Жүйелі жұмыс жемісін беріп келеді

Кәсіподақ – қызметкерлердің атқаратын жұмысына негізделіп, жалпы өндірістік, кәсіби мүдделеріне байланысты құрылатын бірлестік. Ол азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс жағ­дайын жақсарту, өмір сүру деңгейін көтеру мен әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз етуді мақсат етеді. Сондай-ақ, жұмыс берушілермен келіссөз жүргізу, жұмыскерлердің атынан жеңілдіктер мен әлеу­меттік кепілдіктер көзделген келісімдер мен ұжымдық шарттар жасап, олардың орындалуын қадаға­лайды. Еңбек туралы заңнамалардың орындалуын, еңбекті қорғау мен еңбек жағдайларын жақсартуға байланысты қоғамдық бақылау жасайды. Келісім және өндірістегі келеңсіз жағдайларды тексеру жөнінде ақы­сыз кеңес береді. Демек, еңбек қатынастары бұзылған жағдайда аталған ұйымның маңызы жоғары.

Өткен жылы Қазақстан Республикасының «Кәсіподақтар туралы» Заңының қолданысқа енуі жұмыскерлер мүддесін заң арқылы қорғауға жол ашты. Бұл кәсіподақ ұйымының қызметін қайта қалпына келтіріп, жаңа бағытта ұйымдастырудың қажеттілігін туындатты. Сонымен, өткен жылы еліміздің әр өңірінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақ федерациясының шешімімен аумақтық кәсіподақтар бірлестігі құрыла бастады. Қашанда игі істің басында жүретін жетісулықтар өткен жылдың қаңтар айында жаңа бастаманың көшін бастап, Алматы облыстық кәсіподақтар орталығын алғашқылардың бірі болып құрды. Ал ақпан айында облыстық кәсіподақтар орталығының үйлестіру кеңесі құрылып, оның жұмыс жоспары бекітілді. Сонымен қатар, үшжақты комиссияға облыстық кәсіподақтар орталығынан өкілдер бекітілді. Сол қатарда еңбекте жүрген әйелдер мәселесі бойынша және жастармен жұмыс жүргізетін комиссиялар, кәсіподақ орталығының «Келешек» жастар қанаты құрылып, жұмысын бастады. Сондай-ақ, жұмыс ауқымын ширата түсу үшін өңірдегі саяси партия және қоғамдық бірлестіктердің өкілдіктерімен қоян-қолтық жұмыс жасауға көшті. Демек, жаңа орталық құрыла сала ауқымды жұмыстарға бірден кірісіп кетті.
Бір жылда орталық 6 рет үйлесуші кеңестің отырысын, семинар оқуларын өткізіп, нәтижелі жұмыс атқарды. Оған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Г.Жұмагелдиева, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының оқыту орталығы директорының міндетін атқарушы М.Қажыкен және оқыту орталығының лекторы А.Персенко шақырылып, 180 адамға заңнамалық тұрғыда кеңес берілді. Сол шараларға кәсіподақтар комитетінің төрағалары, есепшілер және кәсіподақтар мүшелері қатысып, біліктілігін арттырды. Оқыту жұмыстары еңбек заңнамаларын түсіндіру, ұжымдық келісімшарттарды жасау, әлеуметтік әріптестік және кәсіподақтың басты рөлдері, оны қаржыландыру жұмысы бойынша жүргізілді. Орталықтың жанынан қоғамдық қабылдау кеңсесі құрылып, бүгінге дейін 32 адамның мәселелерін шешуге мұрындық болды.
Облыстық кәсіподақ бірлестігінде орталық мамандарының білімін жетілдіру жұмыстары да қолға алынып, осы жылдың ақпан айында облыстағы 15 кәсіподақ мүшесі ҚР Президенті жанынан құрылған адам құқықтары бойынша комиссияның ұйымдастыруымен өткен семинар-тренингке қатысып, кәсіподақ қызметіндегі жаңа бағыттармен танысып қайтты. Биыл 50 кәсіподақ мүшесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік дамыту министрлігі мен «Медиацияны дамыту орталығы» рес-публикалық қоғамдық бірлестігінің «Медиация әлеуметтік еңбек даулардың алдын алу және реттеу инструменті ретінде» атты семинарға қатысты. Сондай-ақ, бүгінгі таңда кәсіподақтар ұйымын Қазақстан Республикасының «Кәсіподақтар туралы» Заңына сәйкестендіру негізінде әділет органдарында тіркеу және қайта тіркелуі бойынша да жұмыс атқарылуда.
Облыстық кәсіподақ орталығы құрылғаннан бері өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдардағы жұмысшыларды кәсіподаққа тарту, кәсіподақ мүшелерінің мүддесі мен құқығын қорғау және кәсіподақ жұмысын жаңдандыру бойынша қомақты жұмыстар атқарып келеді. Орталық өткен жылдың сәуір және мамыр айларында облыстың 15 еңбек ұжымында, оның ішінде «АСПМК-519» компания­сында кәсіподақтың рөлін насихаттау бойынша жиналыс өткізіп, алдағы жоспарларымен бөліскен болатын. Сонда айтылған жоспарларға сай қазіргі уақытта үш облыстық салалық кәсіподақ филиалы, яғни, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен құрылыс қызметкерлері, мәдениет, спорт және ақпараттандыру саласы, ауылшаруашылығы және өндіру қызметкерлерінің кәсіподақтары құрылды. Бұл қатарға кәсіподақ орталығына білім беру, денсаулық сақтау, теміржол, Қарулы Күштері, машина құрастыру, мұнай-газ, энергетика, тау-кен өнеркәсібі саласындағы қызметкерлерінің кәсіподақтары да кіретінін ескерте кеткеніміз жөн. Бұдан өзге өткен жылдан бері жергілікті атқарушы органдар, кәсіподақтар және өнеркәсіп басшыларының арасында өндірістік жұмысты бірыңғай қалыпқа келтіру және еңбек құқығын сақтау бойынша меморандумға қол қойылып, ары қарай жұмыс жүргізілуде. Осыған орай, кәсіподақ орталығы, кәсіподақ ұйымдары ұжымдық келісімшарттардың бекітілуі және оның орындалуы бойынша үнемі мониторинг жүргізіп, кемшіліктерді жойып, жақсы тәжірибелерді үлгі етіп келеді. Биыл 1 қаңтардан бастап жаңа Еңбек кодексі күшіне енді. Қазіргі таңда жаңа Еңбек кодексін еңбек ұжымдарындағы жұмысшыларға түсіндіру бойынша жұмыс жалғасуда. Еңбек кодексінде көрсетілген еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестік және ұжымдық қатынастарды реттеу бойынша облыс әкімдігі, «Алматы облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және облыстық кәсіпкерлер палатасы арасында 2015-2017 жылдарға арналған үшжақты келісімшарт жасалды. Осыдан былай жұмысшылардың мүддесі осы шарт бойынша қорғалатын болады.
Жұмыс ауқымы күн сайын жүйелене түскен кәсіподақтар орталығы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы барлық жұмысқа атсалысуда. Сонымен қатар, ағымдағы жылы өткен мәжіліс және облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарының қатарында кәсіподақ орталығы мүшелерінің болғаны аталған ұйымның елдің саяси өміріне де дендеп араласа бастағанын ұғындырады.

Әсет ҚЫДЫРМАНОВ,
Алматы облыстық кәсіподақ
орталығы аймақтық бірлестігінің
төрағасы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.