Семсер сөздің серісі

Сарбас АҚТАЕВ, жазушы 

Атағы алты Алашқа аян Ақан сері қайтыс болғанда қабірінің басында қаралы жиын өткізіп, қазақтың тұңғыш кәсіби экономисі Мәмбетәлі Шөбеков: «Мың кісілік Ақан аға-ай, бір кісінің өлімімен кеттің-ау!» деп жылаған екен. Сол сияқты жалғыз өзі жүз журналистке татитын танымал көсемсөз тарланы, арамызда жүргенде биыл 80 жасын атап өтетін Нүри Муфтах та бұл жалғаннан бір адамның орнында кете барды. Атыраудың құмында шыр етіп өмір есігін ашқан азаматқа Алатаудың шыңынан топырақ бұйырды. Өзі де тірлігінде қырандай қиялап, қиядағыны шалатын қырғи сөздің шыңына құлаш ұрған қарымды да дарынды қаламгер еді ғой. Оның сол биікке самғауына азды-көпті септігіміз тисе, әріптестің толатын ақылына, қонатын бақытына жол ашып, демеп-жебеп жіберуіміздің өзі бір мерей емес пе?!

Жетпісінші жылдардың бас шенінде «СҚ»-ға (қазіргі «Егемен Қазақстан») Сапар Байжанов – бас редактор, ал мен оның орынбасары болып келген кезде қызметкерлердің дені бір орында тапжылмай бірнеше жыл отырып, араларынан ешкімі де өспей, енжар тарта бастаған екен. Онсыз да ресми материалдары бас көтертпейтін басылымда редакция қызметкерлерінің ең басты міндеті газетті қатесіз шығару ғана деген теріс түсініктің салдарынан қаламы жүйрік, қиялы ұшқыр жігіттердің өзі жарытып ештеңе жазбай, жазса шығара алмай, зар қағатын көрінеді. Сондықтан шығармашылық ұжымға жан кіргізіп, жұмысына қан жүгіртетін тың күш керек болды. Бір ғажабы, бұндағы журналистерде Алматыдан басқа жерде қалам ұстай білетін жөндем адам жоқ деген жалған ұғым етек алған екен. Кәдімгі астаналық астамшылық!
Орталық партия комитетінде ұзақ жыл бас­па­сөз жағын басқарған Сапекең мен облыс­тық газеттің орынбасарлығынан келген әрі ай­мақ­тардағы әріптестердің аяқ алысын аңдап жү­ретін маған қай жерде қандай қаламгер бары бесе­неден белгілі. Солардың қарымдысы мен ша­­лым­дысын шақырып, жоғары жақпен ақыл­даса отырып, жұмысы мен тұрмысына жағдай жа­сасақ, талайдың шырағын тұтатып, шабытына қанат бітірер едік, газеттің де шырайын енгізер едік деген ойымды жақсы пікірге жана түсетін бас­тығым бірден құптады. Сөйтіп, Торғайдан Қой­шығара Салғарин, Қарағандыдан Ақселеу Сейдімбеков, Өскеменнен Тоқтарбек Қызық­баев, Қызылордадан Зұлқарнай Сақиев ша­қы­рыл­ды. Бірер жігіт жастар газетінен тартылып, тіпті университеттің соңғы курсынан екі-үш жігіт алын­ды. Жұмыс жанданып, газет ажарланайын деді.
Сондай күндердің бірінде ертеңгілік Сапекеңнің өзі телефон шалып, кабинетіне кіріп шығуымды өтінді. «Адалдығын айтшы, бізде тікелей тек сынмен шұғылданып жүрген журналист бар ма?» деп сұрады жылыдай қолға алып. «Жап-жақсы сын жазып жүрген жігіттер болғанымен, бірыңғай сынның соңында жүргендері, әрине, жоқ» дедім. «Ендеше, ондай қаламгерді мен таптым, ұсынып отырған университет журналистикасының жетекшісі Темкең, яғни Темірбек Қожакеевтің өзі, – деп үстелінің суырмасынан алып бір папканы қолыма ұстатты. – Танысып шығып, пікіріңді айтарсың. Содан кейін көрейік…».
