Ах, Мона (Әңгіме)

Қарашаның күрек тісін қақ­сатқан қара суықтан соң жел­тоқсан жеңін түрер-түр­мес­тен қар борай жауды. Ол ол ма, екі-үш күннен кейін сүмелек жаңбыр бүр­кіп-бүркіп өткен. Көктайғақ бас­талғ­ан. Қала тұрғындары үйлерінен шығар-шықпастан көңілдері құлазып, аяқ­­тары тайып құласа, көшедегі көліктер тасырқап, тұмсық түйістіріп, жүруден қалып еді…
Қырық құбылған ауа райы аяқ астынан жуасып, жылымық келе қалмасы бар ма. Бір-екі үш күн жел соғып еді, қала қайтадан қарайып, қабағы ашылып, адамдар күні кеше ғана құдайдың күніне ренжігендерін ұмытып, «ойпыр-ай, жаңа жылды қарсыз қарсы алатын бол­дық, тіпті саяжайда ағаштар бүр жара бастапты» деген әңгімелер де шыға бастаған.
Теміржолдың бар тауқыметін жалғыз өзі көтеріп жүргендей, үйіне шаршап-шалдығып жұмыстан келген Ерболсын есікті өз кілтімен ашқанда, алдынан кү­лім­сіреп келіншегі шыға келгенде таңқалды.
– Папасы-ау, сен қайда жүр­сің? Ертерек келмедің бе? Ұялы теле­фоныңды қайтадан жұмысқа тастап кеткенсің бе? Бүгін бізді кешкі алтыға Дархан Бейсенбекович кітабының тұсаукесеріне шақырып еді ғой.
– Иә, шақырса, қайтейін. Бүгін күн сенбі болса да, жұмыс ауыр болды. Бар­саң, өзің бар. Мен демалайыншы, а?
– Ты что, ол кісінің жақсылығын ұмы­тып қалдың ба? Сені осы жұмысқа орна­ластырған да сол кісі емес пе еді? Жақсылығын бір жылдың ішінде ұмыт­қаның ба? – деп келіншегі ашулана бастады.
Ерболсын үндемеген күйі аяқкиімін шешті де, ақырын ғана қолын жууға кетті. Соңынан ере келген Ақ­мон­­шақ күйеуіне жалынғандай «Ба­райық та, ұят болады. Өзің білесің, қазіргі жазушылардың ішінде ең жасы да, ең мықтысы да осы біздің Дархан аға. Оның үстіне сені жұмысқа…..»
– Барамыз, – деді күйеуі, – шайың бар ма?
– Әрине, әрине, – деп Ақмоншақ қуанып кетті. Екеуден-екеу дастарқан ба­сына отырды. Келіншегінің қою күрең шайы бойын сергіткені сонша­лық: «Сыйлық, бірдеңе алып па едің?» – деп сұрады.
– Алдым. Parker қаламымен қоса, конвертке жүз доллар салып қойдым.
– Онда ерте күнді кеш қылмай, шаштаразыңа барып кел. Мен мызғи тұрайын.
– Ой, молодец, папасы. Мені түсінетін сен ғанасың. Дархан Бейсенбекович те: «Сен қыз, келмей қалсаң, қатты ренжимін» деген. Сен ұйықтамай-ақ қойшы, папасы-ау. Менің туфлиімнің тақасы босап қалыпты. Етікшіге апарып келші, жер астындағы өткелдегі етікшіге апаршы, ол мені өзі жақсы біледі. Ылғи «чаевые» тастап кететін жеңгең десең, өзі жақсы біледі.
Келіскен. Үнсіз.
Ұршықтың басындай бір сыңар туфлиді орап алып, қолына ұстаған ол жолдың арғы бетіндегі, жер асты өткелінің бір бұрышында орналасқан етікшінің күркесіне аяңдап, асықпай келген. Еңгезердей етікші қолындағы балғасын қасық құрлы көрмей, жеңіл соққылап бәтеңке шегелеп отыр екен. Түк басқан қабағын түйіп, иегімен «Қойып кет» дегендей ишара білдірді, жанындағы қара жігіт: «Жарты сағаттан кейін келіңіз» деп ернін жыбырлатқан болды.
