«ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ»

Павлодар облысында өткен фестиваль осылай аталды

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай Павлодарда «Ұлы Дала Елі» фестивалі ұйымдастырылды. Ауқымы кең, мән-мағынасы ерекше айтулы шараға Моңғолия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген қонақтар арнайы қатысты.

Ер есімі – ел есінде

«Ұлы Дала Елі» фестивалі аясындағы негізгі шаралар шаһар іргесіндегі Кен­жекөл ауылында өтті. Жұртшылық ал­дымен облыс орталығының көрнекті тұ­сынан бой көтерген Малайсары ба­тыр ес­керт­кішінің ашылуына куә болды.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, «Малайсары тархан» қоғамдық қорының президенті Тито Сыздықов, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров және өзге де құрметті қонақтар қатысты.
Ескерткіш бірнеше сәулет жабдықтарынан құралған біртұтас композициядан тұрады. Композицияның бірінші бөлігінде биіктігі 60 см болатын 4 баспалдақ, екінші бөлігінде биіктігі 4,4 метр үш баспалдақты тұғыр құрайды. Үшінші бөлігін – биіктігі 5 метр қоладан жасалған тұлпар үстіндегі батырдың тұлғасы сомдалған.
Қоладан құйылған ескерткіштің авторы – елімізге танымал мүсінші Болат Құсайынов. Мүсінді құюға автордың бір жыл уақыты кеткен.
– Бабаларымыздың бейнесін жасау үшін алдымен тарихы мен өмірбаянын білуіміз керек. Бұл ескерткіш менің бір жылдық еңбегімнің жемісі. Батырдың астындағы аты мен өзінің образын сәйкес келтіріп, бабамыздың отаншыл рухын көрсетуге тырыстым. Композицияда батырдың арқасындағы шапанын көрсеткім келді, себебі ол Малайсары батырдың қанаты іспеттес. Бұл – ескерткіштің негізгі ерекшелігі, – дейді Б.Құсайынов.
Салтанатты шараға қатысқан ҚР Халық қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров павлодарлықтарды ұлық мерекесімен құттықтап, баһадүрлерімізді ұлықтау баршамыздың басты парызымыз екенін тілге тиек етті.
– Бұл – өскелең ұрпаққа үлгі. Күллі Қазақ жеріне мәшһүр болған баба­мыз­дың аруағы Павлодар жұртын әрдайым қолдап жүрсін, – деді Т.Әубәкіров.
Айта кетейік, қазақ халқының даңқты батырына арналған ескеркішті құюға Ертіс өңірінің жомарт азаматтары атсалысқан. Демеушілер қола мүсінді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында облыс жұртшылығына тарту етті. Шараға жиналған қауым ғалымдар мен тарихшылардың құнды ақпараттарын тыңдап, соңында ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

«ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ»
«ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ»

Тойың тойға ұлассын!

