Тектiлердiң жалғасы (Эссе)

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Той үстінде дидарласып, алғаш рет қазыналы қарияның ұлағатты әңгімесін тыңдап, дастарқандас болғанымызға да табаны күректей жиырма жыл – бір азамат ғұмыр өте шығыпты-ау. Кәсіпкерлік алғашқы табысын Мұхтар Құл-Мұхаммед iнiмiз әкесi Абрардың жетпiс, анасы Гүлғасылдың 65 жасқа толған мерейтойларына арнап, сонау Мақаншыда дүрілдетіп өткізгені бар.
Алматыдан сыйлас-сырлас ағалары Шота-Аман Уәлиханов, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмаділов, ауылдасы ғана емес, ағайыны болып кеткен Ұлықпан Сыдықов, ниеттес-тілектес әрі нағашым деп жүретін Ақселеу Сейдімбек, «Атамұра» атты өзі тұсауын кесіп, өмірге әкелген корпорацияның ащы-тұщысын бірге татысқан мені және соңынан ерген біраз інілері бар, машиналар керуенін қайтқан қаздай тізілтіп, Мақаншыны бетке алып едік. Бастау-бұлақтарды түгендеп, бел жаза жүріп, ежелден әзіл-қалжыңдары жарасқан Асекең мен Шота ағамыздың әдемі қағытпаларын ести жүріп, ел шетіне тұяқ іліндіргенде, қонақтарды Әбең мен әулетке бес ұл, бес қызды тәрбиелеп жеткізген батыр ана Гүлғасыл шешей екеуі бастап, отбасының ұлдары – Мұқсин, Рақымғали, Мұратқали, қыздары – Райба, Бақыт, Ғалия, ­Рахима, Гүлмира, күйеубалалары Асқар, Болаттар қостап, келіндері Ләйлә, Айгүл, Нарша, Эльмира бірге жүгірісіп дегендей, түгелдей құрақ ұшып, қарсы алып жүр.

Бұл әулеттің ұл-қыздарының ата-ананың тәлім-тәрбие­сінен бойларына сіңірген ерекше бір қасиеттерін бұрын да байқап жүретінмін. Ол – ағаның айт­­қаны ініге, әпкенің айтқаны сіңліге, отағасының айтқаны зайыбына заңмен бекітілген қағида болып қа­лыптасқан. Ол қасиет той үстінде де байқалып тұрды.
Тойға ауылдың қалалықтардан қалыспас өнерпаздары ән мен биден шашу шашса, алыстан келген аузы дуалы ағайындарының, ауылдағы Әбеңнің замандас-тұрғыластарының қос қарияға арнаған ыстық лебіздері айтылған. Тойда лепіртетін үйрен­шікті мадақ-мақтау сөздер ғана емес, шын мәнінде еңбектерімен, үлгі-өнегелерімен ақылман абыз бен ел анасына айналған жандардың адами бейнесін танытып еді бұл тілектер.
«Темір мен темірді көмір қосады, адам мен адамды өмір қосады» дегендей, ауылымыздың бетке ұстарындай өздеріңізді бізге қосқан тағдырға ризамыз».
«Қартың білігіне, жасың біліміне сенген» қазіргі заманда өздерің білік­тіліктеріңмен, балаларың білім­діліктерімен сыйлы әулет атан­дыңдар» дегенге сайған ниет-тілектері есте қалды.
Ақселеу марқұмның бір сөзі ұмытылмайды.
– Кәрі жезде, (Ақселеу Гүлекеңмен рулас болатын), ат жалын тартып мінген кезіңізден бастап өзіңіздің жолаушыны жолға тастамас нағыз тұлпар мінездес, жылқыжанды кісі екеніңізді естуші едім. Сондықтан сізге төрт дөңгелекті, төрт аяқты көліктердің де берілерін біліп, халқымыздың кие тұтатын он екі өрім сарыала қамшысын бір күн уақытымды, бір түн ұйқымды қиып, өз қолыммен өріп, өрнектеп әкелдім. Қабыл алыңыз» деп, шынында да кез келген мұражайдың төріне ілінердей алақаны күмістеліп, тобылғы сабы қызыл жезбен өрнектелген қамшысын ұсынып, той иесін қатты қуантып еді. Ақаң құрдасымның ағаш жонып, таспа тілетін, күміс балқытып, өрнекті шақша жасайтын өнері барын біле тұрсам да, мына мінсіз қамшы­ның өз туындысы екеніне күмән­данғандықтан, сәті келіп тұрғанда құрдастық қалжыңға балап, Әбеңе арналған шапанымды той иесіне ұсынып тұрып:
– Қадірлі аға, Ақселеу балды­зыңыз бір күн уақытын, бір түн ұйқысын қиып қамшы өргенде сізге іні болып жүрген мен де екі күн, екі түн ұйқы-күлкіні ұмытып, қытай мауытысынан шапан, бөрікті алтын өрнекпен жиектеп, өзім тігіп әкелдім, – деп жеңіл әзіл айттым. Бұл тартуымның дүкендерде сатылатын киім екенін жұртшылық біліп отырса да бір күлісіп алды. Өзіне емес, құрдасыма арнап айтылған қалжыңға той иесінің өзі де рақаттана күлген.