Ерболсын қайтадан жердің бетіне шыққанда, өз көзіне өзі сенбей бір орнында тұрып қалды. Қапа­лақ-жапалақ етіп, қайыңның жапыра­ғын­дай қар жерге түсе бастапты. Саға­тына бір қарады да, әрі жүрді, бері жүрді. Уақыт өтер емес. Аспаннан түскен қарды көрсеңіз ғой, қара жерге шашу шашқандай, дәл бір тойбас­тарды бас­тайтындай, қала тұрғын­дары қуанып, үдей жауып, үп еткен желсіз ұлпа қарды күрпілдете басып, көңілдерін көтеріп бара жатыр. Ерболсын неге екені белгісіз, жұмыстан шаршап шыққаннан кейін бе екен, жүрегі лүп-лүп етті. Білегін қайта-қайта түреді. Тық-тық еткен сағат тұп-тура отыз минут алдыға жылжығанда, үнемі бір ізбен ғана жүруге дағдыланған ол етікшінің күркесіне қайта келген. Күжірейген етікші Ақмоншақтың шетелдік туфлиінің өкшесін бізбен шұқылап отыр екен. Басбармағына кірш еткізіп біз сұғып алғанын терезеден қарап тұрған Ерболсын да байқап қалған еді.
– Мынау бір нағыз зинақор қатын екен. Наверное, күйеуінің үстінен жүретін нағыздың өзі шығар, қарашы бармағымды, – деп жанындағысына сөйлеп жатыр.
– Қане, мен көрейін, – деді көмекші жас жігіт. Туфлиді қолына алып, әрі-бері аударды да, тықылдатып отырып, көзі сырттарынан қарап тұрған Ерболсынды шалып қалды.
–Ағасы, дайын болды, сізден екі жүз теңге, – деп ыржалақтады. Сұрағанын берді де, жердің бетіне қайтадан шықты. Жай шыққан жоқ, сүйретіліп зорға шыққан. «Не деген, оңбаған адам, ә! Менің әйелімде несі бар, тіпті танымайды да ғой».
Дүние аппақ. Қар жауып тұр. Тек байғұс қарға ғана «Мына аппақ әлемде мен ғана қара боламын ба?» деп әр бұтаға бір қонып, қарды сілкіп, түсіріп жатыр. Сауысқан шықылықтап, «Тым құрмаса көктемге дейін шыдашы, бәрі өзгереді, қараяды, көгереді» дегендей әрі-бері ұшып, бұтаға қонбай, бүйірлеп жүр.
«Етікші менің әйелімді неге білмесін… «Ылғи «чаевые» тастап кететін жеңгең десең, өзі жақсы біледі» деп айтпап па еді…»
Ерболсынның буын-буынынан әл кетіп барады. «Әй, әлгі етікші мүмкін біздің үйдегіні…». Өз ойымен өзі арпалысып, бес қабатты үйдің қабырғасын тесіп шыққан кафенің тұтқасын ұс­та­ғанын өзі де білмей қалды. Ішке кірсе, екі еркек сыра ішіп отыр екен. Бір кішкентай бала ойын автоматын шиқылдатып: «Әже, әже! Мен жеңдім, мен жеңдім!» – деп айғайлап қояды.
– Не қалайсыз? – деді даяшы қыз. – Бізде свежий сыра бар.
– Біреуін беріңіз.
– Бізде алдын ала төлейді, – деп бір саптыаяқ сыраны әкелді де желкесіне тұрып алды. Мың теңгені суырып берген. Сұп-суық сыраны сіміріп алғанын өзі де білмей қалды. Таңдайы тақылдаған даяшы қыз «Ағай» деді дауыстап: «Менде майда ақша болмай тұр, тағы біреуін құя салайын ба?». Ол басын изеді. Көз алдынан еңгезердей етікшінің біз сұғып алған бармағын сорып отырып: «Мынау бір нағыз зина­қор қатын екен» дегені кетпей қойды.
«Әже, әже, мен жеңдім». Атыс-шабыс ойнап жатқан баланың апасы шеттеу үстелде отыр. Басын бір изеді де, оқып отырған газетіне қайта үңіліп кетті.
Екі еркек даурығып сөйлей бас­тады
– Сен, бауырым, есіңді жи, келінге сене берме, сен жоқ кезде не істеп жүргенін қайдан білесің? Он бес күн вахтыда жүресің, баяғыда мені әйелім солай қатырды ғой, міне, қартайған шағымда жалғыз қалдым емес пе…
– Аға-ау, олай айтпашы, менің келіншегім жақсы. Елдің бәріне сене береді. Арамдығы жоқ, аққөңіл. Базарда кредитке де кіріп кетті ғой. Осы өсекті қою керек қой, кейде жұмыстан шығып, подружкаларына қонып қалады, шаршайды ғой, таксиге ақша болмай қалады. Не қыл дейсіз, аға, сыра мен балығыңызды алып беріп отырмын ғой. Қойшы, аға, осындай сөзді, онсыз да жүрегім ауырады, кел, алып қояйық! – деді жастау жігіт.
