«Айшықты әлеммен» жүздесу

Қасиетті Нарын құмында кіндік қаны тамып, киелі топырақта тұсауы кесілген, өзі өскен осынау өңірдің шежіресін хаттап, тарихын жаттап өсіп, соның бәрі-бәрін жас ұрпақ үшін жатпай-тұрмай жазып-сызып келе жатқан өлкетанушы, ардагер мұнайшы, жергілікті қаламгер, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұрат Бектенов хақында жерлестері жақсы біледі. Сол бір қаламгерлік қырымен ауыл, аудан, облыс көлеміне танылған Мұрекең 70 жасқа толды. Өзінің «Қос өзен мұнайшылары», «Қасиетіңнен айналдым», «Айшықты әлем» аталынған үш кітабын оқырманға ұсынып, тағы үш кітапқа редакторлық еткен қаламгердің мерейлі жасына орай жерлестерімен жүздесуіне арналған «Айшықты әлем» атты кездесу кеші Исатай ауданының орталығындағы «Жалын» мәдениет үйінде өтті.

Бірден айтуымыз керек, қаламгердің өзінің бір кітабымен аттас бұл жүздесу шынымен де Мұрекеңнің айшықты әлемін жиналғандарға жан-жақты таныта түскендей тамаша басқосу болды. Өткен жұма күнгі осы шараға алыс-жақыннан ат арытып келушілердің аз болмауы да еңбекқор қаламгерге деген көптің ықыласының қаншалықты екендігін екшей түсуімізге септескендей еді.
– Кәдеге болар, бәлкім, татыр ісім,
Әйтеуір төсін шарлап жатыр ізім.
Су талғап, ауа таңдап көрген жоқпын,
Нарыным – өзгермейтін әдірісім, – деп бір кездері Нұралы ақын жырлағандай, туған жерден табан аудармаған Мұрат Бектенұлы да оның өткенін жазуда көп еңбек сіңіргені кездесуде алдымен көрініс тапты. Кештің беташарында, төсінде талай-талай оқиғалар өткен, қилы-қилы замандардан бүгінге жеткен өскен өңірінің бір белесті кезеңін бізге баяндайтын қаламгердің «Мәдікен» аталатын әңгімесінен дайындалған сахналық қойылым көрерменін де бейжай қалдырмады. Қалың құм ішіндегі шеген қыстауда жұрттан шет тірлік кешіп, үш ай бойына адамның дауысын естімеген, соғыс жалмаған жалғызын күтумен жүрген Мәдікен ананың боранды күні жоқ іздей шығып жолы түскен жас жігіт Нұржанды көргендегі көңіл күйі сұрапыл соғыс жылдарының ауыртпалығын сезініп өскен аға ұрпақ өкілдері мен оның әкелген кесапатын тарихтан оқып жетілген кейінгілердің де жүрегін бір толқытып кеткені анық-ты. Ал мал алуға келген өкілдерге жалғызын қайтарып берсе, бүкіл мүкәммалын садақа етуге даяр ананың жанайқайы сол бір кездің шырқыраған шындығы болатын. Сондай-ақ анасы Марфуғамен бірге кейуананың үйіне ат басын тіреген балаң жігіт Мұрат бейнесі соншалықты шынайы бейнеленуімен есте қалды. Әңгімеден үзінділерді сахналаған тұщықұдықтық ардагерлер мен «Жалын» мәдениет үйі өнерпаздарына да жұртшылық ризашылықпен қол соқты.
Мерейгердің өмір жолы хақындағы бейнебаян да қаламгер әлемін көпшілікке паш ете түсіп, мерейгер, онымен бірге Қазақстан Журналистер одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қуандық Батыров сахна төрінен орын алған, бүлдіршіндер жолдаған құттықтаулар да әсерлі болған шарада әсем әнмен астаса ақтарылған ақ тілектер аз болмады. Сөз тізгінін ұстап, ақ көңілден ақ тілеуін ақтарған, «Орамал тон болмайды, жол болады» деп сый-сияпатын да ұсына жеткендер арасында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, ауданымыздың Құрметті азаматы Зұлбұхар Сүйнешев, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қуандық Батыров, «Ембімұнайгаз» АҚ департамент директоры Қуандық Халидуллин, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Шаймерден Төлеңгітов, басқарма кәсіподақ комитетінің төрағасы Самат Қабделов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ардагер мұнайшы, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы ардагерлер ұйымының төрағасы Құрмет Төлеуішев, аудан әкімінің міндетін атқарушы Мәди Өтеғалиев, «Қазақстан-Атырау» телеарнасының тақырыптық хабарлар бөлімінің шеф редакторы Балауса Халелова, «Атырау-Ақпарат» ЖШС басшылығының, қаламгердің өзі тығыз байланыстағы аудандық газет редакциясының ізгі ниетін жеткізіп, Мұрекеңе арнаған «Қызғыш құс» өлеңін оқып берген аудандық «Нарын таңы» газетінің бас редакторы Нұрым Ерғалиев болды.