* * *
Мақаншы жұртына екінші сапардың сәті 2011 жылы түсіп еді. Тағы да Әбеңнің 85, Гүлекеңнің 80 жасқа толуларына арналған той болатын. Бұл жолғы тойды ұйымдастырып, ұйытқысы болып жүрген Мұқаңның ізбасар інісі Рақымғали. Ол өзінің ағаларына қоса замандас-тұрғылас достары шашасына шаң жұқтырмас ақын Ұлықбек Есдәулетті, дәулескер күйші (Ақселеу марқұмның сөздiк қорымызға қосып кеткен анықтауышы ғой) ғана емес, сәулеткер күйшi (домбыра үнiнiң сәулетшiсi дегенiм ғой) Секен Тұрысбектiң, дәстүрлi әндердi әуелете шырқағанда үнi аспандағы бұлттарды тербеп жiберетiн Еркiн Шүкiман мен марқұм Тұрсынғазы Рахимовты, әншілік өнерде әрқайсысының өз бедел-биіктері бар Рамазан Елебековті, ерлі-зайыпты Донеділ Қажымов пен Гүлнәр Дәукенованы шақырыпты.
Бұл бір әулеттің ғана қуанышы емес, бүкіл Барқытбел баурайындағы жерұйықтай мекенді қоныс еткен ағайын атаулының абыз ақсақалы мен ардақты анаға деген құрметтерінің белгісіндей дүбірлі тойы екенін таныдық. Қазір «Тарбағатай» деген атауы қалыптасып кеткен көне Барқытбелдің Маңырақ, Сауырға дейін сұлап жатқан биік-биік жоталарына иек сүйемей оңаша орналасқан, төңкерілген шарадай Жәйтөбенің баурайы аттылы-жаяулы, машиналы тойшыларға толып кеткен.
Тойашар сөзді Рақымғали бастап:
– Елді, жерді қастерлеп, Отан­ды риясыз сүю деген ең алдымен әркім өз ата-анасын ардақтап, құрметтеуден бастау алса керек. Біз әке-шешенің бауырларынан өрген бес ұл, бес қыз бұл тойды Алматының не Астананың бір мейрамханасында да тойлауымызға болар еді, алайда өзара ақылдаса келе, қуанышымызды өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдік. Мұны туып-өскен жерімізге, өз­де­ріңізге деген құрметіміздің белгісі деп қабылдағайсыздар, – дегенде қалың жұрт құптай қол соққан. – Ағайын, бұл Жәйтөбенің баурайында той жасап жатқан жалғыз біз емес, талай думан өткен, талай тойлар өте берер. Той тарқар, қызық та өтер, думанның қызуы да ұмытылар. «Тойдан тобықтай» дейді ғой халқымыз. Осы тойдан белгі болсын деп тарту-таралғымызды ізімізді басып келе жатқан ұрпаққа жасауды жөн көрдік. Осы Мақаншы ауылындағы үш мектепке барлық керек-жарағымен бес-бестен 15 компьютер сыйламақпыз. Бүгінгі күннің техникалық жетістік­терін меңгеріп өссін. Сондай-ақ іні-қарындастарым халқымның қара домбырасының қадірін біліп өссін деп қолдан шабылған 15 домбыраны қабыл алыңыздар, – дегенде жота баурайы дүрілдете қол соққан.
Қарттар мен қонақтарға арналған мінбердің ту сыртына әр қиырдан жиналған небір құрыш білек балуандар жайылған боз кілемнің шаңын қағып жатса, атшабар айналма жолда құнан бәйге, жорға жарыс, аламан ша­быстан кейін қыз қуу, теңге алу, аударыспақ сияқты ұлттық ат ойындары қызықты қыздыра түскен. Жүлдегерлердің алдына автокөліктердің кілттері табысталса, соңы теледидар, тоңазытқыш дегендей сый-сияпаттарын алып жатты.
