Оңтүстік қазақстан облысы

Сарыағаш ауданы

Жібек жолы ауылы. Жібек жолы ауылының алғашқы іргесі 1865 жылы қаланған. Осы жылдары Ташкент қаласын жаулап алуға Ресейден генерал Черняев бастаған әскерлер келеді. Ташкентті алу мақсатында осы жерге шатыр тігіп, Ташкент қаласын жақын маңдағы Зортөбе арқылы бақылап отырған. Нәтижеде осы отырған жерге алғашқы ауыл тұрғындары келе бастады. Сөйтіп, осы шағын елді мекен генерал Черняевтің атымен «Черняев ауылы» болып аталды. 1917 жылғы Ұлы Октябрь революциясы Орта Азияға да келіп жеткен кезеңде, басмашылар мен қызыл әскерлер арасында қанды шайқастар жиі-жиі бола бастаған. Коммунистік жүйені орнатуда белсенділік танытқан революционерлердің жетекшісі Павел Григорьевич Полторацкий болды. Кейіннен ол кісі Түркістан өлкесінің еңбек жөніндегі тұңғыш комиссары атанды. 1918 жылы басмашылар қолынан қаза тапты. 1928 жылы Черняев ауылы төңірегінде алғашқы селолық кеңес құрылып, ол П.Полторацкий есімімен аталды. 1929 жылы селолық кеңестің ұйымдастыруымен «Полторацкий пахорь» артелі құрылады. Осыдан бастап ауыл Полторацкий деп 1991 жылы ауылдың атауын қайта қараған кезде, бұрыннан Орталық Азия мен Еуропа елдерін байланыстыратын Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан осы елді мекенге 1991 жылғы 12 қарашадағы Халық депутаттары аудандык Кеңесі атқару комитетінің №608 шешімімен Жібек жолы атауы берілді. Содан бастап Жібек жолы ауылдық округі деп аталады.
Диқан баба ауылы. 1900 жылдардың басында ауыл іргесін алғаш қалағандар Ресейден көшіріліп келгендер еді. Олар аз ғана суармалы жерге қоныстандырылып, батрак ауылы пайда болды. Революция жылдарынан соң, ауыл «Фронтовое» болып атала бастады. Бұған көнекөз қариялар үш негізді атайды. Біріншісі, генерал Черняев Қоқан хандығымен алғаш ұрысқа түскен жері осы жер дейді. Оған ну қамыс өскен осы жер кез келген ұрысқа таптырмайтын майдан алаңы еді дегенді айтады. Тіпті, тарихта Сыдық Кенесарин қамысты топтап, оқ өтпейтін қорғаныстар жасағаны да бар. Міне, осыдан ауыл «Фронтовое» аталған десе, екінші бір негіз, орыс-жапон соғысынан қайтқан солдаттарды осы ауылға алып келіп қоныстандырған, – дейді. Содан «Фронтовой» деп аталған десе, үшінші негіз, Азамат соғысы аяқталған соң, осы соғыстан қайтқан солдаттар суы мол осы жерге қоныстанып, егіс егіп орныққан, – дейді. Қай негізді алсақ та, майданға қатысты мәселе болғандықтан, ауылга Фронтовое атауы берілгені белгілі. Қазақстан Республикасы егемендігін алған соң, тарихи атауларды қайта қалпына келтіруге байланыс­ты, ауыл «Диқан баба» болып өзгертілді. Бұл атауды 2001 жылы облыстық мәслихат бекіткен болатын. Ауылдағы тұрғындар ежелден диқаншылықпен айналысады. Атауға осы негіз болып отыр.
Жабайытөбе ауылы. Жабайытөбе ауы­лы 1910 жылдан белгілі. Себебі, жалғыз үй бір үлкен төбеге орналасқан. Кейін­нен ауыл Жабайытөбе болып аталған. Хал­қы­ның саны көбейіп, 87 отбасын кұраған 508 адам қоныстанған. Ауыл тұрғын­­дары мал шаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысады.
Шырылдақ ауылы. 1951 жылдары Қазақ КСР-інің 15 жылдығы құрметіне елді мекен осылай 15 жылдық аталған. Қазақ КСР-інің 15 жылдығы елді мекенінің бұрынғы атауы Шырылдақ болған. Бірақ, ол атау ешқайда тіркелмеген, яғни құжатталмаған. Елді мекеннің сырты кең жайлау болғандықтан, көктемде бөдене бытпылдап, ал жазда шегіртке шырылдап, жақсы күй салады екен. Сондықтан бөдененің бытпылдағанын, шегірткенің шырылдағанын естіген тұрғындар ауылдың атын Шырылдақ деп атап кеткен.
Ақсу ауылы. Жүзімдік ауылдық округіне қарасты Канал ауылы 5 кішкене ауылдан құралған. Бұл ауылдан Батыс Ташкент каналы өтетіндіктен, Канал ауылы деп аталып келген. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан кейін, көп елді мекендердің атауы қазақша жазылып, аттары қайта жаңартылып қойылуда. Су – тіршілік көзі. Сусыз өмір жоқ. Осы кішкене 5 ауыл Батыс Ташкент каналынан су пайдаланып келеді. Бұл каналдың суы өте мол, таза, ақ түсті, мөлдір болғандықтан, «Канал» ауылын Ақсу ауылы деп атау орынды.
Шеңгелді ауылы. Шеңгелді елді меке­нінің көне атауы – Сарыағаш. Сарыағаш болып, қазіргі біз өмір сүріп отырған бекетіміздің аталу себебінің өз тарихы бар. Бике қоңыр деп аталатын биіктіктің бауырында тасқа айналған тал өзегі жатыр. Осы тас өзектің бір бөлігі облысымыздағы өлкетану мұражайында тұр. Көнекөз ауыл ақсақалдары бекеттің Сарыағаш болып аталуын осы негізінде тұжырымдайды. Ал қазіргі аталуы XX ғасырдың 20-30 жылдарында дүниеге келген. Жоғарыдағы аталған тарихи кезеңде ауданға Сарыағаш атауы берілген соң, елді мекенге Шеңгелді атауы берілді. Шеңгелді – Шеңгел деген бүрме тікеннің көп өсетін жері деген сөз. Шеңгел шөбін ұсақ мал сүйсініп жейтін өсімдіктердің бірі болғандықтан, қазір шеңгел шөбін табу қиын. Географиялық тілмен айтқанда, шөлейт аймақтар ауызсуға тапшылау болу керек. Бірақ, бұл аймақ жерасты суға бай. Құдық, бұлақты табиғат осы аймаққа сыйлағандай. Майбұлақ, Шетбұлақ, Көкбұлақ, Шеңгелді бұлақ, Сарқырама деген су көздері осы маңда.

«Оңтүстік Қазақстан облысындағы
жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабы бойынша
дайындаған өлкетанушы
Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.