Елге еңбек сіңірудің үлгісі

Бүгінде 80 жастың мәртебелі белесін бағындырып отырған ардақты да ақылшы ұстазым, ұлттың мақтанышына айналған Камал Сәруарұлы берекелі ісімен де, жайдары-жайсаң мінезімен де көпшіліктің ықыласына ие болып отырған жан. Кешегі дәуірдің қиындықтарын жеңе отырып, өмірде шыңдалып-жетілді. Еңбекке араласты, аяулы әкесі бағыт берген, онан соң өзінің жүрек қалауы қош көрген күрделі де жауапты мамандыққа — дәрігерлікке таңдау жасап, терең білім игерді, әр кез тұтастай қоғамға пайдалы істерді атқарып келеді.
Қазақ халқы өзінің сүйікті де қадірлі перзенттерін атымен атаған. Мысалы, Абай, Мұхтар, Ахмет, Қаныш, Әлкей деп білеміз. ХХ ғасырдың бел ортасында бой көтеріп, бүкіл елді қарата білген берік буынға Салық Зиманов, Төрегелді Шарманов, Кенжеғали Сағадиев, Манаш Қозыбаев, Әбіш Кекілбаев сынды тұлғаларды жатқыза аламыз. Осы буында біздің Камал ағамыздың орыны ерекше. Халқы «еліміздің Камалы» деп біледі.

Өмірдің мәні де, нәрі де еңбек, биік өредегі адамгершілік, сыйластық пен жанашырлық, адалдық пен қамқорлық деп түсінетін Камал аға кез келген адамның қолынан оңайлықпен келе бермейтін талай игі істердің басын қайырды және әлі де сол тұғырдан көрініп отыр. Адам өз ғұмы­рындағы жағымды істерімен ғана көп­шіліктің жүрегінен орын алатыны белгілі. Камал аға сондай ерекше жаратылыстағы азаматтардың қатарынан ойып тұрып орын алады.
Қазақ танымында «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген әдемі ұғым бар. Оны Камал ағаға қарата айтсақ, бірнеше қасиеттерді бойына сыйдыра білген.
Уақыт жүйрік. Ол бір орнында тұр­майды. Заман ағымы өзгерістер әкелмей, алға қарай адымдауды талап етпей қоймайды. «Адам баласын заманы емес, керісінше, адам өз заманын билеуі» керек деген қағида бар. Сол айтқандай, Камал аға өз заманының қалың қатпарын тереңнен ұғынып, заманына сай іс-әрекет ететін заңғар тұлғаға әлдеқашан айналған. «Өмір – қас-қағым… Көзді ашып-жұмғанша жылыстап өте шығады». Тынымсыз еңбек пен ізденістерге толы 80 жылға жуық уақыт та өте шыққан екен…
Білікті ғалым, терең парасат иесі, академик Камал Ормантаевтың есімі алыс-жақын шетелдерге дейін кеңінен танымал. Оны барша жұрт «Балалар хирургиясының атасы» деп біледі. Менің ойымша, Камал ағамыздың тек балалар хирургиясының дамуына ғана емес, бүкіл қазақ медицинасының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз.
Медицинаның жілігін шағып, майын ішкен білікті маман шипалы қолымен 20 мыңнан астам балаға операция жасап, өмірлеріне араша болды. Қашанда жүрегінен мейірім, жүзінен жылылық, көкірегінен жанашырлық есіп тұратын ағаның мұндай еңбегін, тіпті, ерлігін ешкім де қайталай алмас деп ойлаймын. Қазақ даналығы: «Қарғыс алма, алғыс ал», «Бата естігеннің ісінде қата болмайды» дегенді бекер айтпаса керек. Олай дейтінім, Камал аға жас шағынан қарапайым жұрттың ақ тілек алғысын, үлкендердің батасын көп естіп өскен бақытты жан. Адам баласы үшін алғыстан артық ұлы баға бар ма?! Міне, осындай бағаны өмір бойы естіп келе жатқан ол толдым деп көкірек керген емес, жетілдім деп желпінген емес. Бүгінге дейін халық, қоғам үшін қызмет етуден қол үзген жоқ. Ол үнемі ұлттың денсаулығын, салауаттылығын, хал-ахуалын ойлап, қоғамда алдыңғы қатарда жүретінімен де үлкен беделге ие. Осылайша, ол дүйім елдің алғысын арқалаған абыройлы тұлға саналады.
