«Көкбастаудағы» аламан

Алматы облысында ұлттық спорт ойындарын насихаттауға жан-жақты көңіл бөлініп келеді. Бұл орайда салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жарыстар мен дүбірлі додалардың мәні мен мағынасы бөлек. Олардың арасында бүгінде тұрақты түрде өткізіліп отыратын, яғни дәстүрге айналған сайыстар аз емес. Солардың бірі де бірегейі «Көкбастау» ипподромында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогына арналған ат спорты түрлерінің республикалық жарысы. 

Сарша тамыздың салқын тарта бастаған таңымен таласа тұрып, Көкбастау жазығына қарай жан-жақтан ағылған жұртта есеп болмады. Бәйге десе бәрін ысырып қойып, күндік жерден ат арытып жететін халықтың ұрпағы емес пе, Ата Заң мерейтойы құрметіне Елбасы жүлдесі сарапқа түсетін аламанды қызықтауға келгендер белгіленген уақытта лезде жиналды. Атшабар алаңы мерекеге сай безендіріліп, төбеде түрлі-түсті жарыс жалаулары желбірейді. Өнерпаздардың орындауында ән мен жыр әуелей құйқылжиды. Биыл бұл ауқымды шара осымен 19-шы рет өткізіліп отыр. Осы жолғы сайыс несімен ерекшеленді дейтін болсаңыз, ол ең алдымен Қазақстан Республикасының Ата Заңы мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шабандоздар бабы келіскен тұлпарлары мен сәйгүліктерімен жетті. Қазақстан Президентінің кубогын жеңіп алу үшін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл облыстарынан, Астана, Алматы қалаларының сен тұр, мен атайын деген кіл мықтылары жиналып, мыңнан жүйрік шыққан жүлдегерді анықтады. Көршілес қырғыз елінің өкілдері де байрақты бәсекеге ат терлетіп жетті. Аталған шараның мақсатына тоқталар болсақ, ол ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналды. Бұдан бөлек, ұлттық ойындарының мәртебесін көтеру, осылайша өске­лең ұрпақтың қызығушылығын арт­тырудың маңызы зор. Айта кетейік, «Көкбастауда» былтыр Қазақ Хандығының 550 жылдығына және Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойына орай екі ірі халықаралық бәйге өткен болатын.
Салтанатты түрде ашылған шарада Алматы облысының әкімі Амандық Баталов сөз сөйлеп, ұлттық ат спорт ойындарының жанкүйерлерін Қазақстанның одан әрі өркендеуі мен қоғамдық келісімінің берік кепілі болып табылатын ел Конституциясының 21 жылдығымен құттықтады. Көкбастау атшабарында Президент кубогы үшін биыл осымен он тоғызыншы жыл жалауын көтерген дәстүрлі жарыстың ұлттық құндылықтарымызды сақтап, саламатты өмір салтын қалыптастыруда алар орны зор екенін атап өтіп, ұлттық ат спортын дамытуда жетісулық атбегілердің еңбегіне табыс, бүгінгі додаға түсетін шабандоздарға сәттілік тіледі.
– Ардақты ағайын! Біз ежелден ат құлағында ойнап, желмен жарысып, сәйгүлік баптаған елдің ұрпағы екенімізді мақтан тұтамыз. Бүгінгі «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығар сәйгүліктерге үміт артып келген барлық атбегілер мен шабандоздарға жеңіс тілеймін, – деді Амандық Баталов.
Жарыстың ресми ашылуынан кейін бәйгемен қатар, теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ сынды ұлттық ойындар сайы­сы басталды. shabandoz
Тай жарысқа арналған бес шақы­рымдық қашықтықта Жамбыл ауданының шабандозы Мейірхан Жолдасұлы «Жұлдыз» атты тайымен мәре сызығын бірінші болып кесті. «Құнан» бәйгесінде Жамбыл ауданының шабандозы Айбар Өсербаевтың «Ажарторы» сәйгүлігі өзгелерден оқ бойы озық келді. Жорға жарысында жергілікті «Жойқын» деген жорғасымен Мықтыбек Қалиғазин үздік атанды. «Бәйге» додасында қарасайлық шабандоз Шермұхамбет Серікұлының «Сүлікқара» аты жеңімпаз деп танылды. Ал жарыстың көрігін қыздырған 25 шақырымдық «Аламан» бәйгеде топ жарған Қарасай ауданының өкілі Мұхамед Нұрбеков Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Кубогы мен жол талғамайтын автокөлікке ие болды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Бәйге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық спорт түрі екені белгілі.
Жарысты тамашалауға жиналған жұрт­шылық шараның ұйымдасты­ры­луына жоғары баға берді. «Мен осындай ауқымдағы шараны тұңғыш рет тамашалап отырмын. Тұлпарлар мен жорғалардың жүйріктігіне, шабан­доздың шеберлігіне тәнті болдым. Келешекте ағаларым сияқты сәйгүлік баптап, ұлттық спортпен айналысқым келеді» дейді Ұлан есімді бозбала.
Сонымен жұртшылықтың делебесін қоздырған бәйге өз мәресіне жетті. Халықтың одан алған әсері көпке дейін ұмытылмасы анық. Ең бастысы – ұлттық спорт ойындарымыздың мерейі үстем болып, насихаты арта түсті.

Нұрлан ҚҰМАР
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.