Шараның негізгі бөлігі Кенжекөл ауылынан 2-3 шақырым жердегі тарихи орында бой көтерген этноауылда өтті. Кезінде елдің маңызды мәселелері халық арасында «Ақтөбе» аталып кеткен осы дөңнің басында шешілген деседі. Тарихи орынға тігілген елуден астам ақшаңқан киіз үй мен Хан шатырынан дала қазағының тыныс-тіршілігін анық көруге болады.
Этноауылда қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан сан алуан тұрмыстық бұйымдар мен ат әбзелдері, зергерлік бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Халық құмыра жасау, кес­телеп тігін тігу, ат әбзелдерін жасау өнеріне де қанық болды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын ұлықтаған дүбірлі думанға елімізге танымал ақындар мен жыршы-жыраулар және термешілер қатысты. Мереке барысында азаттық үшін күрескен батыр-бабаларымыздың ерлік жолы театрландырылған қойылымдар арқылы көрермен назарына ұсынылды. Әсіресе, Алматы қаласынан арнайы келген «Nomad» каскадерлері ұсынған шоу мен «Саятшылар» көрінісі тойдың көркін кіргізді.
«Nomad» каскадерлер тобының қыз-жігіттері ат құлағында ойнаған нағыз мамандар екенін дәлелдеп, ат жалында жамбы атып, аударыспақ, қыз қуу, тиын ілу сынды ұлттық ойын­дардан көрініс көрсетті. Сонымен бірге, олар әртүрлі киноларда сомдаған рөлдерінен үзінді ұсынды. Сондай-ақ, «Арлан» костюм театры мен «Томирис» би ұжымы да жиналғандарды ерекше өнерлерімен таң қалдырды. Олар өткен ғасырдағы қазақ халқының тұрмысын көрсететін «Салтанат» және «Жорғатай» би нөмірін әзірлеген.
– Ұлттық нақышта орындалған ең үздік билерді таңдап алдық. Мейрамды жоғары деңгейде атап өту үшін арнайы костюмдер тіккіздік. Қазіргі заманға сай, ұлттық бояуда өрнектелген камзол, кимешек, сәукеле киген қыздар өз өнерлерін ұсынды. Мұндай нөмірлерді дайындау үшін шамамен бір айдай уақыт кетеді. Бүгінгі концертке «Томирис» тобының жоғарғы құрамы қатысты, – дейді аталмыш ұжымның жетекшісі Алтынай Әділханова.
Фестивалдің көрігін кіргізіп, жинал­ған жұрттың делебесін қоздырған айтулы шараның бірі «Қанекей, сөйле, қызыл тіл» атты аймақтық ақындар айтысы болды. Сөз сайысына қатысқан 12 ақын­ның арасынан қарсыласын қалжың сөзбен қағытып, тамаша айтыстың үлгісін көрсете білген ақындар жүлделі орындарды өзара бөлісті. Бас жүлде павлодарлық Қуаныш Шар­мановқа бұйырса, 1-орын астаналық Әсем Ережеқызының, 2-орын қарағандылық Ботакөз Мұхиддиннің еншісінде. Жүлделі 3-орынды Екібастұз қаласының жүйрігі Рауан Қайдаров пен Баянауыл ауданының ақыны Нұрғанат Қайрат өзара бөлісті. Ал, Малайсары атындағы арнайы жүлдемен Тілек Сейітов марапатталды.
Сонымен қатар, айтулы фестивальге барлық қала мен аудандардың өкілдері қатысып, Тәуелсіздіктің 25 жылында жеткен жетістіктерін таныстырды. Мәселен, Лебяжі ауданының өкілдері фестивалге қарбыздың 15 түрін әкелген. Лебяжі ауданы әкімінің орынбасары Алма Қасымова дүбірлі тойға өңірдің мақтан тұтар жетістіктері жеткізілгенін атап өтті.
– Біздің ауданның аты аққуымен көпке таныс. Сондықтан жұртшылық назарына киелі құстар инсталяциясын ұсындық. Бұл біздің ауданның символы десе болады, – дейді ол.
Ел Тәуелсіздігінің 25-жылдығы аясында өткен фестиваль барысында еліміздің мақтаныштары дәстүрлі өнеріміздің белгілі өкілдері – Айгүл Үлкенбаева, Айгүл Қосанова, Нұржан Жанпейісов, Ардақ Исатаева, Ербол Айтбаев, Ерлан Рысқали, «Тараз» трио­сы, «Қоңыр» тобы, Артур Төлепов, Ғалымбек Оспанов және т.б. ән мен күйден, жырдан шашу шашты. Дүбірлі думан барысында қонақтар мен жергілікті тұрғындардың бір легі «Құлагер» ипподромында бас қосты. Онда аламан, тоқ, құнан бәйгелерін тамашалады. Фестиваль соңы орталық жағажайдағы гала-концертпен жалғасып, мерекелік отшашумен мәресіне жетті.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

Павлодар

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. төлеп

    Ескерткіштің ашылу салтанатына Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, «Малайсары тархан» қоғамдық қорының президенті Тито Сыздықов, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров және өзге де құрметті қонақтар қатысты.
    —————
    Б3з қазақ соншама неге сорлы болдық,Тархан деген атақты орыстарға қызмет жасаған Жәнібек батыр мен Тама Есет батырға орыс императоры берген,Малайсары батыр бабамыз тархан атағын алмаған,алмайдыда ,барлық ғумырын басқыншы жонғарлармен соғысқа арнаған ата мекен, жер анамызды қорғаған ,қарындасы дарабөз,хан батыр Қабанбайдың жары Гаухар анамыз,Назым батырдың анасы,сондықтан тархан атаға бабамыз үшін құны жоқ

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.