Туған жерін түлеткен

Алматы облыстық коммуникация қызметінің Ақсу ауданындағы көшпелі отырысы барысында Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Сәбит Қорғанбаевтың бастауымен өңірдің бірқатар елді мекенін аралап, ондағы тыныс-тіршілікпен танысып қайттық. Сондай-ақ аудан әкімінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша атқарып жатқан жұмыстарын көріп, көңіл қуантар көп жайдан хабардар болдық. Расымен, Ақсу ауданы – өзені мен бұлағы мол, Жоңғар Алатауына арқа сүйеп, Балқашқа емініп жатқан құтты мекен. Жалпы, аудан тұрғындарының тұрмысы егін мен малға тәуелді десек те ақсулықтар бүгінгі күннің үдесінен шығатын жаңа техноло-гияларды қолдана отырып, инновациялық дамудың жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқанын мақтанышпен айтуға болады.

Жалпы, Ақсуда инвесторлардың назарын аударатын байлық та, құнарлы жер де бар. Сондықтан кейінгі жылдары Ұлт жоспарында көрсетілген бағыттар бойынша жүйелі жұмыс істелуінің нәтижесінде ірі корпорациялар ауданнан өкілдіктерін ашып, кәсіпкерліктің іргетасын көтерудің қамына кіріскен. Осындай жаңа бастамалардың арқасында ауданның бюджеті де толыға түсіпті. Бір сөзбен айтқанда, «100 нақты қадамның» әр қадамында көрсетілген бағыттар бойын­ша жұмыс атқарылған. Тынымсыз ізденістің арқасында ауданда жыл сайын егіс көлемі ұлғайып, өнім түсімі кө­бейген. Егін шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу, жеке қаражат пен лизинг әдістерін пайдалана отырып жаңа техникалар сатып алу қарқын алыпты.
Сол қатарда экономиканың басым секторларында инвесторлармен бірлескен кәсіпорын құру бағытында ауданға инвестиция тарту жөнінде комиссия құрылып, жоспар жасалыпты. Айталық, Ақсу қант зауытын іске қосу мақсатында немістердің ВМА фирмасымен келіссөздер жүргізіліп, зауытқа 38 млрд. теңге көлемінде неміс технологиясымен қант қызылшасын өңдейтін құрал-жабдықтарды орнату жоспарланған. Жобаның ерекшелігі – қант өндірісі қалдықтарын да қайта өңдеу іске асырылмақ. Бұл ақсулық диқандардың қант қызылшасын өсіруге деген белсенділігін арттыра түскен. Сол қатарда Жақан Қылышбеков басшылық ететін «Бәйтерек» кооперативінің бас­тамасы жұртты сүйсіндірді. «Қылыш­беков», «Жұлдыз», «Диқан» шаруа қожалықтарының басын қосқан кооператив «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК АҚ-ның қолдауымен 300 миллион теңгеге жаңа техника сатып алыпты. Германия мен Беларусь елдерінен сатып әкелінген жаңа техникалар адам күшін көп қажет етпейді. Оның үстіне бүгінгі заманауи үлгімен жаб-дықталған техникалар компьютерлік жүйемен жұмыс істейді.
Ақсулықтар судан да таршылық көрмейді. Алдағы уақытта Қызылағаш су қоймасы толық қалпына келтірілсе, Жоңғар Алатауының баурайындағы кең жазықта қант қызылшасы жайқалып өсетін болады. Бүгінде ақсулықтардың тәтті түбір өсіруге деген ұмтылысы жақсы. Бір ғана Алтынарық ауылындағы егістікте жайқалып өскен бағалы дақылды көргенде, ала жаздай төгілген тердің дастарқанымыздың берекесін кіргізіп, диқандардың қаржысын еселей түсетіндігін байқадық. Басқа аумақта да осындай берекенің бар екенін аудан әкімінің орынбасарлары айтып берді. Сонымен қатар, ауданда майлы дақылдарды, әсіресе, қант қызылшасын себетіндердің саны артқан. Күздік-жаздық бидай, жаздық арпа, май-бұршақтан да мол өнім алынатындығы көрініп тұр.
Шағын және орта бизнесті дамытуға қан жүгірте бастаған «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», мүгедектерді оңалту бағдарламаларын орындау бағытындағы жұмыстар жанданып, тұрғын үй құрылысы, шағын кәсіпкерлік, инвес­тиция, аудан халқын сапалы ауызсумен қамту, жол жөндеу, білім, денсаулық, мәдениет және тіл, спорт және туризм салаларында жаңа бастамалар қолға алынып, жетістіктер тіркелген. Ауданның діни ахуалы мен қоғамдық тәртібі орнықты. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын ширату мақсатында қомақты қаржы бөлініп, тың жобалар қолға алынған. Ауданның әлеуеті артқан сайын тұрғындар арасындағы береке-бірлік нығайып, өмір сүру деңгейі де жоғарылай түсіпті.
