кіші (қазір ауылда). Әлі атамның кенже ұлы – Қаратай. Одан Молдағали (Молдаш), Бекзада, Төреғали, Сұлтанғали, Күлзада, Арыстанғали, Несібелі тарады. Қазір төртеуміз бармыз: екі ұл, екі қыз (Төреғали, Сұлтанғали, Күлзада, Несібелі). Бәріміз де зейнеткерміз. Үлкеніміз – 80-нен, кішіміз 70-тен астық. Бәріміз де үлкен ағай Молдағали мен жеңешеміз Алтынның қолында тәрбиелендік. Молдекең 18 жасында 22 жастағы қызға үйленді. Сөйтіп, өзі әкеміздей, жеңешеміз – шешеміздей қызмет етті бізге.
Атамыз 87 жасында 1953 жылы дүние салды. Бұл кісі өте қызық адам еді. 1916 жылы үлкен баласын патша өкіметі соғысқа (қара жұмысқа) шақыртады. Ал, ол сол тұста үйленсе керек. Содан Әлі атам баласы үшін соғысқа өзі аттаныпты. Командирлер «Алин Жанадил кім?» деп сұраса, «Менмін!» дейді екен атамыз. Содан Астрахан жағында қара жұмыс істеп жүрген. Ол майданнан қашады. Аралға жетеді. Етік тігумен айналысады. Ауылға қайтуға қорқады. Ұстап алып, «итжеккенге» айдатады немесе атып тастайды деп ойлайды. Оны сол жаққа жолы түсіп барған ауылдың бір адамы таниды да, Қаратайға хабарлайды. Содан әкеміз жер арқасы қиянға арнайы іздеп барып, алып қайтады. Осы әңгімені естіген біз, немерелері:
– Ұлы Отан соғысына жақсы көретін кіші балаңды алып бара жатқанда әлгі батылдығыңды тағы да танытып, өзің неге аттанбадың? – дейміз. Ол жауап берудің орнына біраз үнсіз отырып, көзіне жас алады. Тіпті қорсылдап, еңкілдеп жылай бастайды. Сол сәтте оған біз қосыламыз. Сәлден соң ол бізді жұбатуға кіріседі…

