Мен өскен өлке

Бақтияр Сманов,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, педагогика ғылымының докторы,
профессор, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі

Зымыраған зымыран уақыт. Осы күнге дейінгі жүріп өткен бүкіл өмір жолыма қарап отырсам, бәрі де күні кеше ғана болып өткен секілді. Балалық шағым сонау Оңтүстік Қазақстан облысының қарамағындағы бұрынғы Бостандық ауданының Қызылту колхозындағы Қызылқаңлы ауылында өтті.
Бұл аудан 1956 жылдың басында көршілес Өзбекстанның қарамағына «уақытша» пайдалануға берілгенін, одан кейін біржолата сонда қалып қойғанын барша жұрт жақсы біледі. Бүгінде осынау өкінішті оқиғаның орын алғанына да биыл табаны күректей алпыс жыл толыпты. Мұны тарих үшін, әділдік үшін айта кеткен, еске алған орынды. Бұл – өзекті өртейтін, жүректі сыздататын – өкініш болса да біздің төл тарихымыз.

Бостандық ауданы – белгілі жазушы Рахметолла Райымқұлов, еліміздегі алғашқы су заңдары мен оның оқулығының авторы құқықтанушы ғалымдар арасынан «Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері» құрметті атағын тұңғыш рет алған көрнекті ғалым, заң ғылымының докторы, профессор Сағындық Байсалов, республикамыздың прокуратура органдарының ардагері, заң ғылымының докторы, профессор Әбдез Стамқұлов, әдебиетші ғалымдар, профессорлар Файзолла Оразаев, Мұхамедрахым Жармұхамедов, қазақтың тұңғыш екі дүркін Олимпиада чемпионы (1972 – Мюньхен, Германия; 1980 – Мәскеу, Ресей), әйгілі баскетболшы Әлжан Жармұхамедов, атақты былғары қолғап шебері, Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев, саясаткер Азат Перуашев (үшеуі де Табақсай ауылынан), ғарышкер Владимир Жәнібеков, айтулы уролог, академик Мырзакәрім Алшынбаев, фантаст-жазушы, профессор Шәмшидин Әбдіраманов, биыл грек-рим күресі бойынша Өзбекстаннан Рио олимпиадасына қатысып, қола жүлдегер атанған қандасымыз Елмұрат Тасмұратов сынды талай-талай елге танымал азаматтар шыққан өңір.
«Мектеп – кеме, білім – теңіз» демекші, сонда мектеп табалдырығын алғаш аттадым. Сауатымды бастауыш мектепте өз әкем Өрісбайдан аштым. Әкем елу жылдан астам сол ауылда ұстаздық еткен еді. Ол кезде ауылдық жерлерде бастауыш, жеті жылдық, сегіз жылдық білім беретін білім ошақтары ғана болатын. Орта мектепті аудан орталығына барып оқитынбыз. Мен де өзгелер секілді сегізінші сыныпты ауылда бітірген соң, аудан орталығындағы №1 Абай атындағы орта мектепте жалғастырдым. Бұл 1966 жыл еді. Бұған да биыл елу жыл болып қалыпты. Ол тұста (тұрғындарының 70% пайыздан астамы қазақтар болған) ауданымыздың орталығы «Бостандық селосы» деп аталатын. Оның өзі екі бөлікке бөлініп, ел арасында бірі – Ғазалкент, екіншісі – «Жаңа қала» (Новый город) делінетін. «Абай» мектебі Жаңа қалада еді де, Ғазалкентте №2 М.В.Ломоносов атындағы орыс орта мектеп болатын. Ол кей жылдары «Л.Н.Толстой атындағы мектеп» деп те аталды (Қазір аудан орталығы Ғазалкент қаласы деп аталады).
Мұны айтып отырғаным, аудан орталығындағы осы екі мектеп оқушылары жарыса оқитын. Олар аудандық, облыстық түрлі спорттық жарыстарда, пәндік олимпиадаларда бәсекелесіп жүретін.
Ал қазақ және өзбек тілінде білім беретін біз оқыған №1 Абай атындағы орта мектептің аудан, тіпті облыс халқы арасындағы абырой-беделі өте жоғары, бала саны жағынан ең үлкен оқу ордасы еді. Сегізжылдық мектепті бітірген ауыл балалары Шыршық қаласындағы индустриалдық техникумға бармай, көбіне Абай мектебін таңдайтын. Кейде мектебімізді әсірелеп, ел арасында «Ауданның МГУ-і» деп те қоятын.
