«Майдангерден қалған жалғыз тұяқпын…» немесе он төрт баланы аштықтан құтқарған боталы түйе хикаясы

Бұл күндері 77 жастағы зейнеткер, кезінде аудандық кеңеске де депутат болып сайланып, ерен еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденін омырауына таққан, 40 жыл бойы автомашина тізгінін ұстап, жер-жерді шарлап, ел экономикасын көтеруге лайықты үлес қосқан Ықылас Жиенәліұлы Жүсіповты әңгімеге тартып, өмір дерегінен хабардар етуді өтіндім. Ол бірден лып ете қойған жоқ. 

Едәуір үнсіздіктен кейін барып:
– Соры қайнаған соғыс алдындағы 1939 жылы туыппын, – деді баяу үн қатып, – әкем Жиенәлі Жүсіповтен қалған жалғыз тұяқпын. Бірақ Жиенәлінің туған әкесі Жүсіп емес.
– Ау-у, сонда… Әкеңнің әкесі Жүсіп болмаса, сен қалайша Жүсіпов болып жүрсің?
– Е-е, солай енді. Әкемнің туған әкесі – Еріш. Менің атам да сол Еріш.
– Қызық екен…
– Оның мәнісі былай. Жүсіп дәулетті кісі екен. «Жаңақұрылыстың» аумағындағы «Жекенді» көлінде қаз өсіріпті. Айдында қаңқылдаған құс даусына құлақ тосып, рахат күй кешеді екен. Сол қаздың саны мыңға жетіпті деседі. Менің атам Еріш сол Жүсіптің қызы Үржанға ұрын барады ғой. Қыз өз босағасында отырып екіқабат болып қалады. Оған қыз әкесі Жүсіп пәлендей қиналмайды: «Келіп қалыңдығын ала берсін, қалың мал сұрамаймын. Тек осы шақалақты маған берсін. Талабым осы» дейді. Себебі, соның алдында екі ұлынан айрылған бай мұрагерлік ұлға аса зәру еді. Еріш атам тұңғышын бергісі келмейді. Әйтсе де анасы Жиенсұлу араға түсіп немересін Жүсіпке бергізеді. Жүсіп балаға Жиенәлі (расында жиені ғой) деп ат қойып, ұлан-асыр той жасайды.
– Па-й, қазағым-ай!..
– Өкініштісі сол, – деді Ықылас сөзін жалғап, – Еріш атам 25-інде болыстық сайлауға түседі. Қарсылас­тары қымызға у қосып беріп өлтіреді.
– Ойбүй-й, қысастық-ай! Үржан әжең жастай жесір қалды-ау!
– Айтпаңыз. Бірақ қазақ жесірін жылатпаған ғой. Еріш атамның Наурызбай деген ағасы бар екен. Үржан әжемізді соның Әли деген баласына атастырады. Енді нағашы атасы Жүсіптің қолында өскен өз әкем Жиенәлінің жағдайына келейік. Ол 1910 жылы туған. 12 жасқа толғанда елде алай-дүлей басталады. Патша тақтан таяды. Ақтар мен қызылдар айқасады. Дәулеттілерді бай, кулак деп мал-мүлкін талауға салады. Жиенәлі әкем тірсегі майысып жастай «қосшы», «серіктестік», кейін колхоздың қара жұмысына жегіледі. Бай баласы деп қудаланады. Қызыл көз белсенділер тырнағын батырып-ақ бағады. Бірақ әр іске де бейім, егіс егуге де, құс атуға да, балық аулауға да шебер, еңбекқор, тіл алғыш, әрі елгезектігімен елге жағады. Әйтсе де тұрақты үй-күйі жоқ, туыс-танысқа қонақтап жүріп 28 жасында барып, яки 1938 жылы өзіндей жетім, өгей шешенің тоқпағында қан жылап қозы-лақ баққан оналтыдағы өрімдей жас Күнжамила анамызбен тіл табысып, екі жарты бір бүтін болайық дейді. Келінді түсіретін үй де жоқ, әрі Күнжамила қыздың денесін жапқан лыпасы болмаса, үстінде оңды киім де жоқ екен.
– Қу-у, жоқшылық-ай!
– Сонда баяғы Еріш атаның жесірі, Наурызбай ағасының баласы Әлиге атастырылған әкейдің өз шешесі Үржан әжеміз бар емес пе? Осылай да осылай деп соған бар жайды баян етеді. Ана ғой. Ана жүрегі елжірейді. Ұзатылайын деп отырған қыз жасауын, киім-кешегін беріп, тойдың жол-жоралғысын да өзі жасап екі жасты қосады.
