Оңтүстік қазақстан облысы

Сарыағаш ауданы

Зортөбе ауылы. Ворошилов елді мекенінің пайда болуы 1925 жылдардың тұсына тура келеді. Елді мекен пайда болардың алдында, сол жердегі ең биік табиғи төбе Қоқан хандығы үшін керуендердің Ташкентке келуіндегі қауіпсіздігін сақтау мақсатындағы қарауыл төбе қызметін атқарды. Тіпті, Қазақстан жақтан келетін барлық керуендер мен аттылы, жаяу жүргіншілер осы төбенің жанынан өтіп жатқан. Сондай-ақ, Ташкент қаласын жаудан қорғау шараларында да осы төбе үлкен рөл атқарған.
1860 жылы патшалы Ресейдің отар­лау саясаты Орталық Азияға да жетіп, Ташкент қаласына шабуыл жасау басталады. Сол жылы Ташкент қаласының билеушісі Сұлтан Абдуллах өз қарамағында адал қызмет атқарған кызметкерлерімен Ташкент қаласын қорғауды ұйымдастырады. Алайда, алғашқы ұрыс кезінің өзінде жараланып, тиген оқтан қаза болады. Мұнан соң, Ташкент каласын қорғау ісін Сыдық Кенесарин қолға алады. Міне, осы соғыста әлгі биік төбе үлкен рөл атқарды. Сыдық Кенесарин бастаған қол генерал Черняевтің қарулы әскерлеріне тиянақты соққы берді. Алайда, күш тең емес еді. Ауыр зеңбіректермен қаруланған патша армиясы Ташкент қаласын басып алды. Осы шайқастан кейін-ақ, әлгі биік төбенің аты «Зор төбеге» айналды. Ташкент қаласына өз билігін жүргізген патшалы Ресейдің генерал-губернаторлары өздеріне адал қызмет аткарған азаматтардың әулетіне Ташкент маңынан жер ажыратып бере бастаған кезең XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезіне тура келеді. Осындай адал қызмет атқарған азаматтардың бірі Қожахан деген кісі болды. Оған және әулетіне Ташкент қаласынан 12 шакырымдай қашық орналасқан Зортөбе маңынан жер ажыратылып берілді.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасында тарихи атаулар қайта қалпына келтірілуіне байланысты ауыл тұрғын­дары ауылдың ежелгі атауы «Зортөбені» кайта атауды орынды болады деп есептеді. Шындығында, ауылдың жанында орналасқан биіктігі 200 метрдей, ұзындығы 2 шақырымнан асатын еңселі де, зор төбе бүгінде де тек түбіндегі ауылды ғана емес, маңындағы Жібек жолы, Қазақстанның 13 жылдығы, Жаңа кұрылыс, Жаңа тұрмыс, тіпті Ташкент қалаларын анық бақылауға болады.
Ауыл атауы облыс әкімдігінің 2008 жылғы 24 шілдедегі №213 қаулысымен және облыстық мәслихаттың 2008 жылғы 7 тамыздағы №8/ІІІ-ІV шешімімен өзгертілді.
Қарабау ауылы. Қазақ КСР-нің 13 жылдығы елді мекені – Жаңа құ­рылыс, Жаңа тұрмыс және Зортөбе ауыл­дарының ортасында орналасқан ауыл.
Ауылдың ежелгі атауы «Қарабау». Бұған басты себеп, ертеректе бұл жерге кім еккізгені белгісіз, алма, өрік, жаңғақ, алмұрт сияқты жеміс дарақтары өте мол өсіпті. Қожахан арығының суы мол тұсы, оның үстіне суы қысы-жазы таусылмай ағатын көп бұлақты табиғи арықтар бойында орналасқан бұл жерлер ұзақ мерзім бойы игерілмей жатқан. Қалың қамыс-қоғалы, ал қырат беткейлері бауға толы жер шындығында қап-қара болып көрінетіндіктен, сол кезеңдердің өзінде қара бау атын алуға себеп болған. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл маңда айдаһар болыпты деген де қауесет бар. Сондықтан, қалың жынысты бауға көпшілік адам бара бермейтін дейді олар. Бірақ, соған қарамастан кешегі 1932-37 жылдардағы зұлматта, аштыққа ұшыраған көптеген азаматтар осы бау­ды паналап, жеміс-жидегін қорек еткен. Бауды алғаш болып пайдаланып, сол өңірде кепкен өрік, алма қақ дайын­дап, Ташкент қаласына сатқызған бай – жергілікті Омарқазы деген кісі болды. Ол өз жалшыларымен осы бауды пайдаланып, оларға жұмыс беріп, аштық кезінде адамдардың өмірін сақтап қалумен айналысты. Сондықтан болар, көпшіліктің көңілінде «Қарабау» атауы қалып кетті.
Ауыл атауы облыстық әкімдігінің 2008 жылғы 24 шілдедегі №213 қаулы­сымен және облыстық мәслихаттың 2008 жылғы 7 тамыздағы №8/Ш-IV шешімімен өзгертілді.
Көлтоған ауылы. Көлтоған ауылы Келес өңірінің Құркелес өзенінің жағасында орналаскан. 1800 жылдар шамасында ауыл тұрғындары жерді суландырып егін салу үшін Құрке­лес өзенін бөгеп, тоған салған. Тоған салу нәтижесінде пайда болған көлдің жағасындағы ауыл Көлтоған болып аталған.
Жолбасшы ауылы. 1929 жылы ауыл­дарды артельге немесе колхозға айналдыру саясаты жүргізілді. Жолбасшы деп аталу себебі, колхоздың алғаш болып құрылуы және үнемі алда болып өзгелерге жол басшы болайық деген жақсы ниетпен туындаған болатын. Кейін 1929 жылы мектеп салып, Жолбасшы аты берілді.

«Оңтүстік Қазақстан
облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша
тарихы» кітабы бойынша
дайындаған өлкетанушы
Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.