Басты міндет – Халықтың жағдайын жақсарту

Жуырда Ақордада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Ел экономикасының қазіргі жағдайы баян­далып, алда тұрған жоспарлар мен міндеттер айқындалды. 

Бүгінде әлемдік экономика дағдарысты кезеңді басынан кешіріп жатқаны белгілі. Кейбір елдерде халықтың әл-ауқаты төмендеп, кәсіпорындар тұралап қалды. Шикізат бағалары да бірде көтеріліп, бірде төмендеп, экономикалық тұрақтылыққа негіз бола алмауда.
Бұл орайда Президент дүние жүзіндегі аxуал жақсарып отырмағанын, Еуропа да, Ресей де, төңірегіміздегінің бәрі де әсер ететінін, оған қарамай, біраз шаруа атқарылып, жалпы экономиканың деңгейін төмендетпеу іс-шараларын қолға алынған айтты.
– Енді, қазіргі әлеуметтік аxуалды қарап, қалған уақытта не істеуіміз керек, қандай жаңа жұмыстар атқаруымыз қажеттігін ақылдасып алу үшін кездесіп отырмыз. Алдағы уақытқа қабылдаған жос­парларымыз бар. Оны өздеріңіз білесіздер. Әлемдік экономикалық жағдайды, мұнай бағасының, басқа шикізат бағаларының төмендеп отырғанын да көріп отырсыздар. Біз де әлемнің бір бөлшегі болғаннан кейін сыртта отырғанымыз жоқ. Осындай жағдайда біз жол тауып, экономикамызды алып шығуымыз қажет, xалықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеуге барлық жағдай жасауымыз керек, – деді Елбасы.
Елімізде экономикалық көрсеткіштерді төмендетпеу тұрғысында әрдайым ұтқыр шешімдер қабылданып келе жатқаны мәлім. Мұның барлығы экономикалық өсімге өзінің оң пайдасын келтірері анық. Осы мәселеге ерекше назар аударған Президент мемлекеттік қолдау есебінен инвестициялық өзектіліктің сақталғанын, сонымен қатар, жаңа шындық жағдайында даму бойынша алдағы болатын қадамдарды осы жылдың аяғына дейін және келесі жылы анықтауымыз керектігін тілге тиек етіп: «Қазір 2016 жылдың бюджеті қаралады. Сонымен бірге, біз келесі үш жылға арналған бюджетті бекітеміз. Үкіметке бекітуге барғанға дейін оны баршамыз бірге талқылауымыз керек» деді Мемлекет басшысы.
Қуандық Бишімбаевтың хабарлауын­ша, тамыз айында экономикамыз 0,1 пайызға өсіпті. Ал биылғы жылдың сегiз айының қорытындысы бойынша iшкi жалпы өнiмнiң өсiмi 0,3 пайызға жеткен.
– Жалпы алғанда, маусым айы­нан бас­тап экономиканың оң өсiмi байқалады. «Нұрлы жол» бағдарламасы мен дағдарысқа қарсы iс-шаралар жұмыс iстей бастады» дедi министр сөз басында.
Әрине, өсім үлкен болмаса да, кейбір әріптес елдермен салыстырғанда едәуір жақсы. Бұл ретте министр Ресей, Беларусь, Қырғызстан және т.б. елдердегі ішкі жалпы өнімнің төмендегенін айтты.
Ұлттық экономика министрлігі басшысының алға тартқан мәліметтеріне назар аударатын болсақ, елімізде экономика өсімі құрылыс саласында – 6,7, көлік саласында – 4,2, ауыл шаруашылығында – 4,9, өңдеу өнеркәсібінде – 0,7, қызмет көрсету саласында 0,4 пайызға өскен. Дегенмен, тау-кен өңдеу саласында біраз қиындықтар бар көрінеді. Өйткені аталған саладағы өсім 4,8 пайызға артта қалған. Бұл мұнай және көмір өндірудің азаюымен байланысты екенін түсіндірген министрлік жетекшісі табиғи газды өндіру көлемі артқанын жеткізді. Сонымен қатар түрлі-түсті металдарды өндіру Бозшакөл мен Ақтоғай кен орындарының іске қосылуы арқылы өсіп отырғанын хабарлады.
