БҮРКІТ

Қазақ халқының ежелден қас­тер­леп киелі деп санаған құсының бірегейі – бүркіт. Халқымыздың өткен тарихы мен күнделікті тұрмыс тіршілігі тікелей бүркіт құсымен тығыз байланысты. Көрнекті ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұланның деректері бойынша ана тілімізде бүркітке қатысты 1,5 мыңға жуық жеке атау сөздер, сөз тіркестері, теңеу сөздер, мақал-мәтел­дер, халықтық даналық нақылдар бар.

Халқымыз бүркітті ерекше дәріптеп, «Құс патшасы – бүркіт, аң патшасы – арыс­тан», «Көк аспанның әміршісі», «Құс төресі бүркіт», «Аспан перісі», «Қа­нат­тылар тәңірі», «Дала сермендесі», «Қан­дыкөз», «Болат тұмсық» және т.б. деп өте жоғары бағалап оған үнемі құрметпен қараған.
Бүркіт халқымыздың ұғымында батыл­дық пен батырлықты, азаттық пен айбын­дылықты, еркіндік пен бостан­дықты, өрлік пен ерлікті, қайсарлық пен қайраттылықты сүйетін құс ретінде сипатталады. Соған байланысты «Бүркіт жеті қазынаның бірі» немесе «Ер жігіттің жеті асылының бірі» деген ұлттық ұғымдар қалыптасқан. Қазіргі тәуелсіз еліміздің көк туында да қыран бүркіт бейнеленген.
Қыран бүркітке деген халық сүйіспен­ші­лігі көптеген аңыз-әңгімелерге арқау болған. Ол сал-серілердің жан серігі, аңшы­лардың айбынды қол қанаты деп есептелінген. Бүркітке деген халқымыздың құрметі мен аса зор сүйіспеншілігін ұлдарының есімдерін «Бүркіт» сөзімен бай­ланысты қоюынан да байқауға болады. Мысалы, Бүркіт, Бүркітжан, Бүркіт­бек, Бүркітбай және т.б. Мұның бәрі де перзенттерінің бүркіттей алғыр, бүркіт­тей қырағы, бүркіттей батыл болуын тілегендігін аңғартады.
Бүркіттің жас ерекшеліктеріне байланысты жеке атау сөздердің ана тілімізде көптеп сақталуы да бүркіттің өзіне ғана тән ерекшеліктерін нақты аңғарта алады. Мысалы, Бүркіт жұмыртқасынан жаңа жарып шыққан балапандарының үлпілдек ақ түсті қауырсындарына сәйкес оны «ақүлпек» деп атаған. Кәнігі құс­бегілер бүркіт жасын көбіне қанаттары мен құйрық қауырсындарының түсінің жыл сайын түлеп өзгеруіне қарап ажы­ратқан. Мысалы, 1 жаста – балапан, 2 жаста – қантүбіт, 3 жаста – тірнек, 4 жас­та – жастүлек (тастүлек), 5 жаста – мұз­балақ, 6 жаста – көктүбіт, 7 жаста – қана (құмтүлек), 8 жаста – жана (қутүлек), 9 жас­­­та – майтүбіт (қоңыртүлек), 10 жас­та – баршын (кәрітүлек), 11 жаста – барқын (ақтүлек), 12 жаста – шөгел (ақырғы түлек немесе кәрі бүркіт), 15 жаста – сұмтүлек, 20 жастан асқан соң «мола» (молаға ықтағыш деген ұғым) деп атаған.
Бүркіт (орысша «беркут», латынша – Aquila chrysaetos L.1758) – құстардың сұңқар тектестер (кейде күндізгі жыртқыш құстар деп те атайды) отрядының қаршығалар тұқымдасының қырандар туысына жататын дене тұрқы ірі жыртқыш құс. Оның «бүркіт» деп аталуы жемтігін (қорегін) саусақтарымен бүріп ұстау тәсіліне байланысты аталған. Бүркіттің латынша атауы «Алтын қыран» деген ұғымды білдіреді. Оның өкше тұсындағы артқы саусағы – «тегеурін» деп аталады. «Тегеуріні мықты» деген ұғым саусақтарының өте күшті екендігін аңғартады. Бүркіттің ішкі саусағы – «жембасар», ортаңғы саусағы – «сығым», ал шеткі (сыртқы) саусағы – «шеңгел» (шынашақ) деп аталады. Бүркіт саусақтарының атауларынан әрбір саусақтың жемтігін ұстауда қандай қызмет атқаратындығын нақты байқауға болады.
Сонымен қатар бүркіттің еркегін ана тілімізде – «шәулі» (бұқатана) деп атаса, ал ұрғашысын – «ұябасар» деп атайды. Бүркіттің шәулісіне қарағанда, ұябасардың дене тұрқы ірі болып келеді. Ұябасардың орташа дене салмағы 3,8-6,3 кг болса, ал шәулісінің дене салмағы 2,8-4,1кг.
Бүркіттің жеке қанат қауырсында­ры­ның топшысынан ұшына дейінгі ұзын­­дығы 55-70 см, ал екі қанат қауыр­сын­дарын жайған кездегі ұзындығы 1,5-2 метр­ден асады. Қанаттарының шеткі 12 ірі қауырсыны – «шалғы қауырсындар» деп, қанаттарының ортасына бекіген қауырсындары – «аралық қауырсындар», ал денесіне жақын орналасқан ішкі қанат қауырсындары – «ірге қауырсындар» деп аталады. Бүркіттің құйрық қауырсындары да ірі, олардың ұзындығы 33-36 см. Ондағы қауырсындардың саны көбіне 12 болып келеді. «12 құйрық, 5 шалғы» деген сөз тіркестері қауырсындарының санына сәйкес айтылған.
Қазақстанда бүркіттің үш түрінің тармағы (ортаазиялық, оңтүстік еуропалық және шығыс сібірлік) кездеседі. Бүркіт жыл он екі ай қоныс аудармай бір орында мекен етеді. Бүркіт жылына бір рет түлеп ескі қауырсындарын алмастырады, осыған сәйкес бүркіттің жасына бір жас қосылып отырады. Табиғи жағдайда бүркіт 30-50 жылдай тіршілігін жалғастыра береді. Тәжірибелі бүркітшілердің пікірі бойынша, бүркіттің 5 жасқа дейін (5 түлекке дейін) қаурсындарының түсі үнемі өзгеріп отырады да, 5 жастан соң қауырсындарының түсі біркелкі қоңырқай түске ауысады. 5 жасқа толған – «мұзбалақты» аң-құсқа салуға болады.
Табиғат тағысы еліміздің барлық аумақтарында таралған. Бірақ та саны аз кездесетіндіктен Қазақстанның Қызыл кіта­бының (2010) III санатында ­сирек кездесетін әрі саны күрт ­азайып бара жатқан түр ретінде тіркелген, қатаң қорғауды қажет етеді. Ресми деректер бойын­ша қазіргі кезде Қазақстан аума­ғында бүркіттің жалпы саны 2 мыңға жуық деп есептеледі.

Рысбай СӘТІМБЕКОВ,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің
профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Аноним

    Кушты

  2. Аноним

    жаман

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.