«Қазақ тілі» пәні және ұрпақ болашағы

ХХІ ғасырда сапалы білім адамзат баласының басты құндылығына айналғаны сөзсіз. Білім саласына жете көңіл бөлген елдер ғана жарқын жетістіктерге қол жеткізуде. Осы орайда мұғалімдер қауымына жүктелер міндет те зор – болашақ ұрпақты сапалы біліммен сусындату және саналы тәрбие беру. Бұл қарап тұрсақ, оңай дүние емес. Осы ретте мұғалімдердің, ұстаздар қауымының атқарып отырғаны еңбегі ерен, әрине. Ал енді тіл мәселесіне келетін болсақ, «Қазақ тілі» пәнінің алдында тұрған міндеттер де өзекті екені сөзсіз. Өйткені осы пән арқылы оқушының тіл байлығы, сөйлеу мәдениеті, ұлттық дүниетанымы, т.б. құндылықтары қалыптасады. Оған тиісті дәрежеде мән беру – үлкен мақсаттардың бірі. Осы ретте біз газетіміздің редакциясына Алматы қаласындағы бірқатар мектептің оқу ісі меңгерушілері мен мұғалімдерін шақырып, ұстаздар мерекесінің қарсаңында дөңгелек үстел жағдайында келелі кеңес өткіздік. Сондай-ақ газетіміздің тілшілері бүгінгі ғаламтор мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бірқатар аймақтардағы ұстаздармен тікелей байланысқа шығып, пікірлерін білді. Оқушының тіл байлығы, пәнге деген көзқарасы, ата-аналармен жұмыс және өзге де мәселелер әңгіме арқауына айналды. Басқосуға М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзада Қарабалаева, №173 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Дәрменбекова, №175 мектеп директорының ғылым және инновация жөніндегі орынбасары Әсел Мырзағалиқызы, №181 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Темірлан Биах­мет қатысты. Дөңгелек үстелді «Ана тілі» газеті Бас редакторының орынбасары Дәуіржан Төлебаев жүргізіп отырды.
Ұстаздардың қозғалған мәселелерге орай айтқан ой-пікірлерін ықшамдап беріп отырмыз.

_MG_3977

Гүлзада ҚАРАБАЛАЕВА,
М.Мақатаев атындағы
№140 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Қазіргі таңда оқушылардың тілге, көркем шығарманы оқуға деген қызы­ғушылықтары бар, бірақ өте аз. Өйткені оқушылар барлық мәліметті интернеттен алуға дағдыланған. Үйдегі ата-анаға да көп нәрсе байланысты. Ата-аналар мектептегі ұстаздарға сенім артып жүре береді. Бұл дұрыс емес. Себебі балалар көп уақытын мұғалімінен гөрі ата-анасымен өткізеді. Мысалы, 4, 5 және 6 сыныптарда қазақ тілі аптасына небәрі 3 сағат, жоғары сынып­тарда 1 сағат қана оқиды. Оның үстіне көркем әдебиетті де аз оқиды. Оқулықпен ғана шектеліп қалады. Содан келіп балалар өз ойларын еркін, жатық тілде жеткізе алмайды. Мен бір жылдары 8-10 сыныптың балаларына әдебиет сабағынан қалың дәптер бастаттым да: «Кәне, қазақ тілінің сөздерін кім көп біледі екен?» деп жаздырдым. Сонда балалардың жазған сөздері 200-250-ден аспады.
Ата-ана үйде қазақша сөйлейтін болса, балалар оларға қарап үлгі алар еді. Мектебімізде орыс мектебінен ауы­сып келген балалар да бар. Сонымен бірге тәжік, түрік және тағы басқа ұлт өкілдерінің оқушылары бар. Олар бүгінде қазақ тілін жақсы меңгерді деп айта аламын. Тағы бір айта кетейін дегенім, қазір біздің мектебімізде қоңыраудың орнына қазақтың күмбірлеген күйлері ойналады. Бұл да кең қолданыс тапса, жақсы бастама деп ойлаймын. Оқушылардың мінезі туралы айтатын болсақ, қазақ балалары көбінесе тұйық, бұйығы болып келеді. Мысалы, өлең айтып немесе ән айтып келе жатқан кезде бала бір сөзін ұмытып қалса, ары қарай айтпайды немесе басқа бір сөзбен алмастырып, толықтырып, ойын жеткізе алмайды. Үйдегі тәрбиесі ме, әлде мінез-құлық па, бір сөзін ұмытып қалады да айтпайды. Сондайды көргенде: «Қап, әттеген-ай» деп қаласың. Ал енді көбінесе орыс балаларын қарасаңыздар, бір кішкентай нәрсені кереметтей қылып жеткізіп береді.
Мектептегі қағазбастылық мәселесі де көптен бері айтылып келе жатыр. Толтыратын қағаздың көп болатыны сонша, біз сабақтан кейін қаламыз. Мысалы, мен екінші ауысымда істеймін. Сағат 19.05-те сабағым бітеді. Мен 20.00-20.30-ға дейін отырамын. Журнал ма, журналды толтырып кетуім керек. Баланың бос уақытын өткізуі, қосымшаға қатысуы, ата-анасы туралы мәлімет, әлеуметтік картасы, соның бәрін толтыру – менің міндетім. Компьютермен жазып, дайындаймын. Өзіңнің міндетің болғаннан кейін жауапкершілікпен қарауға тырысасың.
Мұғалімдердің біліктілігіне тоқталатын болсам, кейде өзінің қалауымен емес, ата-анасының қалауымен мұғалім болатындар кездеседі. Практика кезінде: «Апай, мен бәрібір мұғалім болмаймын, 4 немесе 5 қойып беріңізші дейтіндер бар. Я болмаса: «Апай, сағатты аз беріңізші, менің тіл байлығым жоқ, сабақ бере алмаймын» дейтіндер, тіпті мейрамханада жұмыс істеп ұйықтап отыратындар да болады.