– 2016 жылдың соңына дейін «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша толық игеру қамтамасыз етіліп, дағдарысқа қарсы шаралар толық орындалады. Тауарлар мен қызметтерге бағаның негізсіз өсуі тоқтатылады. Жалпы, экономикадағы оң өзгерістерге орай, біз ІЖӨ өсімін жоспарланған 0,5 пайызда күтіп отырмыз. Дағдарысқа қарсы жоспар аясында Үкімет кәсіпорындарды қолдау үшін бірқатар шаралар қабылдады: ТЖ көлігі мен электр энергиясына бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар нәтижесінде 170 мың жұмыс орны сақталды, оның ішінде 114 мыңы тұрақты. Жалпы, қабылданған шаралар 5 пайыз деңгейінде тұрған жұмыссыздықты өсірмейді. 2016 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру үшін 60,3 млрд теңге қарастырылды. Шағын және орта бизнес жобаларына инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге республикалық бюджеттен 16,5 млрд теңге, оның ішінде Ұлттық қор қаражатынан 15 млрд теңге көзделген, – деді Қ.Бишімбаев. Сонымен қатар министр өзге де маңызды мәселелер туралы хабардар етті.
Келесі болып сөз алған еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов биылғы жылдың 8 айындағы ел бюджеті көлемі бойынша рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті. Ол мемлекеттік қаржыны тұрақты деп бағалап, кірістер бойынша алға жылжу бар екенін, тапшылық төмендеп келе жатқанын айтты.
– Бюджеттік құралдар экономиканы әртараптандыру мен жұмыспен қамтудың өсуін қоса алғанда, бірнеше міндеттерді шешуге қайта бағдарланды. Бұл «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы дағдарысқа қарсы шараларды қолдауды, жергілікті бюджеттерге берілетін трансферттер арқылы өңірлерді дамытуға жәрдем көрсетуді қарастырады. Барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды. Жылдың басынан бері бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жалақылары, студенттердің стипендиялары 25 пайызға көтерілді. Зейнетақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді индексациялау сақталып отыр, – деді Б.Сұлтанов.
Жекешелендіру, мүлікті жария ету және мемлекеттік сатып алу үдерістерін кеңейту экономиканы жандандыруға өз үлесін қосқанына тоқталған министр осы жылдың бюджетін нақтылауға және келесі үш жылдық мерзімге оң жоспарларды дайындау үшін ресурстық негіз қалыптасқанын жеткізді.
Енді министр келтірген нақты сандарға жүгінсек. Биылғы жылдың 8 айында мемлекеттік бюджеттің кірісі 25 пайызға асыра орындалған. Есепті кезеңде мемлекеттік бюджеттің кірісі жоспарға қарағанда 25 пайызға артық жүзеге асырылған. Жалпы, 4 трлн теңгеден астам қаржы түскен. Аталған көрсеткіш өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 1,2 трлн теңгеге немесе 40 пайызға артық екен. Мұндай өсім дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында мүмкін болған.
Бұдан әрі сөз кезегі Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевке берілді. Оның айтуынша, Ұлттық банк қысқа уақыттың ішінде ақша және валюта нарықтарындағы жағдайды тұрақтандырса, оған бірнеше себеп ықпал еткен екен. Д.Ақышев қазіргідей экономикалық өсім баяулаған кезде және соған сәйкес, экономикалық белсенділікті қайта қалпына келтіру мақсатында арнайы іс-шаралар атқару үшін Ұлттық банк алдында тұрған басым міндеттердің бірі – банк секторының позициясын қалпына келтіру екенін атап өтті. 2016 жылдың екінші жартыжылдығында бизнесті несиелендіру үдерісі біртіндеп қалпына келетінін жеткізді. Қазірдің өзінде оң үдерістер байқалып келе жатқанын тілге тиек етті.
Мемлекет басшысы отырысты өзі қорытындылап, Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді. Алдағы кезеңге келесі бағыттар бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.