– Тұр-тұр, балам, тыңдама мыналарды, еркек емес, қатын ғой! Айтып отырған сөздерін қарашы!
– Әже, әже, әлі жарты сағатым бар ғой, мен жеңіске жету керекпін ғой!.
– Жүр, иттің баласы, мені тыңдасаң, әлі жеңіске жетесің. Мына ынжық өсекші еркектердің сөзін тыңдама! Жүр, кеттік! – деп немересін жұлқылап есіктен шығып кетті.
«Әже, мен жеңіп жатыр едім ғой» деп жыламсырап бара жатыр.
Ерболсынның есіне Ақмоншақтың марқұм әжесі түсті. Қарапайым, үй шаруасындағы әйел болғанмен, өте ақылды, Ерболсынды ерекше жақсы көретін. «Күйеубалам емес, бұл менің немерем» деп отыратын. Алғашқы танысқан күні ас үйде жүрген Ақмоншақ пен әжесінің әңгімесін ап-анық естіп қалғаны бар. Үлкен адам ғой деп, онша мән бермеген…
«Өзі темекі тартпайтын, арақ іш­пейтін, төбелесіп көрмеген, айт­қаным­нан шықпайтын жуас жігіт дейсің – деді әжесі. – Сендей қызға мықты жігіт керек. Сен болсаң, ерке өс­кенсің. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Үйде еркектің дауысы, еркектің тәртібі болмаса, не береке болады? Ынжық жігіттің жаласы да шындық болып көрінеді. Өйткені олар ешнәрсе сезбейді, қолынан сөзден басқа ешнәрсе келмейді. Жете алмай қалып атынан, қайтып қеліп қа­тынынан көретіндері тағы бар. Әлі кеш емес қой, мүмкін басқа бір жігітті таң­дарсың. Өмірде не болмайды дейсің, еркекке әйелінің адалдығы да аздық ететін кездері болады».
«Әжека, мен ешқашан күйеуімді алдамаймын. Басқа еркектің маған керегі де жоқ. Талай крутой жігіттер иномаркасымен келгенде қарамадым ғой. Осы Ерболсын ғана маған ұнайды. Әлі көресің, супер күйеу жасаймын. Ол мені Ақмоншақ емес, Мона деп еркелеткенін білсең ғой. Әжека, мені қолдашы».
«Әдірам қал, Мона Лизадан, – деді әжесі. – Бірінші Қозы Көрпеш-Баян Сұлу болып алыңдар. Жүр, үйге азамат келіп отыр ғой, дұрыстап шай берейік».
Үйленіп, үй болғанда, алғашқы кездері Ақмоншақтың әжесінің осы сөздерін ұмытпай, есіне түсіріп, «Неге айтты екен?» деп іштей ойлайтын еді. Кейіннен келіншегі екеуі ренжісе қалса, жарықтық әжесі: «Осы сен қызға не жетпейді? Мынандай алтын жігіттің қадірін неге білмейсің?» деп ұрсатын.
– Аға, сізге сыра құйып қойдым, әкелейін бе? Мың теңгеңізден бес тиын ғана қалды.
– Без сдачи, – деді тістеніп. – Әкел, сыраңды.
Етікшінің сөзі Ерболсынның ойы­на қайтадан келе қалды. «Мынау бір нағыз күнәһар қатын екен. Наверное, күйеуінің көзіне шөп салатын нағыздың өзі шығар, қарашы бармағымды…»
Іші қыж-қыж қайнады. «Мен сені Мона деп еркелеттім ғой… ал сен не істедің? Етікшіге дейін айтып тұр ғой».
Електен өткен қар құйып тұр. Қар­ғаның даусы естілмейді. Тек Ербол­сынның іші қыж-қыж қайнады.
Үйіне келе жатыр, буын-буынынан әл кете бастады. Қар. Қар үдей жауып тұр. Сыра асқазанына жақпады ма, ықылық атып, басы айналды. Тістеніп алған ол, пәтеріне лифтімен емес, жаяу көтерілді. «Демек, мен жоқта Ақмоншақ…»
Есікті ашып қалған Ақмоншақ: «Папасы-ау, сен қайда жүрсің? Кешігетін болдық қой».
– Мә, саған, – деп туфлиді әйеліне қарай лақтырып жіберді. – Сен жәлеп қатын екенсің ғой…
Ақмоншақ ештеңені түсінбей, күйеуіне шошына қарады да, бота көздерінен мөлт-мөлт етіп жас шықты.
«Ах, Мона, Мона. Тыңдадың ба, сен әжеңді! Тыңдамадың ғой!»
Ах, Мона, Мона…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.