– Ту-у, Жиенәлі әкеңді әрең үйлендірдік-ау, – деп сұхбаттасым екеуміз күліп алдық, – Ал-л, одан әрі, 1939 жылы жарық дүниеге сен келдің, ә?
– Иә… Және 1940 жылы інілі болдым. Аты Қалас еді. Бірақ сүзектен қайтыс болды. Ата-анам жарасымды өмір сүрді. Мен еркетайы едім. Сол тыныштықты күркіреген соғыс өрті бұзды. Әкем алғашқылар қатарында майданға кетті. 1943 жылы аты өшкір «қара қағаз» келді. Анам күні-түні колхоз жұмысында. Арық қазады. Бидай, арпа салады. Етегіне оралып мен жүремін. Әкеден «қара қағаз» келгесін-ақ бригадир мен басшысымақтардың пиғылы өзгерді. Анам әлі жиырмаға да толмаған ажарлы әйел еді. Бригадирдің қуғынына түсті. Қит етсе қамшы үйіреді. Ереш бригадир: – «Үйден шығып болмайсың» деп қамшымен қан жоса етті. Түпкі ойы түсінікті. Мысыққа ойын керектің кері. Сол түні анам жүргіншіден Қазалы ауданының «Жаңа тұрмыс» колхозындағы нағашыларына хабар жібереді. Бізді алып кетсін деп. Екі ара елу-алпыс шақырымдай. Ересектер соғысқа кеткен. 14-15 жас шамасындағы Рахмаш түнделетіп келіп көшіріп әкетті. Көлігі кәдімгі қалқанқұлақ есек. Бұл – 1944 жылдың қараша айының орта шамасы. Күн қақап тұр. Колхоздың «Шаңдыкөл» бөлімшесіндегі жылқы қамайтын қораның жанындағы жер үйді паналадық. Біз сияқты қуғын көрген төрт жесір әйел сол арада бас қосты. Үстімізге күйеуі қайтыс боп кеткен екі баласымен Нұрсұлу апа келді. Сөйтіп, бала саны он төртке жетті. Бәрі мен қатарлы 5-6 жастағылар. Аналарымыз бізді әлгі Нұрсұлу апайға аманаттап, өздері балық аулау кәсібімен айналысатын Қасқақұлан, Ұзынқайық, Қарашалаң ауылдарына кетті.
– Ас-су қайда?!
5– Төрт әйел тірнектеп жинап жарты қап бидай, жарты қап арпа беріп кетті. Соны Нұрапа (Иманжүзді ананы осылай атайтынбыз) уыстап бөліп, дерменге тартып үн ғып быламық жасайды. Қорегіміз осы. Ақтікен көп. Соны әкеп жағады. Қазанда құдық суы қайнап тұрады. Қоқым киізді жамылып жатамыз. Асты-үстімізді тазалайтын да Нұрапа. Далаға шығу жоқ. Апта өтті, ай өтті. Кеткендерден хабар жоқ. Азық таусылды. Желтоқсанның аяғы. Бірсыпырамыз тұрудан қалдық. Далада ала қиғаш боран. Киіздің астында көзіміз сығыраяды. Май шам бір сөніп, бір жанады. Кешкілік-ау деймін, шөккен түйенің дауысы естілді. Нұр апа:
– Ақұдай! – деп сыртқа атылды. Аналарымыз келген болар деп қуанысқан болдық. Тұруға хәл жоқ. Үйге бір қап суықты ала егде кісі мен әйел енді. Ер адам бізді көзбен шолып:
– Балақайлар-ай! – деп басын шайқады. Көзіміз бұлыңғыр. Ештеңені көрмейді. Әлгі кісі аузымызға қасықпен быламық ұрттатқанда барып ес жинадық. Кейін білдік қой. Ол кісі де балықшылар арасына барып түйесімен балық тасып, еңбегіне бір қап ұн және балық алып қайтқан беті екен. Борасыннан адасқасын түйенің басын қоя береді. Түйе айдап отырып, жылқы қамаған қораға жетеді де боталайды. Өлмегенге өлі балық деген осы. Бота қашан аяқтанғанша әлгі кісі бізбен бірге болды. Күніге бір тыранды сорпаға езіп ішкізеді және екі уыс ұннан быламық жасатады. Әне, он төртімізді өлім аузынан боталы түйе осылай құтқарды.
– Ал-л, Аналарың қайда?
– 1945 жылдың ақпан айының соңын ала әуелі менің анам келді.
Арқасында бір қап балығы бар. Жүз ша­қырымдық сапардан жолда бір түнеп арып-ашып әрең жеткен. Келе сала айтқаны:
– Тірімісіңдер! – деді. Сөйдеді де, құлады. Үш тәуліктен кейін тілге келді.
