Атам жайлы айтсам…

Атам Әмірбек Наржанұлы 1916 жылы Аманкелді ауданы Ақкісі ауылында дүниеге келді. Бес жасынан ауыл молдасынан құран әліппесінен арабша білім алған. Одан кейін Ахмет Байтұрсыновтың арабша төте оқуын, латын әліпбиінің үш класын, Таран ауданының орыс-қазақ жеті жылдық мектебін, ал 1939 жылы Қостанай педучилищесін бітіріп Жасбуын орта мектебінде ұстаздық еңбек жолын бастаған. Ұлы Отан соғысынан оралып келгеннен кейін де мұғалім болып сол Жасбуын және Аманкелді орта мектептерінде зейнеткерлікке шыққанға дейін үзіліссіз еңбек етті. Демалысқа шыққаннан кейін аудан орталығындағы мешітте имам болды. Ислам дінін насихаттап, мешіттің нағыз жамағаттың мекені болуына білімін, уақытын аяған жоқ. Аудан халқының алдында абыройлы да ардақты ақсақал атанды.

Соғыста көрген азабы мен азары туралы кезінде ағамыз С.Қылышбаев өзінің «Имандылық ардагерден басталады» («Ақ жол» газеті, 9 мамыр 1992 жыл) атты мақала жазып еді. Ұрпақ ауысып жатыр. Осы мақаланы «Ана тілінің» оқырмандарына ұсынуды жөн санадым. Себебі мұнда айтылғандар кешегі сұрапыл жылдардың кейбір сәттерін көз алдына келтірді.
«1939 жылы Қостанайдағы педагогикалық училищені бітіріп, туған жеріне, алғашқы дипломды маман болып келгендердің бірі – Әмірбек Наржанов. Күні бүгінге дейін жүзінен имандылық пен парасаттылық нышаны айтпай-ақ білініп тұрған да осы кісі.
Әбекең – ұстаз, ұстаз болғанда жай ғана көптің бірі емес, өз ісіне ерекше берілген, шәкірттерін білімге, еңбекке, ұлағаттылық пен инабаттылыққа, табандылық пен қайырымдылыққа, шыншылдық пен турашылдыққа, адамгершілік пен имандылыққа, ұлтымызға тән тағы басқа жақсы қасиеттерге тәрбиелеген білікті ұстаз.
Әбекеңнің өмірін әріден қозғасақ, 1932 жылғы аштықтың ауыр да ұмытылмас азабын, жасы 16-ға жетіп, жігіт бола бастағанда көрді. Бұған дейін дін оқуын алғашқы молдалардан оқып, сауаттанған болатын. Арабша алған сауат мұғалімдік білім алуға да себепші болды. Ауылдағы сауатсыздарды жинап алып, оқытуына да бұл оқудың пайдасы көп тиді. 1940 жылдың 27 қаңтары күні кезекті армияға Қали Бәйішев, Асқар Жұманов, Едірес Бәйділдин, Е.Тараван сияқты орта білімді мұғалімдерді аттандырғанда, ішінде Әмірбек Наржанов та бар еді. Бірақ Қостанайда әрқайсысы әр жаққа бөлінді де кетті.
Әбекең Липецк қаласындағы кіші командирлер дайындайтын мектепте 6 айлық курсты бітіріп, Орелдің 884-полкына кіші командир болды. Тамбовтың аталған филиа­лын бітірген командирдің ендігі дәмі Вологдадан бұйырды.
1941 жылдың 22 маусымы күнгі соғыс басталғанда майданның нақ шебінде тұрған кіші командир Әбекеңнің соғысқа кірісу сәті де жақын. Вологдада үш күн дайындап соғысқа бірден салды. Эстонияның ескі шекарасынан Псковка қарай соғыс бағытына 27 маусым күні, яғни соғыстың бесінші күні бірінші оқ атуы басталады. Аспанды көк түтін, жерді қан басты. Алғашқы күндерде қаруланған неміс армиясына қарсы тұрып, табан тіресіп тұру мүмкін еместігін өз көзімен көргенін айтады.
– Бізге шегіне жүріп соғысу бұйрық етілді. Өйтпеске амал да жоқ. Шегіне-шегіне Псковқа 40 шақырымдай қалғанда дивизия­мыз немістің қоршауында қалды, – дейді Әбекең.
…Псковтың жанынан үлкен өзен өтеді. Біз соның арғы бетіндеміз. Шегініп барып Псков жағына өтіп, әйтеуір советтің бір әскери бөліміне қосылуымыз керек.
Түн қараңғы, осылай келістік. Өтетін жалғыз ғана көпір бар. Ол көпірді немістер алып, Псковқа неміс колоннасы үздіксіз өтіп жатыр деген нақтылы хабар алдық. Бәріміз ақыл қосып 4 адамды барлау жасай отырып, басқаруды ұйғардық. Біреуі мен болдым. Әркімде қалған гранатты жинау ұйғарылды.
Түннің ортасы. Соңғы қимыл көпірдің аузы. Көпірден өтудің үміті көрінбейді. Ендігі міндет – көпірден өту емес, Псковқа өтетін неміс колоннасының тас жолын кесіп өту. Жарылғышты колоннаның алдындағы үлкен машинаға тастап, бір кідіріс жасап та үлгердік. Неміс оғын жаңбырша септі. Псков жағынан сепкен оқтың құлағымнан зуылдап өтіп жатқаны есімде.
Кешегі майдангер дәл осы жердегі сұра­пылды айтқанда қалай оқ тимеді екен деп еріксіз ойланасың.
Таң атқанша қайткен күнде советтің қандай да болса бір бөліміне жету керек.
