Ерсі атау, өрескел қате қашанғы қайталана береді?

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымының
докторы, М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ профессоры

Жетпістің үстіне шыққан философ-профессор көпшілік алдында сөйлеп отыр. Бұл жолы да «дөңгелек үстелдің» тақырыбына ойыса келіп, термин мәселесін қозғады. Айтатын уәжі бұрыннан таныс. Мұның алдындағы бір басқосуда бұл кісіге өз көзқарасымды да білдіргенмін.

«Архив» деген сөздің үш мың жыл­дық тарихы бар. Оны дүние­­жүзі халқының бәрі біледі. Ал «мұ­рағат» деген сөзді кім біледі? «Мұрағат» деп жазбай «архив» деп жаз­ғаныңа алғыс білдіремін (Сөй­леуші мұны «дөңгелек үстелді» ұйымдастырушыға бағыт­тады). Біздің термин сөздерді қазақ­ша­лауымыз өзге этностарды мем­лекеттік тілден алыстатып жатыр. «Архив» деген сөзді жазсаң, өзге халық өкілдері бұларда да «архив» деген сөз бар екен ғой деп ойлайды. Халықаралық термин сөздерді өз атауымен жазуымыз керек.
Біз мұнда философ-профессор­дың кесімді пікірін сөзбе-сөз келтіруге тырыстық. Бұдан соң көпшілік арасында «дөңгелек үстел» тақырыбы жайына қалып, бір сәт әр алуан пікір гуілдеп кетті.
«Сынып» деген сөздің қажеті жоқ, бұрынғыдай класс дегеніміз дұрыс, – деп тұжырды философ сөзін өзгелерден даусын оздырыңқырап.
«Санамызға сіңген «ұшақ» деген сөздің несі кем?» деді енді біреуі. «Оны самолет деп айтуымыз керек» деп қосты екіншісі. Қарсы бетте отырған бір азамат «Оу, самолет деген халықаралық сөз емес, орыс тілінің сөз жасау жүйесімен айтылған сөз емес пе?» деген ойын ортаға салды.
Гуіл басылып, әңгіме бастапқы ар­насына қайта түсті. Менің ойы­ма мұнан бұрынғы оңашалау бір кез­де­гі фи­лософ-профессормен пікір­тала­сымыз оралды.
– «Фонтан» деген сөз сол күйінде қалуы керек.
– «Субұрқақ» деген сөз бар емес пе, оның несі кем, – деймін мен.
– Жоқ, оны ешкім түсінбейді, керегі жоқ.
– «Субұрқақ» тамаша, сәтімен табылған атау, бейнелігі де, ұғымды дәл беруі де орынды. Ең бастысы халық қабылдап, санасына сіңіруде. Ақындар да өлеңдерінде пайдалана бастады.
Философ-профессор ағамыз бәрібір өз дегенінен қайтпады. Қазір де осы жай ойға оралып отыр.
Шындығында, тілімізге жаңадан енген қазақы ұғым-атауларға неге соншалықты шошына қараймыз. Ха­лық қабылдаған, ойымызға, ті­лімізге сіңісті жаңадан жасалған сөздерге қайта қуануымыз керек емес пе?
Ойға Алаш зиялыларының тілге қатысты айтқан жүрекжарды тол­ға­ныстары оралады. Алаш ардақ­тылары тілді ұлтты сақтап қалудың, біріктірудің басты құралы деп танып еді-ау. А.Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрселердің ең қуаттысы – тіл» деді. Қарапайым айтылғанмен, өмірдің шындығынан ойып тұрып алынған қуатты пікір. Осы ойды ақын Ғұмар Қараш: «Тіл сақтауға мүмкіндік болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз» деп жалғастырды. Мұстафа Шоқай: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын» деп өкініш білдіреді.