Онысы рас та еді. Өйткені мектептің берген білімі сапалы, тәрбиесі өнегелі болатын. Мұның бәрі ұстаздар ұжымының жан-жақты терең білімділігі мен олардың өз мамандықтарына әбден берілгендігінің нәтижесі еді. Әрине, бұл – мектеп жұмысын басшылардың ұтымды ұйымдастыруына, директорымыз Икрам Қадырбеков пен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Әлізақ Анаров ағаларымыздың іскерлік қабілеттерінің жоғарылығына байланысты болатын. Мұны мен кезінде республикалық «Айқын» газеті мен «Ақиқат» журналында, жарық көрген өмірбаяндық кітаптарымда жаздым.
Сол кездің өзінде біздің мектептің түлектері еш қиналмай Мәскеу, Ленинград, Киев, Новосібір, Алматы, Ташкент, Фрунзе секілді Одақ көлеміндегі ірі қалалардағы беделді жоғары оқу орындарына оқуға түсіп, оны табысты аяқтап жататын. Олардың көпшілігі ғылым жолына түсіп, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, профессор, әртүрлі ғылым академияларының корреспондент-мүшесі, академигі атанды. Оған алдымен мектептегі мұғалімдеріміз үлгі көрсетті. Айталық, сонау алпысыншы жылдары Жұмағұл Сәрсенов, Икрам Қадырбеков сынды ұстаздарымыз мектеп қабырғасында жүріп, ғылым негіздерінен кандидаттық диссертацияларын қорғады. Одан соң ғылыми қызметке, жоғары оқу орындарына жұмысқа ауысып жатты. Химия пәнінің мұғалімі Ережеп Ысмайылов ағамыз да сол кезде ғылыммен айналысып жүретін еді.
Бұлардың басым көпшілігі 1950 жылдардың екінші жартысында біздің ауданға Қазақстанның шалғай ауданы ретінде Оқу министрлігінің жолдамасымен Алматыдан С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті мен қарашаңырақ жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіріп келген сайдың тасындай жас түлектер, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Шымкент секілді аймақтардың, тумалары болатын.
Біздің мектеп түлектерінің ішінен өнер және шығармашылық адамдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері көп шықты.
Қазақ сыныптарының түлектері, ауданымыздың көрші ел құрамына өтіп кеткендігінен болуы керек, патриоттық сезімдері жоғары, намысқой, ұлттық мүдде, елжандылық көзқарастары биік азаматтар болып қалыптасты.
«Абай» мектебіндегі оқу-тәрбие жұмысының осындай жоғары дәрежеде қойылуына көп еңбек сіңірген, барлық іс-шаралардың бел ортасында жүретін оқу ісінің меңгерушісі Әлізақ ағай Анаровтың сіңірген еңбегі ерекше болатын. Өйткені директорымыз Икрам Қадырбеков көбіне кандидаттық диссертациясын қорғау үшін Алматы, Ташкент, Мәскеу қалаларына жиі қатынап жүретін (Ғылыми жетекшісі әйгілі тарихшы ғалым Ермұқан Бекмаханов болды). Сол кезде директор міндетін қоса атқару және басқа да ұйымдастыру шаруалары түгелімен оқу ісінің меңгерушісі Әлізақ ағамызға жүктелетін (Бұл кісі менің оныншы сыныптағы оқуымды «Абай» мектебінде әрі қарай жалғастырып, ойдағыдай аяқтауыма көмектескен адам. Ол жайында осы естеліктің соңында баян­далады).