Беті-жүзі қарайған, іскен. Мұз ойған, жылым тартқан. Содан тапқан-таянғанын алып жеткен бойы екен байғұстың. Наурыз айы туысымен жаз келді. Тіршілік жасау керек. Біреудің сиырын сұрап әкеліп, ағаш түрен тіркеп жер жырттық. Сиырдың басын мен жетектеймін. Соқаны бағыттайтын анам. Суармалы жерге жүгері ектік. Сөйтіп, өлместің қамын жасадық. Әйтсе де «Жаңақұрылыс» жақтан колхозға қайтсын, әйтпесе қылмыстық іс қозғалады деген үрейлі хабар ауық-ауық келіп жетті. Анамның о жаққа қайтқысы жоқ. Мен бастауыш мектепке бардым. Кейін анам Нұрғали деген кісімен шаңырақ көтерді. Мен Нұрғалиев болдым.
– Жә-ә, сонымен сегізінші сыныпқа бардыңыз?..
– Е-е, бардым. Тоғызыншы сыныпты бітірер жылы Нұрғали әкей де дүниеден озды. Асыраушыдан айырылдық. Әрі қарай мектепке бара алмадым. Арал автобазасы жанындағы алты айлық автошколға түсіп, оны бітірген 1958 жылы, яки 19-ымда машина тізгінін ұстадым. Отбасымды көшіріп алдым. Әуелі үй жалдап тұрдық. Кейін бөлек үй тұрғыздық. Іні-қарындас өсіп келе жатты. Анашым қолымда. Бірақ әлі Нұрғалиевпін.
***
Иә, иә… Міне, міне. Ықыластың марапат қағаздарына көз салып отырмын. Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары баршылық. 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына жүз жыл мерекелік медалымен, 1974 жылдың 28-ші ақпан айында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, тоғызыншы, оныншы, он бірінші бесжылдықтың екпіндісі, жеті рет «Социалистің жарыстың» жеңімпазы атанып және де «Молодой гвардеец пятилеткий» деген күміс белгісін де омырауына тағыпты.
Әңгімесін жалғастырған ол бір кезде:
– Еңбек ете жүріп ойымнан бір түрткіл шықпай-ақ қойды.
– Ол не еді?
– Ол өз әкем Жиенәлінің атына көшу еді. Осында руы татыран Әлиев Төлеп ағамыз бар-ды. Аупарткомда нұсқаушы, кейін теміржолда партия ұйымының хатшы қызметін атқарды. Еріш атамыздың жесірі Үржан әжеміздің Наурызбай баласы Әлиге атастырылғанын жоғарыда айттым ғой. Төлеп ағамыз сол Әлидің ұлы. Ағай менің ойымды құп алды. Содан татыраннан Бұқарбаев Шыман, күліктен Медетов Отар бастаған ақсақалдарды шақырып ірі қара сойып, ата-бабаға құран бағыштап отырып басымнан өткен жайды түк қалдырмай баяндадым. Елуге келдім. Ендігі өмірімді Жиенәліұлы болып өткізгім келеді дедім. Осы әңгімені есіткен қарындастарым Жаңылша мен Хадиша маған көрісіп, жыласын кеп… Менің әкемнің өзге екенін алғаш есітулері ғой. Мен де, анашым да жылады. Оларды бір қанатым күлік, бір қанатым татыран деп жұбатқан болдым. Әне, сөйтіп 1989 жылдың 14 ақпанынан бері Жиенәліұлы Жүсіповпын. Сонау Рос­тов облысының «Багатов» хуторындағы тағзым алаңындағы әке бейітінен топырақ әкеліп, ескерткіш орнатып, қазір бала-шағаның ортасында көңілі тасып отырған қариямын…

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ

Қызылорда облысы
Арал ауданы

Суретте: Ықылас Жүсіпов және
атасы Еріш пен әкесі Жиенәліге қойылған ескерткіш

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Дария

    Жүз шақырымнан бір қап балық арқалап жетіп құлаған қайсар әйел де, он бес баланы жалғыз бағып жолаушының жолын күткен Нұр-апалары да ғажап. Әсіресе беті үсіп,қыста жүгімен жаяу жеткен әйелге қайран қаласың. Нағыз алтын мен гауһарға бөлейтін, ескерткіш соғатын әйел екен. Сол баланың бәрі аман шықты ма екен.Ғажап әңгіме. Болған оқиғалар ғой.Ол кездің адамдары неге мықты, рухы берік?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.