Өңір шежіресін өрнектеген қаламгер

Әр өлкенің ойы орамды, сөзі салиқалы, көкірегі күмбір, пейілі сүмбіл қазына қарттары болады. Менің ұғымымда Құрманғазы ауданындағы Өмірзақ Қажымғалиев – осындай тұлға. Көргені мол, түйгені одан да терең ағаның сергек санасы, не нәрсеге де жедел үн қосқыштығы күні бүгін де оның байыпты да, сарабдал келбетін одан әрі өркештендіре түседі. Анығын айтқанда, облыстық «Атырау» газетіндегі әр мақалаға деген өзіндік көзқарасын білдіріп, айына кем дегенде екі-үш рет телефон соғатынын айтпағанда, өзі де қолына қалам алып, небір тарихи тұлғаларды қайта «тірілтіп» отырады. 

Әңгіменің әлқиссасын бұлай бастауымның да мәнісі бар. Мені онымен рухани жақындастырған Өмірзақ өлкетанушының Жәнібек баhадүр, Әбілқайыр, Бөкей, Жәңгір хандар, Мақаш әкім, тіпті одан берідегі ҚКСР Әділет Халық комиссары болған Шафхат Бекмұхамбетов туралы зерттеулері мен Өмірзақ жазушының драма мен лирика араласа тұнған әдеби туындылары еді. «Оның несі таңсық, ғалым, қаламгер атаулы көп емес пе?» дерсіз. Алайда әңгіме – оның мамандығы ветеринар екендігінде және өмір бойы мал шаруашылығы саласында жауапты қызметтер атқарғандығында. Сонда бұл кісіні әмбебап дарын дейсіз бе, әлде туабітті қасиетті жанкешті еңбекпен астастырған дегдар дейсіз бе, өзіңіз пайымдай беріңіз.
Жалпы, Өмірзақ Қажымғалиев туралы сөз қозғау оңай да емес. Оның өзіндік себебі бар. Балалық шағын соғыс ұрлаған тұстастары сияқты, біздің кейіпкеріміз де бейбіт күннің қадірін бір кісідей біледі. Сол бір сұрапыл шайқасқа аттанған әкені күткен сәби-жүрек лүпілін түсіне алармыз ба?! Әскери киімдіні көрсе, «менің көкем емес пе екен?» деп елегізе қалатын қағілез балдырған ақыры үмітін үзді. Небәрі үш жаста асқар тауынан айырылған ол Самияндай асыл анасымен жетім-жесір боп мұңды өмір кешті. Ерте есейді. Құлады. Тұрды. Жігерін жаныды.
Өмір бір орында тұрмайды ғой. Ганюшкин селосындағы Абай атындағы орта мектепті тәмамдап, Гурьев ауыл шаруашылығы техникумында оқыды. Мал фельдшері мамандығын алған ол еңбек жолын «Сүйіндік» кеңшарында мал дәрігері болып бастады. Тағдырының бетіне алғаш күліп қарағаны да сол шығар (өзі әлі күнге дейін солай ойлайды), елгезек те, іскер жасты сол кездегі аудан басшыларының бірі Сайфолла Сүйінов қапысыз таныпты. Өйткені одан кейінгі өмірбаянында тек өрлеу ғана бар екен. Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданындағы «Правда» кеңшарының мал дәрігерлік участогының меңгерушісі, Құрманғазы атындағы кеңшардың ферма басқарушысы, Балқұдық кеңшарының бас мал дәрігері, Калинин атындағы кеңшардың партия комитетінің хатшысы, кейіннен сол кеңшар директоры, аудандық агроөнеркәсіп кешенінің төрағасы, аудандық кеңес атқару комитетінің бірінші орынбасары, «Коммунизм жолы» кеңшарының директоры, «Мақаш» ұжымдық шаруашылық төрағасы, «Мақаш» өндірістік кооперативінің төрағасы болып талай лауазымдық қызметтерді атқарды.