Сонан мен де біздің ауылдағы Ілияс, Кәрімбай атты сыныптас достарыммен бірге 1966 жылдың күзінде 9-сыныптағы жаңа оқу жылын «Абай» мектебінде жалғастырдым. Сынып жетекшіміз – математика пәнінің мұғалімі Тұрсын апай Омарова, физика пәнінен біздің ауылдан аудан орталығына ауысып келген САГУ-дің түлегі Сейділда ағай Тағаев, орыс тілінен Людмила Егоровна Горбуличева, ағылшын тілінен Әкима Бейсенова апай, тарихтан мектебіміздің директоры Икрам Қадырбеков, қазақ тілі мен әдебиетінен мектеп оқу ісінің меңгерушісі Әлізақ Анаров ағаларымыз сабақ берді. Ұстаздарымыздың бәрі өз істерінің нағыз шеберлері, педагогикалық жұмысқа әбден берілген жандар еді. Біз, ауыл-ауылдан келген балалар, мектеп жанындағы 60-70 орындық шағын интернатта жатып оқыдық. Интернат үйі таудың бөктеріндегі орман шаруашылығы мекемесінің жанында болатын. Сондағы көлденең созылып жатқан Тимирязев көшесінің бойында бізге жақын Әлізақ ағай мен Сәлима, Кенжегүл, Балтабай деген сыныптастарымыздың үйлері болды. Әлізақ ағай бізге жиі келіп, интернат балаларының тұрмыс жағдайын көріп кететін. Тәрбиешіміз әрі интернат меңгерушісі – ҚазМУ-дің филология факультетінің түлегі, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы Мұсырманқұл Орынбаев ағамыз (ол кісіні әйелі Жанат атты алматылық орысша өскен қыз «Мүсілім» деп атайтын), ал аспазымыз Ольга Николаевна деген орыс әйелі болатын. Қазір бұл аталған адамдар арамызда жоқ. Имандары саламат болсын. Ольга Николаевна қолы бос кезінде асхананың есігінің алдына орындығын қойып алып, «Қазбек» деген папырозының түтінін будақтатып тартып отыратын. Өте мейірімді, адал адам еді. Тамаққа кешігіп қалсақ, «Сынок, где ты ходишь?» дейтін де тамағымызды алдымызға тосатын.
Біздер бөлмемізде бір ауылдан келген Ілияс, Кәрімбай, Қалжан, Арыстанбай, Шымған тауынан келген Ағабек, ­Ысмайыл, Қошмат деген қырғыз балаларымен тұрдық. Олар да қазақша оқитын. Бізбен бірге Піскем, Бұрышмолда, Теке жаңғақ, Палтау, Қызылсу-Жанбай, Қараңқұл, Главасай елді мекендерінің қыздары мен балалары интернатта жатты. Фотоүйірме, музыкалық-спорттық үйірмелер мен түрлі тәрбиелік іс-шараларға қатыстық.
Ол кезде біздің мектеп оқушылары мұғалімдердің басқаруымен ауыл-ауылдарға барып, түрлі концерттер қойып, акробатикалық ойындар көрсететін, сан алуан тақырыптарда баяндамалар жасап, дәрістер оқитын.
Бірде бір мерекелік жиында мектептің бас ғимаратындағы шағын сахнада домбырамен Ахмет Жұбановтың «Би», Дина Нұрпейісованың «Той – бастар» күйлерін басым мең-зең болып, жүрексіне орындағаным әлі күнге есімде. Бұл менің сахнаға, жалпы көпшілік алдына, тұңғыш рет шығуым болатын. Сонда шараны ұйымдастырып жүрген Әлізақ ағамыз «Ой, бәрекелді!» деп риза болып, басқа ұстаздарым да жылы сөздерін аямай айтып жатты. Соған қарағанда, шамасы, менің орындаған музыкалық нөмірлерім жаман болмаған сыңайлы. Осы кезден бастап үлкен өмірге жолдама алғандай болып, ел алдындағы алғашқы қадамымды аттадым.
Осылайша 1967 жылы тоғызыншы сыныпты аяқтап, келесі оныншы (бітіруші) сыныпқа көштік. Көктемде Ақсақата өзенінің суы тасып, көпірді жуып кетті де, Шыршық қаласы арқылы айналып барып жүрдік. Сол жылдың күзі мен қысында сенбі, жексенбі күндері ауылға жаяу қатынадық. Екі арасы он шақырымнан астам жерді Ілияс, мен, Кәрімбай үшеуіміз 1,5 сағатта жарыса жүріп өтетінбіз. Автобус дегеніңіз кейіннен, яғни келесі 1968 жылы жаздан бастап алғаш жүре бастады. Оның өзінде көрші «Фрунзе» колхозының орталығына дейін барып, жарты жолдан Шыршық қаласына кері қайтатын.
