Ғылыми тағылымдамамыз нәтижелі болды

Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті педагогика және психология мамандығының 1 курс магистранттары – Т.Сұлтанғазы, Ү.Қалиева, А.Мұнарбаева, М.Кеңесова, Ш.Абдуқадыр Германия елінде ғылыми тәжірибеден өтіп қайтты.
Айта кетейік, Германия Федеративтік Республикасының Лейпциг университеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында ғылыми тәжірибе алмасу жөнінде келісім бар. Соның негізінде университет магистранттары ғылыми тәжірибеден өткізуге шақырту алып отырады.

Сонымен Лейпциг университетінің базасында «Педагогикалық психология – Германиядағы теория мен практика» тақырыбындағы ғылыми тағылымдама жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Алдын ала жоспарланған бағдарламаға сәйкес, магистранттардың уақыты толығымен оқуға және өзіндік даму әлеуетін жүзеге асыруға бағытталды. Ғылыми тағылымдаманың бірінші күні оқу және мәдени бағдарламаны таныстыру мен ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге арналды. Әрі қарай магистранттар «DEKRA» деп аталатын компанияның базасындағы сабақтарға қатысты. Дәрісті психология ғылымының докторы У.Краних жүргізді. Тақырып ретінде көлік психологиясы қарастырылды. Бұл ретте көлік қызметін пайдаланатын адамдармен жұмыс психологиясы, қоғам алдындағы азаматтық, тұлғалық жауапкершілік мәселесін талқылау, әртүрлі жағдайларға талдау жасалды. Ғылыми тағылымдаманың екінші күні «Идиотентест» – жүргізушілерді психологиялық тексерістен өткізу құралымен танысумен аяқталды.
Лейпциг университетінің профессоры Э.Витруктың «Сипаттамалы зерттеулердегі мәліметтердің сапалық талдауы» атты дәрісі қызықты болды. Дәріске ТМД елдері мен АҚШ және Германияның ірі университеттерінің студенттері қатысты. Профессор дәрісінде педагог-психологтың білім беру мекемелеріндегі жұмысының негізгі бағыттары, педагогикалық-психологиялық диагностика, педагог-психолог жұмысындағы психологиялық кеңес беру мәселелеріне назар аударылды. Бұдан кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары «AYRUM» психикалық науқас балалардың ата-аналарына педагогикалық-психологиялық көмек көрсету орталығына аттанып, мекеме қызметімен егжей-тегжейлі танысты. Соңынан еліміз бен Германиядағы психологиялық көмек көрсету жүйелеріне салыстырмалы талдау жасалды. Мазмұнды дәрістердің бірі ретінде Лейпциг университетінің құрметті профессоры К.Решкенің өткізген дәрісін айтуымызға болады. Профессор К.Решке психотерапияның Германиядағы негізгі бағыттарымен, мамандарды кәсіби даярлау жүйесінен хабардар етті. Ғалым өзінің педагогикалық қызметі барысындағы танымдық және қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Тәжірибе алмасу барысында Қазақстанда меңгерген білімдеріміз бен дағдыларымызды сынап көру мүмкіндігі де берілді. Бұл тапсырмадан ойдағыдай өттік. В.Вундттың мұражайында болғанымызда мұнда психологияның дербес ғылым болып қалыптасу тарихы, В.Вундтың эксперименталды психология негіздері туралы құнды мәліметтер алдық. Психологиялық құралдардың әрқайсысына жеке-жеке сипаттама берген Д.Гундлах мырза ҚазҰУ магистранттарының қойған сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Лейпциг университетінің кітапханасы ерекше әсер қалдырды. Тәулік бойы қызмет көрсететін кітапхананың қоры бай. Әлемнің бірнеше тілдеріндегі әдебиеттер жинақталған. Әр магис­трант өзінің зерттеу тақырыбы бойынша ізденіп, тың ақпараттарды зерделеді.

Тұрсынай СҰЛТАНҒАЗЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының магистранты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.