Атап айтқанда, Үкіметтің басты жұмыс бағытының бірі болып жаппай кәсіпкерлік мәселелері табылатынын атап өтіп, тиісті бағдарламаларды одан әрі дамытуды жүзеге асыруды және қолдау құралдарын жетілдіруді тапсырды.
– Үкімет бүгінде шағын несие беру аясын одан әрі кеңейту жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың 60 пайызы ауылда тұрады. Осыған байланысты, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында біз 5 өңірде қанатқақты режімде «Ауылдағы жұмыс орны» жаңа жобасын іске асыруды бастадық. Оған 10 млрд теңге бөлінді. Бұл жұмысты жүргізу барысында кооперацияларды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлу қажет. Тиісті «Кооперация­лар туралы» Заң қабылданды. Енді жер-жерлерде үлкен ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары күтіп тұр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, елді мекендерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және қайта өңдеуді қамтамасыз ететін кооперативтер ұйымдастыру жөніндегі шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Барлығына тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы аясында жұмысты жалғастыру қажеттігіне тоқталды. Бұдан бөлек, Президент Үкіметке және әкімдерге еңбек мобильділігін қамтамасыз ету және жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің бір-бірін табуға ықпал ету жөніндегі жұмыстарды бақылауда ұстауды тапсырды. Басқосуда Президент агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидиялауды доғару және өнімділікті арттыруға назар аудару қажеттігіне де мән берді. Бұл орайда ветеринарлық қауіпсіздік мәселелерін қозғай отырып, Үкіметке биыл АӨК-ті қолдауға қажетті қосымша 97 млрд теңге қаражат бөлуді тапсырды.
Көлік инфрақұрылымын дамыту туралы сөз қозғаған Елбасы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бүгінде көлік инфрақұрылымын дамыту мен экономиканы қолдаудың басты құралы болып отырғанына назар аударды. Көлік әлеуетін дамыту мен өңірлік көлік-логистика хабын құру жөнінде міндеттер тұрғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке алдағы уақытта бірінші кезекте іске асырылуға тиіс бірқатар міндеттер қойды. Мәселен, Н.Назарбаев Ұлттық қордан алынатын трансферттерді қатаң регламенттеуді тапсырды. Сонымен қатар 2016 және 2017 жылдары инфляция деңгейін 6-8 пайызға дейін төмендету макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті маңызды шарт екенін атап өтті. Валюта нарығындағы ахуалдың тұрақталуы қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастағанына екпін берді. Экономикаға инвестиция тартудың елеулі жолының бірі халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат алу екенін де айтты.
Үкіметке бірыңғай «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуді, оған қазіргі қолданыстағы бағдарламалардың барлық мәселесін кіріктіруді тапсырды. Бұл ретте жаңа бағдарламада мына мәселелерді ескеру керектігін, тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырғаннан гөрі, жекеменшік құрылысшыларды ынталандыру ісіне баса ден қойған жөн екенін атап көрсетті. Олардың тұрғын үй салу кезіндегі шығындарын азайтып, мемлекет өз ресурстарын инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар әзірлеуге жұмылдыруы керек. Бұл бюджеттен қаржыландырудың үлесін азайтып, жеке инвестицияны көбірек тартуға мүмкіндік тудырады. Сондай-ақ, төлем қабілеті бар тұрғындар тарапынан сұранысты жандандыру керек. Коммерциялық банктердің ипотекалық несие беруін жандандырып, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қоса өзге де арзандату бағытындағы шараларды ойлас­тыру қажет деді Н.Назарбаев.
Президент бағдарламаның тағы бір компоненті тұрғын үй құрылысы жинағы жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй құрылысын жалғастыру болуы тиістігін атап өтті. Бұл ретте несиелік тұрғын үй құрылысын бюджеттен тыс қаржыландыру жүйесіне көшіру керек, ал бюджеттен займдық ресурстар құнын төмендету үшін субсидиялау түрінде ғана қолдау көрсету жөн екеніне назар аударды. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту туралы да бірқатар мәселелерді тілге тиек етті.

Дәукен Жұматұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.