Өркениет кілті

Үш тұғырлы тіл – белгілі бір уақыт шеңберінде әбден пісіп-жетіліп, байсалдылықпен жүзеге асатын, ел кәдесіне, игілігіне қызмет жасайтын заманауи сипатқа ие мейлінше салиқалы стратегиялық құжат. Осы бір өзекті, көкейкесті мәселе – мемлекеттің келешегін, интеллектуал­ды ұлт келбетін анықтайды. 

Қазіргі заманғы саяси, экономикалық, мәдени жаһандану жағдайында Қазақ мемлекеттігінің дербестігі мен ұлттық ерекшеліктерін қорғайтын, өзіндік идеоло­гиясының іргетасы – мемлекеттің тілі, яғни қазақ тілі негізгі мемлекет құрау­шы ұлттың тілі болуға тиіс. Қазақ мемле­кеттігінің төрт-бес негізгі шарты бар. Олар: Тәуелсіздік; аумақ (территория); тіл; дін және ұлтымыздың даңқты эпостары, даналық, ізгілік ілімі.
Бұл – мемлекеттің рухы, жаны, өзегі. Сондықтан да ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы қағидасына сүйеніп айтар болсақ, жұрттың көшбасшылары «аталық міндетін атқаруы», қазақ баласы «жұртқа борыштымын» деп аяғының ұшымен қызмет етуі тиіс. Сөзге – батырлық, іске – пақырлық ездіктің, езбеліктің белгісі. Ұлт тілінің мәйегін қаршадайынан болмысына сіңірген, уызынан жарыған жас ұлан өз Отанының шынайы патриоты бола алатыны күмәнсіз. Сол себепті орта мектептің 4-5 сыныптарына дейін бүкіл пәндерді қазақша оқуға тиіс. Қазақ тілі – ғылым тілі екендігі ХХ ғасырдың басында қалыптасқаны мәлім.
Негізінде, бірнеше тілдерді жетік білуде Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсаринның, Абайдың, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының орны айрықша. Ал 1930 жылдарда, ҚазПИ-де ұстаздық еткен Алаш қайраткерлері С.Аспандияров,М.Жолдыбаев, М.Әуезов, Т.Шонанов, Қ.Жұбановтар бірнеше тілдерді еркін білген.
М.Әуезовтің айтуынша, Қ.Жұбанов жапон, ағылшын, француз, неміс тілдерін жақсы меңгерген. Бұған араб-парсы, орыс, түркі тілдерін қосыңыз.
Расында, ұлт көсемдері көп тіл білу – ғылымның, өркениеттің кілті екендігін терең түсінген.
Сондықтан да үш тұғырлы тіл концепциясы­ның тарихи тамыры, дәстүрі бізде бар. Бұл ретте алдымен Республика көлемінде ағылшын тілі мен әдістемесіне жетік, білгір, үздік ұстаздар армиясын жасақтауымыз қажет. Білім сапасы – ұлы мақсат болуға тиіс. Тұтастай алғанда білім беру жүйесі жөнсіз, бей-берекет қағазбастылықтан, мәжілісқұмарлықтан, плагиаттан, ойсыздықтан, формализмнен, елдік, мемлекеттік істерге енжарлықтан, жең ұшынан жалғасудан, кісі салудан, мыстан пиғылдан және т.с.с. арылуға тиіс.
Негізгі мүдде – үш тұғырлы тілдің жемісті қолданыс табуына, Әлихан Бөкейханша айтқанда, «оқтай зырлап, қардай борап» қызмет ету, елдің интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін көркейту абзал.

Серік НЕГИМОВ,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
профессоры, филология ғылымының
докторы, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.