«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»

Маңғыстау облысы – әл-қуаты жыл санап артып, даму көкжиегі кеңейіп келе жатқан аймақтардың бірі екені белгілі. Өңірде Елбасының бастамасымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, индустриалды-инновациялық бағдарламалар аясында бірқатар маңызды жобалар қолға алынып, іске асырылуда. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік-экономикалық салалардағы жеткен жетістіктер аз емес.
Бұл туралы үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде атқарылған жұмыстар және алдағы уақытта атқарылар міндеттер жөнінде облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп берген Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың сөзінде жан-жақты айтылды.

Сөз басында аймақ басшысы: «Қалыптасқан дәстүр бойынша біз бүгін сіздермен жеткен жетістіктерімізге талдау жасап, болашақта алға қойған мақсаттарымызды айқындауға жиналып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, 100 нақты қадам – Ұлт жоспары аясында жергілікті атқарушы органдардың халық алдындағы есеп беру міндеттілігі күшейтілді. Бүгінгі уақытқа дейін аудандар мен қалалар әкімдерінің мәслихат депутаттары алдындағы есептері берілді. Есеп беру науқанын аяқтай отырып, бүгін біз облыстық деңгейдегі қорытынды кездесуде, 2016 жылдың 1-ші жартыжылдығы бойынша облыстың әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуын қорытындылап, алдағы уа­қытқа міндеттерді белгілейміз» деп атап өтті.
Облыстың әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуының негізгі көрсет­кіштерінің айтарлықтай төмендеуі байқалмағанын тілге тиек еткен Алик Серікұлы өңір дамуының негізгі индикаторлары тұрақты деңгейде сақталып отырғанын жеткізді. 634 мың тұрғыны бар Маңғыстау облысы бүгінде республикада халық санының өсімі бойынша екінші орында тұр. Аймақ басшысының пайымдауын­ша, өңірлік экономиканың негізгі макрокөрсеткіштеріне толықтай қол жеткізуге әлемдік нарықтағы мұнай бағасының ұзақ уақыт бойы төмендеуі теріс әсерін тигізген көрінеді. Бұл бірінші кезекте өнеркәсіп және инвестиция салаларына қатысты. Бүгінде өнеркәсіп өнімі 875 млрд.теңге көлемінде. Соған қарамастан есепті кезеңде Маңғыстау облысы республикада өндірілген өнімнің 11 пайызын қамтамасыз еткен. Мұнай өндіру көлемі 9 млн.тонна көрсеткішіне ие. Әрине, ол өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 315 мың тоннаға аз.
Қазіргі таңда елімізде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында көптеген шаралар жасалып жатқаны белгілі. Бұл мәселеге Маңғыстау облысында да ерекше көңіл бөлінуде. Облыс әкімі келтірген мәліметтерге сәйкес, аймақта 401 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Осы орайда ол негізгі үлес жеке тұрғын үй құрылысына тиесілі екенін және пайдалануға берілген көппәтерлі тұрғын үй көлемінің 2 есеге өскенін хабарлады.
Кәсіпкерлік салаға қолдау көрсету – маңызды іс. Бұл экономикамызға серпін беріп, аймақтардағы жұмыс­сыздық мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерліктің ахуалына тоқталған облыс әкімі «Бизнестің жол картасы – 2020», «Даму-Өндіріс», «Агробизнес – 2020» бағдарламалары аясында өңірде бизнес-климатты дамытуға тиісті жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті. Аудан орталықтары мен ауылдардағы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге байланысты қолға алынған жұмыстар аз емес екен.
– Биыл «Агробизнес — 2020» бағдар­ламасы аясында шаруа қожалықтары үшін 510 миллино теңге көлемінде субсидиялар бөлінді. Бұл қаржыға 23 құдық қазылып, 36 фермерге қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, егін және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, олардың өнімдерінің сапасын арттыруға шаруа қожалықтарын субсидиялау жалғасуда. Облысымызды өз өнімдерімен қамтамасыз ететін кәсіпорындар саны да көбеюде. Мысалы, өңіріміздің жайсыз климат жағдайына қарамастан жергілікті фермерлер, заманауи технологияны, атап айтар болсақ тамшылатып суару технологияны енгізу арқылы өз жылыжай шаруашылығын кеңейтуде. Бүгінгі күнге жұмыс істеп тұрған жылыжай саны 2 есеге өсті. Ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу, сондай-ақ нан өндіруші кәсіпорындар саны да артуда. Осы жылы Бейнеу ауылында Жаңаөзен сүт зауытының филиалы, Ақшұқыр ауылында шұбат және қымыз өндіретін цех ашылды. Мал соятын пункттер саны көбейді. Ағымдағы жылдың шілде айында Приозерный кентінде ет өнімін тереңдетіп қайта өңдейтін заманауи мал сою пунктісі іске қосылды, — деді Алик Айдарбаев.
Облыс әкімі өз есебінде халықты жұмыспен қамту аймақ үшін басым міндет болып қала беретінін жеткізді. Әкімнің сөзінше, экономикалық өсуді қамтамасыз етуге көзделген барлық бағдарламалар бірінші кезекте жұмыспен қамтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, облыс кәсіпорындарында жаппай жұмыстан босату фактілерін болдырмауға бағытталады.
Жиында белгілі болғандай, еңбек нарығы көрсеткіштерінің тұрақты динамикасы байқалуда.Экономикалық белсенділік деңгейі 82,1 пайызға дейін өсіп, жұмыс істейтіндер саны 17 мың адамға көбейіп, 265 мыңға жеткен. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 16 мың адамнан 9 мыңға немесе 2 есеге дейін азайған. Жыл басынан бері 12 762 жұмыс орны құрылған.