Танысып шыққан материалдарымның көбі Атырау облыстық газетінде жарияланыпты. Фельетондары басымырақ екен. Арасында батылдауы да, босаңдауы да бар. Дені жергілікті жердің деңгейінен көп көтеріле қоймаған. Алайда автордың кілең келеңсіздікпен күресіп, бірыңғай сын жазып ұстанған бағытынан қайтпай келе жатқан қайсарлығы ұнады. «Айғыр атқан Әзірбаевтар» тәрізді тақырып қоюы да тәп-тәуір. Осы ойымды айтқанда, Сапекең «Бос орын болса, өзімізге алып жіберетін жігіт екен» деді.
Іздегенге орын табылмай ма, редакция мең­ге­рушісі Мағзұм ағайды қадірлеп, құрметті дема­лысқа шығарып салып, уақытша соның орнына алдық. Сын мақала шығады-ау деген хаттарды, арыз-шағымдарды соған беріп отыруға келістік.
Ұзақ жылдар бойы қара қылды қақ жарғандай әділ, алмас қылыштай өткір сын мақалаларымен қазақ баспасөзі қарашаңырағының абырой-беделін көтерген семсер сөздің серісі, сықақ сөздің сойы Нүри Муфтах алғаш осылай газетке редакция меңгерушісі болып келген еді. Техникалық қызмет саналатын редакция меңгерушілігіне сонау Атыраудан кісі алдыруға ұжымда әркім әрқалай қарады. Нартәуекелдің түпкі сырын түсінбегендер оның астарынан тамыр-таныстық іздеп әуреге түсті. Сондықтан жаңа қызметкерді құшақ жая қарсы алушылардан гөрі, атырынып алая қарайтындар көбірек болды. Солардың бірі бас редактордың бірінші орынбасары Балғабек Қыдырбекұлы еді. Нүри келгенде ол демалыста болатын. Жұмысқа шыққан бойда-ақ оны ай-түй жоқ тікелей телефонмен шақырып алады. Сол сәтін Нүридің өзі қызық қып айтатын.
«Амандық-саулық жоқ, «кел маған!» деген өктем дауыс шықты, – дейтін ол. – Бардым. Алдымда алтындатқан көзілдірік киген тесіле қарайтын жұқалтаң кісі отыр. Естуім бар, өте қатал, қолдаушысы күшті кісі көрінеді. Батыстың қазақтарын жаратпайды деген де сыбыс бар. Сәлем беріп едім, жауап қатпастан:
— Сен осы қайдан келдің? – деп сұрады.
— Гурьевтен.
— Жоқ, қалай келдің деп отырмын.
— Өзім де білмеймін, – деп аяқ астынан ша­қырылып, келген соң қызметке қабылдан­ғанымды айтып, мән-жайды баяндап бердім.
— Маған сені Байжановтың күйеубаласы деп еді? – деді ол. Мен жұлып алғандай:
—Байжановтың ұлты кім? – деп едім, ол шақырайып бір қарады да:
— Қазақ емес пе?! – деді.
— Ал менің әйелім татар ғой, – дедім».
Мұндай жауапты күтпеген болуы керек Бәкең қарқылдап күліп жіберіпті. «Баланың жілік алмақ – мінезінен» дегендей, жігіттің бедел алмағы бір өзінен, білігі мен еңбегінен ғой. Соңынан екеуі сыйлас-сырлас болып кетті. Ал ортамызға келуіне аздап қатысым болған мен оның тепкен тасы өрге домалауына мүмкін-қадерінше атсалысуға тырыстым. Жоғарғы Кеңестің сессиясы сайлаған мүшесі ретінде Мемлекеттік бақылау комитетінің мәжілісіне үзбей қатысатын мен бұлтартпас деректерге бай, сындарлы сын шығатын материалдармен ұдайы қамтамасыз етіп отырдым. Олардың кейбірінен өткір сын, кейбірінен уытты фельетон туды. Кейде елең еткізер бір оқиға естісем оны да айтып, арнайы іссапарға шығуына мұрындық болатынмын.
