Тіршілікке ыңғайлы ауыл

Павлодар облысында заман талабына сай дамып келе жатқан ауылдар аз емес. Солардың бірі ретінде аймақтағы Успен ауданының Константиновка ауылын айтуымызға болады. Бұл аудандағы ажарлы ауылдардың қатарындағы елдімекен. Ғасырдан астам тарихы бар. Мұнда қазір 1141 адам бақуатты тіршілік кешіп жатыр.

Ең алдымен тілге тиек етеріміз қай кезде де тұрғындардың денсаулығын сақтау мәселесі ғой. Осы ретте ауыл­да дәрігерлік амбулатория жұмыс істеп тұр. Емдеу мекемесіндегі күндізгі стационарға күн сайын 10-15 тұрғын келіп, тиісті медициналық көмек алады.
– Бүгінгі таңда мұнда 8 адам жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, 1 жалпы тәжірибе дәрігері, 6 медбике және 1 техникалық қызметкер бар. Біз ауыл­дықтардың өз денсаулығына жауап­кершілікпен қарауына баса мән беріп, түсіндіру шараларын жиі жүргіземіз. Сондықтан да болар, амбулаториядан адам үзілмейді. Тұрғындар емдеу мекемесіне жиі келіп, денсаулығын тексертіп тұруды әдетке айналдырған. Яғни, ауылдықтар ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеудің маңызы зор екенін түсінеді, – дейді мекеменің бас дәрігері Людмила Усик.
Емдеу мекемесінде тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету үшін барлық жағдай жа­салған. Мұнда науқастарды қабыл­дау, сынықты таңу, электрокардио­грамма жасау, күндізгі стационар бөлмелері бар. Өткен жылы амбулаторияға жөн­деу жұмыстары жүргізілген. Кешенді медициналық сараптамалар да жүр­гізіледі. Мәселен, ауылдықтар қан және қант құрамын анықтау, холестерин, сондай-ақ, өзге де талдауларды (анализ) тапсыру үшін аудан орталығына бармай-ақ, амбулатория ішіндегі зертхананың қызметіне жүгінеді. Ал талдауларды тексеру жұмыстарымен тәжірибелі зертханашы Нұргүл Сабырбекова айналысып, күнделікті қорытындысын шығарып отырады.
– Зертханада жұмыс істегеніме 15 жылдан астам уақыт болды. Кейбір елдімекендердегі дәрігерлік пункттерде зертханалар жоқ. Бұл ретте, біздің ауыл тұрғындарының жолы болды, – дейді ол. Айта кетерлігі, ауылда демо­графиялық өсім байқалады. Тек осы жылдың басынан бері 8 бала дүние есігін ашқан екен.
Білім беру жайына тоқталар болсақ, ауылдағы орта мектеп бастапқыда 500 балаға лайықталып салынған екен. Соңғы жылдары мектепте қазақ сыныптарының қатары көбейіпті. Білім беру мекемесі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мөлдір Сакауб мектепте әзірге 2 қазақ бастауыш сыныбы бар екенін тілге тиек етті. Болашақта мемлекеттік тілде білім алатын оқушылардың қатары арта түсетініне сенім білдірді.
Сонымен қатар шәкірттер үшін мектеп жанынан ашылған жеке спорт кешені бар. Мұнда ауыл жеткіншектері мен жастарының спортпен айналысуы­на барлық мүмкіндік жасалған. Дене шынықтыру пәні де осы ғима­ратта өтеді. «Бұл кешен 1986 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Осында оқушыларымыз жаттығады, спорт­тық ойындар ойнайды. Сонымен қатар, жыл сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Мәселен, осы жылы Социалистік Еңбек Ері Яков Геринг атындағы турнир 30-шы рет өтті. Оған облысымызбен қатар, Ресейден оқушылар келіп қатысты, – дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Абай Есембаев. Спорт кешенінде теннис, жаттығу залы және шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнайтын арнайы бөлмелер жасақталған. Оқушыларға 3 маман сабақ береді. Жастайынан спортты серік еткен ұл-қыздардың жетістіктері де аз емес.
– Облыста спорт түрлерінен бірнеше дүркін чемпион атандық. Былтыр ғана біздің ауылдың балалары баскетболдан 1 орын алды. Жалпы, осы орталықтан бірнеше чемпион тәрбиелеп шығардық. Солармен мақтанамыз, – дейді жаттықтырушы Анатолий Садовенко.
Қазіргі таңда елімізде күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі – сәбилерді балабақшамен қамтамасыз ету екені сөзсіз. Осы орайда ауылдағы «Ай­гөлек» балабақшасының директоры Айгүл Смайылова кезекте тұрған балалардың жоқ екендігін, балабақшада 25 бүлдіршін тәрбиеленіп жатқанын айтты. Келесі жылы бөбекжай ашу мәселесі қарастырылып отырғанын жеткізді. Тұсауы кесілгеніне 10 жылға жуық уақыт болған балабақшада ата-аналар тарапынан сұраныс болып жатса қазақ топтарын ашуға да толық мүмкіндік бар екен. Бастысы, мектепке дейінгі мекеме қажетті жиһаздармен толық қамтылған. Іші жылы әрі жайлы. Балабақшаның төлемақысы да қолжетімді. Айына 1 бала үшін төленетін ақы – 6 500 теңге.
Денсаулық сақтау, білім мекемелері талапқа сай қызмет атқарып тұрған болса, елдімекендегі мәдениеттің ахуалы қан­дай деген сауалдың туындайтыны рас.
Мәдениет үйінің директоры Бәтима Маздапқызының айтуынша, тұрғындардың рухани мәдениетін көтеру мақсатында ауылда мәдениет үйі мен кітапхана да тынымсыз қызмет істеп тұр. Әр мереке осы өнер ордасында аталып өтіледі екен.
– Мемлекеттік мерекелерден бастап, үлкенді-кішілі шаралардың барлығын осында ұйымдастырамыз. Ай сайын кем дегенде 6-7 кеш өтеді. Ауылымызда 1 мыңнан астам халық тұра­тындықтан, әрбір шараның жо­ғары дең­гейде ұйымдастырылуына үлкен жауап­кершілікпен қараймыз. Қуан­тарлығы, тұрғындар мәдениет үйінің табал­дырығын жиі аттайды. Демек, өз көрер­мен­деріміздің жүрегінен орын таба білдік деп ойлаймын, – дейді мекеме басшысы.
Бүгінде Мәдениет үйінде 7 қызмет­кер еңбек етіп, ауыл өнерпаздарынан құ­ралған өнер топтары да жұмыс істейді. Ал кітапхана қорында 10 мыңнан астам әдебиет сақталған. Тоқсан сайын жаңа кітаптар келіп тұрады. Мекеме 42 түрлі аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарға жазылған.
– Ауылымызда кітапқұмар оқыр­мандар жетерлік. Кітапханадан оқырман үзілмейді. Өзіміз де тұрғындардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған қызықты іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз, – дейді 2013 жылы облыстың «Үздік кітапханашы» атағын иеленген кітапхана қызметкері Галина Богдан.
Біздің байқағанымыз, Константи­новка ауылының әлеуметтік-эконо­микалық жағдайы тұрақты. Осы елді­мекен құрамына енетін Равнополь ауылдық округінің әкімі Гүлжазира Құрман­баеваның айтуынша, мұнда халық игілігі үшін қажеттінің бәрі бар. Ең бастысы, түрлі ұлттың өкіліне пана болған ауылдың тұрғындары алаңсыз өмір сүріп, ел қатарлы тірлік кешуде.

Нұржайна ШОДЫР,
журналист

Павлодар облысы
Успен ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.