Ұстаздар әулеті

Еліміздің келешегін, болашағын тәрбиелеуде ұстаздар қауымына жүктелер міндет зор. Осы құрмет иелерін мереке күні қарсаңында құттықтап, өз әулетім жайында баяндамақпын.
Біздің ұстаздар әулетінің басында Қожахмет Шәкенов тұр. Ол қазіргі Алматы облысы Алакөл ауданы Жыланды ауылында 1921 жылы дүниеге келген. Жастайынан жетім қалып, Сарқан ауданының Тополев балалар үйінде және Екпінді, Жыланды интернаттарында тәрбиеленген.
1937 жылдың ақпан айынан бастап ересектерге арналған сауатсыздықты жою мектебінде сабақ бере отырып, өзі де, Екпінді орта мектебін үздік бітіреді. 4 жылдық мұғалімдік тәжірибесі осы кезден басталған. 1940 жылдың қазан айынан 1946 жылдың қыркүйек айына дейін жауынгер болды.

Ұлы Отан соғысына қатысып, аман-есен елге оралып, ұстаздық қызметін жалғастырды. Абай атындағы қазақ педагогикалық институты физика-матеметика факультетінің күндізгі бөлімін үздік бітіреді.
Еңбек жолында 6 жыл Екпінді және Жыланды орта мектептерінің директоры болып қызмет етті. Қалған өмірін математика пәнінен оқушыларға дәріс беруге арнады. Соңғы 4 жылын (1977-1981жж) Алматы облысы Күрті ауданы Ұзынағаш орта мектебінде математика пәнінен сабақ берумен аяқтады. Сонымен әкеміз Қожахмет барлығы 41жыл математика пәнінің мұғалімі болған.
Аяулы ұстаз, қамқор әке, Ұлы Отан соғысының І топтағы мүгедегі, көптеген ордендар мен медальдардың иегері, Халық ағарту ісінің озық қызметкері Қожахмет Шакенов 1989 жылы 8 желтоқсанда 68 жасында Алматы қаласында қайтыс болды. Артында құдай қосқан жұбайы Қалиман (Шәкен) Бекжанова мен ержеткен 5 ұлы, 1 қызы қалды.
Қалиман шешеміз 1924 жылы 30 қа­ра­шада Шаруакөрнек ауылында, орта шаруа Бекжан мен Әзизаның отбасында дүниеге келген. Анасынан жастайы­нан жетім қалып, 1942 жылы Екпінді орта мектебін бітірді. 2 жыл Жыланды ауылдық кеңесінің хатшысы қызметін істей жүріп, 1943 жылдың 1 қаңтарынан Жыланды мектебінде биология және ботаника пәндерінің оқытушысы қызметін атқарған. Шешеміз Қалиманның алғашқы ұстаздық тәжірибесі осылай басталған.
1963 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін бітірді. Өмірінің соңына дейін, 33 жыл ұстаздық қызметін ойдағыдай атқарып зейнеткерлікке шықты. Анамыздың ерен еңбегі еленіп, көптеген орден, медальдармен марапатталды. 1978 жылы «Еңбек ардагері», «КСРО-ның халық ағарту ісінің үздігі» медальдарымен де марапатталған. 1992 жылы 31 тамызда 68 жасында Алматы қаласында дүниеден өтті.
Қожахмет пен Қалиман балаларының білім алуына, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасап, еңбекқор, талапшыл, жауапкершілік міндетін жоғары қоюға үйретті. Екі ұстаздың ерекшеліктері, балалары жоқ ағаларына, шаңырақтың шамы өшпесін деп, үлкен ұлын Мұқаш ағасы мен Жікен жеңгесіне, ал Манатты өзінің туған ағасы Баяхмет пен жеңгесі Зақаңға беруі. Көненің көзін көрген, тәрбиесін алған, қазақтың қасиетті философиясын жете түсінген екі жетімнің шешімдеріне күні бүгінге дейін қайран қаламыз, екеуіне иман тілеп, жұма сайын дұға, құран бағыштаймыз. Бұл да бір ұстаздардан қалған тәрбиенің бір қыры, түсініктің биіктігі, қазақтың әдет-ғұрыптарын қадірлеуі, еске сақтауы деп түсінеміз.
Енді өзім туралы айта кетсем. Мен үлкен кісінің қолында тәрбиеленіп, ерке болып өстім. Сабақты жақсы оқып, 1974 жылы математика пәнінің мұғалімі деген мамандық алып шықтым. Жаңаөзен қаласындағы №5 мектепте 2 жыл, мұнайшылар техникумында 7 жыл математикадан сабақ бердім. 2013-2014 оқу жылында Жыландыдағы техникалық лицей сыныптары бар мектептің жанындағы интернатқа меңгеруші болып қызмет істедім. Сонымен мен де 10 жыл ұстаздық баспалдақтардан өттім десем болады.