Бірде «Алатау» санаторийінде демалып жатып Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының мүшесі Бекет Тұрғараевпен таныстым. Кісіге үйір, әңгіме кұмар жас жігітпен әп-сәтте бауыр басып, отбасымызбен мидай араласып кеттік. Халқымыздың жақсы әдебі мен жаман әдеті итжығыс түсіп жататын қазақылығы мол аймақта былық-шылық белең алып бара жатқаны туралы әңгімелей отырып ол:
– Қалыңмал күшейіп барады, ырым-жырым, киіт деген пәле үшін, құйрық-бауыр жесіп, төс түйістірген құдандалылар аяқ астынан араздасып, ақыр соңы сотпен бітетіні бар. Жақында сондай бір болмашы кәдеге өкпелеген бір құда қызымды алғаш зорлап алып қашқан деп күйеубаласын соттатып жіберді, ал қызы «тас түскен жеріне ауыр» деп барған жерінде екі қабат отыр. Шындыққа қарсы күресуге шамам келмей, облсот мүшесі бола тұрып, жазықсыз жігітті қорғап қала алмадым, – деп қынжылды.
– Жазатын оқиға екен, – деп демалыстан оралысымен Нүриденге мән-жайды айтып, Шымкентке шұғыл іссапарға жіберіп, Бекетке көмектес деп телефон соқтым. Сол сапардан ол «Келін үйде, күйеу не күйде?» деген көлемді мақала жазып, күрделі мәселе көтеріп қайтты.
Әдетте оның жазғандары алдымен маған түсетін. Алғашқы нұсқасы менің қолымнан өтіп, қажет жерінде азын-аулақ мұрты басылып, бас редактордың алдына сосын баратын. Түзетулер мен толықтырулар, көркейту мен күшейту керек болса, ол кейбіреулер сияқты әр сөзі үшін салғыласып жатпай, үн-түнсіз алып кетіп, ертеңінде сымға тартылған жібектей есілген жаңа нұсқасын жазып әкелетін. Қолмен жазбай, мақаласын бірден машинкаға өзі басатын, ол жазғаны ұнамаса, бетті суырып тастап, нешеме мәрте қайта басып шығуға әсте жалықпайтын. Мәселен, Жамбыл облысынан жазған «Жала мен жаза» деген мақаласының үш күнде үш нұсқасын жасап, үшеуін де жаратпай, жаңадан жазып, төр­тінші күні ғана ұсынғаны бар. Бұл оның өз қо­лынан шығып, астына аты қойылатын дүниені әл-дәр­менінше жеріне жеткізіп, көңілден шығару үшін мандай терін сан сыпырып, шыбын жанын қи­наудан титтей де танбайтын жауапкершілігін та­нытса керек. Жанды қинап, жүректі жарып шық­қан сөз жүректерге тез жететіні әзелден аян ғой.