1967 жылы әкем ерте көктемнен Тоғанай ауылына, туысқандары арасына қосылмақ болып, сонда үй сала бастады. Ол кезде үй салудың өзі қиын болатын. Құрылыс материалдары – тас құм, цемент, тақтай, қаңылтыр ауылдық жерде өте тапшы. Оның үстіне әкемнің бастауыш сынып мұғалімі ретіндегі айлық табысы да мардымсыз. Үйдің төбесін әрең дегенде оқу жылы басталмай, жауып алдық. Ендігі мәселе оның ішкі жұмыстары, сылау-сырлау, еден, пеш, мал қора салумен оқу жылы басталып кетті. Мен көрші «Жданов» (қазіргі «Абай» ауылы) колхозында жаңа ашылған «Аманкелді» орта мектебіне 10-сыныпқа барып, ауыл­да жаңа үйдің құрылысына көмектесе бастадым. Қыркүйектің ортасынан асқан соң, мектеп оқушыларын жаппай мақта теруге көрші Аққорған ауданына алып кетті. Мен мақтаға бармай үйдің шаруасымен қалдым. Сөйтіп, біз әйтеуір Қазан төңкерісі мерекесіне дейін (оқушылар мақта терімінен қайтқанша) жаңа қонысқа көшіп алдық. Екінші тоқсанның оқуы басталған кезде «Аманкелді» мектебіндегі оқуым көңіліме қонбай, сабаққа баруды қойдым. Әкеме жағдайды айтып ем, ол кісі өзінің бастауыш сыныпта екі ауысымда сабақ беріп жүргенін ескерте келіп:
–«Абай» мектебіне қайта барғың келсе, Әлізаққа бар. Ол біздің елге жиен болып келеді. Анасы – Манат апай біздің әпкеміз. Бірден сол кісіге жолық. Бүгін күн сенбі ғой ауылдарына, әкелерінің үйіне, келген шығар. Олар «Қызыл үй» мектебінен төмен, Қаратөбенің бергі жағында тұрады, – деді.
Сонан әкемнің нұсқауымен сол күні түс қайта әлгі ауылға бардым. Әлізақ ағам мән-жайды түсінгеннен кейін, бәрі де жақсы болатынын айтты.
Сөйтіп, Әлізақ ағамыз болмағанда, менің аудан орталығындағы әйгілі «Абай» мектебіне қайта қабылдануым екіталай еді. Әр адамның ғұмырындағы шешуші оқиғалар болатыны сияқты осы жайт менің де жеке өмірімдегі шешуші жағдай іспетті болды. Сондықтан мен бұл жайтты әрқашан ерекше ілтипатпен еске аламын.
Иә, зымыраған зымыран уақыт. Біз атаған Әлізақ ағамыз бен Икрам ағай, Сейділда, Мұсырманқұл, Ережеп сынды басқа да ұстаздарымыздың көпшілігі бүгінде арамызда жоқ. Олардың өмірден озғандарына иман байлығын, аман-сау жүргендеріне ұзақ ғұмыр тілеймін. Шындығында да, осы күнге дейінгі бүкіл өмір жолыма қарап ойлап отырсам, бәрі де күні кеше ғана болып өткен секілді. Ал мен туып-өскен өлке – байырғы қазақ жері, біздің ата-жұртымыз бүгінде ит тұмсығы батпайтын нағыз шетелге, басқа мемлекетке айналды. Болмаса, күні кеше ғана бір ел, бір мемлекет – еш айырылмастай «мызғымас Одақ» едік.
… Иә, бәрі күні кеше ғана өткен сияқты. Бұл – 1956 жылдың қаңтары болатын. Сол кезгі Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің екінші сессиясында Бостандық ауданы мен Бетпақдала жерінің бір бөлігін Өзбек ССР-інің құрамына пайдалануға беру туралы қаулы қабылдады. Оны бұқаралық ақпарат құралдары «халықтардың достығы мен туысқандық ынтымағы жаңа социалистік мазмұнмен гүлдене түсті» деп жазды.