Гүлмира ДӘРМЕНБЕКОВА,
№173 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– Мектеп түлектері жайында өте орынды сұрақ қойдыңыздар. Бізде жақсы дәстүр бар. Мектебіміздің түлектері арасында бірнеше рет халықаралық олимпиадаларда орын алған оқушыларымыз бар. Сол оқушыларымыз жоғары қызметте жүрсе де әлі күнге дейін мектепке келіп, өзінің ізін басып келе жатқан балаларға ақыл-кеңестерін айтып тұрады. Мысалы, Мағжан, Ислам және тағы басқа түлектеріміз қазір бір-бір мамандық иелері болса да, мектебі үшін қолдарынан келген көмегін аямайды. Балалардың техникалық білімін арттыруға атсалысып, тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Бұл өте жақсы дәстүр деп ойлаймын.
Ата-аналар жөнінде жақсы мәселе көтердіңіздер. Бұрындары мектебімізде үлкен қызметтегі ата-аналардың балалары көп оқитын. Сонда кейбір ата-аналар өздерін мұғалімнен биік ұстайтын. Ата-аналар да әртүрлі ғой. Кейбіреулері баласының сабағына алаңдап, сапалы білім алуын ойлап, мұғаліммен, мектеппен тығыз байланыста жұмыс істейді. «Менің сізге қандай көмегім керек» деп сұрайтын ата-аналар бар. Мектепте ер мұғалімдердің азайып кетуі кезінде болған. Қазір олай емес. Мәселен, біздің мектебімізде ер мұғалімдер жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Ұжымдағы 156 мұғалімнің 25-і ер-азамат. Бұрынғы уақытпен салыстырғанда бұл айтарлықтай жақсы көрсеткіш._MG_3980