Мен әкемді бір  минөттай-ақ көрдім

Атамның, анамның, ауыл адамда­ры­ның айтқандарынан ғана әкем туралы мағлұмат алғаным болмаса, мен оны тіпті танымаймын. Ол мені алдына алып отырмады. Сақалын, мұртын, иегін, бетін сипаламадым. Тілім шығып, «әке» деп те айта алмадым. Оның суреттегі жүзін 1949 жылы 5-ші сыныпта оқып жүргенде алғаш рет көрдім. Әлима Төлегенова дейтін қызбен қатар отыратынмын. Сол бірде үйінен сурет әкелді. Әкесінің майданда жүріп түскені.
– Әкемнен бір хат пен сурет ертеректе келген екен. Соларды көрген сайын анам жылай берген соң, бүгін суретті дәптерімнің арасына салып алып кеттім, – деді Әмина. Суретте әскери көйлегі бар үш адам бейнеленіпті. Мен олардың ешбірін танымадым.
Осы жайтты бірнеше ай бойы ауы­рып жүрген анам Айданаға айтып, «Біздің әкемізден сурет келді ме?» дедім.
– Өлеңмен жазылған бір хат алдық қой. Суреті болмады, – деді ол. – Әлиманың әкесі мен сенің әкең бірге аттанған соғысқа. Қалайша суретке түспеді екен? – деп ойланып қалды анам. Ол өзінің төсек тартып ауырып жатқанына қарамастан, Әлиманың үйіне барып, сурет жайлы сұрамай ма.
– Суретке үш адам болып түсіпті. Ол саған да, маған да келмеген. Үшінші адамнан сұрап алып, ана жолы Ақтөбеге барғанда жеке-жеке бөлек түсіртіп алдым. Сен сырқаттанып жүрген соң, науқасын ауырлатып алармын деп айтпаған едім, – дейді Әлиманың анасы.
Сол суретті әкелген күні анам көп жылады. Пеш түбінде жатыр. Сурет жастығының астында. Анда-санда қолына алады, сүйеді. Көзінен жас моншақтайды. Соны көріп біз де кемсеңдей беретінбіз. Біз дауыс шығара бастағанда ғана анам көзін сүртіп, суретті жастығының астына салып, «Қане, болды, жыламаңдар!» дейтін өзінің қалыпты баяу үнімен. Сол суретті Ақтөбеге көшіп келгенде үлкейтіп, қасына қайтыс болған анамыздың бейнесін қосып, төрге іліп қойды Молдекең. Кейін біз үйленіп, тұрмыс құрып, шаңырақ көтергенде өзімізге жеке-жеке жасатып алдық. Әке-шешеміздің үлкейтілген суреті қазір бәріміздің үйімізде бар. Бізге қарап тұр. «Балаларым, адал жүріңдер! Жалқау болмаңдар! Бір-біріңді қолдап, демеп жүріңдер! Араларыңда үлкенді үлкендей, кішіні кішідей жарасымды сыйластық болсын!» деп көз алмай, бақылап тұрғандай көрінеді. Әке-шешеміздің сол өсиетін адал орындаған Молдаш ағам да, Бекзада апам да, Алтын жеңешем мен Әділ жездем де дүниеден озды. Өзгелеріміз біреуден озық, біреуден қалып дегендей жүріп жатырмыз. Ең кішіміз Арыстанғали болса, детдомда жүріп, тым ерте шетінеді.
Әкем, жұрттың айтуынша, сәл сарғыш реңді, дөңгелек жүзді, қысқа мойынды, шымыр денелі болса керек. Ал мен оның тірі бейнесін небәрі бір минуттай-ақ көрдім.
Қаратаймен рулас Қосым деген кісі болған. Оның ағасы дүние салады. Одан бала қалмапты. Содан әмеңгерлік дәстүрін берік ұстаған жесір қалған Меруерт өзінен 13 жас кіші қайнысы Қосымға тұрмысқа шығады. Дәу әжемнің (күллі ауыл балалары Меруертті Дәу әже дейтін) айтуына қарағанда, ол Қосым қайнысын арқалап жүріп өсірген екен. Бұлар үйленген соң Дәу әжем қатарынан 4 қыз табады: Жаңылтай, Бибіхан, Дүржан, Ұржан. Содан Қосымға Базар деген қызды алып береді. Одан бала болмайды. Өзі кілең қыз таба берген соң, Дәу әжем ұл-қызды аралас тауып жүрген Айданадан «Келесі балаң ұл болса, маған асырап алуға бересің» дейді. Ауылдың атақты емшісі, құмалақшы, арқалы (әруақты) әрі палуандықпен аты шыққан Дәу әжемнің өтінішіне Айдана қарсылық білдірмейді. Содан мен шыр етіп өмірге келгенде кіндігімді кесіп, бірден ырымдап, етегіне салады. Арада қырық күн өткен соң өз үйіне алып кетеді. Сөйтіп, мен өз анамның сүтін емірене ембей өсіппін. Бұған керісінше, Дәу әжемнің айтуынша, оның бастапқыда омырауы иіп, емшегінен сүт шығыпты-мыс. Бірақ, құрсағында тербеткен ананың ақ сүтіндей қайдан болсын. Қос кемпір, менің асты-үстіме түсіп қанша пейілін білдірсе де, мен жүдеп, арықтай беріппін. Содан жеті жасқа дейін сақау болдым. Жеті жасқа дейін жүре алмай мешел болдым. Шоқпытпен орап қоймаса, отыра алмай, құлап қалушы едім. Денемде бір шүкім ет болмады. Шала піскен арық құстың сүйегі сияқты әр мүшемді тек тарамыс қана жалғап тұратын. Сондай күндердің бірінде әдеттегідей сәкіде ораулы күйде отырғам. Қыстың күні болатын. Сыртында етегі тобыққа түсетін ішігі бар, басына түлкі құлақшын киген бір кісі кіріп келді де, әскерге шақырылатынын, ертең жолға шығатынын, қоштасуға келгенін айтып, Дәу әжеммен төс түйістірді. Базар әжем «Отырыңыз, шай дайындайын» деп бәйек болды. Ал, келген кісі болса, тізе бүкпеді. Маған бір қарады. Түлкі құлақшынның екі жағына да мұз қатқан. Жүзі анық көрінбейді. Оның сол көз тастап бұрылғанында әкелік мейірім болды-ау деп ойлаймын мен осы күнге дейін.
Иә, мен оның мойнына асылмадым. Әке сөзін, әке ақылын естімей өстім. Оның жұрт мақтайтын мейірімін көре алмадым. Ана құшағынан алыстаған қыз қандай албырт та аңғырт болса, әке дауысын, үнін, сөзін, ақыл-кеңесін, жүрек үлпілін естімей, сезінбей, бойға сіңірмей өскен мен де қатар-құрбымнан едәуір қалыңқырап өстім. Дәу әжем ем-дом жасап, 7 жаста тілімді шығарды. 7 жаста тәй-тәй тұрғызды. 9 жасымда мектеп табалдырығын аттадым. 5-ші сыныпты бітірген соң 4 жыл оқудан қол үзіп (анамның қайтыс болуына байланысты), жасым 18-ге қарай беттегенде Ақтөбе қаласынан ауылға қашып, интернатқа алынып, 8-ші сыныптың партасына отырып, 21 жасымда 10-шы сыныпты үздік бағалармен аяқтап, университетке тапсырған емтихан бағаларымның қорытындысы (алты пәннен) 26 болса да, 21 деп қате саналып, оқуға түсе алмай, содан қара жұмыс істеп, келесі жылы барлық пәнді 5-ке тапсырып, университетте 5 жыл бойы Абай атындағы стипендиат болып (бұл Ақтөбе облысы бойынша бірегей көрсеткіш еді) оқығанымды көңіліме медет тұтсам да, әкемнің аясында, өз анамның құшағында өспегенімнің зардабын көбірек тартқан пендемін.
Мені асырап алған Қосым он шақы­рым­дай жердегі Шаңдыкөлден пошта тасып жүріп, үсіп өлді. Қос кемпір (Дәу әжем мен Базар әжем) 1948 жылы мені өз анамның босағасын аттатып, өздері көп кешікпей жарық дүниемен қоштасты.