Мұрекеңнің айшықты әлемін паш еткен бұл кеш оның мұнайшылық қырын көрсетіп те берді. Оны өздерінің құттықтау сөздерінде мұнайшылар өкілдері жан-жақты айтып, өзі 40 жыл бойына тер төккен өндірісті ортадағы әріптестері хақында үлкен еңбек жазып, қос өзен аралығының қазынасын игеру тарихы, игерушілері, мұнайшылар қауымы мен олардың қарапайым да қадірлі еңбектері хақында салмақты кітап шығарған ардагер әріптестеріне үлкен ризашылықтарын білдіруінен де аңдай түскендейміз. Сонымен бірге осы шарада мерейгерге мұнайшылар кәсіподағының арнайы төсбелгісінің салтанатты жағдайда табысталуы да мұнайшы қауымының қалың ортасынан шыққан қаламгерге деген құрметтің бір көрінісі болатын. Сөз алғандар сондай-ақ оның қаламгерлік қыры ғана емес, өлкеміздің өткенін жинақтаудағы ұзақ жылдар бойғы еңбегі хақында, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудегі жанашырлығы жөнінде, кісілік келбеті мен азаматтық тұлғасы төңірегінде ой өрбітіп, өзіндік пікірлерін де жеткізе алды. Қаламгердің өнерге жанашырлығы дегеннен шығады, бір кезде белгілі айтыс ақыны Саадат Нұрмановқа да ағалық көмегін жасай білген Мұрекеңнің өнерлі жас, әнші-термеші Перизат Сапаеваның шығармашылығын шыңдап, жұртшылыққа танылуына септескені бар-ды. Шырайлы шарада сахна төріне көтерілген Перизат та Шынияздың термесі «Асан қайғыны» тебірене толғап, көптің шынайы ықыласына бөленді. Мерейгердің белгілі күйші Жаңбырбай Бекмағанбетовтің талайлы тағдырын зерделеп, оның «Қоштасу» аталатын күйінің де халқымен қайта қауышуына себепші болғаны бар. Күйді іздестіріп тауып, нотаға түсірткізіп, алғаш рет күні кеше ғана дүниеден озған жанбайлық белгілі өнерпаз Сырым Бердібековке орындаттыруы бейнебаян арқылы да жиналғандарға мәлім болып, сол күйді көптің алдында Сырекеңнің қызы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті, облыстық, республикалық конкурстардың лауреаты Назеркенің тебірене отырып орындауының да куәсі болдық. Жанашыр аға өмірден ерте озған тетелес інісі Абат Бектенұлының да артында қалған туындыларын жинастырып, жанашырлық жасауы өзгеге үлгі болғандай іс десек жарасар. Жүздесу барысында сол Абаттың өлеңіне жазылған «Сағынышым – Атырау» әнін ән авторы, Новобогат орта мектебінің саз пәні мұғалімі Гүлайнаш Қапаева орындады. Кездесуде Шәмшиден Шәріповтің «Абай сыры» әнін орындаған тұщықұдықтық белгілі өнер иесі Серік Қинешов, ақын Адайбек Есекештің мерейгерге арнауын оқыған Ақбота Асанова, халық әні «Беу, айдайды» әуелеткен әнші Әділбек Жұмашев көптің қошеметіне бөленгенін де атап айта кету лазым.
Шара соңында сөз алған қаламгер, алдымен, көрсетіліп жатқан осынау ықылас-ниетке, айтылып жатқан алғыс-тілекке, жасалынып жатқан қошемет-құрметке бек ризалығын жеткізді, өзі алғаш қолына қалам алған сол бір уақыттарда, одан бері де шығармашылық қызметіне қолдау білдіріп келе жатқандардың есімін көптің көз алдында атап айтып, мерейлерін асырды. Өзінің ізденісті шығармашылық ісіне де қысқаша тоқталып, сол бір еңбегінің елеусіз қалмай, еленіп жатқанына, мынау шараның өз мәнінде өтуіне мұрындық болғандардың баршасына алғыс сезімін білдіріп, алдағы уақыттағы шығармашылық жоспар-жобаларымен де бөлісе кетті.
Иә, тәуелсіздік жылдарында тер төккен еңбегі арқасында қаламгерлік қырынан таныла түскен, желкенді жетпіс жастың биігіне көтерілсе де ізденуден жалықпаған жерлес қаламгерге жиналғандар әлі де мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тілеген ізгі ниеттерін жолдаған мәнді де мазмұнды кездесудегі көрікті сөз, көркем лебіздер қуаныш дастарқанында да жалғасын тауып, мерейгер мәртебесін биіктетіп, айшықты әлемін әспеттей түсті.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Суретті түсірген
Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.