Темірлан БИАХМЕТ,
№181 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Үштұғырлы тіл мәселесіне байланысты қойған сауалдарыңызға өзімнің көзқарасымды білдірсем деймін. Біз үш тілдің арасында қазақ тіліне басымдық беруіміз керек. Әсіресе, бастауыш сыныптарда қазақ тілін жақсы дәрежеде меңгертсек, баланың бойында өзге тілдің ығына кетіп қалмау сынды иммунитет қалыптасады. Ол қанша жерден шет тілін білсе де, өз тілін ұмытпайды. Өйткені, санасында ең бірінші өз тілі тұрады. Әрине, балаға қазақ тілін үйретуде отбасының әсері бар. Бірақ біз, мұғалімдер, қолдан келгенше балаға қазақ тілін терең меңгеруіне күш салуымыз керек. Олардың бойына ана тіліне деген сүйіспеншілік сезімін, құрметін қалыптастыруымыз керек сияқты. Сабақтан кейін үйіне барғанда – ата-анасына «Сіздер де қазақша сөйлеңіздер» деп айта алатындай дәрежеде болса, ұтарымыз көп.
Қағазбастылық жайында жақсы әңгіме қозғадыңыздар. Мен өзім мұғалімдік қызметке енді ғана тұрсам да, басында жұмыстан шығамын ба деп ойладым. Соның негізгі себептерінің бірі – осы қағазбастылықтан болатын. Ер адамдарға қарағанда әйел адам шыдамды болады ғой, ал қағаз толтыру мәселесінде ер-азаматтар шыдамсыз келеді. Біз жас маман ретінде қағаздарды көбіне қолмен толтырамыз. Басында өте көп болды, қазір өз басым күніне 20 минут немесе жарты сағат уақытым сол қағаз толтыруға кетеді.
Ер мұғалімдер жайына келетін болсам, менімен бірге оқу бітірген курс­тастарым мұғалімдік жолды таңдады. Әрине, ер мұғалімдерге жағдай жасалса, отбасын асырауға жалақысы жететін болса, мұғалімдік мамандықтан бас тартпас еді. Мұнда мәселе айналып келгенде әлеуметтік ахуалға келіп тіреледі. Мен өзім жуырда ғана шаңырақ көтердім. Пәтер жалдап тұрамыз. Жас мамандарды әлеуметтік тұрғыдан қолдайды деп естігенмін, әзірге ондайды сезінген жоқпын. Бәлкім, алдағы уақытта бола жатар. Қалай дегенмен, әлеуметтік мәселелер еріксіз алдыңнан шығып отырады.
Биылғы оқу жылындағы өзгеріс­тердің ішінде бір келіспейтін жерім – «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулығының мектеп бағдар­ламасынан алынып тасталуы. «Ана тілі» деген атының өзі не тұрады. Бұлар талай жылдардан бері келе жатқан оқулықтар еді ғой. Біздің ата-аналарымыз да сол оқулықтармен өскен. Бұл асығыс шешім болды деп ойлаймын. Тиісті сала басшылары әлі де ойланып, «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулығын мектептік білім бағдар­лама­сына қайта енгізулерін қалар едім.

Әсел МЫРЗАҒАЛИҚЫЗЫ,
№175 мектеп директорының ғылым және инновация жөніндегі орынбасары:

– Кейбір орыстілді ата-аналар өз балаларын қазақ мектебіне 1-сыныптан бастап береді. Өздері кезінде қазақ тілін білмей өскендіктен тым болмаса балам өз ана тілін меңгерсін деген көзқараспен қарайды. Қазақ мектебіне берген баласы біраз уақыттан кейін қазақша сөйлей бастағанда ата-аналары қуанып: «Жақсы болды ғой, біз енді қазақшаны баламыздан үйреніп жүрміз» деп мәз болады. Осындай игі бастамалар туралы біз жиі айтып, насихаттап отыруымыз керек. Әрбір ата-ана өз баласын қазақ мектебіне беретін болса, тіліміздің аясы бұдан да кеңейе түсері еді.
Біз ата-аналармен жиі кезде­сіп, мектепке, оқу-білімге қатысты мәселелерді айтып, түсіндіріп отырамыз. Сондай кезде тілдің маңыз­дылығын да әңгіме арқауына айналдырамыз. Баламен үйде қазақша сөйлесу керектігін де тапсырамыз. Әйтпесе, бала мектепте қазақша оқып, үйінде орысша сөйлесе қалай болғаны?

Электрондық поштамен  пікір білдіргендер

Гүлмира ҚОЙЖАНОВА, Талдықорған қаласы №12 орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Баланың өз бетімен ізденуі, топтағы өзгеге көмегі, ой жинақтауы, сөйлеу мәнері, қабілетінің артуы, сөздік қорының молаюы – міне, қазіргі заман талабы. Расында, бүгінгі оқушының үлкен бір мәселесі оның сөз байлығы. Осы орайда біз берілген тапсырмадан бөлек қосымша әдеби кітаптарды оқып, ізденуге тапсырмалар береміз. Әсіресе, ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізге қатысты тақырыптарға ерекше мән береміз. Тілді меңгеру үшін мәдениеттен де тыс қалмау қажет қой. Қосымша іздену баланың аналитикалық, сараптап-саралау қабілеттерін дамытады. Сөздік қорын толықтырады. Сондықтан «Болашағын ойлаған бала тәрбиелейді» дегендей, бала тәрбиесіне аса зор мән беріп, оқушы да, оқытушы да көп іздену қажет.