«Туған жерге туыңды тік» акция­сы аясында Матай ауылында спорт және ойын-сауық кешені, Алтынарық ауылында «Ақсу агрохолдинг» жеке шаруашылық серіктестігі ашылды. 20 жылдан астам су бармай тұрған Үлгілі ауылына су жеткізілді, Жансүгіров ауылында «Мәдина» қонақүйі, Арасан ауылында «Баянжүрек» тойханасы ашылды. Соның бір жарқын көрінісіне Жансүгіров ауылындағы М.Әуезов көшесіне орналасқан, жеке кәсіпкерлердің қаржысымен құрылыс жұмыстары аяқталған 30 және 24 пәтерлі екі үйдің бүгінгі келбетімен танысқанда көз жеткіздік. Ел қамын ойлаған кәсіпкер Қадыр Сабырмен кездескен сәтімізде үлкен жүректі азаматтың ауылым дегенде ішкен асын жерге қоятын азаматтығына тәнті болдық.
Ақсу ауданында 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізуге ар-налған жұмыстар да тыңғылықты орындалу үстінде. Педагог кадрлардың білімін жетілдіру мен ағылшын тілін дамытуға байланысты олимпиадалар, байқау, конференция, семинар-тренингтер, «дөңгелек үстел» және басқа да іс-шаралар жоспарлы түрде ұйымдастырылады екен. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізу кестесі жасалып, ақпараттық кітапшалар таратылыпты. Сол қатарда аудандық Е.Сиқымов атындағы орта мектептің жанынан ашылған 81 орынға лайықталған интернаттың тыныс-тіршілігін көріп, мұны Елбасы тапсырмасының ел өміріне қан жүгірткен тағы бір жаңалығы деп түсіндік.
Ауыл – қазақтың алтын бесігі десек, сол бесіктен нәр алып, ұлттық болмысымызды сақтайтын да көбінесе ауыл азаматтары. Олай болса, ауыл мәдениетінің қашанда биік тұрғаны абзал. Ақсу ауданы ауыл мәдениетін жарқыратып көрсетумен, насихаттау­мен өзгелерге үлгі болып келе жатыр десек, артық айтқандық болмайды. Әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берілетін жағдай орнаған. Бұқаралық, халықтық сипат алған ізгілікті акцияға аудандағы мекеме-ұжымдар, ауыл тұрғындары, іскер азаматтар түгел қатысып, қайырымдылық қорын құрыпты. Осы мақсатпен өткен жылы 10 млн. теңге қаржы жиналыпты. Осы қаржының есебімен Жансүгіров кентіндегі Пушкин және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысына орналасқан, көптен бері бос тұрған 8 пәтерлі 2 қабатты үйге жөндеу жүргізіліп, мұқтаж жандарға беріліпті.
Ақсу ауданын басып өтетін облыстық, республикалық маңызды күрежолдар мен ауыл арасын жалғайтын жолдардың мәселесі де тұрғындарды қатты мазалайтын. Биыл аудандағы ауыларалық жолдарды жөндеу, кедергісіз көлік қатынасын қалпына келтіру үшін тыңғылықты шаралар қарастырылған.
Қайта жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткен аудан әкімдігі ғимаратына кіргенде еңсеміз тіптен көтеріле түсті. Өткен ғасырдың екінші жартысында салынған ғимараттың тағанынан шатырына дейін жаңарып, ішкі бөлмелердің құрылымы өзгертілген. Әкімдік ғимаратының қарсы алдын-дағы аллеяда демалып, балаларын қыдыртып жүрген жастар көзге шалы-нады. Осындай жетістіктерді көріп, көңіліміз марқайып, аудандық әкім-діктің кіші жиынжайына жадыраған көңіл-күймен кірдік. Мұнда аудан әкімі Әділбек Далбағаев бес реформа және оны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында өңірде атқарылған жұмыстарды рет-ретімен айтып өтіп, журналистерден түскен сұрақтарға жауап берді.
Иә, Ақсу ауданындағы бір күндік са­парды осылай тамамдадық. Қай қыры­нан келсек те Ақсу ауданында жақсы жетістіктердің көп екендігі анық байқалды.

Қажет АНДАС
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.