Бәлкім, оның осынау жанкешті жауапкер­шілігі мен ересен еңбеккерлігінің, талмай үйренуі мен тынбай ізденуінің арқасы болар, он жеті жылдан астам жемісті еңбек еткен «Егемен Қазақстанмен» қош айтысқаннан кейін-ақ, құлағын басқа күйге бұраған домбырадай, басқа тілде қалам сілтеп, орысша еркін жазып жүре берді ол. Бір қияндағы қазақ ауылында мектеп бітіріп, комсомол жолдамасымен Қарағанды шахталарында кенші болған жылдары сорабы салынған таныс тілді тек шындап, жетілдіру ғана керек болды. Әуелі бір жарым жылдай Шымкентте «Заң және заман» газетін орысша-қазақша шығарып, Бас прокуратураға баспасөз хатшысы болып ауысқан соң, «Казахстанская правдадан» бастап орыстілді газеттердің бәріне дерлік жиі жазып тұрды. Оның қаламының ұшқырлығы, жазуының өніктілігі сондай, ойлы да өткір мақалалары бір аптада бірнеше газеттен жарқ ете қалып жүрді. Әсіресе, өздерін тәуелсіз деп санайтын бертінгі бейресми газеттерде оның қозғамаған тақырыбы, көтермеген мәселесі кемде-кем шығар. Ал қазақ журналистикасының кит етсе, басшылыққа шыбындап, шашбауын көтеріп, жөтеліп қалса, «жәрекімалла» деп мақтай жөнелетін ардагерлерінің алақай дәстүрінен ат тізгінін ерте үзіп, бүгінгі билікке айтарын батыл айтқан батыл қаламгер болды.
Жалпы «Егемен Қазақстан» Н.Муфтах­тан бекер айырылды. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, қаламын еркін сілтеуіне жағдай жасап, ойын еркін айтуына жол берсе, ол байырғы басылымның байрағын биік көтеріп, өле-өлгенше өнімді еңбек етіп сонда жүре берер еді. Қазір қанға сіңіп бара жатқан бір жаман әдет бар: басшы біткен жасы алпысқа жеткендерден кірпідей жиырылып, әр сөзін түрпідей көріп «әй, сол шалды қойшы» деп қолды бір-ақ сілтейтін секілді. Ал қалам қайраткерлерінің жасы ұлғайған сайын тәжірибесі толығып, ой-өрісі молығып, қабілеті куаттанып, шабыты шарықтай түседі емес пе. Оның айқын мысалы осы Нүри Муфтах еді.
Алайда ондайларды, әсіресе қаламның қарапайым еңбеккері журналистерді ілтипатқа ілетін билік байқалмайды. Грант, стипендия деген ардагер журналистер үшін аспандағы айдай қолжетпес арман ғана. Мемлекеттік сыйлыққа дейін сұрап алып жатқан заманда ол күні осы уақытқа дейін бірде-бір журналистке бұйырған емес. Жұрт әділеттің ақ семсері деп соттан да, прокурордан да жоғары қоятын, құқық қорғау тақырыбын тамаша игерген, заңға жүйрік те жетік әрі осы саланың бірден-бір білгір қаламгері Нүри Муфтахқа тым құрыса Қазақстан Журналистер одағының лауреаты атағы да берілмеуін қалай түсінуге болады. Әсте әзіліміз жарасып, қатты қалжындасатын оны:
Әзірге алмасаң да атақ ірі,
Разы ғып жүрсің байтақ отаныңды.
«Өзіміздің Нүри» деп сыйлайды елің,
Семсер сөздің Сүбітай баһадүрі.
Осыдан болмас, сірә, атақ ұлы, – деп суырып салып күлкі аралас көңілін жұбатқаным да бар. «Шау тартып шалдықты» деген сол Муфтах соңғы жылдары Атырауда шығатын «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы, Алматыда шығатын «Азат» газетінің бас жазушысы болып екі бірдей үнпарақты басқарып, басқа да бірнеше басылымдарға тұрақты қатысып тұрған жоқ па! Шау тартып шал болса, сондай-ақ болсын жұрттың бәрі! Оның кейінгі кезде билік орындарының әділетсіздігін шыжғырып бетке басып, ашық айтуының да бір тетігі осы алалауда, еңбекті елемеуде жатқан тәрізді.
Бірақ басшылықты сынау барыспен сүйісу сияқты қатерлі батылдық қой. Кейде содан сақтандырып, ойымды өзіне әркез ірікпей айтатын дағдымен:
– Әй, батырым, пайғамбар жасынан асқанда кез келгенмен айқайласып, кеңірдек жырта бермей, сабаңа түссеңші. Билікті сынаймын деп биіктен құлап мерт боларсың, – деп жиі ескертетінмін.