Ол кісінің өзі «Адам баласына жан, ар тазалығынан артық ешнәрсе керегі жоқ. Қалғанының бәрін Алла өзі береді» дегенді жиі айтады. Абзал ағаның руханият, өнер, имандылық, инабаттылық жөніндегі көзқарастары да жұрт қызығарлықтай. Ол – өте қарапайым, ізетті жан. Жастайынан жоққа жұтамай, мұңға мұқалмай, өмірінде қысылғанға демеу, тарыққанға медеу болып, асқақ адамгершіліктің өресін танытып келеді.
Ол Қазақстан медицинасының замана көшінен қалмай, лайықты деңгейде дамуына үнемі назар аударып отырды. Оқып жүрген кезде Қазақстанда балалар хирургиясының дербес қызметі болған жоқ. Осының бәрін ескеріп жүрген белсенді маман кейін елімізде алғашқы балалар хирургиясы бөлімшесінің, ауруханасының ашылуына бастамашы болып, ол істі жеріне жеткізе ұйымдастырды. Мамандар желісін жасақтады. Осылайша, Қазақстанда тұңғыш рет дербес балалар хирургиясы қызметі жолға қойылды. Нәтижесінде, сырт жерлерге сабылмай-ақ, мыңдаған баланың өміріне араша жасалды, талай отбасылардың мұң басқан көңілдеріне қуаныш пен жұбаныш, жүректеріне үміт оты ұялады. Мұның бәрі оңай шаруа бола қойған жоқ. Мазасыз күндер мен машақатты сәттер өтті. Бірақ Камал аға ойлаған жобасын, бастаған ісін соңына дейін жеткізу жолында табанды күрес жүргізді.
Академик Ормантаев балалар хирур­гия­сының, педиатриясының, травма­толо­гиясының және анестезиоло­гия­сының негізін қалаушы деп саналады. Осы саладағы жетістіктері үшін көп­теген мемлекеттік марапаттарға ие болды: Қазақстан Республикасының Ұлт­тық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы­ның иегері, Қазақстан Республи­касының Еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымының докторы, профессор.
Мен Камал ағаға Алланың өзі берген айрықша қабілет-қасиет бар деп түсінемін. Күрделілігіне қарамай, операцияларды кез келген жағдайларда жасай береді. Бұл ретте асқан шеберлік, жоғары деңгейдегі біліктілік танытады. Балалардың несеп жолдарына, өкпесі мен тыныс алу мүшесіне, сүйектеріне, ішкі органдарына байланысты аса күрделі операцияларды өміршең етті. Диагностикалаудың, емдеудің және құрылғылардың аса тиімді саналатын ондаған авторлық әдіс-тәсілдерін құрастырды. Осының бәрі зерек ой, терең білім, жоғары парасаттың арқасында ғана мүмкін болатын дүниелер екені даусыз. Ал Камал ағаның бойынан аталмыш қасиеттердің барлығы да табылады және ол қасиеттері сыртқы пішінінен, қарым-қатынасынан, сөйлеген сөзінен, ізгі ісінен анық байқалып тұрады. Шәкірттерінің бәрі Камал ағаға тым үйірсек. Оның да өзіндік себебі жоқ емес. Биязы да жайдары жүзі, ақылшы сөзі кім кімді де өзіне тартып алатын магниттей. Бүгінде ағамыздың жолын қуған сандаған мамандар ол көрсеткен бағытта, ол айтқан бағдарда қоғам үшін аянбай еңбек етуде. Елге еңбек сіңірудің үлгісін біздер Камал ағадан үйрендік дер едім. Камал ағаның өлшеусіз әрі аса құнды еңбектері оны халқының нағыз ер ұлына айналдырды. Халық өзінің шипагерін, жанашырын әр кез құрметтеп, әс көтереді, еркелетеді. «Еркеліктің ең ұлысы – елге еркелеу» деген осы болса керек.