– Жә, жұртыңды риза еттіңдер. Енді той иесі – әкелерің мен шешелеріңе қандай тарту әзірледіңдер? – дедім Рақымғалиға тойдың мәдени жалғасын өткізуге ауылдағы клуб үйіне бара жатқанымызда.
– Әкейдің бұған дейін өткізген бір мерейтойының алдында Мұхтар ағамыз: «Тойыңызға шетелдің бір сұлу машинасын сыйласақ деген ой бар. Оған, қалай қарайсыз?» деп сұраса керек… «Әй, балам-ай, байлығың бар болса, анау өзің оқыған мектебіңе көмектес, осындағы аз болса да кездесiп қалатын ғаріп жандарға, кем-кетiкке қолұшыңды бер. Мен жұрттан, қатарлас құрбыларымнан ерекшеленіп, шетелдік көлігіңді мініп шалқайып жүре алмаспын. Өзімнің ескі көлігім де жетеді. Тіпті көлік сыйлағыларың келіп бара жатса, бір жуас ат сыйласаңдар да ризамын» депті… Әрине, әкеміз де, шешеміз де балалары тарапынан сый-сияпатсыз қалмайды ғой. Өздеріне жасалған ең үлкен тарту деп ұл-қыздарының, барлық немерелерінің шұрқырап келіп, ауылына үлкен думан жасап жатқанын және бәріміздің де кіндіктерін ұрпақтарымен ұзартып, есен-сау жүргеніміздің өзін ең үлкен сый деп қабылдап жүргені ақиқат, – деп жауап беріп еді, еліміздегі айтулы баспа «Атамұраның» президенті болып отырған Рақымғали Абрарұлы.
Қос қарияның үйлеріне біреу кіріп, біреу шығып жатқан кезде Әбеңмен жақынырақ тілдесудің сәті түспеген. Бізден жасы да, жолы да үлкен ағаларымызбен құрған әңгіме-дүкендерінен байқағаным – ол кісінің ауылдың «қара сиыр, бөрте ешкінің қамын күйттеп» қана отырған қария емес, оралымды оймен, тұщымды тілмен сөйлейтін, заман ағысынан мол хабары бар, кешегі-бүгінгі ел тағдырына терең бойлап, сөз қозғайтын қасиетін байқадым.
* * *
Одан бері де бес жыл өте шығыпты. Алайда «Жақ­сыда жаттық жоқ» деп, жол түскенде соғып, абыз ағаға сәлем беріп шығатыным бар. Өткен жылы Алакөлге демалуға бара жатып, аудан әкімі Серік Зинабекұлы Зайнолдинге жолығып едім.
– Кідірмей көлге жетсем деймін. Жолай Мақаншыда бір сыйлы қария­ға сәлем беріп шығамын, – дегенде: «Абрар ақсақал болар» деп ойымды оқығандай дөп басқан. Бас изедім.
– «Үй алдында төбе болса, ерттеп қойған атпен тең, ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп халқымыз қалай тауып айтқан. Ауданға қызметім ауысып келген соң әр ауылдың ел ағаларын жинап, танысып тілдесіп қайтқаным бар. Сонда Әбағаңның өз жағдайын емес, ауылы, елі үшін жаны ауырар жан екенін танып едім. «Өзі үшін туса да елі үшін өмір кешетін» нағыз қазыналы қарт. Қол тигенде сәлем беріп шығушы едім. Бүгін сәті түскен екен, бірге кіріп шығайық, – деген.
Даусымызды естіген соң есімімізді атап, таңдандырған.
– Қос жанардың қуаты азайған соң оның міндетін қос құлаққа жүктеп отырған жайым бар, балалар, – деп жылы жымиып қойған.
– Кісіні үнін естіп тани бере­тініңіз жадыңыздың керемет­тігінен ғой, – дейді Секең де.
– Балаларым дәрігерлерге апарып көзді біраз емдетті. Менің жасымда таяқтастам жерді шолсам да үлкен олжа деп отырмыз.
Біздің есен-саулықты сұрап болған соң әкімнің аудан жерінде жүргізіп жатқан оң шаруаларына қолдау білдіріп, тілектестігін айтты. Үйде отырса да бәрінен хабардар, бәріне де ақсақалдық ниетін айтып отырды. Асығыс екенімізді айтып, шайға қарамай, нан ауыз тиіп аттанғанбыз. Арада екі күн өтпей көл басына қоржын-қолаңын көтеріп бір ұлы келіп тұр.
– Әкей сізді құрауыз кетіп еді деп сыбағаңызды беріп жіберіп еді. Шешеміз жолдан кеше ғана келіп, мына дәмді өз қолымен әзірлеп берді, – дейді.
