Орта білім жүйесі қандай болу керек?

Ғалым Асқарбек Құсайыновтың кітабында  бұл туралы не айтылған?

Білім беру саласы мемлекеттің өркендеп дамуына тікелей әсер ететін, сол мемлекет азаматтарының бойына отаншылдық, елдік қасиеттерді қалыптастыратын, жарқын болашаққа жол ашатын, ғылым, инновация, экономика, өндіріс, кәсіпкерлік тәрізді маңызды бағыттарға серпін беретін бірден-бір қажетті сала екені белгілі. Жалпы, білім жүйесі орта білім, жоғары білім, жоғарыдан кейінгі білім болып бірнеше сатыдан құралатыны анық. Осының ішінде орта білім жүйесінің іргетасы мықты болмаса, одан кейінгілерінің де сапасына айтарлықтай әсер етері сөзсіз. Өйткені бәрі де іргетастан басталады. Ал егер бұл саланың дамуы тұйыққа тірелсе не болмақ?

Елімізге белгілі ғалым Асқарбек Құсайыновтың «Rond&A» баспасынан биыл жарық көрген «Орта білім беру жүйесіндегі дағдарыс: шығу жолдары» атты кітабын оқып отырып, бұл сауалдарға жауап тапқандай болдық. Әрине, орта білім беру жүйесінің сапасы, мұғалімдердің біліктілігі, оқушылардың білім деңгейі, білім беру стандарттары мен оқу бағдарламалар жайы, оқулықтар мәселесі, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесі көпшілігімізді ойландыратыны рас. Мұндай кезде әртүрлі көзқарастардың, ой-пайымдардың ортаға салынатыны анық. Десек те, бұл мәселеге осы саланың басы-қасында жүрген, қыр-сырын жақсы білетін профессор А.Құсайыновтың тұжырымдарына зер салсақ, өзекті мәселенің себеп-салдарының қайда жатқанын, қателік пен кемшіліктер неден кеткенін, оны жөндеудің қандай жолдары барынан хабардар боларымыз анық.
Қолымызға тиген кітап көлем жағынан шағын болғанымен, ішінде көп дүние бар. Оның үстіне бұл қазіргі уақыттағы орта білім беру жүйесінің ең көкейкесті сауалдарына жауап іздеуге көмектесетін құрал деп нық сеніммен айтуымызға болады. Автор күрделі нәрселерді қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізген. «Кім де болса баласының салиқалы, зиялы азамат болып өскенін армандайды. Ол үшін жақсы ортада тәрбиеленіп, жақсы білім алу керектігін түсінеді. Сондықтан білім саласында болып жататын өзгерістер, жүргізіліп жатқан реформалар кімді де болса бейжай қалдырмайды» деп бастай отырып, әрі қарай еліміз егемендік алған жылдары көптеген өзгерістердің болғанын, білім беру саласында «Ұлттық құндылықтарға негізделген жаңа білім беру жүйесін құрамыз» деген батыл тұжырымдардың жасалғанын тілге тиек етеді. «Бұл дұрыс тұжырымдама еді, – дейді автор, – себебі егемендік алған әр ел өзінің жаңа білім беру жүйесін қалыптастырады».
Бірақ, бастамалардың барлығы ойдағыдай болып кете қоймады. Неліктен? Ғалымның пайым­дауынша, кейінгі жылдарда жүргізілген барлық реформалар ғылыми негізсіз жүргізілетін болды. «Елімізде білім беру заңдары, Білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламалары қабылданғанымен, тағайындалған әр жаңа Білім министрі өз бағдарламасын, өз реформасын іске асыру мақсатында еңбек етті. Бірақ одан білім сапасы көтерілмей, керісінше, төмендей бастады. Оны қоғам жақсы сезінді. Сондықтан болар Білім және ғылым министрлігі тарапынан айтылған қандай да болмасын жаңа ұсыныс, жаңа реформа үлкен сенімсіздікпен қабылданатын болды» деп жазады автор.
Иә, білікті ғалымның ойымен келіспеуге болмас. Елімізде ең көп реформалауға ұшыраған сала да – білім беру жүйесі екені рас. Алайда мұндай реформа көбіне-көп нәтижесіз аяқталып, соңынан басқа реформалардың қолға алынып жататыны жасырын емес. Ал кез келген білім жүйесінің ең басты нәтижесі – оқушылардың білім деңгейінің жоғарылап, өскені емес пе? Бұл орайда ғалым әлем елдері оқушыларының білім сапасын анықтайтын халықаралық PISA, TIMSS жүйелерінің мамандары Қазақстан оқушыларының білім сапасын тексергендегі қорытындыларын оқырман назарына ұсынады. Нәтиже көңіл көншітерліктей емес, әрине. Араға 4 жыл (2007-2011 жж.) салып жүргізілген зерттеулер Қазақстан оқушыларының білім сапасы жыл сайын төмендей түскенін байқатқан.
«4 жыл уақыт ішінде білім сапасының осынша құлдырауы жақсы нышан емес. Бірақ бұл жағдай зерттеліп, оларға тиісінше баға берілмеді» деп қынжылады автор.
