Жаркенттегі жеміс бағы

Бүгінде республикада ауылшаруа­шылық өндірісін қаржылай қол­дайтын «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы ауыл еңбеккерлеріне сан салада көмек көрсетіп отыр. Оның аудандарда құрылған несие серіктестіктері үлкен ұжымдық құрылымға айналып, жергілікті кәсіпкерлерге септігі тиюде. 

Жақында аталмыш корпорация басшысы Гүлназ Атамқұлова жанына шетелдік сарапшылар мен ірі инвесторларды, интенсивті жеміс-жидек өндірісі бар кәсіпкерлерді ертіп жазиралы Жаркент өңіріне арнайы келді. Сапар барысында Айдарлы ауылдық округіндегі мың гектардан астам жерге интенсивті бақ өсірген «Жаркент-фрукт» ЖШС-на арнайы атбасын бұрды. «Жаркент-фрукт» ЖШС тыныс-тіршілігін облыстық мәслихат депутаты Мұрат Аубакиров пен серіктестіктің өндірістік даму саласының директоры Саят Стамқұлов таныстырды.
Айдарлы елді мекенінің іргесіндегі ұзақ жылдан бері егін егілмей бос жатқан мың гектардан астам тың жерді өткен жылдың соңғы айында инвестор М.Ыбраев құрған «Жаркент-Фрукт» ЖШС алып, жеміс бағын өсіруді ойластырған. Бұл жұмысқа 33,350 мың АҚШ доллары жұмсалмақ. Жобаның мақсаты сол – жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті, экологиялық жағынан таза жеміс-жидек өнімдерін ішкі, сыртқы нарыққа шығару. Сонымен қатар жылдар бойы игерілмей бос жатқан құнарлы жерді шаруашылық айналымға қосып, ел игілігіне жарату.
Мұндай ірі жобаның республика аумағында бірінші рет жүзеге асырылғанын ескерсек, оның ел тіршілігіндегі қаншалықты маңызды, құнды екеніне көз жеткіземіз. Осы сапар барысында бізге сұхбат берген итальяндық сарапшы Монуэль Груер бұл бақ енді екі жылдан соң әлемдегі өнім беріп тұрған ең ірі жеміс бақтарының қатарынан орын алатынына сенімділігін жеткізді.
Мұнда интенсивті әдіспен бақ отыр­ғызудың барлық технологиялық үрдісі қатаң сақталған. Тамшылатып суару жүйесі іске қосылған. Бұдан бөлек, алма баққа табиғаттың төтенше жағдайларынан қор­ғайтын, қатты ыстықта 30 пайызға дейін көлеңке беретін және құстардан сақтайтын биік қадалар орнатылған. Баққа қажетті жеміс көшеттері осы бақ орналасатын Айдарлы аймағының климаты мен жер ерекшеліктеріне ұқсас Өзбекстан мен Түркиядан әкелінген. Бұл өз кезегінде көшеттің бірден жерсініп, өсу үрдісінің кешеуілдемеуіне ықпал етеді. Өткен жылдың соңғы айына дейін мұнда 578 гектар жерге алма, 405 гектарға будандас­тырылған түрік алшасы, 74 гектарға шабдалы, 40 гектарға алхоры және 13 гектар алмұрт, жалпы 1110 гектар алқапқа жеміс ағаштарының көшеттері егілген. Бұдан тыс гербицидтер мен тыңайтқыштарды және басқа да керек заттарды сақтайтын қойма салынған. Бақты бағып, күтуге 97 техника сатып алынған. Интенсивті күтімнің нәтижесінде барлық жеміс ағаштары жапырақ жайып, бұрынғы құланиек құмды өңірге өң кіргізіп тұр.
Өткен жылы көшет еккен кезде се­рік­тестік 1500 адам жалдап жұмыс істетсе, қазір мұнда 650 адам тұрақты еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы 100 мың теңгені құрайды. Алдағы жылы еңбеккерлер саны 1500 адамға жеткізілмек.
Жобаның су көздерін пайдалану жөніндегі негізгі басымдық беріп отырған тұсы – жер беті және жерасты су көздерінің қоры: шағын өзен сулары жетіспейтін жаз мезгілінің аптап ыстық кезінде қосымша 4 жерасты су көзін бұрғылау арқылы құдықтарды іске қосып, бақтың ылғалға деген сұранысы толық қанағаттандырылды. Қазір мұнда қуатты су сорғыштармен жабдықталған 4 бассейн жасақталған.
– Интенсивті бақтың басты ерекше­лік­тері – аласа бойлы алма ағашы екінші жылдың өзінде 30, үшінші жылы 80-85% өнім береді және жеміс ағаштарынан өнім жинау жұмыстары жеңіл, адам күшін көп қажет етпейді. Түпкі мақсатымыз қазіргі бақ көлемін болашақта үш есеге дейін ұлғайту, «Аграрлық несие кор­порациясының» және Үкіметтің қаржы-лай қолдауын пайдаланамыз деген сенімдеміз, – дейді серіктестіктің бас агрономы Аркадий Гончар.
Жоба толық іске асқанда жылына 45-50 мың тонна жеміс-жидек өнімдері өндіріліп, ішкі және сыртқы нарыққа кедергісіз жол тартуына іргедегі теміржол мен 10 шақырым жердегі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі қолайлы жағдай жасайды. Инвестор таңдауының Айдарлы аумағына түсуі жай емес. Жобаның тиімді және тиімсіз тұсын жан-жақты терең зерттеп, шешім қабылдаған. Сонымен қатар инвесторға Үкімет тарапынан берілетін салықтық преференция, инвестициялық субсидия, квотасыз шетелден жұмыс күшін алып келуі, тағы басқасы жоба құнының біршама арзандауына септігін тигізеді.
Жергілікті жерде жүзеге асқан қарымды қарекеттерді көзбен көрген «Аграрлық несие корпорациясының» басшысы жеміс өсірушілердің бұдан әрі қарай кедергісіз дамуына қаржылай қолдау жасауға ниет білдірді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.