Қызыл саясаттың басқа айтуға сөз таппай осылайша жасаған әрекеттерін негіздегені, долбарлап қиыстырғаны болса керек. Әйтпесе, бір халықтың ата-бабасынан бері, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан қасиетті мекенін, екінші бір мемлекетке «пайдалануға берілсін» деп алдарқатып, біржолата мәңгіге қалдыруда қандай халықтар достығы, қайдағы туысқандық ынтымақ бар, онда тұрған қайдағы социалистік мазмұн?! Мұның түбінде алысты болжаған нағыз арампиғылды, жымысқы сұрқия саясат жатқанын бүгінгі күнгі өмір шындығы, тарс жабылған шекара, ауа көшкен ел, жосыған жұрттың жайы аңғартып келеді. Бүгінде қырғыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы секілді күй кешкен ел ата-аналарының, туған-туыстарының бейітіне бара алмайтындай, қайтқандарына топырақ сала алмайтындай халге жетті. Мұның бәрі, шын мәнінде, 1956 жылғы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі қаулысының негізі дұрыс болмағанын, зорлықшыл биліктің ойына келгенін істегенін, бір халықты екінші халыққа қарсы қойып, қит етсе қан төгілетіндей етіп, матап-байлап тастағанын көрсетеді.
Осы алпыс жыл ішінде қаншама ұрпақ өкілдері Бостандық ауданын Қазақстанға қайтару жөнінде мәселе көтеріп, әлек болды. Олардың қаншасы кеңестік кезеңде қудалауға ұшырап сергелдеңге түсті. Тіпті ізім-қайым жоқ болып кеткендері де, жұмбақ жағдайда өмірден озғандары да болды. Мұны бүгінгі жұрт біле бермеуі мүмкін.
Сол сессияда депутат-жазушы Сәбит Мұқанов: «Қазақстанның жері Франциядан жеті есе үлкендігі бізге мәлім. Соны біле тұра біз – Қазақстан азаматтары ешуақытта бізде артық жер бар» деп ойлаған емеспіз және ойламаймыз да, өйткені әзірге пайдаға аспай тұрған жер болса оны тез игеруге күшіміз жетеді. Солай бола тұра, бүгін, осы Жоғарғы Советтің сессиясына туысқан Өзбек республикасынан жер сұрап өкілдер келгенде, Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутаттардың бірі болғандықтан мен бұл өтінішті қолдаймын… Қол көтерумен бірге өзбек ағайындарға көңіл бір тілек айтқым келеді: «Біз сіздерге Совет Одағындағы ең күшті, ең сұлу ауданның бірі – Бостандықты бергелі отырмыз» деп сөз сөйлегені ел есінде. Алдын ала даярланған сценарий бойынша бұған жауап ретінде көрші елден жер сұрап келген Лениндік сыйлықтың лауреаты, өзбек ақыны Ғафур Ғұлам:
Халқымыздың сауықтырғыш мекені,
Бұл бостандық атын ақтап өтеді.
Жасыл орман, інжу бұлақ, жайлауын,
Әлі талай өзбек мақтан етеді.
Тұрақ етіп мәртебелі мінбе үстін,
Айтам алғыс, төбем көкті бір құшсын,
Халқымыздың ғұрпыменен, кел бауырым,
Құшақтайын төсіңе төс түйіссін, – деп өлеңмен жауап қайтарған. Бар-жоғы жарты сағаттың ішінде курортты Бостандық ауданының жері көзден бұлбұл ұшты. Онымен бірге қаншама мыңдаған менің жерлестерімнің өкініш-наласы, көз жасы, ой-арманы кетті. Бүгінде қазақ жерін уақытша жалға беру, сату туралы әңгіме қозғалғанда дәл осы мәселе ылғи да ойыма орала береді.
Сөйтіп, 1956 жылдың ақпанынан бастап, кеңестік сұрқия саясаттың салдарынан айдың-күннің аманында туған топырақтан, өскен елден, атажұрт – қазақ жерінен ажырадық. Ал еліміз егемендік алған соң «Қазақстанның Швейцариясы» атанған сулы-нулы шұрайлы өңір – Бостандық ауданының аумағы баяғысынша көрші елдің құрамында біржолата қалып қойды. Сонан кейінгі кезеңде өз қамын ойлаған ел бәрін тастап, қазіргі жаңа Қазақстанға үдере көшті, жұрт тағы да ауды. «Елу жылда – ел жаңа» болды, алпыс жылда туған жер жат елге айналды. Бәрі-бәрі тарих қойнауына сіңіп барады. Қазір мұны айтсаң, билік басындағылар ұната бермейді. «Айтпасаң – сөздің атасы өледі». Алайда уақыт – төреші, тарих – таразы, ештеңе, (әсіресе, туған өлке) ешқашан ұмытылмайды. Бұл – ақиқат шындық.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.