Ат үстіндегі ғұмыр. Бұл зейнет жасына жеткенше басында тұрды. Ылғи да басшылық қызметтерді атқара жүріп, ел мен жердің тарихын, өлке шежіресін мұқият жаттап, қара сөзбен хаттап жүргеніне іштей таңырқайсың. Бекзаттығына қарапайымдылығы қосылып, жер-су аттарына әбден қанықтығы, әдеби мұрамызға сұңғыла жетіктігі, бәрінен де ұлттық салт-дәстүрлерімізге деген риясыз іңкәрлігі мені ерекше тәнті еткен. Сол кезеңде коммунизмнің беймәлім елесіне елтіп, ұлттық дәстүр атаулыны дабыра интернационализмнің көлеңкесінде қалдырып, марксизм-ленинизм ілімдерін жаттап, таңдайы тақ-тақ ететін оның санасына бабалар үні көнеден жеткен күмбірдей еніп, кенеттен есін жидырғандай әсер еткенін қалай ұмытсын?! Тіпті, өзі басқарған «Коммунизм жолы» кеңшарына еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың өзінде сол жерде табан ізі мен маңдай тері қалған, халық аузында аты аңыз боп сақталған Мақаш әкімнің атын бергізгеніне не дерсіз! Ал «Мақаш» ұжым­дық шаруашылыққа қарасты орта мектептен Карл Маркстің атын алдыртып, орнына теңіздей терең, Қиғаштай мөлдір жырларымен есте қалған Әбу ақынның есімін беруге бел шеше жұмыстанды. Сол мектеп ғимаратының алдына Әбу Сәрсенбаевтың ескерткішін де өз қаражатына орнатты. Бұл үшін сонау Маңғыстаудан шебер жалдап, сол жақтан ұлу тас, басқа да материалдар алдыртып, абыз Әбекеңнің асқақ мүсінін мәрмәр тастан қашатты. «Әбу Сәрсенбаев» қоғамдық қорын ашып, оны күні бүгінге дейін өзі басқарып отыр.
Бір бұл ғана емес, Өмірзақ аға өзі жүрген жерінде қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне ерен еңбегі сіңген ата-бабалардың есімін мәңгілікке ел жадында қалдыру үшін талай тер төкті. Ел аузындағы аңызда қара бақсы атанған Қарлығаш әулиеден басталатын сынықшылар әулетіне де жасаған еңбегі де орасан зор. Қиналғанға дем, сырқатқа шипа берген Қарлығаш шөбересі, Қазбек немересі Серікбай Қабиұлының кесенесін салдырды. Серікбай ата атындағы қорды ашты. «Қарлығаш, Қазбек, Қаби аталардың елге жасаған жақсылығын ұрпақ ұмытпасын» деген оймен бірге, ұлттық рухты асқақтату хақында өрелі ой өрген шақ еді ол!
Ең алғаш көк байрағымыз көк төсінде желбіреп, көңілімізді марқайған сәттер мәңгі есте. Міне, осы тәуелсіздіктің тәй басқан алғашқы жылдарында ол басқарған «Мақаш» ұжымына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да жолы түскен. Аузымыз дуалы деп жүргендер мақтап-мадақтаудан асырып ешнәрсе айта алмай қалғанда, Елбасымен елдік әңгіме өрбіткен де осы Өмірзақ Қажымғалиев болатын. Кейіннен ол бұл ұмытылмас жүздесу жайында газетімізге «Елі сүйген Елбасы» деген толғауын жолдап, онда терең пайымдауларын кестелі тілмен шебер өрген еді. Өзінің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен сол шалғайдағы Мақашында кездескен сәтін әңгімелей ете отырып, Елбасының ел алдындағы ерен еңбегін нақты дәлелдермен толайым толғаған…
Мұсылманша хат танып, үлкендердің айтқанын көкірегінде тоқыған анасы Самиян­нан естігені мен білгенін кейін өзі де талай мұрағаттарды қопара отырып толықтырған, зерттеп көзін жеткізген. Өзі ауылшаруашылығы маманы бола тұра, тарих пен шежіреге келгенде көсіле төгіліп, шешендік өнерімен таңдай қаққызатын сұңғылалығымен қайран қалдыратыны да бар. Өзім араласып жүрген шақтан бері ол кісінің афоризмге айналар қанатты сөздерін де көңілге түйіп жүремін. Мәселен, кейде болмашыға шыж-быж боп жатамыз, сенімді ақтамады деп қапаланамыз. Ал ол «өсер жігіт өнбес дауды қумас болар» деп бір сөзбен бәріне нүкте қоя салады. Сенімнен шықпаған өресіз жандармен дауласып жатқанша, биіктікті танытып, үнсіз қалу да жөн ғой. Міне, өнеге!
Өмірзақ Қажымғалиұлы шаруашылық басшысы қызметтерін атқара жүріп, «Биіктерге беталыс», «Жолдар – жылдар», «Нарынның нар ұлдары», «Мүслимат», «Дариға – дәурен», «Жанкешу», «Мақашпен қауышу», «Қиял…Үміт…», «Қыран қияда», «Самғау» атты кітаптарын жазды. Яғни ол басқа бір салада жүрсе де ұдайы қалам тербеп, кәнігі жазушының, зерделі ғалым-зерттеушінің жұмысын да бір кісідей атқарды. Осының бәрі бір кісінің бойына аз ба, көп пе?