Әкемнен келген  жалғыз хат

Әлі атамның айтуына қарағанда, мына өлең-хат 1942-1943 жылдың қы­сында келгенге ұқсайды. Есімде қалғаны, хатты көбінесе үлкен ағам – Молдаш (Молдағали) оқитын. Латын әрпімен жазылған. Сонда анам Айдана жылайды. Әлі атам да жылайды. Тыңдап отырған өзгелер де жылайды. Кемсеңдеген оларға біз қосыламыз. Тек хатты оқып отырған ағайым ғана дауысын өзгертпейді. Кейбір сөздерді ежіктесе де оның үні ашық та айқын естіледі. Не оқыса да мәнерлеп, өзіндік мақамға салып оқуға дағдыланып қалған ол сонысынан таймайды.
Кейін ауылдағы үлкен кісілердің және алыстан келген әкеме таныс адамдардың сұрауы бойынша Молдекең өлең-хаттың шумақтарын белгілі бір ән, жыр әуеніне салып, қолына оқтау ұстап отырып (домбыра тарта білмейтін), жатқа айтып жүрді. Домбыраға ерте әуестенген Төреғали болса, өзінің тым-тәуір дауысымен өлең-хатты жыр-терме түрінде орындайтын болды. Өлең Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында (1995 жылы) Республикалық радиодан берілді.
Әкемнен қалған осы бір ескерткішті мен Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық әскери комиссариат арқылы аудандық музейге жібердім. Бұл өлең-хатта менің әкемнің ғана емес, сол жылдары майданда болған барша ер-азаматтың елді, тума-туысты, бала-шағаны сағынуы бар. Әрі мұнда жер-жаһанды жалмап келе жатқан жауды жоюға деген әкемнің батырлық, қайтпас-қайсар үні жатыр. Бұл дегеніңіз, қазіргі және болашақ жастардың бойына жақсы адами қасиеттер ұялатып, оларды отансүйгіштікке баулиды.
Әуелі сөзді бастайын,
Саяси ұлы бағытпен.
Асып бір сөзді айтпайын,
Албырттық, жастық ағытпен.
Қадамдап алға, біз бастық,
Команда, берген бағытпен.
Қолға алған түрлі қаруды-ай!
Мақсатымыз алға баруды-ай.
Атаңа нәлет фашистің,
Тұқымын тұздай құртуда-ай!
Еңбекші елдің баласы,
Мысал қылып айтайын.
Приказға жаңа сүйеніп,
Қойыңыз артта қалуды-ай!

Бұйрықпен алға барайық!
Текшелеп оқты салайық!
Ретін тауып, жігіттер,
Қоршалап жауды алайық!
Алдау сөзге ермелік!
Фашиске жерді бермелік!
Қабаған қара төбеттей
Гитлерді көрмелік!
Қолыма қалам алғаным –
Дүниенің білдім жалғанын.
Көреді екен пендесі,
Бір Алланың салғанын.
Айтайын сөзді жинақтап,
42 жылдың басынан,
Шығарып көңіл қасынан.
Тілегі көптің болмаса,
Аққан бір көздің жасынан.
Жүруге біздер бет алдық,
Налыстық етіп қоштасып,
Топталған іске тосыннан.
Заманның біз де жүйрігі,
Сыбанып топқа қосылған.
Тілекшіміз және бар –
Аяқ-қолдан айрылмай,
Келсе екен деген осыдан.
Бұл тілекке кездеспей,
Тұс-тұсынан оқ жауып,
Қара қан судай жосылған.
Әркімге болып бас бағу,
Тума-туыс ағайын,
Адасып қалды-ау қасымнан.
Адамзаттың баласы
Таң қалғандай іс болып.
Орысы жоқ, қазақ жоқ,
50-ден бері зайыр көріп,
Азғантай ғұмыр жасынан.
Қолыма қалам алайын,
Көңілге сана салайын.
Балдырғандай жастардың,
Далада қалды-ау талайы.
Көзімен анық көре алмай,
Қолымен анық қоя алмай.
Арманда болып келеді,
Туысқан-тума, ағайын!
Қайсыбірін айтайын,
Айырылып келеді.
Асанбай атты шырақтан,
Қаратай мырза тоқтайын!