«Қаз тойғанына емес, орғанына семіреді» дегендей жолдарынан жығылуды білмейтін, кісі көңілі үшін жалғыз атын сойып беретін қайран қазақы пейілді қарияларым-ай» деген ой келді.
Кейіндері бір еске түскенде Рақым­ғалидан: «Сонымен, ақсақалдың өтінішін орындап, ат сыйладыңдар ма?» деп сұрадым.
– Ер-тұрманды арнайы шеберге шаптырып, өмілдірік-құйысқан, жүгеніне дейін барлық әбзелдерін түгелдей күміспен күптетіп, қара жорғаны көлденең тартып мін­гізгенде балаша қуанды. Өзі де бұрыннан әбзелдерін күтіп ұстайтын. Өзге дүниені безендіретін шеберлігі болмаса да ат әбзелдерін күміс қаптырмалармен, басы жалпақ жылтырауық шегелермен өзі безендіріп отыратын. «Дұшпан аяққа, дос басқа қарайды» дегендей, мінген атыңның басы да сәнді көрінуі керек» деп отырар еді. Тіпті қыста шанаға, жазда арбаға жегетін қамыт-доға, ершік-шілиясына дейін безендіріп жарқыратып қояды. Неге екенін қайдам, арба-шанасын жыл сайын тек қана көк түспен сырлап отыру жаңылмайтын әдеті, – деп еді. – Атамыз Әкетайдан қалған атқұмарлық қасиет деседі қариялар. Ең қызығы – көңіл жетер дос-жаранына жүйрігі мен жорғасын сыйлай салатын мәрттік те сол атамыздан қалған қасиет көрінеді. Маған құлынынан атаған мойны доғадай жүйрік атымды бір жиеніне өзім жоқта сыйлап жіберіпті. Мен әкеме өкпелеп, бұртиып қалғанымды көріп: «Балам, аман жүрсең талай жүйрікті мінерсің. «Алғанына емес, бергеніне қуанатын» қазақ екеніңді ұмытпа» деп ақыл айтып еді.
Әбең ақсақалдың жылқы түлігімен жанының бірге екені туралы ол кісінің ізін басып келе жатқан бір қария қызық бір жайды шертіп еді.
Мақаншы жеріне қоныс тепкен кезде біткен бір торы биесі болса керек. Жануар жыл құрғатпай құлындап, өңшең жүйріктерді туатын көрінеді. Балаларының әрқайсына атап қоятын аттары да сол торының құлындары екен. Бұл тұқымның жүйріктігін әрі Әбеңнің қолының ашықтығын білетін ағайын, жолдас-жора қалауын табады, сұрауын келістіреді, әйтеуір торының ұрпақтары құнан-дөненінде-ақ әркімнің жетегінде кетеді екен. Ол биеден туған қасқа биесі соңынан қараң-құраң ертіп, отыз жылдай шын мәніндегі малының басы болыпты. Қасқа бие әбден лақса болып, орнынан тұра алмай жатқанда аузына жем-шөбін тосып, суын ішкізіп дегендей ауру күткендей ат қорадан шықпай жүрген Әбекеңді көрген көршілері: «Ойбай-ау, жануардың көзін жәудіретпей сойдырып алмайсыз ба? Ақ-адал малыңыз емес пе» дейді ғой. Сонда Әбекең: «Бұл ақ-адал малым ғана емес, жан-досымдай болып кеткен жануар. Кісі жан-досына пышақ кеземес болар» десе керек. Ақыры қасқа бие өз ажалынан өлген соң, бір төбенің басына апарып көмгенде ақсақал: «Жануарым, өлеріңде жарық дүниені қимадың ба, мәпелеп, баладай баққан иеңді қимадың ба, көзіңнен аққан жасты көріп едім. Жолда қалдырмас жолдас болып едің. Рухыңды иең Қамбар атаға тапсырдым» деп, өзі де көзіне жас алыпты…
* * *
Абрар дейтін арабша «асыл затты» дейтін сөз екен. Бүгіндері тоқсан дейтін Толағай таудың төбесін көрген қария расында асыл затты екенін ғұмыр бойы «Жылағанның қасынан, жығылғанның басынан» табылар кісілігімен де, «Қатарыңнан озсаң да халқыңнан озба» деп ұл-қыздарын тәрбиелей білуімен де биік рухын аласартпай келе жатқан кісі. Мұхтары оқуға бара жатқанда: «Бұдан былай ақылымды тыңдайтындай қасымда жүре алмассың. Қуансаң да, қиналсаң да мына «кісіден» ақыл сұрарсың» деп хакім Абайдың бір томдық толық жинағын сыйлағаны қандай ғанибет.