Менен кейінгі Мұратхан (Жанат) Қожахметұлы Шаяхметов 1953 жылы 10 мау­сымда дүниеге келген. Мұратханды артында тұқым қалмаған соң Шәкеннің туған інісі Шаяхметтің атына жаздырады. Мұратханда Шәкеновтер әулетіндегі барлық жақсы қасиет бар-тын. Ұстаздар әулетінің белсенді мүшесі, физика-математика ғылымының докторы, профессор Қанат Қожахметұлы 1955 жылы 5 мамырда Жыланды ауылында дүниеге келді. 7 сыныпты бітіргеннен кейін, О.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған математикалық мектепке түсіп, оны 1972 жылы ойдағыдай бітірді. 1977 жылы әл-Фараби атындағы мемлекеттік университеттегі математика факультетінің «Есептеу математикасы» кафедрасын бітірді. Профессордың 100-ден аса еңбек­тері өз елімізде, шет мемлекеттерде жарық көрді. Аталған университетте, басқа да жоғары оқу орындарында 39 жыл ұстаздық қызметте жұмысын жалғастыруда.
Келесі, ұстаздар әулетінің белсенді мүшесі Роза Қожахметқызы қаршадайынан пысық, әсіресе математикаға ерекше болды. 12 жасында аудандық олимпиадаға қатысып, математикадан бірінші орынды иемденді.
1969 жылы О.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған физика-математика мектебіне оқуға түсті. 1974 жылы аталған мектепті бітіріп, Қазақстанда 10-сыныптар арасында өткен математикадан конкурста бірінші орынды жеңіп алды. 1979 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің кәделі математика факультетін бітірді. Физика-математика ғылымының кандидаты, доцент атағы берілді. Роза барлығы 37 жыл әртүрлі қызметтерде, ғылым салаларында, оның ішінде 16 жыл жоғары оқу орындарында жұмысын жалғастыруда. 40-тан аса ғылыми еңбектері жарық көрді, оның екеуі Америка Құрама Штаттарындағы ғылыми басылымда басылды.
Әулеттің қос мүшесі, ерлі-зайыпты Манат Баяхметұлы Шәкенов пен жұбайы Тұрғайша. Екеуі де физиктер. І.Жансүгіров атындағы университеттің ұстаздары, соңғы 3 жылда Жыланды мектебіндегі сынып оқушыларына дәріс беруде. Манат физика-математика ғылымының кандидаты, доцент, ал Тұрғайша биыл зейнеткерлікке жасы келген білімді маман. Екеуінің де оқушылары аудандық, облыстық олимпиа­даларда үнемі жүлделі орындардан көрініп жүр. Ұстаздардың еңбектері бағаланып, талай рет марапатталды.
Өздерін тәрбиелеген әке-шешелерінің үлгілері Қанатқа, Розаға, Жанатқа, Манатқа жұғысты болғандары көрініп тұр. Розаның қызы Алуа Алматыдағы мектепті өте жақсы оқыды. Республикалық математиктер олимпиадасына қатысып жүлделі орынды иеленді, Н.Назарбаев атындағы университеттің математика факультетіне оқуға түсті, қазір 3-курс студенті. Ал Манаттың ұлы Марат І.Жансүгіров атындағы университетте математикадан сабақ бере жүріп, аспирантурасын бітірді. Соңғы жылдары Н.Назарбаев атындағы дарынды балалар мектебінде қазақша, ағылшынша математика пәнінен сабақ беруде. Ұстаздық тәжірбиесі – 17 жыл. Мараттың зайыбы Сандуғаш І.Жансүгіров атындағы университеттің ұстазы, білікті маман, химия ғылымының кандидаты, доцент. Көптеген еңбектері жарық көрді, ұстаздық тәжірбиесі 12 жыл. Мұратханның екі ұлы Әділ мен Нұрлан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика факультетін бітірді.
Қожахмет пен Қалиманың үлкен келіні Төлеген Еңсебайқызы 25 жыл ұстаздық қызметін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шықты. Жаңаөзен, Ақтау қалаларында 18 жыл химия, биология, география пәндерінен дәріс берді, бірнеше жыл мектепте оқу-ағарту ісінің басшылық қызметтерінде болды. Халық ағарту ісінің озық қызметкері медалімен марапатталған.
Әке-шешенің, кенжесі, бәріміздің ініміз, ішіміздегі әкенің қасиетімен көріпкелдігі жұғысты болған Бауыржан Қожахметұлы Шәкенов.
Ал 1972 жылы Бауке Алматыдағы республикалық дарынды балаларға арналған физика-математика мектебінің оқушысы атанды. Мектепті өте жақсы бітіріп, сол жылы Мәскеудегі инженер-физик мамандығы бойынша (МИФИ) институтқа түседі. Институтты қызыл дипломмен бітірді. Биылдан бастап Бауыржан талабы жоғары жастарға үш тілде білім беруді қолға алуда. Бұл да ұстаздық тәжірибенің басталу кезеңі болмақ.
Мұғалімдер күніне орай, еңбегі сіңген, сыйлы, ұстаздық етуден жалықпаған әулеттің кейбір тұстарын айтуды жөн көрдім. Әулетте – ұстаздық кәсіп әлі жалғасуда. Бүгінгі таңда барлық ұстаздық жұмыспен айналысқан жылдар саны, келіндерді қосқанда – 287 жылға толыпты. Аз ба, көп пе, оқырман бағаласын. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуге балаға» демекші, ең жоғарғы, мәртебелі маман – ұстаз деп білемін.

Самат Мұқашұлы
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.