Мен жаттым үкіметтің бағымында-ай!
(Ауруханада болса керек)
Хат жаздым Молдашымды
сағынып-ай!
(Ең үлкен ағайымды –
Молдағалиды әкем де,
анам да, күллі ауыл да Молдаш дейтін).
Хатпенен, хабар сұрап тұратұғын
Молдашым хат салмадың неғылып-ай?!
Шәккіден біздер шықтық сағат үште.
Қыздырып парабозды салып күшке.
Сол күні түніменен жүріп келіп,
Түсірді Ішкәліпке (Чкалов – Орынбор)
ерте түсте.
Вагонға бөліп-бөліп салды енді,
Телміртіп, жәудіретіп екі көзді.
Тілегі көпшіліктің қабыл болып,
Күн қайда қайтаратын елге бізді?
Қара нан тамағымыз шала піскен.
Шай қайда құйып қаймақ
шайқап ішкен?
Түн болса, ал, дөңбекшіп
жата алмаймыз,
Кәріп жан бір шыбындай еске түссе.
Біз шықтық Қарабұтақ қарауынан,
Қосылып әрбір жолдың тарауынан.
Халықты соншама көп ауырсынбай,
Көліктің тап болдық та жарауына…
Біз бардық Воронеждың қаласына,
Салды ғой қара орманның арасына.
Туғалы атыс-соғыс біз көрмеген,
Күн туды қара қазақ баласына.
Ішінде көп жігіттің тұрлан палуан,
Ой түсті көкірекке алуан-алуан.
Осыдан олай-бұлай болып кетсем,
Кімдерге қарап қалады қатын, балам.
Хат жаздым қалам алып жеңге, ағам.
(Ағасы – Жәнәділ, жеңгесі – Әлипа)
Хат жаздым, тумаларым, арнап саған.
Айырып айтатұғын менде ой жоқ,
Туманың барлығын да мен сағынам!
Жатырмыз жинақ болып үйде тақтай,
(Ол бұл хатты госпиталдан жазып
отырса керек).
Иә, Алла, Құдіретіңмен өзің сақта!
Алладан сабыр бер деп мен сұраймын,
Ағайын-тумалардың бірі жоқтай.

Биік біткен жар екен,
Іні деген ер кезек,
Айбалтаның сабы екен.
Жарық жүзбен ойнаған,
Қараңғының шамы екен.
Қарындасың, жігіттер,
Жамандық саған ойламас –
Тілектестің бірі екен.
Бұл қадірді кім білген?
Ұзартпай сөзді қысқартып,
Көп-көп сәлем айтамын,
Елдегі іні, аға-екем!

Әрмияға алындым
Қарабұтақ деген қаладан.
Айырылдым содан соң
Туысқан-тума, ағадан.
Ағадан бөлек мен емес –
Бөлектенген талай жан.
Бөлектенген еш етпес,
Қосылсақ аман қайтадан!
Отанды қорғау міндетім,
Арам фашист ит жаудан!
Жауды жерден қуам деп,
Ұйықтамай, жігіттер,
Атырдым талай ұзақ таң!
Атака жасап соғыста,
Жаралы болдым бір рет
Воронеж деген қалада.
Бәлністе жаттым 4 айдай
Хат ала алмай елімнен.
Соғысқа барам қайтадан.
Тумаға аман қосқай деп,
Сұраймын тілек Алладан…
Мен әкемді көрмесем де осы өлең-хатын көңіліме медет тұтып, ол жа­самаған жастан асып (ол 1900 жылы туған), 80-нің де сеңгіріне көтеріліп қалыппын.

Атамыз 87 жасында 1953 жылы дүние салды. Бұл кісі өте қызық адам еді. 1916 жылы үлкен баласын патша өкіметі соғысқа (қара жұмысқа) шақыртады. Ал, ол сол тұста үйленсе керек. Содан Әлі атам баласы үшін соғысқа өзі аттаныпты. Командирлер «Алин Жанадил кім?» деп сұраса, «Менмін!» дейді екен атамыз. Содан Астрахан жағында қара жұмыс істеп жүрген. Ол майданнан қашады. Аралға жетеді. Етік тігумен айналысады. Ауылға қайтуға қорқады. Ұстап алып, «итжеккенге» айдатады немесе атып тастайды деп ойлайды. Оны сол жаққа жолы түсіп барған ауылдың бір адамы таниды да, Қаратайға хабарлайды. Содан әкеміз жер арқасы қиянға арнайы іздеп барып, алып қайтады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.