Халел Досмұхамедұлы: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру зор қата. Бұл оқыған­дар­дың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек» деп толғаныпты.
Өткен ғасырдың басында айтылған осы ой-толғаныстар арада жүз жыл уақыт өтсе де, еш мәнін де, өзектілігін де жойған жоқ. Көптеген көкейдегі сұрақтарға жауап береді, ойландырады.
Өз басым қазақыланған, сана­мызға сіңген, орнымен табылған ұғым-атаулардың қайта өзгеруін, оған шошына қарауды қаламаймын. Мәселен, меніңше, дәрумен (витамин) сөзінен ешқандай ұтылып тұрған жоқпыз. Жоғарыда айтылған субұрқақ (фонтан), күйсандық, ұшақ, мұрағат, мұражай тағы басқа сөздерге де үйрендік қой. Маған салса, гимнді – Әнұран, гербті – Елтаңба деп айтудан да, жазудан да қашпас едім. Мағынасы да, мәні де соншалықты алшақ емес. Дыбыс­талуы да, естілуі де тіліміздің ішкі заңдылықтарына қайшы келмейді. Бұл сөздер орыс тіліне, басқа тілдерге аударылатын болса, гимн, герб бола берсін, онда тұрған не бар. Жоғарыда айтылған философ-профессор ағамызша ат тонды ала қашудың жөні жоқ. Өзге этнос­тарды мемлекеттік тілден аулақтатып, үркітіп тұр деуге де болмайды. Қазақ тілін білген, үйренген, мемлекеттік тілді құрметтеген өзге ұлт өкілдері бұл қазақшаланған ұғым-атауларды қабылдай да айта алады.
Бұл мәселеде тағы да Алаш арда­гер­­лерінің үлгісі ойға оралады. Қазақ тіл білімінің, әдебиеттануының негізін салушы Ахмет Байтұрсынов қазақ тілінің барлық терминдерін қазақша тамаша сөйлетіп шығарды емес пе?! Бастауыш, баяндауыш деп басталатын терминдер қандай сәтті, әуезді әрі мағыналы шыққан. Халық қабылдады, тілімізге орнықты. Ал сол кезде мұндай терминдердің қазақша атауы жоқ деп, «подлежащее», «сказуемое» деп жатсақ не болар еді. Тіліміздің шұбарланғанын, кері кеткенін сонда көрер едік.
Ахаң әдебиеттің табиғаты туралы еңбегін «Әдебиет танытқыш» деп атаған. Жаны қиналмай «Әдебиет теориясы» дей салса да болар еді. Бірақ саналы түрде, ұлттық мүддені ойлап, соған барған. Мұнда қан­ша­ма қазақыланған әдебиеттану ғылы­мының терминдері бар. Алайда барлық әрекеті сәтті бола берді деп айта алмаймыз. Кейбір қазақы атау­лары толық мағынаны ашып бере алмай жатты. Эпос жанрын әуезе деуі, лирика жанрын толғау деуі, драма жанрын айтыс-тартыс деуі терминдік атаудың толық мағынасын ашып бере алмағандықтан, қабылданған жоқ, қалып қойды. Оның есесіне сәтті табылған атаулары да мол болды. Арнау өлеңнің өзін жарлай арнау, сұрай арнау, зарлай арнау деп бөлуі, тағы басқалары ғылымдағы тамаша табысқа айналды.
Рас, бір жағынан философ-профессор ағамыздың пікірінің де жаны бар. Көптеген атаулар дұрыс аударылмады, оңды-солды айтылды. Бір кездері науқаншылдық, асыра сілтеушілік күшейіп кетті. Кейбір сөздер күлкіге айналды. Әрине, оларды халық қабылдамады, ондай сөздер тілден өзінен-өзі-ақ шығып қалады. Күштеп ұстап тұра алмайсың. Ал жақсы, сәтті аудармалардан қашпау керек деп білемін.
Жамбыл облысы әкімдігі Тілдер бас­қармасы ел тіршілігіндегі мемле­кет­тік тіл, жер-су тарихына, атауына қа­тысты біршама жұмыстар атқарып келеді. Соның бірі – жергілікті «Қазақстан-Тараз» телеарнасымен бірге қолға алған «Тіл сақшысы» хабар-түсірілімі. Журналист пен басқарма қызметшісі аудан-ауданға барып, мемлекеттік тілдің жайына қатысты түсірілім жасап қайтады да, соның не­гізінде аудан әкімі орынба­сарла­ры мен тіл жанашырлары қатысып, өзара ой бөліседі, мәселе қозғайды.
Жасыратын несі бар, мұнда көптеген олқылықтардың беті ашылып жатады. Аты аңызға айналған, тарихы тереңге тартқан табиғаттың ғажайып көркем жерлерінің тарихына, атауына қатысты белгі-тақтайшалар қойылмаған немесе қойылған тақ­тай­ша-белгілердің тозығы жеткен, қате жазылған, сол сияқты жарнама­лар­дағы өрескел қателіктер мен бөгде сөздердің кең етек алуы, саяси мәні ескірген сөздер мен көше, мектеп атау­лары, тағы басқа мемлекеттік тілге қатысты түйткілді мәселелер алдан шығады.
Әрине, бұл мәселелер тек бізге ғана емес, көптеген, дұрысын айтқанда, бар­лығымызға қатысты ортақ келең­сіз­діктер, жүрекке де, жүйкеге де ауыр тиетін олқылықтар. Қазіргі уақытта жарнамалардағы қателіктерге етіміз үй­реніп кеткендей. Оған көп­ші­лікті кінәлаудың қажеті жоқ. Арнайы қадағалау-бақылау құзырлы ме­кемелері қайда қарап отыр деп өкінесің?
Ал олардың сөзіне салсақ, «мора­торий». Айтуға, тексеруге, ескер­туге болмайды. Мәселен, бір ау­данның орталығындағы мейрам­ханаға «СССР» деп атау беріп, маңдайшасына жарқыра­тып жазып қойған. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса да» дегенмен, мына көрініс тіпті саяси тұрғыдан да, ұлттық, халықтық тұрғыдан да тым ерсі, сорақы емес пе?
Бұған жергілікті басқарушы мекеме қалай жол берген? Тіл жанашыр­лары неге назар аудармасқа? Жұртшылық неге талап етпейді? Жоқ, ешкімнің де жұмысы болмаған. Сол баяғы «Мораторий», кәсіпкерге сөз айтуға, тәртіпке шақыруға болмайды. Көпшіліктің де еті үйренген. Ағым­дағы жай бір ұсақ-түйек нәрсе сияқты.
Шындығында, солай ма? Бұл біздің енжарлығымыздан. Қашан шекемізге тиіп, асқынған шағында бір-ақ ойланамыз, өкінеміз, қапы қалып жатамыз. ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялысы Мұхаметжан Сералин айтқан, айдар таққан «Айқаптан» біз арылдық па осы?
«СССР» деген мейрамхананың иесі жергілікті кәсіпкер өз қандасымыз екен. Әңгіме қозғалғанда, санасына енді бірдеңе барғандай, «бұл атау менің достарымның есімдерінің бас әріптерінен құрылған» дейтін көрінеді жақауратып.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлағалы жатқанда, «СССР-ді» аң­сай­тындай қандай халықпыз, сонда?

Тараз

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.