– Айтарын айтып өлген қаламгерде не арман бар!? «Білеміз ғой, білген соң айтамыз да» деген ғұлама Марғұлан ағамыз сияқты айтарымыз барда айтып қалайық та, – деуші еді марқұм әзіл-шынын араластырып. Алдында өрт тұрса да алған бетінен қайтпай, қарғып кететін жолбарыстай қайсар еді ғой, сабаз!
Тегінде адам туған топырағына тартады деген дұрыс. Кісінің мінез-құлқынан, болмыс-бітімінен, қарым-қабілетінен, жүріс-тұрысынан, іс-қимылынан, тіпті көзқарасынан да туған жердің белгілері білініп тұрады емес пе?! Оның бір жарқын мысалы ардақ досымыз, абзал замандасымыз, алғыр әріптесіміз Нүри Муфтахтың тыныс-тіршілігі болатын. Мінезі өзінің кәрі Каспийіне ұқсайды десек қателеспеспіз. Бірде шалқыған дариядай досқа да, жатқа да жайдары, ақжарқын. Шалқып қасында отырған жанның санын сипап қойып, әңгіме кілтін ағытып кеп жіберер еді. Жаны сонда көк теңіздей тұнған байлық секілді көрінетін. Жасар жақсылығын, көрсетер көмегін танитынынан да, танымайтынын да аямайды. Көбіне өзін іздеп келетіндер біреуден қиянат көріп, қысымға түсіп, тендік таба алмай, әділет, араша іздеп жүргендер болғандықтан, олардың арызын тыңдай сала не телефонға ұмтылады, не шұғыл сапарға шығады. Баяғы «СҚ»-дағыдай тұрақты орны болмаса да, жазғандарын жариялап жүрген бүгінгі бейресми басылымдардың есігін қағып, көмек сұрап келгендердің есесін әпергелі өз қалтасынан қаржы жұмсап, сапарға шығып жүргеніне бертін талай рет куә болдым. Шындық үшін шыбын жаны шырқырап, орнында отыра алмайтын мінезден бір жаңылмай кетті.
Ал кемшілік пен келеңсіздікті көргенде ол тағы да теңіз мінезіне басатын. Бұл жолы көкжал толқыны көкке шапшып, екпіндете кеп жағаны ұрған, кері шегініп кетіп, екілене ілгері ұмтылған адуын теңіздей буырқанып жолындағының бәрін жапырып кетуге, әділетсіздік атаулымен арыстанша айқасуға бейіл. Әйтеуір бар арманы – әділетсіздік атымен жойылып, зорлық-зомбылық пен қысастық жер бетінен аласталса екен деген ізгі ниет. Оның қырық жыл бойы жазғандарының бәрінен осы ниеттің лебі есіп тұрады. Семсер сөз серісінің өмір бойы қайтпаған күресінің мұраты да осы.
Сол мұрат Нүри Муфтахтың атын көзі тірі­сінде-ақ аңызға айналдырған еді. Анау жыл­дары ол Шымкентке қызметке ауысқанда республикалық газеттердің бірінде оған арналған өлең басылып, онда автор: «Алматыдан кетсең-дағы, үмітті үзбейміз де; арыз ап бара қалсақ, Шымкенттен іздейміз де» деген екен. Шынында да, республикалық мекемелердің үстінен арыз айтып, бір адамның оны Шымкентке іздеп барғаны бар. Ал Жезқазғанға біздің бір қызметкер арыз тексеруге барса, хат иесі: «Сізбен сөйлеспеймін, мен Муфтахов жолдасты шақыртқанмын» депті. Сонда тілші жігіт: «Ол менің бүркеме атым ғой» деп жол тауып кетіпті. Артына айтып жүрер сөз, сайрап жатар із қалдыру деген осы болса керек.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.