Ескерткіштерімізді сақтай білейік

ЮНЕСКО – әлемге танымал ұйым. Еліміз осынау беделді ұйымға 1992 жылдың 22 мамыр айында мүше болып кірген болатын. Біз бұл мақаламызда ЮНЕСКО-ның еліміздің аумағындағы рухани-мәдени жәдігерлерді қорғап, сақтау бағытындағы қолға алған іс-шараларын айтпақпыз.
Ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету үдерісінде әлемнің 185 мемлекетінде бекітілген – Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғау конвенциясының маңызы зор. Қазақстан бұл құжатты 1994 жылы қабылдады.

2016 жылға арналған деректерге сүйенсек, Бүкіләлемдік мұра тізіміне бү­гінгі күнге әлемнен 856 мәдениет ескерт­кіш­тер, 222 табиғи, 36 аралас нысандар енгізілген.
Бұл орайда Бүкіләлемдік мұра тізімінде республикамыздағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі мен Алматы облысының Жамбыл ауданының аумағында орналасқан Тамғалы археологиялық ландшафтының петроглифтері, Сары-Арқа – солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері, Батыс Тянь-Шань енген. Бұдан өзге Қазақстан 2014 жылы Бүкіләлемдік мұра тізіміне Доха қаласында (Катар) өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 38-сессиясы барысында Қытай және Қырғыз Республикасымен бірлесе отырып Алматы және Жамбыл облыстарында орналасқан 8 ежелгі қалашықты енгізді. Олар – Талғар, Қойлық, Қарамерген, Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе, т.б.
Қазақстан өз кезегінде жоғарыда аталған Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғау Конвенциясын ратификациялау арқылы сол ескерткіштерді сақтау міндеттемесін алды. Осы міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етуде өз аумақтарында халықаралық дәрежедегі атал­ған ескерткіштер орналасқан облыстық әкім­діктердің рөлі зор болуы тиіс деп санаймыз.
Егер өз тарапымыздан Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің Бүкіләлемдік мұра тізіміндегі бірегей сәулет ескерткіші екенін, сонымен қатар Қазақстанның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне келешекте енгізу үшін қалыптастырылған өзге нысанның жоқ екенін ескерсек, бұл біз үшін теңдесі жоқ мұра.
Алайда, Түркістан қаласы әкімдігінің осы мәселеге басты назар аударуы жөн сияқты. Қалалық әкімдік ескерткіштердің аумағында тұрғызылатын құрылыс ғима­раттарын тоқтату жөніндегі заңнамалық құзырына қарамастан, немқұрайлықтың салдарынан мавзолей орналасқан аумаққа жақын жерде ерекше ескерткішпен стилі, көлемі, биіктіктігі жағынан талас тудыратын әралуан ғимараттар көптеп салынып жатады. Мұндай шараларды жүзеге асыра берсек, әлемдік мұраға жанашырлық ұйымдар не ойлайды?
Мәселен, жуық мерзімде Мавзолейдің құрылыс салуды реттейтін аймағында жүргізіл­ген қонақ үй кешенінің құрылысы ЮНЕСКО тара­пынан айтарлықтай наразылық тудырды және бұл бірінші жағдай емес. Оңтүстік Қазақстан облысынан басқа әкімдіктер де бұл тектес мәселелерге салғырттық танытқан жағдайлар бар. Осындай жайтқа мән берге­німіз жөн. ЮНЕСКО өз кезегінде әлемдік тәжірибеде кездесіп жүргендей тиісті талаптар сақталмайтын болса, Бүкіләлемдік мұраның негізгі тізімінен шығарып, қауіп төніп тұрған нысандар тізіміне енгізу жөнінде шешім қабылдауы да мүмкін. Айта кетерлік жайт, ЮНЕСКО тарапынан Мавзолейді қауіп төніп отырған ескерткіштер тізіміне көшіру жөнінде бірнеше ескертулер болды және солай болған жағдайда ол біздің абырой-беделімізді арттырмасы белгілі.
Дәл осындай күйге тап болған Грузия өзінің 2009 жылы Бүкіләлемдік мұра тізімінен қауіпті халге көшірілген Мцхеты тарихи ескерткіштерін негізгі тізімге қайта енгізуге тек 2016 жылы шілде айында ЮНЕСКО Бүкіл­әлем­дік мұра комитетінің Ыстанбұл қала­сында өткен 40-сессиясында 7 жылдан кейін ғана қайтаруға қол жеткізді. Осы орайда еліміздегі бірегей ескерткіштердің қауіпсіздік жағдайларын жасауға атсалысқанымыз абзал болар еді.
Қазіргі кезде Бүкіләлемдік мұра тізімінде барлығы 1114 ескерткіш болса, оның 48-і қауіп төніп тұрған тізімде екенін айта кеткеніміз жөн. Аталған ескерткіштердің барлығы табиғи апатқа, ашаршылыққа, соғыс жағдайына ұшы­раған Африка құрлығының аумағын­да орналасқан.
Сонымен қатар әлемдік мұралар саны бойынша көшбасшы елдер Италия – 47, Испания – 45, Қытай – 44, Франция – 40-қа жуық ескерткіштердің сақтап, қорғауды қамтамасыз етіп отырғанын назарға алсақ, біздің тарапымыздан бір сәулеттік ескерткіштің жағдайын жасамауымыз ЮНЕСКО-ның ескертулерін туғызатыны түсінікті.
Әрине, бұл Бүкіләлемдік мұра, оның құқықтық мәртебесі, ескерткіштерді қорғау кепілдіктері туралы ақпараттандыру жұмыстарының жеткіліксіздігінен туындап отырған мәселе де болуы мүмкін. Алайда, бүгінгі күні ақпараттың кез келген түрдегі қолжетімділігін ескерсек, жауапкершілікті сезінбеудің, жоғары деңгейде қол қойылып, өзімізге міндеттеме алған халықаралық нормативтік құжаттардың мазмұнына терең бойламау нәтижесі десе болады.
Осы айтылған жайттарды назарға ала отырып, Бүкіләлемдік мұра тізіміне еніп, Қазақстанның мәдениетін, тарихын әлемге жариялап отырған нысандарымызды күтіп пайдалануға, әрі қарай болашақ ұрпағымызға мұра ретінде жеткізуге, оларды қорғау шараларына жіті мән берсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Жанат МОЛДАБЕРГЕНОВА,
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі
музей және кітапхана ісі
басқармасының бас сарапшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.