Алик Серікұлы өз баяндамасында облыс әкімдігі бірінші кезекте жастарды жұмыспен қамтуға мән беріп отырғанын айтты.
– Өздеріңіз білетіндей, бұл бағытта 2015 жылдан бері «Жаңа серпін» өңірлік бағ­дарламасы сәтті іске асуда. Аталған бағдарлама алдымен жастарды кәсіптік оқытудан өткізу және келешегі зор жобаларға жұмысқа орналастыру арқылы өңіраралық еңбек мобилдігін арттыруға бағытталады. Қазір біз осы бағдарламаның алғашқы нақты нәтижелерін көріп отырмыз.
Мысалы, осы бағдарлама аясында, Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Жетібай және Мұнайшы ауылдарының153 жұмыссыз жастары Ақтау қаласындағы кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылды. Олардың барлығы жатақханамен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, жас­тарды жұмысқа орналастыру үшін біз кәсіпорындар тапсырысы бойынша оқыту ұйымдастырдық, – деді облыс әкімі.
Әкімнің айтуы бойынша, кәсіптік оқытудың кезеңдік бағдарламасымен Жетібай және Мұнайшы ауылдарының 300, Жаңаөзен қаласының 100 жұмыссыз жастары қамтылмақ. Бұған жергілікті бюджет қаржысы есебінен 400 млн. теңгеге жуық қаржы жоспарланған. Сонымен қатар, бірінші рет, «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша, халықаралық стандарттарға сай жұмысшы мамандар даярлауға ұсынған бюджеттік сұраныс қолдау тапты. Аталған 400 маманды даярлауға республикалық бюджеттен тағықосымша 75 млн. теңге қаржы бөлінген.
Әлеуметтік сала өңір дамуының негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін тілге тиек еткен аймақ басшысы сөз арнасын білім беру мен денсаулық сақтау салаларына бұрды. Айтуынша, облыста апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толығымен шешілген екен. Үш ауысыммен оқытатын мектептер әзірге жоқ. Жыл басынан бері облыста 855 орындық 15 балабақша іске қосылған. Нәтижесінде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 10%-ға өсіп, 80 пайызға жеткен. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін қолдану арқылы 7 балабақша құру жобасын іске асыру бойын­ша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 3-еуі құрылыс есебінен және 4-еуі жеке тұлғаға мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру арқылы жүзеге асырылмақ. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында мектептерді кең жолақты Интернетке қосу жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда ғаламтор желісіне облыста 74 мектеп қосылған.
– 2016 жылы Ұлттық Бірыңғай тест сәтті өтті. Маңғыстау облысы өткен жылмен салыстырғанда өз көрсеткішін 76 баллдан 79 баллға дейін өсірді. Әсіресе аудан мектептерінің жетістіктері айрықша. 106 орташа баллмен облысымыздағы үздік білім беру мекемелері рейтингісінде бірінші орынды Жаңаөзен қаласының гимназиясы иеленді. Денсаулық сақтау саласында туберкулезбен ауыру және бала өлімінің деңгейі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда азайды. Өкінішке орай, Мұнайлы ауданында жыл басында 1 ана өлімі фактісі тіркелді. Қаржыны жоспарлау барысында, біз әруақытта да ең алдымен аудандар мен қалалардың теңгерімді дамуына басты назар аударамыз, – деді А.Айдарбаев.
Жиын барысында туризм саласына тоқталған облыс әкімі туризм саласындағы жобаларды қаржыландыру бойынша өңірлік бағдарлама іске қосылғандығын, бұл бағдарламаның несиелік портфелі 900 млн. теңге екенін, қазіргі кезде құны 479 млн. теңге болатын 8 жоба мақұлданғанын атап өтті. Аймақ басшысы Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін көрсететін өзге де салалар бойынша бірқатар жайттарға тоқталып, сөз соңында биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы екеніне ерекше назар аударды.
– Тәуелсіздік – ең басты құнды­лығымыз! Барша қазақстандықтар үшін оның мәні де, маңызы да айрықша. Қазір елімізді экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамыған ел деп мақтанышпен айтуға болады. Өйткені ол жылдан-жылға дамып, гүлденіп келе жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші еліміздің, өңіріміздің өркендеуі жолында бәріміз бірлесіп қажырлы еңбек етуіміз қажет. Елдегі саяси және экономикалық тұрақтылықты сақтап, халықтың өмір деңгейін көтеру жолында қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек. Осы жолда баршаңызды бірлікке шақырып, елге жасаған қызметтеріңізге толағай табыстар тілеймін, – деді облыс әкімі.

Кәсіпкерлік салаға қолдау көрсету – маңызды іс. Бұл экономикамызға серпін беріп, аймақтардағы жұмыс­сыздық мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерліктің ахуалына тоқталған облыс әкімі «Бизнестің жол картасы – 2020», «Даму-Өндіріс», «Агробизнес – 2020» бағдарламалары аясында өңірде бизнес-климатты дамытуға тиісті жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті. Аудан орталықтары мен ауылдардағы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге байланысты қолға алынған жұмыстар аз емес екен.

Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,
еліміздің Құрметті журналисі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.