Көзіқарақты оқырман қауым Асқарбек Құсайыновтың Қазақстандағы салыстырмалы педагогика ғылымының негізін салушы екенін жақсы біледі. Салыстырмалы педагогика дегеніміз әлемдегі білім беру саласында жетістікке жеткен елдердің тәжірибелерін зерттеу­мен айналысатын ғылым. Осы тұрғыдан келгенде А.Құсайыновтың зерттеулері дүниежүзіндегі озық елдердің тәжірибелермен ұштасып жататынын айта кеткеніміз орынды. Салыстыру әдісінің пайдалы тұстары да осында. Өйткені «бәрі де салыстыруда танылады» деген пікір бар емес пе? Әлбетте, біз мұндай зерттеу жұмыстарының көмегімен өзге елдердің жетістік сыры неде деген мәселеге назар аудара аламыз. Бұл орайда автор Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Финляндия, Канада, Гонконг (Қытай) және т.б. елдердің тәжірибелеріне зер сала отырып, ғылыми негізде дайындалған білім беру саясатының іске асырылатынын айтады. «Олардың ортақ мақсаттары: ұлттық ерекшеліктер мен мәдениетті, дәстүрлі құндылықтар мен басымдықтарды, ана тілін сақтап дамытуды, шығармашыл, бірегей ойлайтын, үйлесімді және рухани бай адам тәрбиелеуді іске асыру және мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін көтеру болып табылады. Бұдан байқайтынымыз басты мақсат – адам тәрбиесі» дейді автор.
Ал енді адам тәрбиесінің жүйесін қалыптастыру оңай ма? М.Барбер мен М.Муршед есімді америкалық ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, бұған алдымен білім сапасын көтеру қажет. Ол үшін – ұстаздық еңбекке лайық адамдар ғана мұғалім болуы тиіс; педагог кадрларды оқытушылық жұмыстың сапасын арттыруға қабілеті жететіндей етіп дайындау қажет; әр оқушы сапалы білім алатындай жағдай жасалуы керек.
А.Құсайыновтың кітабын оқып отырып, зерттеушінің отандық білім беру жүйесіне шын мәнінде жанашырлықпен қарайтын тұлға екенін байқайсыз. Оқулық мәселесіне тоқталған автор: «Елімізде объективті себептермен оқулықтану ғылымы дамымағандықтан, авторлар өз мүмкіндіктеріне қарай оқу әдебиет дайын­дай бастады. Әрине, ғасырлық тарихы бар оқулықтану ғылымының жетістіктерін пайдалана отырып жазылмаған оқу әдебиеттерінің сапасы, осы ғылым негізінде жазылған оқулықтармен салыстырғанда көп жағдайда ұтылып жатты. Оқу әдебиетінің сапасын көтеру үшін алдымен оқулықтану ғылымын дамыту керек еді» дейді де, академик А.Колмогоровтың «Оқулық жазу реактивті ұшақ құрастырумен бірдей» деген тұжырымын алға тартады.
Біз мұның бәрін неге айтып отырмыз? Себебі елімізде мектеп оқулықтарының сапасы туралы әңгіме көп. Оқулықтар мәселесі ата-аналар тарапынан да, қоғам тарапынан да жиі сынға ұшырап жатады. Мұның себеп-салдарының қайда жатқаны да осы кітапта жақсы жеткізілген. Бұл орайда, бәлкім, болашақта оқулық жазушыларға пайдасы тиіп қалар деген оймен мына бір жайтқа ерекше тоқталып кетуді жөн көрдік. Франция, Ұлырбритания, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония тәрізді елдердің оқулықтарында тек өз елдеріне қатысты, жас ұрпақтың бойына өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімдерін ұялататын материалдар ғана беріледі екен. Байқайсыз ба, дамыған елдердің өзі төл оқулықтарына бейжай қарамайды.
Кітапта қазіргі кезде жұртшылық арасында кең талқыға түсіп жүрген үштұғырлы тіл мәселесіне де жете мән берілген. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, кітапта орта білім беру жүйесін дамыту бойынша толғаулы мәселелерге тұжырымдамалық (концептуалдық) жауаптар берілген. Олардың ішінде — Педагог кадрлардың кәсіби біліктілігі қандай болу керек? Білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларының, сондай-ақ оқу әдебиетінің сапасын қалай көтереміз? Рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие жүйесі неге осал? Ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы неліктен төмен, басқару жүйесінде нендей кемшіліктер бар? ҰБТ-ны қалай жетілдіруіміз керек деген секілді бірқатар маңызды мәселелер ғалымның зерттеу нысанынан тыс қалмаған.
Ғалым өз ой-толғамдарын: «Орта білім беру саласында қалыптасқан жағдайды ескере отырып және оның сапасын көтеру үшін жеке Қазақстан Республикасының Орта білім беру министрлігін құру мәселесін қарастыру қажет деп ойлаймыз» деген ұсынысымен аяқтайды.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.