Ақ қайыңдар өлкесінде ана тіліміз тағы үш қадам алға басты

Биылғы Білім күнінде Қызылжар өңірінде екі үлкен қазақ мектебінің жаңа ғимараттары және бір аралас білім ордасы салтанатты жағдайда ашылып, оларда жалпы саны мыңнан астам шәкірттің сапалы білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалды. Мемлекеттік тіл деген биік мәртебесі бар ана тіліміздің мерейін өсірген мұндай  жетістік  Солтүстік Қазақстан облысында бұрын-соңды болған жоқ десек, асыра айтпаспыз. Қызылжарлықтардың әлеуметтік-рухани салада ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойына арнаған ең басты тартуы  осы деуге болады. Өйткені ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов нақылға айналып кеткен «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген сөзді бекер айтпаған болар.

Бүгіндері Ғабит Мүсірепов атында­ғы ауданның орталығы – Новоишим ауы­лындағы, сондай-ақ Тайынша қаласы мен Қызылжар ауданына қарасты Бәй­терек ауылындағы «қарадомалақтар» мен олардың ата-аналарының айрықша қуаныш құшағында жүргендіктері анық. Қуанбағанда ше?! Өйткені көпте­ген жылдар бойы аталмыш елді мекендер тұрғындарының басты мұқтаж­дықтарына айналған ең көкейкесті мәселелері оңынан шешіліп отыр.
Нақтырақ айтсақ, Новоишим ауылында 1991 жылы таратылған Компар­тияның аудандық комитетінің босап қалған шағын ғимаратында ашылған 110 орындық қазақ орта мектебіндегі оқушылар саны жылдан-жылға көбейіп, 450-ден асып жығылған еді. Осыған орай аталмыш мектеп үш ауысыммен оқытуға көшірілген. Мұның өзі білім мекемесінде санитарлық талаптардың бұрмалануына әкеліп соқтырғандықтан, мектеп басшылығы кейінгі жылдары бірінші сыныпқа қабылданатын шәкірттер санына шектеу қоюға мәжбүр болған. Бұған талай ата-ана орынды реніш білдіргенімен, өз бүлдіршіндерін ауылдағы орыс мектептеріне беруден басқа амалдары қалмаған.
Тайынша қаласында да осыған ұқсас жағдай қалыптасып, бұдан ширек ғасыр бұрын аудандық атқару комитетінің ескі де тар ғимаратында ашылған шағын қазақ орта мектебінде де жылдар жылжып өте келе оқушылар саны 400-ден асқандықтан, үш ауысыммен оқытуға көшуге тура келген. Сөйтіп, тайыншалық қазақ балалары да өздерінің новоишимкалық құрбы-құрдастары сияқты, үстіміздегі оқу жылына дейін спорт залы мүлдем жоқ мектепте, ауа жетпейтін тар бөлмелердегі тақтаға тым жақын қойылған парталарда көздерін ауыртып, сығылыса отырып оқуға мәжбүр болған-ды.
Ал оларға шадыман шаттық сыйлап, таяуда ғана пайдалануға берілген Новоишимкадағы 400 орындық қазақ мектеп-интернаты мен Тайыншадағы 300 орындық қазақ орта мектебінің екеуі де Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында бой көтерген екен. Осылайша Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығының арқасында Қызылжар өңірінде үшауысымды мектептер проблемасы ойдағыдай шешілді. Ел болашағын ойлаған Елбасына мың алғыс! Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің аталған маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысын өзінің тікелей бақылауына алып, олардың белгіленген мерзімде іске қосылуын қамтамасыз еткен іскерлігіне де қалай риза болмассың?! Бұлай деуіміздің тағы бір себебі – Ерік Сұлтанов өңір басшысы қызметіне кірісісімен Петропавл қаласындағы, құрылысы бірнеше жылға созылған бір жылдың ішінде салғызып бітіртіп, былтыр солтүстікқазақстандықтардың игілігіне бергізгендігі жадымызда.
Әділдік үшін тағы бір жайтты айта кетейік: Новоишимка мен Тайыншадағы қазақ орта мектептерінің проблемасын 2012 жылдан бастап бірнеше мәрте көтеріп, олардың жобалау-сметалық құ­­жат­тарын алдын ала дайындатуға бе­сінші шақырылымдағы облыстық мәс­­лихаттың «Нұр Отан» партиясынан сай­ланған депутаттары ұйытқы болған еді.
Ал кезінде Елбасының «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша шетелдерден атажұртқа оралған отандастарымыз үшін жазық жерде жаңадан салынған Бәйтерек ауылының 300-ден астам баласы осыған дейін Қызылжардың қытымыр қысының қақаған аязды күндерінде де көршілес Бескөл ауылындағы мектептерге арнайы бөлінген автобустармен қатынап оқыған-ды. Сондықтан да алақандарына салып, аялап өсіріп отырған бүлдіршіндерінің денсаулығына алаңдаған ағайындар өздері табан тіреген елді мекенде бүгінгі заманға сай білім мекемесін салу мәселесін бес жылдан бері ұдайы көтеріп келгендігі мәлім. Алайда, өңірдің бұрынғы басшылары оларға Бәйтеректе жаңа мектеп салуға қаржы жетіспейтіндігін айтып, ақталуға тырысқан сыңай байқатумен шектелген. Тек Ерік Сұлтанов қана «Қазақстаным – атамекенім!» деп, алыстан аңсап келген қандас бауырлар алдында дәрменсіздік көрсетуге арланып, облыстық бюджеттен былтырдан бері 827 миллион теңге қаржы бөлгізіп, қазақ және орыс тілдерінде оқитын 300 оқушыға арналған осы заманғы білім ордасын бір жылдың ішінде салғызып берді. Бәйтеректік ағайындардың осы, көптен күткен қуанышына ортақтаса отырып, Қашаған жыраудың: «Хакімі әділ болмаса, бұқара байтақ ел – жетім» деген аталы сөзін де еріксіз еске түсірдік…
Иә, ақ қайыңдар өлкесі атанған Солтүстік Қазақстан облысында ана тіліміз тағы үш қадам алға басты деуге болады.

Кәрібай МҰСЫРМАН,
журналист

Солтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.