Ақын шығармашылығы әлі де терең зерттеуді қажет етеді

Қазақтың талантты ақыны Төлеген Айбергеновтың өмірі мен шығарма­шы­лығында әлі де терең зерттеуді қажет ететін мәселелер аз емес. Солардың бірқатарына тоқталуды жөн көрдік.  Төлеген шығармаларындағы зерттеуді қажет ететін маңызды мәселе – ол ақынның дүниеге келер алдындағы дәуірді зерделеу жайы. 1916-1937 жылдар аралы­ғындағы қазақ халқының басынан өткен трагедиялық хал-ахуалды Төлегеннің өмірі мен өлеңдері арқылы байланыстырып ашу қажет. Осы дәуірді зерттеудегі алғашқы ізденістер Салтанат Айбергенованың «Алтын қанжар» эссесінен аңғарылады. 

1937 жыл қазақтың зиялы азаматтары үшін қасіретті, қайғылы жыл болды. Төлегеннің бал-балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келіп, 1941-1945 жылдар аралығында өтті. Осы орайда ақын шығармаларындағы 1937 жыл­ғы қуғын-сүргін мен 1941-1945 жыл­дардағы екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы да арнайы тоқтала­тын басты мәселелердің бірі екені сөзсіз.
Кейбір ауызша деректерге қара­ғанда Төлеген мектеп қабырғасында жүріп те көптеген өлеңдер жазған екен. Туған жері Қарақалпақстанның Қоңырат ауданындағы архив сөреле­рін­дегі шаң басқан газет-журналдарды парақтау арқылы төлегентануға қосылатын қызықты әрі тың материалдарды кездестіруге болады. Бір айта кетерлігі, Т.Айбергенов дүниеге келген Нұрлы таң ауылы қазір де бар. Қаламгердің көзін көрген, ақын жайлы айтып бере алатын ақсақалдар ол ауылда да баршылық. Өкінішке орай, олардың да қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Сол тірі архив иелерінің естерінде қалған ескі сөздерді жинауды назардан тыс қалдыруға болмас.
Қайталанбас дарын иесінің Низами атындағы Ташкент педагогикалық институында өткен студенттік алтын дәуірі (1954-1959 жылдар) де толық тексеріліп, зерттелген емес. Оған мол рухани азық сыйлаған студенттік өмірін зерттеу жұмыстары әлі алда деп білеміз. Сонымен қатар оның 1959-1962 жылдары туған жері Қоңыраттағы мұғалімдік еңбек жолы мен ақындық шығармашылығында әңгіме арқауына айналдыратын маңызды дүниелер бар.
Төлеген 1961 жылдың желтоқсан айының аяғында Қазақ­станға қоныс аударып, Сарыағашқа көшіп келеді. Кешкі мектепте директор болып қызмет атқарады. Осы жерде жүріп жыр жолына бетбұрыс жасады деп айта аламыз. Мұнда қаламынан туған «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965) деген салмақты екі кітабы жарық көрді. Шымкентте Төлегеннің ақын­дығы мойындалып, есімі елге тарай бастайды. Оңтүстік Қазақстан өлкесінде Төлегеннің әдеби ортасы қалыптасады. Талантты ақын туралы жылы пікірлер Алматыдағы әдеби ортаға да жетеді.
Төлеген арман еткен Алматыға 1965 жылы көшіп келеді. 1965 жылдың желтоқсан айында қазақтың белгілі композиторы Шәмші Қалдаяқовпен бірге киелі Атырау мен Маңғыстауға жасаған сапары туралы толыққанды деректер де жоқтың қасы. Ал ақынның нағыз күрескерлігін танытатын саяси-әлеуметтік шығармалары да дәл осы сапарында көрініс тапқан.
Төлегентанудағы зерттеуін күтіп тұрған тағы бір ауқымды жұмыс – өмірбаянына қатысты. Ол 1967 жылы 29 тамызда өзінің туған аймағы Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында жұмбақ жағдайда қай­тыс болады. Осы күнге дейін Төлегеннің өз қолымен жазылған толық өмірбаяны болмай отыр. Бар өмірбаяны, өзінің айтуынша, дүниеге әкелген өлеңдері. «Қазақ энциклопедиясындағы» қысқа жазылған ресми ғұмыр-дерегі ақын өлеңдерінің сырын, табиғатын ашуға аздық етеді, әрине. Сондықтан да оның өмірі мен шығармаларын танытатын ғылыми-шығармашылық өмірбаянын жазуды қолға алуымыз керек. Бұл ретте әдеби тұлғаның ғы­лыми өмірбаянын жазуда әріптес­тері мен замандастарының ол туралы естеліктер мен мақалаларын, ғалым­­дардың ғылыми-зерттеу жұмыс­тарындағы пікірлерін молынан қамтыған Рахмет Аяпбергенұлы­ның «Алдаспан ақын» атты монографиясын басшылыққа алсақ деймін.
Бүгінгі күнде Төлеген мұрасын тануды қолға алу үшін өрісті әрі іргелі ғылыми-зерттеуге ден қою өзекті болып табылады. Ол үшін шығармалары мен өмір жолын жылдар мен кезеңдер бойын­ша тексеріп шығуымыз керек.
Иә, қазақ поэзиясының аспанында құйрықты жұлдыздай ағып өткен ақын туындыларының саны аз болғанымен, сапасы өте жоғары. Сол сапалық жағын тексеріп, қалың оқырманға ашып беру жағы жеткі­ліксіз болуда. Ақынның айтуынша, алғашқы өлеңінің қай жылы жарық көргендігі есінде қалмапты. Демек, өлеңдерінің жазылған жыл­дарын анықтап алу өте қажет. Қазіргі қолда бар шығармаларын тұтас күйінде зерттегенде ғана Төлеген Айбергеновтің қазақ әдебиеті тарихындағы орны ғылыми негізде анықталып, басқа ақындардан ерекшелігінің неде екені, әдебиетімізге қандай жаңалық әкелгенін толық таныр едік.
Мақаламды көптен бері көкейімде жүрген бір-екі ұсынысыммен аяқта­сам деймін. Ол «Төлегентану» ғылыми-зерттеу орталығын ашу және Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданынан Т.Айбергенов атына бір мектеп және бір көшенің атын беру қажет деп санаймын.

Әлімбай НАЙЗАБАЕВ,
педагогика ғылымының магистрі, Тараз мемлекеттік
педагогикалық институты
«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу
орталығының ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.