– Кімнің қайда қалып, қайда кеткенін білу мүмкін емес, – дейді қарт. Әйтеуір өзім жалғыз келе жатқанымды білемін. Әр ағашты құшақтап, оқтан қорғанып, бас сауғаладым.
– Таң да атады, Әбекең де бір қыраттың басына жетеді. Бірақ маңында ешкім жоқ. Жаңа ғана қарайып көрінген қара манағы өзеннің бір иіні болып шықты. Ентіккен өкпе, үріккен жүрек су ішкенде де басылмады.
Ел қайда, солдат қайда, Отан қайда? Бар ойы шыбын жанды сақтап, өз әскери бөлімдерінің біріне қосылу…
Өзеннің жіңішке-ау деген жері. Әбекең болса немістің қолында қалғанша суға кеткенім жақсы деп ағысты өзенге түседі де кетеді. Дәл ортаға барғанда әлі құрып, мылтық пен киім суға ақты. Өзі бірнеше батып су жұтады. Әйтеуір арғы жиекке шыққаны есінде, аяғы құрысып жиекте талықсып жатқанда, екі неміс сүйреп әкетіп тепкілеп жатқанын бір-ақ біледі… Манағы 150-ден 8 адам осылай шыққан екен де бәрі де немістің осы тобының қолына түсіпті.
– Оқиғаның ауыр жері алда болар, өзіңіз айтыңызшы, Әбеке?
– Бір қалаға 10 жабық машинамен келдік. Әлденеше қатарға тұрғызып бәрімізді бөлді. 20 адамды іріктеп алға шығарды да қалған көпті үлкен қамаудың ортасына әкетті. Бізді тағы іріктеп бірнешеуімізді оңға, аздаған бөлікті солға шығарды. Бізден бұрын бөлініп келіп отырған офицерлер екен. Олардың айтуы бойынша біздерді коммунистер деп бөліп отыр, ал сол жақтағы топ еврейлер. Бір ғажабы сенен ештеңе сұрамай, сенің кім екеніңді айыра алады. Мен жалаң аяқ, жалаң баспын, бірақ күртемнің жағасында үш жұлдызша тұр екен, содан айырған болуы керек. Бұл екі топ та атылуға тиісті екен…
Қарауылдың ауысуы кезінде дәретхана арқылы қашып шығып көпке қосылып үлгергенін, сөйтіп атылудан айдалушыға қарай үлгіргенін Әбекең жыр қылып айтады.
Көрмеген азабы, тартпаған азары жоқ Әбекең тек үшінші күні ғана дәм татады.
– Қандай азап көрдіңіз, есіңізде не қалды?
– Атылудан құтылсам да азапты аз тартқан жоқпын. Оны айтып беруге тіл жетпейді. Гамбург портына әкеліп кемеге мінгізгенде елді тірі көреміз деген ой болған жоқ. 8 күн жүріп Норвегияның Коркенес портына келгенше жалаң аяқ, жалаң бас судан шыққан киіммен келдім ғой…
Әбекең осы жолда бір жерде Қали Бәйішевтің кездесе кеткенін, алда барлық қиындықты сонымен бірге көргенін әңгімеледі. Коркенесте 2 жыл, Норвегияның тағы бір қаласы Эльвенесте жылға жуық болғанын, содан Финляндияның Солмоярово поселкесінде, одан соң Норвегияның Ослодан кейінгі екінші қаласы Транхеймеде тұрғанда одақтас Англияның армиясы 1945 жылдың 8 мамыры күні азат еткенін айтады.
Соғыс басылғаннан кейін бір ай өткенде Швецияға, одан Финляндияға, Выборгке, Ленинградқа, соңында Украинаға келді. Одан Новосибирскіге жібереді. Бұл жерде советтік құжатқа ие болады. Алайда, Шверниктің арызға берген жауабымен босап, 1946 жылдың желтоқсанында туған еліне оралады.
Елде өсек қалған ба? Қауіпсіздік органдары талай шақыртып, жауапқа алады. Ақыры қайыр болып, имандылықты әуелден жақтаған қарт ауыр азапты бастан кешірсе де еш мұңаймай елдің құрметті ақсақалы болды.
Алдынан күткендей болған Мәрзиямен қосылып, шаңырақ құрды да, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған құрметті ата мен әже болды. Жасынан имандылықты берік ұстаған, ниеті ақ, тілегі адал Әмірбек Наржанов бұл күнде елдің құрметті бір ардагері болып отыр. Аузында – иманы, қолында – құраны, намазды қаза еткізбейтін абзал ақсақал болды.
Әмірбек атам өте сабырлы да салмақты, парасатты адам болатын. Көп сөйлемейтін. Асыл апам Мәрзия екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырды, немере-жиен, шөбере сүйді.

Рамазан ЗИЯУЙТДЕНОВ

Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    Амирбек ата мен. Марзия апамыз бен биз корши турдык керемет кисилер еди аке-шешелеримиз бен катты сыйластыкта болды.ол кисинин ауызынан талай пленде болган кездерин айткан ангмелерин естгенмин. Амирбек ата немистердин пленинде «часовик» болыпты. Марзия апам деген кандай акконил адам еди гой! Ол кисилер менин журигимде манги сакталган!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.