Оңтүстік қазақстан облысы

Сарыағаш ауданы

Тасқұдық ауылы. Тасқұдық ауылы ілгеріден мал өсіру және бидай егумен айналысқан. Ауылда ағын су көздері жоқ. Тұрғындар суды құдықтардан ішкен. Шаруаға да сол құдық суларын пайдаланған. Қазақстанда керуен жолдарының бойында, көші-қон бағыттарында жолаушылар мен малшылардың суға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында кұдық­тар қазылған. Тасқұдық елді ме­кенінде де сондай құдықтар болды. Сол құдықтардың іші опырылып түспесін деп ақ тастармен қаланып шыққан. Бұл тастар өзіне суды жақсы сіңіріп, құдықтың айналасындағы топырақтарға жабысып тұрады. Жоғарыда айтылған құдықтардың іші таспен қаланғандықтан, бұл ауылдың аты Тасқұдық деп аталған көрінеді.
Құрысай ауылы. Құрысай ауылы кейінгі кезде пайда болған. Кеңес заманында бұл ауылда да ағын су кезі болмаған соң, елді осында құр сайға қоныстандырып, ұңғыма қазып су шығарған. Қазіргі күнде 30 шақты отбасы тұрады. Суды бұрынғыша сол ұңғымадан ішеді. Қоныстанған жер о баста кұр сай болған себепті, ауылдың атын Құрысай деп қойған.
Дербісек ауылы. Ауылдың Дербісек деп аталуы себебіне үңілсек, ежелгі Арабстан даласынан үш дәруіш (елші) ел аралап, осы ауылға уақытша коныс­танып, емшілік қызмет жасаған екен. Жердің және мұндағы су мен шөптердің қасиетін байқаған олар адамдардың дертіне шипа тауып, шын ғұлама екендіктерін дәлелдеген. Қасиетті жер екен деп бірте-бірте халық жан-жақтан жинала бастаған. Ел осы үш дәруіштің емшілік кұдіретіне қанық болып, елдің атауын көпшіліктің қолдауымен «Дербісек» деп атаған. 1930 жылы «Дербісек» ауылы Тоболин және Киров ауылдары болып бөлек аталған. С.М.Киров – белсенді большевик-революционер болған. Ауыл Кеңес өкіметі кезінде Тоболин ауылы болып аталса, 1992 жылы Дербісек ауылының тарихи атауы қайта қалпына келтірілді. Дербісек ауылдық округі жанына Шымкент-Ташкент жаңа жол трассасы өтіп, осы жол бойынан құрылған ауыл «Жаңа талап» деген атауға ие болды. Ал 1995 жылы елді мекенге Атамекен атауы берілді.
Жартытөбе ауылы. Келес өзенінің жағасында Бесшейіт мазараты болған. Келес өзені көпірінің айналасында түрлі-түрлі базарлар, дүкендер, мал базары орналасқан. Әр елден келген керуендер сол көпірден өтіп, сауда-саттық жасаған. Өзеннің бергі жағында күл-қоқыс тастайтын жер үлкейіп, төбе болған. Біраз уакыт өте келе Келес өзенінің суы бірте-бірте көбейіп, жарлар құлап, күл-қоқыс төбесінің жартысын шайып кеткен. Бүгінгі таңға дейін төбенің орны бар. 1912-1930 жылдары ол жер Жартытөбе деп аталған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Ташқазақ, 12-ші ауыл болған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ауылға Жартытөбе деген атауы қайтарылған.
Төңкеріс ауылы. Төңкеріс ауы­лының орны 1912 жылдары жағал­байлы руының Ноғайлы атасынан тараған Ташкент қаласының ірі байы Ыстыбай байдың туған-туыстарымен егін егіп, мал бағатын жері болған. Оны бірнеше кісілерге егін егуге жалға берген. Ол кісінің сол кездерде салдырған ат қоралары 1992 жылға дейін Төңкеріс ауылында биік төбе басында тұрды. Бұл жерді 1926-1930 жылдар аралығында болған бай-манаптарды кәмпескелеу кезінде алғашқы «Төңкеріс болған жер» атауымен атап кеткен. Соңынан Жайық жақтан көшіп келген жағалбайлы руының адамдары осы Төңкеріс ауылына жайғасып, сулы жерде егін шаруашылығымен айналысқан.
Құрама ауылы. 1900 жылдары бұл ауылда жағалбайлы руының Бөдес атадан тараған ұрпақтары тұрған. 1942-1945 жылдар аралығында осы ауылға Сталиндік репрессияга ұшыраған Қап тауының (кавказдықтар) халқы келіп қоныстанған. Ауылда қазақ, өзбек, әзербайжан ұлттары аралас тұрғандықтан, ауылды «көп ұлттан құралған» ауыл деп, кейіннен Құрама ауылы аталып кеткен.
Сарқырама ауылы. XIX ғасырдың орта шенінде Ташкент қаласының қорғанысын нығайта түсу мақсатында Қоқан хандығы Зақ каналын қазуды бастады. Зақ каналының қазылуы Ташкент маңының сусыз жерлерін суландырып, егінші диқандардың қаланың сырт жағына қоныстануына себеп болды.
Бүгінде Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған тұста елді мекеннің орналасқан жеріне сәйкес «Сарқырама» атауы дұрыс келеді. Өйткені елді мекен Зақ каналындағы 25 метр шамасындағы биіктен құлап ағатын су мен Ханым каналындағы 10 метрден құлап ағатын суға жақын орналасқан. Яғни, бір ауылдың төңірегінде екі сарқырама бар.

«Оңтүстік Қазақстан
облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша
тарихы» кітабы бойынша
дайындаған өлкетанушы
Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.