Әсем келбетімен көз тартатын шаһар

Мәдениетіміздің өркендеп, экономи­камыздың дамып келе жатқанын көрсететін игі шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Бағзыдан жалғасын тапқан салт-дәстүріміз бен этнос өкілдерінің ұстанымын танытатын, жастарды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа тәрбиелейтін, күллі құндылықтарымызды бағалап, жетістіктерді паш ететін мереке өз жалғасын тапты. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Талдықорған қаласының күні тойланды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткен мереке «Жастар» спорт сарайының маңынан бастау алды. Облыс басшысы бастаған меймандар алдымен қаладағы Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы, Талдықорған политехникалық колледжі сынды бірқа­тар оқу орындарының стендтері мен ма­ман­дықтар бойынша тігілген көрме жұ­мыстарын тамашалады. Сонымен қатар мерекеге орай ұйымдастырылған «Анам және мен – 2016» байқауын тамашалап, бүлдіршіндердің өнеріне ризашылығын білдірді.
«Жастар» спорт кешенінің маңын­дағы Талдықорған көпсалалы ауруханасы және қаладағы өнеркәсіп орын­дарының тыныс-тіршілігі мен жетіс­тік­терін көрсететін көрмені арала­ған қонақтар Көк туымыз ілінген 92 метрлік бағананың түбіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен тігілген этномәдени орталығында болып, этнос өкілдерінің өнерін тамашалады. Сонымен қатар «Жастар» мәдениет және демалыс саябағындағы ұзыннан-ұзақ жайылған үстелдегі 100 метрлік алма пирогын көріп, көрермендер мен мәртебелі қонақтар рекордтық ұзындық өлшемінде пісірілген астан дәм татты.
Әр тойдың көрігін қыздыратын, тарихқа елеулі оқиға болып таңбаланатын жайттардың болатыны сөзсіз. Мұндай көрініс Қала күні мерекесінде де орын алып, әдебиетке құмар халықтың мерейін өсірді. Ол ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі. Аталмыш игі шара мұзарт таудың мұзбалағы жазған жалынды жырлармен басталды. Рухани шарада облыс әкімі Амандық Баталов, Жұлдыз Мұқағалиұлы Мақатаев сөз сөйледі. Сонымен қатар, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Белгілі ақындар Әділғазы Қайырбеков, Дәулетбек Байтұрсынұлы өлең оқыды. Ізгі тілектер мен жыр шашудан кейін Бақытгүл Мұқағали келіні бастаған зиялы қауым ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Жылдан-жылға гүлденіп келе жатқан әсем қаланың мәдениет күніне арналған мерекелік концерт те қазақтың арғы-бергі тарихын қозғаған ғажайып көрініспен бас­талды. Игі шарада облыс әкімі Амандық Баталов құттықтауын жеткізді.
– Қадірменді талдықорғандықтар мен қонақтар! Сіздерді Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Барша қала тұрғынына қуанышқа толы сәтті күндер, әр шаңыраққа бақ-береке, жас­тарға асыл арман, ізгі мақсат тілеймін. Өзінің әсем келбетімен алыстан көз тар­­татын шаһарымыздың күн сайын жаңа­рып, көз алдымызда одан әрі гүл­денуі – бәріміз үшін зор қуаныш, – дей келе, облыс орталығының айшықты ажары мен болашағы жайын сөз етіп, атқарылып жатқан жақсы істер мен баянды бастамаларға тоқталып өтті. Сонымен қатар Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен 15-ші жазғы Паралимпиада ойындарында пауэрлифтингтен күміс медаль иегері атанған Раушан Қойшыбаеваға жеңіл автокөліктің кілтін және 11 млн. 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Аталмыш Паралимпиада ойынында жетінші орын иеленген Гүлбану Абдыхалықоваға 1 млн. 500 мың теңгенің, ал қос паралимпиадашыны дайындаған пауэрлифтингтен Алматы облысының аға жаттықтырушысы Денис Орловқа 5 млн. 750 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
Салтанатты жиында Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев шаһар тұрғындарын аталмыш мерекемен құттықтап, Ұлы Отан соғы­сының ардагері Тоқтарбай Қана­пья­нов­ты, «Ерлік» мүгедектер қоғам­дық бірлес­тігінің төрайымы Роза Ақжаркенова мен облыстық жоғарғы спорттық шеберлігі мектебінің директоры, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевты «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Бұдан соң спортсүйер жастар мен өнерпаздар шеруі өтті. Кеш соңы тамылжыған ән мен күмбірлеген күйге ұласты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Талдықорған

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.