Сол ұлы университет тәмамдап, отау тіккен соң әкесі қоңыраулы сандықшаға салып құпиялап сақтаған 5-6 метрлік пергамент сияқты шиыршықталған қатырма қағазға көне ғасырларда жазылған бабалар шежіресін беріп тұрып: «Балам, тегін тексіздер ғана ұмытады. Киелі дүние ғып сақтап, ұрпақтарыңның біріне аманаттарсың» деген ұлағаты қандай. «Ердің данасына әйелдің сарасы» болсын дейтін ата-бабаларының тілектері қабыл болғандай Гүлғасылдай зайыбын Әбеңе нағыз құдай қосқан қосақ дерсің. Бірінсіз біріне ас батпайтын жасқа келген шақта айнала қоршап жүрген немере-жиендеріне мейірлерін төгіп, бір-біріне нағыз көнермейтін ықылас-пейіл білдіріп отыратындары қандай жарасымды.
* * *
Осы дүниені жазарда белгілі қалам­геріміз Қабдеш Жұмаділовтің бұл әулеттің тегін біраз түгендеген «Прометей алауы» романын қайыра шол­дым. Әулеттің шежіресімен та­ныс­тым. Бір байқағаным, ғасыр­лар­дың терең қойнауында жатқан «Әзірет Әлиден бастау алып, одан келіп-келіп Бақсайыс әулие, одан келіп-келіп Сейіт Мұзаффар шайх, одан келіп-келіп Шейхұл-Сейіт – Құл-Мұхаммед – Әкетай – Абрар болып жалғасады. Біздің міндет шежірені тізу емес, пәлен атадан бері жалғасып келе жатқан «Торыққанға қол, зарыққанға дем беретін» тектілікті ғана айту еді. Сонау 1850 жылдардың шамасында Қаратау, Түркістан маңынан Шығыстағы Ақтайлақ бидің арнайы шақыруымен көш түзеген ағайынның біразы Шыңғыстау, Аягөзге қоныс тепсе, Шейқұл-Сейіт ол кездегі қазақ жерінің шығыс бетіндегі Шәуешек маңына орналасып, қасиетті исламның ағартушылық ісіне бел шеше кіріссе керек. Шәуешекте мұсылман баласы намазға жығылатын мешіттің салынуына үлкен үлес қосқан екен. Оның ұлы Құл-Мұхаммед әкесі оқыған Бұқарадағы медреседе білім алып, бөліске түскен шекараның арғы-бергі бетіне ақ-қараны әділ айыратын даңқы кең жайылған төбе би болыпты. Оның сүт кенжесі Әкетай да Шәуешек медресесін тәмамдап, ел ішінде серілігімен, мәрттігімен аты шыққан жан екен. Ал Абрар Әкетайұлы Шәуешек қаласында орта мектепте оқып, гимназияны тауысқан, сол кездегі арғы беттегі саяси сапырылыс жоғары білім алуға мүмкіндік бермейді. Кілең білімді жастар Шәуешекте астыртын «Ұлт азаттық ұйымын» құрып, белді мүшесі ретінде Шығыс Түркістаннан гоминдан басқыншыларын қуып шығушылардың ортасында Әбең де болады. Капитан әскери шенімен рота командирі, кейін батальон командирінің орынбасары да болған. 1961 жылы Түркістаннан келген аталары Шығыстың шуақты қоныс, суатты өріс болған Мақаншы жеріне келіп кереге кереді. Бұл мекен қазір Құл-Мұхаммедтер әулетінің қонысына айналды.
Біз Әбекеңнің қызметтегі жеткен жетістіктерін қирағаттауды мақсат еткен жоқпыз. Арғы бетте біраз басшылық қызметтерде жүріп, ана тіліне қоса қытай, орыс тілдерін таза меңгерсе де ел шетіне бала-шағасы мен анасы Үміт атты кейуананы ата қонысқа жеткізгеніне тәубе деп, биік қызмет іздемепті. Бірақ бүкіл Мақаншы маңына асыл затты абыз ақсақалдың, Құдай қосқан зайыбы алтын құрсақ, адал жар Гүлғасылдың биылғы мерейтойына дейінгі тектілердің жалғасындай болған ғұмыр сапарларындағы кісілік келбетімен қалай танылып, қандай құрметке бөленіп отырғандарын көктей шолып айтқандаймын. Тек Жаратқан екеуінің ұрпақтарының жетістіктеріне қуана берулеріне жазсын дейміз де.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.