Бәтима ХАЛЫҚҚЫЗЫ,  Павлодар қалалық «Жас дарын» мамандандырыл­ған мектебінің мұғалімі:

– Қазақ тілі пәнін нәтижеге бағдарлай отырып оқытуымыз керек. Бүгінде көптеген білім беру технологиялары пайда болып жатыр. Олардың әрқайсысын оқушылардың жас ерекшелігіне сай етіп қолдана білсек, ұтарымыз көп. Мен өзімнің ұзақ жылғы ұстаздық қызметімде оқушыларды білім стандарттарындағы мазмұнмен қатар, ауыз әдебиеті, өзіміздің ақын-жырауларымызды жыр-дастандары арқылы, сондай-ақ көркем әдебиеттің заманауи туындылары арқылы оқытқанды жөн көремін. Кез келген бала жастайынан әдебиетпен сусындап өсуі керек. Ол болашақта ғалым бола ма, инженер бола ма, тіл мен әдебиеттен хабары бар адам – жақсы тұлға болып қалыптасады. 

Анар ӘЛДИКЕНОВА,Қостанай қаласы С.Мәуленов атындағы гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:

–  Елімізде білім сапасына айрықша назар аударылуда. Сондықтан өзім де осы талап биігінен көрінуге тырысамын. Күн­делікті сабақ барысында жаңа техноло­гияларға ерекше көңіл бөлемін. Несін жасырамын, жастардың тілдік қоры жетіс­пейді деп жатады. Ол ұстаздардың біліктілігіне де байланысты. Өз басым жүргізетін пәнімде тек оқулық және хрестоматиямен шектелмеймін. Ұлы жазушылар жөнінде тақырыптарды өткен кезде олардың жазған көркем шығармаларын оқуды талап етемін. Кітапты көп оқыған сайын оқушылардың ой-өрісі де кең, тілі де бай болады. Әдебиетте эссе, мазмұндама, шығарма жаздырып, олардың қабілетін ұштаймын. Әрбір ұстаздың өз дәріс беру тәсілі болады. Өз басым сабақ барысында қо­сымша деректер мен дәйектерді молынан пайдаланамын. Бұл орайда қазақ тілінде жарық көретін басылымдардың да берері мол. «Мұғалім – мектептің жүрегі» деседі. Ол өте орынды айтылған. Шәкірт­­тер­дің жан-жақты болып шығуы ұстаздар­дың білімі мен біліктілігіне байланысты.

ТҮЙІН:

Әрине, қазақ тілін оқытуға байланысты әлі де айтылатын мәселелер аз емес. Қоғам, заман өзгерген сайын бұл пәнге байланысты міндеттері де өзгереді. Оқу, білім жүйесінің негізгі мақсаты – өз еліне адал қызмет ететін, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды тәрбиелеп шығару. Осы тұрғыдан келгенде мектептегі бүгінгі шәкірттердің әрқайсысының жүрегіне ана тіліне деген жанашырлық сезімін ұялата білу де – қаперде ұстайтын мәселе. Өйткені мемлекеттік тілді өркендетіп, аясын кеңейтетін де ертеңгі азаматтар, яғни бүгінгі жас ұрпақ.  


Дайындаған
Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Айым

    М.Мақатаев атындағы мектеп қаладағы ең үздік мектептердің бірі ғой. Гүлзада Қарабалаева апай жақсы пікірлер айтыпты. Нағыз мұғалімнің, қазақтың баласына жаны ашитын ананың сөзі. Апай, аман болыңыз! Шәкірттеріңіз сізбен мақтанады!

  2. Серік

    Айтыла бермейтін көлеңкелі тұстары да айтылыпты. Мектептегі тексерісті,жиі-жиі бас сұғатын комиссияны да айту керек. Өз проблемамызды өзіміз айтпасақ,іштен шіриміз. Мұғалімдер ашық, өткір, болса, басқаларға үлгі болса, керемет қой.

  3. Ділдә

    Өте жақсы тақырып көтерілген. «Ана тілінің» бастамасы ұнады. Мәселе қазақ тіліне келгенде, мемлекеттің іргетасын қалайтын балабақша мен мектеп,ЖОО мұғалімдерін, айтары бар мамандардың басын жиірек қосқаны жөн. Республикалық басылымға пікірін, ойын айтып, бөлісіп оырса мұғалім де батыл бола түсер еді. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.