Камал ағаның менің тағдырыма да ықпалы зор болғанын бүгінде айрықша мақтанышпен айтамын. Ол кісі менің әкемнің өте жақын досы болды, үйімізге жиі келіп тұрды. Кезекті бір келгенінде Қазақстанда әлі дами қоймаған тың бағыт – балалар хирургиясы төңірегінде әңгіме қозғағаны қазіргідей есімде. Әкеме маған оқу таңдауда осы бағытқа барсын деген ұсынысын жеткізді. Мен ол кезде медицинаның емдеу факультетіне түсуге дайындалып жүргенмін. Камал аға «Егер жақсы оқитын болсаң, кейін сені кафедраға – өзімнің қол астыма жұмысқа аламын» деген ойын да іркіп қалмады. Бәрі де ағаның айтқанындай орайы келе кетті. Мен педиатриялық факультетті, клиникалық ординатураны тәмамдап, Камал Сәруарұлының жетекшілігімен кандидаттық диссертациямды қорғадым. Ол кісі мені студент кезімнен-ақ өзіне жақын тартты. Сол тұста-ақ мен ағаның ассистенті болдым. Одан соң Камал Сәруарұлының қадағалауымен операцияларды өздігімнен жасай бастадым. Осыншама мол тәжірибе жинауым, кәсіби тұрғыдан толысуым Камал ағаның арқасы, қолдауы мен қамқорлығы екенін мақтанышпен айтамын.
Камал Сәруарұлы ұлтқа қатысты, қоғамдық маңыздағы шаралардан да қалыс қалып көрген емес. Әр кез аса маңызды жайттарға, мәселелерге үн қосып, пікірін ашық айтып, көзқарасын білдіріп отырады. Қазақ ұлтының тағдырына әсер ететін мәселелерде белсенділік танытатын. Нағыз Отанын сүйетін патриот, ұлтжанды азамат Камал Сәруарұлындай болу керек деп ойлаймын.
Кезінде педиатрлық факультет жабылады дегенде қарсы сөз айтып, алаңдап шыққан жалғыз адам да осы Камал аға. Сондай-ақ, педиатрия, балалар хирургия­сы бойынша студенттерге қазақ тілінде дәріс оқыған және оқу құралдарын жазған тұңғыш ғалым.
Камал ағаның өмір жолы зиялы азамат қандай болу керек деген сұраққа толыққанды жауап беретін тәрізді.
Өмірде қарапайым, еңбекте өршіл Камал аға аса мейірімді, қағылез жан. Дос­тыққа берік те адал. Кафедраны бір от­ба­­сының балаларындай ұйытып, өзара жайлы да жайдары қарым-қатынас қалып­тастырды. Сол үрдіс әлі де жалғасын тауып, нығая түсуде.
Камал ағаның қырын айта сырына келсек, ел мүддесін қорғай жүріп, елдің ризашылығына бөленген сүйікті және қадірменді перзентіне айналған.
Ардақты ұстазымды, ақылшымды қай жерде жүрсем де мақтан етіп, жоғары бағалаудан жалыққан һәм жаңылған емеспін. Камал аға – бүгінде халықтың ұлына, тұғырлы тұлғаға айналған біртуар азамат.

Нұрлан АРЫН,
медицина ғылымының докторы,
профессор, Қазақстаның еңбек
сіңірген қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.