Биік адами қасиеттің ең бір риясыз көрінетін сәті – адамның өзге жан туралы ағынан жарыла, шырайын шығара өз ой-пікірін бүкпесіз, шын көңілден ақтарыла айтуында. Көп қуыс кеуде пендеде осы жағы жетісе бермейді. Өмекең осы тұрғыдан да замандастарына үнемі үлгі көрсетіп келеді. Осынау табиғаты қытымыр өлкеде қарапайым ғана тұрмыс кешіп, толағай іс тындырып жүргендер хақында тамаша ой-толғамдарын әркез өріп отырады.
Ол кісінің елден тағы бір ерекшелігі, біреу қиналып жатқанда, өзгелердей нем­құ­райдылықпен, сырттан бақылап тұрмайды. Сол адамды құтқаруға екі білегін түре кірісіп кетеді. Адам дегдар болып тәрбиеленбейді, ол туа бітеді, қанмен дариды. Шындығында да, әкесі Қажымғалидың ата-бабасы қаражаяу емес-ті. Оның үстіне нағашы жағы – Мақаш әкімнің бір бұтағы болса…
Көшкен селдей, ескен желдей боп өткен өмірде өзіндік қолтаңбаң, өзіндік ізің қалғанға не жетсін?! Біреудің шекесі шылқып, бақыттан басы айналса, біреулер тапқаны баққанына жетпей, нәпақасын іздеп аласұрып жүр. Осындай қоғамда өзін халыққа, оның рухани өміріне арнаған бір жан болса, ол – біздің кейіпкеріміз. Олай дейтініміз, өзі өмір сүрген қоғам, оның кескін-келбеті, сол қоғамда өмір сүрген замандастары туралы сағыныштан жүрек сыздататын «Дариға-дәурені» болса, «Мүслиматы» – өмірлік жан серігінен қапыда айырылған жанның аһ ұрған күрсінісі. Сыңар аққудай серігін іздеп, талай таңды көзімен атырған ол өз өмірлерінен көркем әдеби дүние жазды, ұрпаққа соны өнеге етті. Осының өзі – оның жан дүниесінің кеңдігі. Ал анасы Самиян — оның қиналғанда іштей сырласатын, мұңдасатын жанашыры, адасқанда жөн табуға көмектесетін бағдаршамы. Ана берген ақылды шамшырақтай жарқыратып, қиында жол тапты, болашаққа жететін мұрат тапты. «Жан кешу» кітабында анасының соғыс жылдарында көрген бейнеті мен шеккен азабын суреттей отырып, бүкіл қазақ әйелінің сол ауыр кезеңдегі типтік бейнесін жасады. Бұл — перзенттік борышқа деген кіршіксіз адалдық, ұрпақ алдындағы биік жауапкершілік.
Мен білетін Өмірзақ Қажымғалиевтің көшелілігі, ірілігі мен кісілігі жүрекке жылу ұялатады. Аппақ нұрға шүпілдеп толған дүние дидарының үндестікте тұруы үшін де керек осындай тұлғалар. Бүгінде ол – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы.
Кешегі бір күндей күркіреп өткен кеңестік заманда іштен тынып жүрген ол елдің қолы егемендікке жеткен шақтан бастап, қазақтың рухы саналатын абыздар мен билерді ел есіне қайта оралтуға білек сыбана кірісті. Әбілқайыр, Бөкей, Жәңгір сынды қазақ хандары туралы тарихи зерттеулері – осының айғағы. Бұл тұрғыда әлі де алға қойған жоспары шаш-етектен. Күнді түнге асырып, ойың мен сезіміңді сарқа жұмсап, тарихты таразылап, ізгілік пен ұлттық мүдде хақында қалам тербеу – патриоттықтың парқын танытар парыз.
Міне, алыстағы ауылдың абызынан алар тағылым мол. Өмірден көргені де, түйгені де көп ақсақалдың айтар ойының төркінін танып, дарқан болмысын бойға сіңірудің өзі неге тұрады десеңізші. Шіркін-ай, баяғының боямасыз көзіндей, бағзының қайталанбас өзіндей ұлтымыздың үлгі тұтар осындай тұлғалары көп болса ғой!..

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстанның Құрметті
журналисі

Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.